Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
11.07.2020

Қызметтер

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамызға ортақ іс

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық мүшелеріне, сондықтан жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетті.

Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі - парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.

Сыбайлас жемқорлық ежелден қоғамдық өмірдің ажырамас атрибуты болып келе жатқаны барлығымызға мәлім. Ол - қандай мемлекет болмасын, оның саяси сипатын төмендетіп, қоғамның халық алдындағы беделін түсіретін қауіпті құбылыс.

Еліміз егемен болып, нарықтық экономика жолына түстік. Қайта құру кезінен басталған көптеген қиыншылықтар артта қалды. Қоғамдағы құбылыстың қайсысының болмасын күнгейі және көлеңкелі жағы болатынындай нарық қоғамымызға жаңарулармен етене ендірді.

Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiлiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе, ол – коррупция. Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін

алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық

қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға жиырма жылдай уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол - Президенетіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.


Мақаланың шыққан күні: 21.05.2018 02:39

Парақтағы соңғы өзгерістер: 03.08.2018 14:55

Қаралым саны: 1256