Array Атырау қаласы әкімі С.Айдарбековтың жылдық есеп беру кездесуіндегі баяндамасы | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
01.05.2017

Қызметтер

Атырау қаласы әкімі С.Айдарбековтың жылдық есеп беру кездесуіндегі баяндамасы

Атырау қаласы әкімі С.Айдарбековтың
жылдық есеп беру кездесуіндегі баяндамасы
11 ақпан 2014 ж., 16.00 сағ.

Ардақты Атыраулықтар!
Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!


Елбасының Жарлығына сәйкес, Атырау қаласының барлық ауылдық, селолық округтерінде әкімдердің халық алдындағы жылдық есеп беру кездесулері өткізілді.
Сіздермен қалыптасқан дәстүр бойынша өткен жылғы жұмыстарымызға қорытынды жасап, алдағы міндеттерімізді айқындау үшін жиналып отырмыз. Ал енді қорытынды есебімді қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.
Өздеріңізге белгілі соңғы бес жылда қаламыздың халық саны 41 мыңға өсіп, 281 мың 500 адамды құрады.
Өнеркәсіп саласы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, онда 165 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 94,4 пайызды құрады. Қаламызда орналасқан кейбір кәсіпорындардың жоспарланған өнім өндіру көлемін орындамау себебінен бұл көрсеткіш орындалмай отыр.
***Анықтама: оның ішінде, кен өндіру өнеркәсібінде 58,2 млрд.теңгенің, өңдеу өнеркәсібінде 76,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 581 млрд.теңге, облыс көлемінде қаланың үлесі 56%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 181 млрд. теңге.
Қала бюджетіне жоспарланған 47,7 млрд.теңге кірістің нақты түскені 48,4 млрд.теңге, орындалысы 101,4%.
Орташа айлық еңбекақы 210 мың теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсті.

Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!


