Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
04.08.2020

Қызметтер

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз-релизі 14.07.2020

2020 жылғы 14 шілде Атырау қ.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 11 маусымдағы №351 Жарлығымен 2020 жылдың 12 тамызына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы тағайындалған болатын.

Осыған сәйкес, 2020 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – Ортсайлауком) "2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы" қаулы қабылдады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Сенатты Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттар құрайды.

Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Республикасының азаматтары сайлайды.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. (2020 жылы Атырау облысынан сайланған Сенатор Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлының өкілеттік мерзімі аяқталады).

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – Облсайлауком) Парламент депутаттарының сайлауын өңірде дайындауды және өткізуді қамтамасыз етеді.

Облсайлаукомның құрамы, орналасқан орны туралы хабарлар 13 маусымда облыстық газеттерге және облыс әкімдігінің www.atyrau.gov.kz интернет-сайтына жарияланды.

Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 13 маусымда басталып, сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 2020 жылғы 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталған болатын.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады.

Отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам Сенат депутаты бола алады.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарды сайлауға және олардың сайлануға құқығы жоқ.

Соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат бола алмайды.

Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы құжаттар келіп түскен кезде Облсайлауком:

1) үш күн ішінде кандидаттың Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілейді;

2) тексеру аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын береді.

Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихаттарын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он пайызынан, бірақ бір мәслихаттың таңдаушылар дауысының жиырма бес процентінен аспайтын дауысымен қолдауға тиіс.

Атырау өңірінен 5 кандидат ұсынылды, олардың ішінде: 1-уі облыстық мәслихатпен, 4-уі өзін-өзі ұсынылған азаматтар.

Ұсынылғандардың ішінде 2-уі өндіріс саласының, тағы 2-уі темір-жол, әуежай байланысы салаларының, 1-уі білім саласының қызметкерлері бар.

3 кандидаттың екі жоғарғы білімі бар. Егер, мамандықтарына келетін болсақ:

2-уі - экономист, 1 заңгер, 1 психолог, 1 теміржол саласының мамандары.

Кандидаттардың ішінде 1-уі әйел адам (20%).

Ұсынылғандардың орташа жасы - 52-ні құрайды (ең жасы - 44-те).

1 адам «Nur Otan» партиясының мүшесі, 1-уі партияда жоқ, 3-уі партиялығын көрсетпеген. Барлығы да қазақ ұлтының өкілдері.

Бүгінгі күнге дейін қандай да бір арыз-шағымдар түскен жоқ.

Ұсынудың қорытындылары туралы ақпараттар сайлау комиссиясының сайтына орналастырылған.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидатты ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші; тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын 637 500 теңге сомасында құжат болған жағдайда Облсайлауком жүзеге асырады.

Атырау облысынан ұсынылған кандидаттардың барлығы да тіркелді. Ол туралы хабарлар облыстық газеттерге және www.atyrau.gov.kz интернет-сайтына жарияланды.

2020 жылдың 10 және 13 шілдесінде кандидат А.С.Қарабаевадан

және А.С.Арыстаннан Сенат депутаттығына кандидаттыққа тіркеуден алып тастау туралы өздерінің өтініштері түсті.

Аталған кандидаттарды тіркеуді күшін жою туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының шешімдері 2020 жылдың 11 және 13 шілдесінде қабылданды.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және дауыс беру күнінің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта, яғни 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.

Кандидаттардың сайлаушылармен кездесу кестелері, өмірбаяндық деректері, сайлауалды бағдарламалары, үгіт-баспа материалдарын ілетін орындар тізбесі БАҚ-да 24 шілдеден бастап жарияланатын болады.

Сенат депутатының сайлауындағы дауыстарды санау нәтижелері дауыс беру пунктінде өткізілетін Облсайлауком отырысында белгіленеді.

Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және оны сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Ортсайлаукомға жібереді.

Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылармен бірлескен отырыстың өтетін уақыты мен орны, таңдаушылардың тізімі жергілікті БАҚ-да, мәслихатардың интернет-ресурсында а.ж. 4 тамызына дейін жарияланатын болады.

Сенат депутаттарын жалпы республика бойынша сайлаудың қорытындыларын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей Ортсайлауком белгілейді.

Ортсайлауком қаулысының негізінде Облсайлауком сайлауды дайындау және өткізу кезінде санитарлық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыратын болады.

 

 Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

тел. 270256, 354461, 270969

интернет-сайт: atyrau.gov.kz tic_atr_obl@saylau.kz  aotik2012@mail.kz 


Мақаланың шыққан күні: 14.07.2020 11:13

Парақтағы соңғы өзгерістер: 14.07.2020 11:15

Қаралым саны: 230