Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
21.09.2017

Қызметтер

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2007 жылғы 28 ақпан

ЖАҢА ӘЛЕМДЕГI ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН

I. "ҚАЗАҚСТАН-2030" СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ — ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКА МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТIЛIГIНIҢ БЕРIК IРГЕТАСЫН ҚҰРА ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢIНЕ СЕНIМДI ҚАДАМ БАСУДА

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап бiз сiздермен бiрге дәйектiлiкпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзiнiң дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдiк қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткiзе отырып, алға қарай нық сенiммен iлгерiлеп келедi.

Бүгiнде экономика мен өз мемлекеттiлiгiмiздiң берiк iргетасын қамтамасыз етiп, бiз қағидаттық жаңа кезеңге сенiмдi қадам бастық. Мұның өзi Қазақстанның одан әрi дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтiк, саяси және әкiмшiлiк негiзге қоюға мүмкiндiк бередi.

Бүгiн мен сiздерге елiмiз бен қоғамымыздың одан әрi дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнiнде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкiндiк туғызады.

Әңгiме елiмiздiң әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң клубына қарай iлгерiлеуi жөнiндегi нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған едi.

1997 жылы сiздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда бiздiң қоғамның келешек мүмкiндiктерi мен бiздiң мемлекеттiң ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.

Бұл әлi қанаты қатая қоймаған жас тәуелсiз мемлекеттiң ұлы таңдауы едi. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын бiлемiн.

Сол уақытта, естерiңiзде болар, бiздiң жинақтаған қорымыз негiзiнен зiлбатпан әлеуметтiк-экономикалық проблемалардан және егемендi даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжiрибелерiнен ғана тұратын.

Сол тұста, 10 жыл бұрын, бiз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.

Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бiрiнен кейiн бiрiн игере отырып, дәйектiлiкпен iлгерi адымдай бастады.

Бiз мүлдем жаңа экономикалық жүйенiң, демократиялық құқықтық мемлекеттiң iргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмiр сапасы мен ұстындарын елеулi түрде өзгерттiк.

Бiз iшкi тұрақтылыққа қол жеткiздiк, дамудың әлеуметтiк базасының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етiп, өңiрдегi үздiк экономиканы құрдық. Қазақстан өңiрде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi маңызды мiндеттердi атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесi ретiнде орнықты.

Бiз үшiншi дүниенiң мемлекетi болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.

Ендi келесi онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгiлеп бергiм келедi.

II. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМIР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ

2000 жылға қарағанда IЖӨ-нi еселеу жөнiндегi бiздiң мiндетiмiзге келесi жылы-ақ қол жеткiзуге әбден болады. Бұл — тар өрiстi мақсат емес, экономикалық өсудiң жай нанымды көрсеткiшi де емес, бұл — қазақстандықтардың өмiрiн жақсарта берудiң бiздегi нақты мүмкiндiктер.

Өткен жылдары бiз көптеген аса маңызды әлеуметтiк мiндеттердi шеше алғанымызды сiздер бiлесiздер, олардың өмiр сапасын жақсартқаны сөзсiз.

Бiз оқып жатқандардың шәкiртақысын ұлғайттық, оларға бiлiм алу гранттары мен несиелерiн бердiк. Бюджет саласының қызметкерлерi мен мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын дәйектiлiкпен өсiрiп келемiз. Аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейiнгi балалары үшiн ай сайынғы жәрдемақы, сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төлеудемiз. Балалар мен жасөспiрiмдердiң белгiлi бiр санаттарын тегiн дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесi шешiлуде.

Жыл сайын зейнеткерлiк жәрдемақылардың мөлшерi индекстелiп, арттырылуда. Бұрынғы еңбек өтiлiне байланысты зейнетақылық төлемдердi сараланған түрде ұлғайту жүзеге асырылды, бұл бiр миллионнан астам адамды қамтыды. Сондай-ақ әлеуеттi құрылымдар ардагерлерiнiң зейнетақылары өстi. Барлық зейнетақылық және әлеуметтiк төлемдер елiмiзде уақтылы — тиiстi айында төленiп келедi.

