Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
12.08.2020

Қызметтер

«Атырау қалалық қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде 2017 жылдың ІI жартыжылдығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындылары бойынша Анықтама

Атырау қалалық қаржы бөлімінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін бөлім басшысының бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмысшы топ төмендегі көрсеткіштер бойынша талдау жүргізді.

Ішкі талдауға жататын бөлімнің атауы: Атырау қалалық қаржы бөлімі.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау 2 бағыттан тұрады:

1) Қалалық қаржы бөлімінің қызметін қозғайтын нормативтік- құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

2) Қалалық қаржы бөлімінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

 

1. Бөлім қызметіндегі нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

1.1. Бюджет секторы жұмыс барысында келесі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады:

- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы;

- «Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексі» 2008 жылғы 4 желтоқсан № 95-IV;

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы;

- «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-ІV Салық кодексі (Салық кодексі);

- «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығы;

- «Бюджеттік мониторинг жүргізу нұсқаулығын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2016 жылғы 30 қарашадағы № 629 бұйрығы;

- «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 403 бұйрығы.

Аталған нормативтік құқықтық актілер төмендегідей жұмыстарды жүргізу тәртібін айқындайды:

Қалалық бюджеттің орындалуы жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, бюджеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізу және бюджеттің орындалуы жөнінде ұсыныстар беру, жергілікті бюджеттің кіріс түсімдеріне талдау жасау, қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті әкімдікке, мәслихаттың тексеру комиссиясына, қалалық мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсыну, бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджетті атқару бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларын жасау, бекіту және жергілікті бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жүргізу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақытылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу.

1.2. Бухгалтерлік есеп және есептеу секторы жұмыс барысында келесі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады:

- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы;

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы;

-- «Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексі» 2008 жылғы 4 желтоқсан № 95-IV;

- «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V Заңы;

- «Мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 бұйрығы;

- «Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 640 бұйрығы;

- «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығы.

Аталған нормативтік құқықтық актілер төмендегідей жұмыстарды жүргізу тәртібін айқындайды:

Бекітілген нормаға сәйкес бөлімнің жұмысын қаржы-шаруашылық және материалды-техникалық жағынан қамсыздандыру жұмысын ұйымдастыру, бөлінген лимитке сәйкес шығыстарды үзіліссіз қаржыландыруды ұйымдастыру, қаржының мақсатты жұмсалуына және жоспарлық тағайындаулардың сақталуына бақылауды жүзеге асыру, жалпы қала бойынша бюджеттің орындалуы туралы және ақылы қызметтер жөніндегі жиынтық есептерін қалыптастыру, бас лимиттерді таратушылардың қаржыландыру жоспарының орындалуы туралы есеп жасақтап, тексеріп, түсіндірме жазба жасау, бөлім

қызметкерлерінің еңбекақы мен демалыс төлемдерін төлеу және аударуды жүзеге асыру, жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жүргізу, бөлім бойынша бухгалтерлік есеп және есеп беруді жүргізу, қалалық мекемелер және мемлекеттік органдарынан дебиторлық берешектер бойынша есептер қабылдау, мәліметтер жинауды жүргізу, мекемелердің мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар өткізу жөніндегі ай сайынғы есеп беру жұмыстарын жүргізу.

1.3. Коммуналдық меншік секторы жұмыс барысында келесі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады:

- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы;

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы;

- «Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 615 Қаулысы;

- «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы;

- «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі N 833 Қаулысы;

- «Мемлекеттік мүліктің тізілімін жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1115 Қаулысы;

- «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 Қаулысы.

Аталған нормативтік құқықтық актілер төмендегідей жұмыстарды жүргізу тәртібін айқындайды:

Коммуналдық мүліктің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады, коммуналдық мүліктің жекешелендірілуін жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады, жергілікті атқарушы орган атынан қалалық коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты қалалық коммуналдық меншік субъектісінің құқығын жүзеге асырады, тиісті саланың уәкілетті органына қалалық коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді, қалалық коммуналдық мүлік мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіреді, жергілікті атқарушы органға тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады, қалалық әкімдік атынан мемлекеттік акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысу құқықтарын

жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізеді және мемлекеттік мүлік тізілімін пайдаланушыларға ақпарат ұсынады, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

1.4. Мемлекеттік сатып алу секторы жұмыс барысында келесі нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады:

- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы;

- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы;

- «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V Заңы;

Аталған нормативтік құқықтық актілер төмендегідей жұмыстарды жүргізу тәртібін айқындайды:

Тиісті бюджеттің (бизнес-жоспардың, кірістер мен шығыстар сметасының, тапсырыс беруші әзірлеген және бекіткен мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарының) конкурс, оның ішінде екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып өткізілетін конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, бір көзден сатып алу, аукциондарда және тауар биржалары арқылы оларды заңнамамен белгіленген тәртіпте лоттарға бөле отырып, мемлекеттік сатып алуды жүргізеді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында айқындалған конкурстық немесе аукциондық құжаттаманың электрондық нысаны негізінде қазақ және орыс тілдерінде конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы әзірлейді және тапсырыс берушінің бірінші басшысына бекіту үшін ұсынады, конкурс немесе аукцион тәсілдерімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін мемлекеттік сатып алу веб-порталында жариялайды және бекітілген конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы мүдделі тұлғаларға ұсынады. Қажет болған жағдайда конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы алған әлеуетті өнім берушілерге конкурстық немесе аукциондық құжаттаманың ережелерін түсіндіреді, заңнамада көзделген жағдайларда конкурс немесе аукцион тәсілдерімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді тиісті бюджет кірісіне жатқызады немесе әлеуетті өнім берушіге қайтарады, конкурс немесе аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу жеңімпазын анықтау, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіндегі Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттік сатып алу, коммуналдық меншік, бюджет және бухгалтерлік есеп және есептеу бойынша атқарушы органның құзырлары қатаң айқындалған, яғни орындалу мерзімдері, жүзеге асыру жолдары мен іс-әрекеттері заңмен шектелген, бұл мемлекеттік органның атқаратын

міндеттерін Заңнан тыс іске асыруға жол бермейді, нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа әкелетін тәуекел жоқ. Аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермейді.

 

2. Ұйымдастырушылық басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

Ұйымдастырушылық – басқарушылық қызметі мынадай мәселелерді қамтыды:

1) Персоналды басқару бойынша, оның ішінде бөлімде 2017 жылдың 1 шілде айына 19 штаттық орында 18 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. 1 штат тұрақты мемлекеттік қызметшінің орны бос. Өз еркімен 2 мемлекеттік қызметкер және еңбек шартының мерзімінің аяқталуына байланысты 1 мемлекеттік қызметкер жұмыстан шықты. 2017 жылдың ІI жартыжылдығында мемлекеттік қызметшілер арасындағы бос орынға ішкі конкурс нәтижесінде 2 мемлекеттік қызметкер және жалпы конкурс нәтижесінде 1 мемлекеттік қызметкер жұмысқа қабылданды. Атырау қалалық әкімдігінің 2017 жылғы 6 желтоқсандағы №2565 «Атырау қалалық әкімдігінің 2012 жылғы 31 тамыздағы №1702 «Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Атырау қалалық атқарушы органдарының штат саны лимиттерін бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысын басшылыққа ала отырып, Атырау қалалық әкімдігінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы №2718 «Атырау қалалық қаржы бөлімінің құрылымына өзгерістер енгізу туралы» қаулысына сәйкес бөлімнің құрылымындағы 19 штаттан 1 штат алынып, 18 штат саны болды. Мекеме ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Заңнамасы тақырыбында ақпараттық стендтер, мемлекеттік қызметкерлерінің әдеп кодексі орналастырылды. Бөлімде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерлер жоқ. Сыбайлас жемқорлық жауапкершілігіне тартылған факті орын алған жоқ;

2) Мүдделер қақтығысын реттеу-бұл бағытта фактілер орын алған жоқ;

3) Мемлекеттік қызметті көрсету-бөлім тарапынан бұл қызмет түрі көрсетілмейді;

4) Рұқсат беру функциясы– бөліммен рұқсат беру функциясы қарастырылмаған;

5) Бақылау функцияларын іске асыру – құжатайналым бойынша жоғары органдар мен мекемелерден түсіп отырған хаттар бойынша жауаптар уақытылы дайындалды. Бөлімге тікелей заңды тұлғалардан 3 арыз және жеке тұлғалар тарапынан 34 арыз арыз шағымдар түсті. Бұқаралық ақпарат құралдарында бөлім қызметкерлерінің бөлімге тікелей Заңға қайшы әрекеттері мен теріс іс-қимылдарын әшкерлейтін материалдар жарияланған жоқ. Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына бөлім қызметшілері жеке табыс және мүлік салықтары бойынша есеп беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алған жоқ. Мемлекеттік қызметшілер атына Әдеп кодексін бұзған және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беретін нормалар анықталмады;

6) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалар тарапынан өтініштер түскен жоқ;

7) Прокурорлық қадағалау актілері бойынша ескертулер болған жоқ;

8) Сот актілері-басқарма бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты сот актілері түскен жоқ;

9) Бұқаралық ақпарат құралдарында қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттері мен теріс іс-қимылдарын әшкерлейтін материалдар жарияланған жоқ;

10) Бұқаралық ақпарат құралдарында сенім телефон нөмірлері жарияланып тұрады;

11) Бөлімнің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелер орын алған жоқ.

 

Қорытынды: Бөлім бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоқ екендігі анықталды.


Мақаланың шыққан күні: 11.04.2018 00:44

Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.04.2018 00:44

Қаралым саны: 1270