Өзіңізге белгілі, үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қаламызда бірқатар жобалар іске асырылуда.
Өткен жылы бағдарлама бойынша құны 6 млрд.теңгені құрайтын «ШевронМұнайГазИнк» корпорациясының құбыр жүргізуші арматура шығаратын зауыты мен 900 млн.теңгелік «ЖігерМұнайСервис» мекемесінің өндірісті жаңғырту, сервистік қызмет көрсету орталығы іске қосылып, 89 жаңа жұмыс орны ашылды.
2014 жылы қала бойынша 5,2 млрд.теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Онда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Олар:
«Alan buildinq systems» мекемесінің - модульдік үй тұрғызу фабрикасының құрылысы (668 млн.теңге),
«БатысАльянсСтрой» мекемесінің - үй құрылысы комбинаты (1,5 млрд.теңге),
«Caspian Royal Fish» мекемесінің - тауарлы-бекіре фермасы (491 млн.теңге),
«Атырау нефтемаш» мекемесінің - ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыру (2,5 млрд.теңге) жобалары.
Қалалық әкімдік жанынан құрылған инновациялық жобаларды қарастыру жөніндегі кеңес отырысында барлығы 26 жоба қаралып, оның 17-і мақұлданды. 11 кәсіпкерге жер телімі бөлінді.
Елбасының биылғы Жолдауында айтылған инновациялық индустриаландыру трендін күшейте отырып, алдағы уақытта бизнес жобаларда инновацияға басымдық береміз, оны бақылауда ұстаймыз.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
Осы мақсатта қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес Өңірлік үйлестіру кеңесімен несиенің пайыздық ставкасын субсидиялауға сомасы 8 млрд. 673 млн.теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылып, 336 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, екінші бағыт бойынша 58,4 млн.теңгені құрайтын 2 жобаға инфрақұрылым тарту мақұлданды.
Бағдарламаның үшінші бағытына сәйкес 1 жобаға мемлекеттік грант берілді.
Бүгін осы саладағы 21 мың 476 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 55 мың адам тұрақты еңбек етуде.
Былтыр 190 сауда және қызмет көрсету нысандары іске қосылып, 300-дей жаңа жұмыс орындары ашылды.
Бөлшек сауда көлемі 117 млрд.теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға өсіп отыр. Көтерме сауда көлемі 247 млрд.теңгені құрады.
Биылғы Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, аграрлық секторда, жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құру мәселесіне үлкен назар аударылып отыр.
Қала бойынша осы бағытта жүргізілген жұмыстар бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп, ауыл шаруашылығында өткен жылы 2,4 мың тонна ет, 4 мың тонна сиыр сүті, 200 мың дана жұмыртқа өндірілді. 2012 жылмен салыстырғанда ет өндіру 1,3%-ға, сиыр сүті және жұмыртқа 0,3%-ға өсті.
***Анықтама: Мүйізді ірі қара 6 258, түйе 1 338, жылқы 1 002, қой-ешкі 3 612, құс 7 913, шошқа 315 басты құрады. 2012 жылы мүйізді ірі қара 7 079, түйе 1 246, жылқы 1 002, қой-ешкі 4 074, құс 7 827, шошқа 355 бас.
Өткен жылы 18 500 тонна мал азығы дайындалып, бүгінде барлық елді-мекендерде мал азығы жеткілікті деңгейде.
Егін саласында 1,5 мың гектар жерге егін егіліп, 29 мың тонна көкөніс, 4 мың тонна картоп, 6 мың тонна бақша өнімдері жиналды. Өнім өндіру көлемі шамамен 4%-ға пайызға артты.
«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған бағдарламаға сәйкес, жаңа технологиялы тамшылатып суару арқылы 250 гектар ашық грунтта көкөніс-бақша дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 79 пайызға өсіп отыр.
Жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында «Алаша Атырау» мекемесінің 0,5 гектар жылыжайы іске қосылды.
Сонымен қатар, «Жұмағалиев» шаруа қожалығының қуаттылығы 900 тоннаны құрайтын 2 гектар жылыжай кешенінің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылдың І тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.
Жылыжайлардан 600 тонна көкөніс өнімі өндірілді, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 46 пайызға өсіп отыр (410 тонна).
Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қаржы институттарымен 76 адамға 135 млн.теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, 2012 жылмен салыстырғанда несие көлемі 3 есеге өсіп отыр (2012 жылы 23 адамға 45,8 млн.теңге).
***Анықтама: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен егін шаруашылығы үшін 3 адамға 3,7 млн.теңге
«Агронесиекорпорациясы» АҚ-ның «Болашақ» несие серіктестігімен мал басын өсіру және егін шаруашылығын дамыту мақсатында 4 адамға 20 млн.теңге
«Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығымен» жылыжай, егін, мал, құс шаруашылығы үшін 68 адамға 108,5 млн.теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
«КазАгроФинанс» АҚ арқылы лизингтік негізде 3,2 млн. теңгеге 1 трактор «Беларусь-82» техникасын алынды.
Жергілікті бюджеттен егін шаруашылығын дамытуға 87 шаруа қожалығына 37 млн.теңге, мал шаруашылығына жергілікті және Республикалық бюджеттен 21,7 млн.теңге субсидия төленді.
Балық шаруашылығы саласында өткен жылы қаладағы 14 кәсіпорынға бөлінген лимитке сәйкес, Каспий теңізінен 7 мың тонна, Жайық өзенінен 4 мың тонна қара балық ауланды.
Балық қорын сақтау және өсімін молайту мақсатында балық өсіру зауыттарымен 7 млн.дана шабақ суға жіберілді.
Былтырғы жылғы есептік кездесуде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында нақты шаралар қабылданатыны туралы айтылды.
Соның нәтижесінде 2014 жылы ауыл шаруашылығы саласында:
- құс, қоян өсіру фермалары;
- балық өсіретін шағын завод;
- құс, мал сою цехтары;
- көкөніс сақтау қоймасы және көкөніс өңдеу цехы;
- жүн өңдеу цехының іске қосылуы жоспарланып отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әлеуметтік сауда нүктелері 35-ке жеткізілді. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қолжетімді бағалармен ұсынылуда.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында былтыр 22 шаруашылық субъектілерімен меморандумдар жасақталды. Отандық және Ресей тауар өндірушілерінің қатысуымен 157 жәрмеңке өткізілді.

