Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
09.07.2020

Қызметтер

«Атырау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне 2017 жылдың ІІ жартыжылдығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындылары бойынша АНЫҚТАМА

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №12 бұйрығына және Атырау қаласы әкімі аппараты басшысының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №83 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығына сай «Атырау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау 2 бағытта жүргізілді:

1. Аппарат қызметін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

2. Аппараттың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Аппараттың ұйымдастырушылық - басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағытында

1) Персоналды басқару қызметіне талдау жасалды.

Атырау қаласы әкімі аппаратында барлығы 31 қызметкер бар, 1 бос лауазым орны бар. 2017 жылы мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс нәтижесінде жоғарылауға 6 мемлекеттік қызметші мүмкіндік алған, ал 9 адам жалпы конкурс арқылы мемлекеттік қызметке қабылданған. Командалық қозғалыс орын алмаған. Таза ауысыммен 2 мемлекеттік қызметші жұмыстан шыққан. Қызметкерлердің лауазымын төмендету орын алмаған.

2016 жылы қала әкімінің аппаратында 11 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2017 жылы олардың саны 5 қызметкерді құрады.

2) Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қызметіне талдау жасалды.

Аппарат мемлекеттік қызмет көрсетпесе де қалалық әкімдікке қарасты барлық мемлекеттік мекемелермен көрсетілетін қызметтерге мониторинг жасап, бақылау жүргізеді. Қала әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімі қалалық дербес бөлімдер мен ауылдық округ әкімі аппараттарымен көрсетілетін мелмекеттік қызметтердің уақытылы және мерзімінде көрсетілуін, қызмет көрсету стандарттарына сәйкес рәсімделуін қадағалайды.

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ, облыс әкімі аппаратымен тығыз байланыста жұмыс жасалуда.

Аппарат қызметіндегі нормативтік-құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне себеп болатын келесі жағдайлар анықталды:

1) ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Заңының 31-бабы 1-тармағының 10-тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 18-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында жер қатынастарын реттеуді жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 1 және 38-баптарына сәйкес, әкім аппараты - жергілікті атқарушы органның және әкімнің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме. Әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi әкiм аппараты жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, жер учаскесі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында сұралған жағдайда, ол кәсіпкерге сауда-саттықсыз (конкурс, аукцион) беріледі.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес инвестициялық жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру кезінде құрылған, кеңейтілген және жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенiн білдіреді.

Атырау қаласының әкімдігімен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында кәсіпкерлерге бірқатар жер учаскелері табысталған болатын (ламинат және паркет шығару цехі; бекіре зауыты; кірпіш шығару зауыты; мобильді бетон зауыты т.б.).

Алайда, бүгінгі күні кәсіпкерлер жер учаскелерін сауда-саттықсыз алу мақсатында кондитерлік наубайхана секілді кішігірім өндірістерді инвестициялық жоба ретінде ұсыну жиілеп отыр және аталған жобалардың нақты инвестициялық мүмкіндіктері белгісіз.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған Заң нормаларында жер учаскелерді инвестициялық жобалар арқылы беру тәртібі нақты көрсетілмегендіктен (нақты қандай жобалар инвестициялық болып табылатындығы айқындалмаған), заңбұрмалаушылық орын алып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы мүмкін.

Осыған орай, сауда саттықсыз жер учаскелеріне құқық беру мәселесінде туындап отырған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 284-бабына және Жер Кодексінің 48-бабына қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жер учаскесін берудің тәртібі, шарты нақты көрсетілетін норма енгізу қажеттігі туындап отыр.

2) Сонымен бірге, қазіргі уақытта 1999-2004 жылдар аралығында жеке тұрғын-үй құрылысы үшін жер учаскесін сұрап арызданған азаматтардың өтініштері қанағаттандырылуда.

Жер учаскесін сұрап өтініш білдірген азаматтардың арыз бергеннен кейін; жер учаскесін таңдау актісін алған соң; комиссияның оң қорытындысын алған соң; енді біреулері жерге орналастыру жобасы бекітілгеннен кейін жер учаскесіне құқық алмай қайтыс болу фактілері көптеп кездесуде.

Кезекте тұрып қайтыс болған азаматтардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1040-бабына сәйкес, (мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi. Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы да кіруі мүмкін) жер пайдалану құқығын мұрагерлерінің атына ресімдеуді сұрайды.

Алайда, жер қатынастарын реттейтін заңнамаларда жеке тұрғын үй құрылысы үшін арналған жер учаскесінің арнайы тізіліміне енгізіліп, жер учаскесіне құқық алмай қайтыс болуына байланысты, олардың құқықтарының мұрагерлеріне ауысуына рұқсат та берілмеген, тиым да салынбаған. Яғни, бұл мәселені жер учаскесіне құқық беру жөнінде жұмыс комиссиясы шешеді. Бұл әрекеттер өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі болып табылады.

Сондықтан, аталған тәуекелді жою мақсатында ҚР Жер кодексіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін арналған жер учаскесінің арнайы тізіліміне енгізіліп, жер учаскесіне құқық алмастан қайтыс болуына байланысты туындайтын қатынастарды реттейтін норма енгізу қажеттігі туындап отыр.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе төмендегідей Ұсыныс береміз:

1) тиісті жоғары тұрған органға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 284-бабына және Жер Кодексінің 48-бабына қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жер учаскесін берудің тәртібі, шарты нақты көрсетілетін норма енгізу.

2) тиісті жоғары тұрған органға ҚР Жер кодексіне жеке тұрғын үй құрылысы үшін арналған жер учаскесінің арнайы тізіліміне енгізіліп, бірақ жер учаскесіне құқық алмастан қайтыс болуына байланысты туындайтын қатынастарды реттейтін норма енгізу.

 

 

Атырау қаласы әкімі
аппаратының мемлекеттік-құқықтық
жұмыс бөлімінің басшысы                                           Ж.Ибатоллаұлы

 

КЕЛІСІЛДІ:

Атырау қаласы әкімі
аппаратының басшысы                                               С.Нсанбаев


Мақаланың шыққан күні: 26.02.2018 00:31

Парақтағы соңғы өзгерістер: 26.02.2018 00:31

Қаралым саны: 1307