Array «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.04.2017

Қызметтер

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы

Атырау облысы бойынша «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2016 жылы нысаналы трансферт бойынша жалпы сомасы 1872,8 млн.теңгені құрайтын қаражат бөлінді, (Несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша-1473,7 млн.тг., кепілдендіру 179,8 млн.тг., мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша 22,0 млн.тг., шағын несиелеу 197,3 млн.тг.) оның ішінде:

1. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау бойынша.

2016 жылы 3 маусымдағы жағдай бойынша 580,5 млн.тенге бөлініп, игерілуі -100%.

2016 жылдың басынан ӨҮК-мен 103 жаңа жұмыс орнын ашумен, несие сомасы 888,3 млн.теңгені құрайтын 16 жоба мақұлданды, оның ішінде несие сомасы 50 млн.теңге болатын 1 жоба Ұлттық қордан.

2. Кредиттерді ішінара кепілдендіру бойынша:

2016 жылға 3 маусымдағы 27,3 млн.теңге бөлініп, толықтай игерілді.

Жыл басынан бастап жалпы кепілдендіру сомасы 57,0 млн.теңге құрайтын 12 жоба мақұлданды.

3. Ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша жоспарланған қаражат 22,0 млн.теңге ағымдағы жылдың шілде айында қарастырылған.

 


 

Атырау «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда

«Жұмыспен қамтудың жол картасы -  2020» Бағдарламасына бұдан бұрын Премьер Министр «күйзеліске қарсы» бағдарлама деп баға берген болатын.

Бағдарламаның жасақталуы ҚР-сы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан 2050» Стратегиясы» Жолдауынан бастау алды.

Өз Жолдауында Елбасы жұмыссыздықты әлемдік тұрақтылыққа төніп тұрған негізгі қатер дей келіп, Қазақстанда бұл проблеманы шешу үшін қолданылуы тиіс іс-шараларды атап көрсетті.

Соның ішінде, Н.Назарбаев «жұмыссыздықтың өсуі – әлемдік тұрақтылыққа қауіп төндіретін кесапат. Мемлекетімізде жүзеге асырылып отырған барлық мемлекеттік, салалық бағдарламалар іс жүзінде жұмыспен қамтуды  қамтамасыз етуі тиіс» деген болатын.

Сондықтан мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге 2013 жылдың аяғында-ақ бұрыннан қабылданған кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау бағдарламаларына талдау жасап, бюджет қаражатын жұмыссыздық деңгейі ең жоғары және түрғындардың табыс көзі неңұрлым төмен аймақтарға жіберуді тапсырды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасының екінші бағыты ауылдағы кәсіпкерлердің жеке ісін бастау және дамыту жобаларына несие бере отырып қолдау көрсету арқылы жұмыпен қамтуды қамтамасыз етуді қарастырады.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі әсіресе өте өткір қойылып отыр, өйткені, соңғы жылдары ауылдардағы жұмыс орындары азайып кетті, сондықтан көпшілік тұрғындарға бұл тығырықтан шығудың жолы – өзінің жеке ісін ашу болар еді.

Бірақ, көп жағдайда, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамасына қаражат таба алмай қиналатыны өтірік емес.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз ісін іздеу, ашу және жүзеге асыруда көмек көрсетуге бағытталған.

Жеңілдікті режим – жылдық сыйақы мөлшері 6 пайыз, жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6,7 пайыз, 1 жарым жылға дейінгі жеңілдікті мерзімімен 3 млн. теңгеге дейін берілетін несие ауыл тұрғындарына өз мүмкіндіктерін өлшеп-пішіп, нақты рационалды таңдау жасауға мүмкіндік береді

Экономиканың салаларына қарай, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдаудың басым бағыттары қарастырылған, ауыл кәсіпкерлері соның ішінен өз таңдауын жасай алады.

Нағыз еңбектің ең сыйлысы да, ең ауыры да – егіншілік, «Егін ырыс таңдамайды.
Еңбек таңдайды» деген халық мәтелі. Сондықтан диханның еңбегі жоғары бағалануы тиіс.

Ауыл тұрғындарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» Бағдарламасымен берілген мүмкіндікті пайдаланып, мол табыс табу әбден мүмкін іс.