Ендігі мәселенің бірі – ол жер мәселесі.
Бақтықожа Салахатдинұлы, Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұған дейін берілген жер учаскелерінің құжаттандыруын тоқтатып, түгендеу жұмыстары жүргізілді.
Қала және селолық, ауылдық округтер бойынша өткен жылы игерілмеген 832 жер учаскесі анықталды, оның ішінде:
- 575 жер учаскесінің құжаттары прокуратура мен аумақтық жер инспекциясына жолданды.
- 233 жер учаскелері бойынша құжаттар тексеріліп, шарасын алу мақсатында дайындалуда.
- жалпы аумағы 48 мың 262 гектарды құрайтын 24 жер учаскесі шаруа қожалықтарының өз еріктерімен мемлекеттің жер қорына қайтарылды.
Сонымен қатар, 2013 жылы сот органдарына жолданған жалпы аумағы 447 гектарды құрайтын 7 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта тұрғын үй салуға бөлінетін жер телімдері инфрақұрылымы толықтай жүргізілгеннен кейін берілетін болады.

Былтырғы жылы, қалаға қарасты елді-мекендерге инфрақұрылым желілерін тарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды.
2013 жылы жаңадан бой көтерген ықшам аудандарға газ, су құбырларын, электр желілерін жүргізу жұмыстары басталған 23 нысанның 13-де жұмыстар толығымен аяқталды. Оның ішінде: Тасқала-2 елді мекеніне су құбырлары, Жұмыскер-1 елді мекеніне электр желісі, Дамбы, Сарықамыс, Өркен, Бірлік, Ақжар, Тасқала-3, Водниково-2, Жұлдыз-3, Тасқала-2, Томарлы-2, Талғайраң елді мекеніне газ құбырлары жүргізілді.
Қалған 10 нысанның құрылысын 2014 жылы аяқтау жоспарлануда. Оның ішінде: Ақсай, Атырау, Еркінқала, Жаңаталап, Жұлдыз-2 елді мекендеріне газ құбырларын, Тасқала-3, Жұлдыз-2 елді мекендеріне жаңа су құбырларын жүргізу және Ақжар, Бірлік, Геолог елді мекендеріндегі ескі су құбырларын күрделі жөндеу жұмыстарын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, 2012 жылдан өтпелі нысан саналатын Бірлік, Ақжар, Атырау, Жұлдыз-3, Өркен-2, Сарықамыс-2, Томарлы-2, Водниково-2, Еркінқала-2 елді мекендерінде басталған электр желілерін тарту жұмыстары өткен жылы толығымен аяқталды.

