Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
11.07.2020

Қызметтер

Теңіз ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы

Приморье ауылы «20»қыркүйек 2018 жыл Ю.А.Гагарин орта мектебінің спорт залы сағат 10:00

Қатысқандар: тұрғындар саны – 525 адам

Қоғамдастық жиналысына қатысуға тиісті мүшелері: -11 адам

Қатысқандар - 9 адам. Қауменов Даулет Қажеденұлы, Қалиев Сатхан Мударісұлы, Жұманов Сайхол Нұреденұлы, Инаматов Батырбек Әдебиетұлы, Жұмағалиев Тоқтар, Жұмқалиев Тұрғанбай Әлімжанұлы, Сұлтанғалиев Теміртас, Сабиров Мұратқали, Маханова Альжибек.

Қоғамдастық мүшелері-Длмуханбетов Бекболат Рахымғалиұлы, Гайсин Аманжол дәлелді себептермен қатысқан жоқ.

Аудандық мәслихат депутаты- Кенжебаев Біржан Аронұлы қатысты.

Күн тәртібінде:

1. Приморье ауылының атауын Теңіз ауылы деп қайта атау туралы.

Жиналысты Теңіз ауылдық округінің әкімі– Анарбек Баймуханов ашып, күн тәртібіне ұсынылып отырған мәселе бойынша түсінік беріп өтті. («Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңы, «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 ақпандағы №138 қаулысы)

Округ әкімі А.Баймуханов жиналыстың төрағасы мен хатшысын сайлауды ұсынды, қоғамдастық мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы жиналыс төрағасы болып С.Қалиев, хатшысы болып А.Дюсенбаева сайланды.

А.Баймуханов: Заң талаптарына сәйкес төрағаны президиумға шақырамын.

Қалиев Сатхан: Құрметті округ тұрғындары, қоғамдастық мүшелері! Ауылымыздың Приморье атауын өзгерту көптен бері айтылып шешімін таппай жүрген мәселе. Бүгінгі жиналысымыз осы мәселені шешу үшін ұйымдастырылып отыр. Жиналысқа қатысып отырған округ тұрғындары, мекеме басшылары, қоғамдастық мүшелері «Теңіз» деген атаудан басқа пікір барма? Өз пікірлеріңізді білдіріңіздер.

Пікір айтуға регламент белгілейік, пікір айтушыларға 3-5 минут уақыт берілсін. Дауысқа саламын, бірауыздан қабылданды.

1.Баймуханов Анарбек –округ тұрғыны, округ әкімі: Құрметті округ тұрғындары, қоғамдастық мүшелері!

Күн тәртібіндегі мәселе Приморье ауылының атауын Теңіз ауылы деп қайта атау туралы.

Округ орталығы «Приморье» /Телячье/ селосы, Еділ өзенінің Каспий теңізіне құятын Қарақамыс-Қуанкин сағасында орналасқан. Адам саны 1760, үй шаруашылығының саны-322. Приморье аудан орталығынан 7 км, облыс орталығы Атырау қаласынан 248 км, темір жол станциясынан 32 км қашықтықта орналасқан. Округке Дәулет, Құмарғали, Шайхы ауылдары кіреді. Күні бүгін округ көлемінде ауылдық округ әкімшілігі, Гагарин атындағы орта мектебі, «Евразия Инвест», «КаспийИнтерФиш» ЖШС-тері, «Айсамал» бала бақшасы, клуб, кітапхана, ауылдық емхана, байланыс бөлімшесі, 17 шаруа қожалығы, 22 жеке кәсіпкер, 9 дүкендер орналасқан. Округ халқы негізінен мал, балық шаруашылығымен айналысады. Аудандық арнаулы мемлекеттік-кооперативтік мал бордақылау және дайындау бірлестігінің орталығы бұрынғы «Телячий» қазіргі Приморье ауылының өзіндік тарихы бар. Приморье ауылының атауын «Теңіз» ауылы деп қайта атау туралы ұсыныс- пікіріңізді айтсаңыздар.

2. Карсаков Амангелді - ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, жергілікті қоғамдастық мүшесі.