Ең бастысы – қол құсырып отырмай, бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға жұмыстану керек. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары, ол тек қана өсе береді, сондықтан, мемлекет осы Бағдарлама арқылы ауылдықтарға өз ісін бастап, баюға алғашқы қадам жасауға шынайы мүмкіндік береді.

Бағдарлама ауыл тұрғындарына тек бизнесті бастауға қаржылық қолдау көрсету ғана емес, оларға өз ісін бастамас бұрын кәсіпкерлік негіздеріне тегін курстарда оқып, бизнестің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндік береді.

Бұл өз бизнесін жоспарлау мен дұрыс жүргізу ілімінің негіздерінен толық хабардар емес ауыл тұрғындарына айтарлықтай көмек екені  сөзсіз.

Дамыған елдердің ішкі айналым өнімі 50 пайызға дейін жетеді екен, ал, бізде ол 30 пайыздан аспайды. Сондықтан, мемлекет ауыл кәсіпкерлерін сатып алу-сатуға қызықпай, мал, құс асыраумен, көкөніс өсірумен айналысуға шақырады, бұдан алынған өнімдер тұтыну рыногін өз ауылшаруашылық өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.

Сондықтан, осы Бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы несиелер саудамен айналысуға берілмейді.

Біздің облыста 2013 жылы осы Бағдарлама аясында 622 млн теңге бөлініп толықтай игерілді. Айтар болсақ, 278 тұлғаның кәсіпкерлік бастамалары 622 млн теңгеге қаржыландырылды. Соның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға 195 адамға 426 378 мың теңге қаражат 666 бас жылқы, 810 бас сиыр, 148 бас түйе, 1700 бас қой-ешкі, 1200 құс, 100 қоян сатып алу мақсатында берілді, егін шаруашылығын дамытуға 4 адам 10 млн теңгеге қаржыландырылды.

Шағын және орта бизнесті дамытуға 195 147 мың теңге 79 адамға берілді.

Нәтижелері көріне бастады.

Мысалы, ұзақ жылдардан бері тігін цехын ашуды армандаған Тайлақова Қарлығаш алған несиесіне озық іс тігу аппаратураларын сатып алып, эксклюзивті ұлттық киімдер тігіп сатып, табысын көруде. Әрі өзінің ұзақ жылдарғы арманына қол жеткізген еліміздің Президенті мен Қорға алғыс айтудан тынбайды. 

Қордан алған несие қаражатына ашылған Елемесов Нұрланның фотостудиясын сол саладағы мамандар еліміздегі озық технологиялармен жабдықталған алдыңғы қатарлы студиялардың біріне бағалауда.

Ал, жеке кәсіпкер Нұрлыбаев Уахит осы Бағдарлама аясында алған несие қаражатына қайық жасау шеберханасын ашты, бұл қолөнер кәсібі бүгінгі күні біздің облысымыздағы бірегей кәсіп түрі болып отыр.

Осы Бағдарламамен берілген несие қаражаты жеке кәсіпкер Омаров Мұхтарға өзінің жеке стоматологиялық кабинетін ашуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, өзінің сүйікті кәсібімен айналысып, мамандығын мақтанышына, әрі табыс көзіне айналдырған Омаров Мұхтар да Қорға және мемлекетіміздің кәсіпкерлік бастамаларды қолдау саласындағы саясатына алғысын білдіруде.

Біздің көптеген кәсіпкерлеріміз бизнес идеяларын табысты түрде жүзеге асырып өз бизнес жоспарларының сәтті болғанын дәлелдеп келеді.

Биылғы жылдың өткен кезеңінде игеру басталған 3 айдың ішінде бюджеттен бөлінген 889 632 000 теңгенің 55 пайыздан астамы игерілді.

Бұл тек бастамасы ғана, жылдың аяғына дейін осы Бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың тағы да 45 пайызы игерілетін болады.

Жоғарыдағы статистикалық мәліметтерді түйіндей келе, айтарымыз – цифрлар Бағдарламаның бет-бейнесін, бағыты мен барлық күнгей тұстарын ашып көрсете алмайды. Өйткені, бұл цифрлардың артында ондаған, жүздеген адамдардың тағдыры тұр.

Ең бастысы – несие алып жеке ісін бастаған осы Бағдарламаның әрбір қатысушысы – мемлекеттің адамдарға бақытты және бақуатты болашаққа деген үмітін оятуға мүмкіндік беруінің өзі шексіз құндылық екенін түсінеді.