Бүгінгі таңда коммуналдық шаруашылық және қаланы абаттандыру мәселесі қаламыз үшін ең негізгі салаға айналып отыр. Біздер республикадағы ірі өндірістік орталық саналатын Атырау өңірін қала қонақтары мен шет ел азаматтарына «дәулетіне сәулеті сай қала» екенін көрсетуге тиіспіз.
Өткен жылы қаладағы әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлер қысқы маусымға толықтай жылумен қамтылды.
Қала тазалығымен тікелей айналысатын «Арнаулы автобаза» мекемесіне қосымша арнайы 5 техника және 500 дана евроконтейнер сатып алынды. Бұған қоса биыл 1 500 дана контейнер алу қажеттілігі туындап отыр.
Қала аумағына қарасты елді мекендерден 624 мың шаршы метр, санитарлық тазалықтың екі айлығында 4,6 мың шаршы метр қоқыс шығарылды.
Қазіргі таңда ұзындығы 1,5 км-ді құрайтын кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасын тауып, 12 мыңға жуық жас көшеттер отырғызылды. Сәтпаев даңғылының 7,8 мың шаршы метр аумағына төсемтастар төселді.
Қазіргі уақытта темір жол көпірінен Геолог селосына дейінгі аралыққа ұзындығы 542 метрді құрайтын қорғаныш бөгеттері салынуда.
Қаланың көрнекі жерлеріне 5 кіші сәулеттік композиция, 4 ротонда, 300 дана отырғыштар орнатылды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде селолық, ауылдық округтерде 18 балалар ойын алаңдары қондырылды.
Сонымен қатар, жалпы 32 селоішілік жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
*** Анықтама: Тасқала селосының 7 көшесі, Тасқала-2 селосының 6 көшесі, «Өркен» ықшам ауданының 13 көшесі, Мирный елді мекенінің 3 көшесі, Новокирпичный елді мекенінің 3 көшесі.
Сатпаев, Азаттық, Махамбет көшелерін орташа жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, Сатпаев көшесіне ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын гранитті жиектастар төселді.
Қала бойынша жалпы ауданы 60 мың шаршы метр, оның ішінде 5 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолына салқын пластикпен жол таңбалары сызылып, жалпы аумағы 5 203 шаршы метрді құрайтын шұңқырларға ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атырау облыстық Жол полициясы басқармасының ұсынысы бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген 35 млн.теңгеге қала көшелеріне 1 900 дана жол белгілері орнатылды.
Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының аумағына және қала көшелеріне 1 200 шаршы метр жасанды жол кедергілері орнатылды.
Жалпы қала бойынша 8 жолаушы тасымалдау мекемелері қаланың 32 бағытында (маршрут) қызмет етуде, оның 12-сі селолық округтерде.
Өткен жылы «АйсТрансХолдинг» мекемесімен 20 жаңа автобус сатып алынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.

Тұрғын үй құрылысына тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда қала халқының саны күн санап артып келеді. Соның салдарынан жылдан-жылға баспанаға деген сұраныс өсуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде 13 мыңға тарта адам тұр.
2013 жылы қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында баспанамен қамтамасыз ету үшін жоспарланған жұмыстар толықтай аяқталып, республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген 10,5 млрд. теңге қаражат түгелдей игерілді.
2013 жылы жалпы ауданы 350,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде бюджет есебінен жалпы ауданы 88 мың шаршы метр болатын 1 444 пәтерлік 31 тұрғын үй құрылысы аяқталды.
***Анықтама: 31 үйдің 930 пәтерлік 20 үйі республикалық бюджет есебінен, 514 пәтерлік 11 тұрғын үйі жергілікті бюджет есебінен пайдалануға берілді. Несиелік тұрғын үй – 1 үй, 60 пәтер, 4 230,6 м2. Жас отбасыларға – 5 үй, 234 пәтер, 13 950,46 м2. Кезекте түрғандарға – 14 үй, 636 пәтер, 38 208,12 м2.
2012 жылы жалпы ауданы 61 783 м2 болатын 870 пәтерлік 14 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2012 жылы басталған Байшонас, Ескене елді-мекен тұрғындарын көшіру жұмыстары былтыр толықтай аяқталды.
***Анықтама: 457 отбасына қаладан 651 пәтер.

Әлеуметтік салаға келетін болсақ, өткен жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш білдірген 7133 жұмыссыз азаматтың 2864-і тұрақты жұмысқа, 808-і уақытша қоғамдық жұмысқа орналастырылды, 937 адам кәсіби мамандыққа даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді.
Тұрмысы төмен отбасылардың 3014 алушысына 42,3 млн.теңгеге балалар жәрдемақысы және атаулы әлеуметтік көмек, 301 отбасына 6,9 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жесірлеріне, тыл ардагерлеріне, Ауған соғысының қатысушыларына ай сайын, мерекелік, атаулы күндерге байланысты, өмірлік қиын жағдайға түскен отбасыларына бір жолғы әлеуметтік көмек барлығы 8440 отбасына 104 млн.теңгеге, оқу ақысын төлеуде берешегі бар 33 студентке 6,6 млн.теңгеге тағайындалып, төленді.

Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!


Сіздің тікелей тапсырмаңызбен, өткен жылы Ұлы Отан соғысының қатысушыларына ай сайын төленетін адрестік әлеуметтік көмек 3158 теңгеден 10 000 теңгеге өсірілді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында іс-шаралар жасақталуда. Қалаға қарасты елді мекендерде ескерткіштерді ретке келтіру қолға алынуда.

Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы» бағдарламасына қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 919 млн.теңге игеріліп, 2 500-ге жуық адам бағдарламамен қамтылды.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша Еркінқала, Жаңаталап селоларында екі медициналық нысан салынып, 24 адам жұмыспен қамтылды.
Екінші бағыт бойынша «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында» 415 адам кәсіпкерлік оқу курсынан өтіп, оның ішінде 358 адам 672,0 млн.теңге көлемінде шағын несие алды. 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Үшінші бағыт бойынша 353 адам кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жолданса, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесін 1496 жұмыссыздар қамтылды.
Бағдарлама аясында пәтермен қамтылған 133 отбасының жұмысқа қабілетті 166 адамы толықтай тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Биыл осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 873,7 млн.теңге қаржы бөлінді.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу, оларға қамқорлық көрсету -қоғамымыздың алдындағы басты парыз екенін атап көрсеткен болатын.
Бұл бағытта «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 56 мүмкіндігі шектеулі азамат бағдарламамен қамтылып, оның ішінде 13-і несие алды.
Тірек қозғалысында қиындығы бар І топ мүгедектері мен есту қабілеті нашар азаматтар үшін өткен жылы 318 адамға 47,6 млн.теңгеге жеке көмекші, ымдау тіл мамандары әлеуметтік қызметі көрсетілді.
Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, 1936 азамат қажетті құралдардың 36 түрімен қамтылды.
Сонымен қатар, тірек-қимыл қозғалысында қиындығы бар мүгедектер үшін инватакси қызметіне 9 млн.теңге қаржы бөлініп, 2961 сұраныс қанағаттандырылды. Биылғы жылға 8,6 млн.теңге бөлініп отыр.
Бүгінгі таңда қаламызда 6 277 мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның 1365-і еңбекке қабілетті. Өтініш білдірген 219 мүгедектің 84-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

Құрметті кәсіпкерлер мен мекеме басшылары!
Елбасы биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуды тапсырған болатын. Осы сәтті пайдалана отырып, Сіздерді бұл азаматтарға барынша көңіл бөліп, жұмысқа тартуға шақырамын.
Сонымен қатар, өңірімізде протезді-ортопедиялық бұйым жасайтын және жөндейтін цехтың болмауы мүгедектер үшін көп қиындық туғызып отыр.
Бұл мәселені шешуге өңір кәсіпкерлерінің толық мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін. Сіздерден нақты ұсыныстар күтеміз.

Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!


Былтырғы кездесуде нашар еститін мүгедектер тарапынан телехабарларды сурдо аудармамен көрсету мәселесі көтерілген болатын. Сіздің тікелей тапсырмаңызбен, қазіргі уақытта бұл мәселе оң шешімін тапты.
Енді бұл салада шешуді қажет ететін мәселенің бірі – мүгедектер үшін сауықтыру орталығын ашу. Қазіргі 150 орындық облыстық орталық аудандар мен қоса қаланы қамти алмай отыр. Осыған орай, қаладан қосымша 100 орынға дейін арнайы орталық ашуға ықпал етуіңізді сұраймын.