Бүгінгі жиналыстың күн тәртібіндегі көтеріліп отырған мәселер өте орынды. Бұрынғы кеңес заманынан келе жатырған Приморье ауылының атауын өзгерту жөнінде айтылып жатыр. Аудан көлемінде де ауыл атауларын өзгерту шаралары жүріп жатыр. Бұрынғы жиналыстарда да әртүрлі атау беру айтылып жүр.Соның нәтижесі шығатын уақыт болды. Хаттамасын жасап, ономастикаға жолдап заңдастыру керек. Тарихқа үңілетін болсақ, бұл жер ерте кезде «Қара шекпен» деп те аталған. Одан бері қарай орыстар мекендеген жер. «Телячье». «Телятник» деп атаған.Кеңестер үкіметінің тұсында Приморье деп өзгертілді. Бізге теңіз жақын 45 минуттай уақытта теңіз төріне жетуге болады.Теңізге ең жақын мекен болғандықтан «Теңіз» ауылы деп атау дұрыс деп есептеймін.

Округ әкімінің Приморье атауын Теңіз деп өзгерту туралы ұсынысын мақұлдаймын және қолдаймын.

3. Жадығұлов Ұзақбай –Ауданның Құрметті азаматы, ауыл тұрғыны.

Ауданымыз бойынша көптеген ауылдардың, округтердің атауы қазақшаланып, орыстың, кешегі кеңес дәуірін дәріптейтін атаулардың көпшілігі өзгертілгенін бәріміз де естіп жүрміз. Алдыңғы жолдастар айтып өткендей бұл ауылды ертеде орыстар мекен еткен. Бұрын ауылда көптеген жиналыстар болды.Теңіз совхозы құрылды. Осында жұмыс жасаған жолдастардың Теңіз совхозы деп атауды ұйғарды. Ауылымызға теңіз тамағы жақын болғандықтан осылай аталған. Ауылымыздың атауын да «Теңіз» ауылы деп қайта атау туралы ұсынысқа толықтай қосыламын, ұсыныс етемін.

4. Сұлтанғалиев Теміртас- ауыл тұрғыны

Күн тәртібінде талқыланып отырған мәселе де бәріміздің ойымыздан шығып отыр. Жалпы елді мекен атауының сол елді мекенмен, сол елді мекеннің тарихымен байланысты болуы дұрыс деп есептеймін. Приморье ауылының атауын Теңіз ауылы деп өзгертуді мақұлдаймын.

5. Жұманов Сайхол, ауыл тұрғыны.

Ауылдың атауын өзгерту жөнінде айтылып жатыр. Қысқаша тарихын айта кетейін. Арада қанша жыл өткені белгісіз, сол ауылдың оңтүстік жағынан шағын арал пайда болады, бұзауларын сол аралға бағады. Соған байланысты бұл арал «Телячий сланц» деп аталады. Жылдар өте бұл аралдың ауданы ұлғайады, адамдар қоныстана бастайды, себебі арал теңізге жақын болған. Кейіннен «Телячье» одан кейін Приморье болып өзгертілген. Жаңа айтылған жолдастардың ұсынысына мен де қосыламын. Ауылдың атауын «Теңіз» деп өзгертуді қолдаймын.

Барлығы 5 адам ұсыныс-пікір айтты.

Сөйлеу тоқтатылды.

Приморье ауылының атауын –«Теңіз» ауылы деп атауға ұсыныс түсті.

Ұсыныс қоғамдастық мүшелерімен ашық, жеке дауысқа салынды.

Приморье ауылына Теңіз атауын беруге: Жақтап -9, Қарсы -0, Қалыс -0

Ашық, жеке дауыс беру қорытындысы бойынша Приморье ауылының атауын –«Теңіз» ауылы деп атауға бірауыздан шешім қабылданды.

Теңіз ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысы күн тәртібіндегі мәселені талқылай келе ШЕШІМ ЕТТІ:

1.Приморье ауылының атауын «Теңіз» ауылы деп қайта атау мақсатында өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы округ әкіміне жолдансын.

Жиналыс төрағасы: С.Қалиев

Жиналыс хатшысы: А.Дюсенбаева


Мақаланың шыққан күні: 12.12.2018 17:38

Парақтағы соңғы өзгерістер: 12.12.2018 17:38

Қаралым саны: 1028