«Ауыл шаруашылығын
қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның
Атырау филиалының директоры
Шалагулова Гүлзада Айтжанқызы


«Кешегі жұмыссыздар бүгін әлеуетті отандық өнім берушілерге айналуда»

ҚР-сы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан 2050» Стратегиясы» Жолдауынан бастау алған «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» Бағдарламасының екінші бағыты ауылдағы кәсіпкерлердің жеке ісін бастау және дамыту жобаларына несие бере отырып қолдау көрсетуге мүмкіндік беруде.
Ауыл тұрғындарына «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» Бағдарламасымен берілген мүмкіндікті пайдаланып, мол табыс табу әбден мүмкін іс.
Ең бастысы – қол қусырып отырмай, бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға жұмыстану керек. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары, ол тек қана өсе береді, сондықтан, мемлекет осы Бағдарлама арқылы ауылдықтарға өз ісін бастап, баюға алғашқы қадам жасауға шынайы мүмкіндік береді.
Бұған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы осы бағдарламамен несие алған жандардың жасап жатырған жұмыстарын қарап, несиенің мақсатты пайдаланылғанын тексеру барысында көз жеткіздік.
Мақаттық мүсінші Қажыбаев Амангелдінің жобасын облыстағы «эксклюзивті» жобаның бірі деп айтсақ артық кетпеймыз.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында алған несиеге мүсін шеберханасын ашып, қажетті материалдар мен аппаратуралар сатып алып, мүсіндер, әр түрлі сәндік бұйымдар жасаумен айналысатын А.Қажыбаев өзінің сүйікті кәсібімен айналысуға мүмкіндік берген мемлекетке алғысын айтуда.
А.Қажыбаев жасаған мүсіндер, сувенирлер рыноктағы шетелдік сол тектес бұйымдардан әсте қалыспайды.
Негізінен үйдің ішкі әдемілеуін жасайтын Амангелдінің түрлі дизайнмен әрлеген үйлеріне кіргенде, құдды бір мұражайға немесе театрға кіргендей боласың.
Ғимараттың кез-келген колоннасын әрлеу, тас пен мраморлардан ою-өрнектер құйып жасайтын Амангелді Қайырлыұлы атақты сәулетшілерден қалыспайды.
Үйдің ішкі әсемдеуімен қоса, мүсіндер, сувенирлер жасайтын А.Қажыбаевтың қолдан құйған қыран құсы мен аю, түлкілері шын жануарлардан әсте аумай қалады.
Бір қынжылтатыны несиеге алған материалдарын пайдаланып тастан түйін түйетін Амангелді Қайырлыұлының потенциалы қандай кең бола тұра, өзінің жеке шеберханасын аша алмай жүр, мүсінші оған қаражат жетіспеушілігі қол байлау болып отырғанын айтуда.
Бұндай хас шеберлерге қолдау көрсету тек қана Қордың емес, жалпы сұлулықты сүйер, қол өнерін бағалар жандардың борышы болса керек. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар бұндай ілуде бір кездесетін хас шеберлеріне қолдау көрсетіп, өзінің дербес мүсін шеберханасын ашуға мүмкіндік жасап берер деп үміттенеміз.
Фото А.Қажыбаевтың қолынан шыққан мүсіндер мен бұйымдар.

Мақаттық аспазшы Ильясова Гаухардың кулинариясына келіп кіргенде Қормен қаржыландырылып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» Бағдарламасына еріксіз риза болғандайсың.
Г.Ильясованың аспазшылық шеберлігі үлкен қалалардағы небір кәсіби кулинарларды артқа тастағандай.
Қордан алған несиеге кондитер цехы мен жаңа заманауи аппаратуралар сатып алған Гаухар торттары мен тоқаш өнімдерімен аудан тұрғындарын таң қалдыруда. Раушангүл, лалагүл, қалампыр керек пе, гүлдердің неше түрі, футбол добы, «Ливерпуль», «Челси» сияқты футбол клубтарының эмблемалары, бесіктегі бала мен «Спанджбоб», «Микки Маус» сияқты мультфильм кейіпкерлері, тіптен қазақтың ұлттық тағамы бесбармақ бейнесіндегі торттардың түр-түрін қалауыңызша жасап бере алады. Кез-келген кәсіби мерекеге, мерейтойлардың барлық түрлеріне арналған тамаша торттарды жасай алатын Гаухардың өнеріне деген сұраныс өте үлкен екен. Жас кезінен бармағынан бал тамған аспазшы болған Гаухар өзінің кәсіби шеберлігін дамытуға, бизнесін кеңейтуге мүмкіндік берген мемлекет саясатына және Қорға алғыс білдіруде.
Осы Гаухардың үстіміздегі жылы жастар арасындағы бизнес идеялардың «Атамекен стартап» конкурсының жүлделі 3-ші орнын жеңіп алғанын айта кету керек.
Фото Ильясова Гаухардың қолынан шыққан кулинария өнімдері