Денсаулық сақтау саласында, Елбасының тапсырмасына сәйкес, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Осы мақсатта қалалық ауруханаларға өткен жылы 155,3 млн.теңгеге медициналық құрал-жабдықтар, жедел-жәрдем бекетіне қосымша 7 автокөлік алынды.
Бүгінгі таңда қалалық емханалардың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы орташа есеппен 30-35%-ды құрайды. Алға қарай бұл көрсеткішті 2 есе көтеруге жұмыстануымыз қажет.
Денсаулық саласында атқарылған жұмыстар өз тиімділігін көрсетіп, бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткіздік.
Атап айтсақ, қала бойынша туу көрсеткішінің өсуі байқалады. 2013 жылы 7769 адам дүниеге келді, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7,4%-ға өсіп отыр. Сондай-ақ, өлім көрсеткіші 2,2%-ға, оның ішінде сәбилер шетінеуі – 1,5%-ға төмендеді.
2013 жылы флюрографиялық тексеру 90 пайызға орындалды. Тексеру нәтижесінде жаңадан туберкулез ауруына шалдыққан 263 науқас анықталып, 2012 жылмен салыстырғанда 33-ке азайды. Бұл әлі де жоғары көрсеткіш. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырамыз.

Білім беру саласы бойынша заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін жасақтау, білікті мамандар даярлау бағытында нақты шаралар қабылдайтын уақыт жетті. Себебі, біздің алдымызда орта білім беру жүйесіндегі мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу міндеті тұр.
Есептік кезеңде білім беру саласын дамытуға бөлінген қаржы 9,2 млрд.теңгені құрады.
Қазіргі уақытта қаладағы 47 балабақша, 83 шағын орталық, 190 мектепке дейінгі топтарда жалпы саны 18 922 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тапшылығын жою мақсатында жүзеге асырылып жатырған «Балапан» бағдарламасы шеңберінде соңғы үш жылда 2 835 орындық 7 балабақша және 12 балабақша жанынан жапсаржай салынды.
Қала бойынша жалпы 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 53,4%-ды құрап отыр.
Өткен жылы 140 орындық «Еркем-ай» (№25) балабақшасы пайдалануға берілді. Алмагүл мөлтек ауданындағы 320 орындық жаңа балабақшаның құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға береміз.
Бүгінгі таңда қаладағы 57 мектепте 48 797 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында Геолог селолық округінде 624 орындық №36 орта мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, қала бойынша апатты жағдайда деп танылған Алтынсарин және №18 Крупская атындағы мектептердің орнына 300 орындық 2 жаңа мектеп салынуда.
Ақ Жайық ауылындағы апаттық жағдайдағы М.Отаралиев мектебінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында 2013 жылы 53 млн.теңгеге 18 химия кабинеті алынды. Биыл қосымша 9 химия кабинеті алынады, оған 36,9 млн.теңге бөлінді.
Қала мектептеріндегі 1-4 сыныптың 21 мыңнан аса оқушысы және мыңнан астам аз қамтылған отбасы балалары үздіксіз ыстық тамақпен қамтылуда (жергілікті бюджеттен 411,8 млн.теңге бөлінді).
Былтырғы жылдан бастап, қаладағы 20 мыңға жуық студент қоғамдық көліктерде жүру ақысына 50% жеңілдікті пайдаланып отыр. Биыл осы мақсатқа 196 млн.теңге бөлінді.
2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде Республика көлемінде ең жоғары баллды иеленген 7 оқушының үшеуі қаладағы техникалық гимназияның түлектері екенін мақтанышпен айтуға болады.

Спорт саласында атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, 74 мыңға жуық адам жүйелі түрде спортпен айналысып, 2012 жылмен салыстырғанда 10%-ға өсіп отыр.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 30 спорттық тренажер алаңдары орнатылды.
Жалпы былтырғы жыл спорт саласы үшін жемісті жыл болды. Атап айтсақ, Атырау қаласынан 5 әлем чемпионы, 3 Қазақстан чемпионы шығып, Халықаралық дәрежедегі 3 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 11 спорт шебері дайындалды.
Сонымен қатар, өткен жылдың қараша айында Бокстан Ересектер арасындағы Республика Чемпионаты өткізілді.