Бұрын уәде бергенiмiздей, экономиканың тұрақты дамуы бiзге қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды жалғастыруға мүмкiндiк бередi. Бұл — бiздiң саясатымыздың әлеуметтiк қорытындылары.

Мен бүгiн Үкiметке халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жөнiндегi жұмысты жалғастыра берудi тапсырамын.

Бұл үшiн:

Бiрiншiден, ана мен баланы әлеуметтiк қорғауға айрықша маңыз бере отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы мөлшерi 34740 теңгеге дейiн немесе 2 есе арттырылсын.

Баланы бiр жасқа толғанға дейiн күтуге төленетiн ай сайынғы жәрдемақы:

тұңғыш бала туғанда — 5790 теңгеге дейiн, немесе 177%-ға;

екiншi бала туғанда — 6369 теңгеге дейiн, немесе 167%-ға;

үшiншi бала туғанда — 6948 теңгеге дейiн, немесе 159%-ға;

төртiншi және одан көп бала туғанда — 7527 теңгеге дейiн, немесе 153%-ға көбейтiлсiн.

Балалы отбасыларын қолдауға қажеттi қосымша қаражат 9,5 миллиард теңгенi құрайды.

Бұдан бұрын қабылданған шаралар елiмiз халқының тұрақты өсуiне қол жеткiзуге жағдай жасады. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, 2006 жылы 290 мың бала туған. 2005 жылы ғана халықтың табиғи өсiмi туу есебiнен 121 мың адамды құрады.

Аталған шараларды енгiзу бұдан да оң демографиялық өзгерiстерге жеткiзетiнiне сенiмдiмiн.

Екiншiден, жұмыс iстейтiн әйелдер үшiн жүктiлiктi, босануды және аналық кезiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру енгiзiлсiн. Бұл ретте декреттiк демалыста және бiр жасқа толғанға дейiн нәресте күтiмi жөнiндегi демалыста жүрген кезiнде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргiзiле беруге тиiс.

Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтiк салықты қайта бөлу есебiнен құралған Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының қаражатынан жүзеге асырылсын. Бұған мемлекеттiк бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу талап етiледi.

Үшiншiден, iргелiк зейнетақының мөлшерi ұлғайтылсын және таяудағы жылдары оның тұрмыстық ең төменгi қажеттiлiктiң 40% деңгейiнде сақталуы қамтамасыз етiлсiн. Осылайша, бiз алғаш рет Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз етуiн халықаралық стандарттармен сәйкестендiремiз.

Мұның өзi 1 миллион 675 мың iргелiк зейнетақы алушыларды қамтиды, әрi оның мөлшерi 2008 жылы шамамен бiр мың теңгеге немесе 35%-дан аса артады. Ең төменгi зейнетақылық төлемдер (iргелiк қосу ең төменгi ынтымақшыл зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1 500 теңгеге немесе 15%-ға көбейедi.

Төртiншiден, зейнетақының мөлшерiн бұрынғы еңбек үлесiне сүйенiп анықтаған кезде әдiлдiк орнату үшiн зейнеттiк заңнамада көзделген зейнетақыны есептеу үшiн ескерiлетiн табысты шектеу өзгертiлсiн, ол 15 мәрте айлық есептiк көрсеткiштен 25 мәртеге дейiн арттырылсын.

Зейнетақыларды есептеу үшiн қабылданған табыстарды заңнамалық шектеу есебiнен бұрын зейнетақылары төмендетiлген жарты миллионға жуық зейнеткер (483 мың адам) өздерiнiң зейнетақыларына әжептәуiр үстеме алады.

Ынтымақшыл зейнетақының орташа мөлшерi 13 604 теңгеге немесе 25%-ға дерлiк артады. Ынтымақшыл зейнетақының ең жоғары мөлшерi 2008 жылы 21 713 теңгеге дейiн, немесе 76%-ға өседi.