«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» Бағдарламасы аясында Қордан несие алған индерлік кәсіпкер Альмурзина Құралай түрлі жаңа технологиялармен жабдықталған полиграфиялық цех ашуға мүмкіндік алды. Несие қаражатына заманауи аппаратуралар сатып алған Қ.Альмурзина адресаттар мен буклеттер, плакаттар мен портфолио сияқты түрлі полиграфиялық өнімдерді басып шығарып, стакандар мен тарелкаларға таңдаған бейнесуреттеріңізді басып бере алады.
Жарнамалық өнімдердің жаңа заман талабына сай үлкен сұранысқа ие болып отырған кезінде полиграфиялық цехтың тапсырыс берушілерінің көбейе түсетіні күмән тудырмайды. Сайып келгенде кәсіпкердің алған несиесі несібесіне айналып, жанұясының жағдайын жақсартуға ғана емес, ел қызметіне, ауылдастары мен аудан тұрғындарының қажетіне жарағаны қуантады.
Фото Қ.Альмурзинаның полиграфиялық цехы.

Ал, индерлік жеке кәсіпкер Зинешев Жанарбектің «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несиемен қаржыландырылған бизнес жобасының тек ауыл, аудан емес, жалпы облыс көлемінде маңызы өте үлкен деуге болады. Шетелдік компаниялардың өнімдеріне батыл бәсекелес бола алатын Ж.Зинешевтің тас шығару цехы Отандық өнім берушілерге қолдау көрсетуге бағытталған мемлекет саясатының шынайы көрінісі деуге болады.
Бұл цехта құм-қиыршық тас қоспасы мен цементтің қосындысынан тұратын пескоблок деп аталатын материалдан жасалатын тастар өндіріледі. Тығыздығы жағынан М100 стандартына сәйкес келетін және екі қабатты үйлер мен ғимараттардың қабаттарының арасына салатын жабынды орнына пайдалануға жарайтын тастар шетелдік компаниялар мен ТМД елдерінің үлкен компанияларының өнімдеріне төтеп бере алады. Отандық өнім болғандықтан құны едәуір арзанға шығатын, ал сапасы жағынан халықаралық стандарттарға сай келетін тастар мен брусчаткалар шығаратын Ж.Зейнешевтің тас шығару цехының жылдан жылға жаңа технологияларды енгізіп, қарыштап дамитынына сеніміміз мол.
Өз өнімінің сапалылығына көңілі толып, әрі ауылдастарының сұранысы қанаттандырған кәсіпкер Ж.Зейнешев мемлекеттің жұмыссыз адамдарға және жобасын жаңа қолға алған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған осы саясатына ризашылығы шексіз.
Фото Ж.Зинешевтің тас шығару цехы.

Бұл бизнес-жобалар Бағдарламаны жүзеге асыру барысында облыс бойынша жүргізіліп отырған ұшан теңіз жұмыстың санаулы ғана көріністері, таңдаулылары деуге болады. Осы сияқты табысты жобалар облысымыздың барлық аудандарында да іске асырылуда.
Қорыта келгенде айтарымыз, мемлекетіміз қазір кәсіпкерлік бастамаларға, соның ішінде ауыл кәсіпкерлерінің бастамаларына өте үлкен қолдау көрсетуде.
Осы мемлекет саясатын дер кезінде пайдаланып, тынымсыз еңбек еткен жандардың адал еңбегінің зейнетін көріп, несиелерін несібелеріне айналдыру өз қолдарында.

«Ауыл шарушылығын қаржылай
қолдау қоры» АҚ-ның Атырау
филиалының директоры
Шалагулова Гүлзада Айтжанқызы


Мақаланың шыққан күні:: 14.07.2016 18:12
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 15.07.2016 11:55