Мәдениетті саласында, бөлінген қаражатқа 13 селолық мәдениет үйінің сахналық киімдер тігіліп, селолық мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Құрманғазы атындағы мәдениет Сарайының ішкі бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қоғамдық қауiпсiздiк пен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың еркiндiгi мен құқығын сақтау бағытында былтырғы жылы қалалық ішкі істер басқармасы 61 жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілді.
«Қауіпсіз қала» бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша қала аумағында 200 бейнекамера орнатылды. Балықшы, Алмагүл ықшам аудандарындағы №1, №2 қалалық полиция бөлімшелерінде орналасқан шағын Жедел басқару орталықтары қолданысқа берілді.
Екінші кезеңде 191 бейнебақылау камерасын орнатуға жергілікті бюджеттен 413 млн.теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаламыздың криминогендiк ахуалы бірқалыпты, барлық қызмет желісі бойынша жалпы 5 805 қылмыс тiркелді. Ал, оның ішінде ауыр қылмыс 2012 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға төмендеп отыр.

Құрметті Атыраулықтар!


Біз әлемдегі өзекті мәселеге айналған діни экстремизмге жол бермеуіміз керек. Өткен жылы осы мақсатта құрылған 11 ақпаратты-насихаттық топ қаладағы 4 мың адамды қамтыған 45 шара өткізді.
Қалада «Ақпараттық талдау орталығы» ашылып, мешіттердегі имамдар жалақылары көтерілді. Мешіттерге видеокамералар орнатылып, теологтарға уағыз оқу үшін интернет желісі қосылды.

Ендігі уақытта қала халқының 30%-ы жастардың үлесіне тиесілі болғандықтан, жастар саясаты мен тәрбие жұмысына бағытталған іс-шаралар кешенін саннан сапаға қарай бағыттауымыз қажет.
Бүгінгі таңда оқу орындарындағы жалпы саны 20 мыңнан астам жасты қамтыған жастар ісі жөніндегі комитеттер, 7 ірі мекемеде Жастар ісі жөніндегі Кеңестер құрылды. Қаладағы 9 үкіметтік емес, 13 жастар ұйымдары белсенді жұмыс жасауда.
Жазғы еңбек семестрінде «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша 145 студент қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына тартылды.

Құрметті Атыраулықтар, әріптестер!

Енді 2014 жылы атқарылатын жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер!
Алдағы жұмыстарды Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын басшылыққа ала отырып, жүзеге асыратын боламыз.
Бүгінгі таңда нақты істер бағдарламасына айналған «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше мән берілген.
2014 жылы инженерлік-инфрақұрылым бойынша Ақсай, Атырау, Еркінқала селолары, Жаңаталап, Жұлдыз-2 елді мекені газ, Көкарна, Ракуша-2, Водниково-2 елді мекендеріне электр желілері және Тасқала-3, Жұлдыз-2 елді мекендерінде су құбырын жүргізу жұмыстары жалғасады.
Ақжар, Бірлік, Геолог елді мекендеріндегі ескі су құбырларын жаңаға ауыстыру (реконструкция) жұмыстары қолға алынады.
«Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде 2014 жылы 1383 пәтерлік 24 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
*** Анықтама: республикалық бюджет есебінен 825 пәтерлік 17 тұрғын үй, жергілікті бюджет есебінен 558 пәтерлік 7 тұрғын үй.

Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы! Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Ретро және Жастар саябақтарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Қаражат бөлу мәселесі шешілсе, құрылыс жұмыстарын бастауға дайынбыз.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлығы 45 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылы 650 млн.теңгеге 19 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Коммуналдық шаруашылық, жол құрылысы бағытында, үстіміздегі жылы қала көшелеріндегі ағындық коллекторлар мен 7 кәріз стансалары күрделі жөндеуден өткізілетін болады.
Әлиев, Сатыбалдиев көшелеріндегі жарық желісі күрделі жөндеуден өткізіледі.
Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 18 жерге бағдаршам орнату жұмыстары жақын арада басталады.
2014 жылы қала бойынша қосымша 141 сыртқы бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.
Енді, әлеуметтік салада атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер!
Ағымдағы жылы Нұрсая, Көкарна, Бірлік-2, Жұмыскер елді мекендеріндегі 280 орындық 4 бала-бақшаның құрылысы жалғасуда.
Еркінқала, Тасқала, Самал аудандарынан 3 бала-бақшаның құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.
Облыстық «Ақбота» балалар үйін балабақша ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған 66,7 млн.теңге бөлініп отыр.
Осы жүргізіліп отырған жұмыстар - бүгінгі күні өзекті мәселе болып отырған балабақша кезегін азайтуға септігін тигізеді.
Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!
Өзіңізге белгілі, қаңтар айында, қалаға қарасты 9 селолық округ тұрғындарымен кездесіп, халықтың көкейтесті проблемалармен таныстым. Есепті кездесулерде жалпы 90-нан астам сұрақ қойылған болса, барлығы дерлік әлеуметтік сипаттағы сауалдар болды.
Негізінен халықтың басты көтерген проблемалары селоішілік және жүргіншілер жолдарын салу, түнгі көше жарығын жүргізу, жаңадан бой көтерген ықшамудандарға инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту, әлеуметтік нысандар құрылысын салу.
Мысалы:
- Еркінқала, Балықшы округтерінде балабақша салу мәселесі;
- Геолог, Атырау селоларында тоқтап тұрған балабақша құрылыстарын жандандыру;
- Ақжайық ауылындағы М.Отаралиев атындағы мектеп құрылысын биылғы жылы бастау (жобалық – сметалық құжаттары жасақталуда);
- Ракуша селосындағы М.Өтемісов атындағы апатты жағдайдағы мектепке жаңа мектеп құрлысын салу;
- Тасқала селосындағы Т.Амандосов және Көкарна ауылындағы №32 орта мектепке қосымша жалғама құрылыстарын салу.
Сондай-ақ, Еркінқала, Балықшы округтерінде спорт нысандарын салу және Атырау, Ақжар селоларында тоқтап тұрған спорт кешендерінің құрылысын жалғастыру мәселесі де көп көтерілді.
Мәдени нысандар құрылысы бойынша, қалаға қарасты округтерде бірде-бір мәдени ошақтары болмай отыр. Бүгінгі күні Ақсай, Жұмыскер, Жаңаталап елді мекендерінде жаңа клуб құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Биыл осы жұмыстарға қаражат бөлуді қарастыруыңызды сұраймын.
Округтерде денсаулық нысандарын салу жыл сайын көтерілетін мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Ақсай, Жұмыскер, Балықшы, Кеңөзек округтерінде медициналық нысандардың жоқтығы тұрғындар үшін қиындық туғызып отырғанын жеткізгім келеді.

Ардақты Атыраулықтар!

Өткен жылдың табысты да, мерейлі жыл болуы үшін біз бар мүмкіндікті пайдалануға тырыстық.
Биылғы 2014 жыл жаңа жетістіктер мен әлеуметтік, саяси жаңару жылы болмақ. Өңірімізде алғаш рет екі ел Президенттерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Бұл шын мәнінде қаламыз үшін тарихи оқиға болғалы отыр. Айтулы шараның аясында жасалатын жұмыстар жоғары деңгейдегі дайындық пен мінсіз нәтижені талап етеді.
Сондықтан, құрметті жерлестер! Баршаңызды атсалысып, үлес қосуға шақырамын!
Бүгінгі берекелі тірлігіміз - ертеңгі бақ-дәулеттің бастауы болсын, ардақты ағайын!

Назарларыңызға рахмет!


Мақаланың шыққан күні:: 17.06.2016 10:35
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 17.06.2016 10:35