Бесiншiден, зейнетақы төлемдерiн сатып алу қабiлетiн тұрақтандыру үшiн зейнетақы төлемдерiн индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексiнiң болжамды өсiмiнен екi пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.

Аталған шараларды жүргiзуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттiлiгi 55,3 миллиард теңгенi құрайды.

Алтыншыдан, бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап 30% арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегi жұмысты жалғастыра беру қажет.

Жетiншiден, олардың мәртебесiн арттыру, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда кадрлар тарту мен кадрлық әлеуеттi нығайту үшiн 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бiр лауазымдық оклады мөлшерiнде жәрдемақы төлеу енгiзiлсiн.

2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 миллиард теңгеге түседi.

Сегiзiншiден, бұрынғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зиянды және ауыр еңбек жағдайында өтiлiн өткерген адамдарды әлеуметтiк қамсыздандыру туралы мәселе талай рет көтерiлген едi.

Кәсiпорындар жұмысшыларымен кездесулерде бұл мәселе менiң алдыма қойылды. Мен оларды түсiнемiн. Өзiм бастан кешкен жағдай. Бұрын бiз мәселенi №1 Тiзiм бойынша шешiп келдiк. Ендiгi жерде № 2 Тiзiм бойынша шешу керек. Мұндай қазақстандықтар бiзде шамамен 28 мыңдай адам. Қазiргi кезде осы проблеманы шешуге бiздiң қайтып оралуға нақты мүмкiндiгiмiз бар деп бiлемiн.

Бiз аталған санат үшiн сегiз айлық есептi көрсеткiш мөлшерiнде арнайы жәрдемақылар енгiзе аламыз. Бұған жыл сайын 3 миллиардтан аса теңге қажет болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап №2 Тiзiм бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуiн қамтамасыз ету қажет.

Осылайша, мен атап берген барлық әлеуметтiк төлемдердi көбейтуге жұмсалатын қаражатқа қажеттiлiк 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгенi құрайды.

Бүгiнгi таңда мемлекеттiң қазақстандықтарды әлеуметтiк қамсыздандыруды жақсарту үшiн осындай үлкен қаражат жұмсау мүмкiндiгi пайда болды. Ендеше бiз бұл мүмкiндiктi iске асырамыз.

Тоғызыншыдан, үш жылдың iшiнде 100 мектеп пен 100 аурухана елiмiздiң нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңiрлерiнде салуды тапсырамын. Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуды бiз стратегиялық мiндет дәрежесiне көтеруге тиiспiз. Бiз мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiгiнiң көмегiмен әлеуметтiк-инфрақұрылымдық даму тетiгiн қалыптастыру қажеттiгiне жеттiк деп бiлемiн.

III. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢI — ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ

"Қазақстан-2030" Стратегиясын дәйектiлiкпен орындау өзiмiздiң алдағы iлгерiлеуiмiз үшiн берiк негiздi қамтамасыз еттi. Бiзде бұрынғыдан да табыстырақ алға басуымыз үшiн барлық негiз бар, бiз мұндай тарихи мүмкiндiктi уысымыздан шығармайтын боламыз.

Сол үшiн де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы таңдап алынды.

Бұл — бiздiң бұдан былайғы дамуымыздың бiрден-бiр дұрыс арнасы.

Бiз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты орын, бүкiл ел халқының әл-ауқатының өсуi мен тұрмыс деңгейiнiң елеулi жақсаруын қамтамасыз ету үшiн сыртқы рыноктарға шығып, сенiмдi орнығуға мiндеттiмiз.

Бұл жолда Қазақстан мен өңiрдiң нақты жағдайын ескерiп, әрi әлемнiң озық мемлекеттерiнiң жетiстiктерiн өзiмiзде iске асыра отырып, бiздiң:

Бiрiншiден, қандай да бiр табыстарға қолымыз жетiп үлгерген секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуiмiз қажет;

Екiншiден, жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы мен әлеуметтiк өмiрiнiң барлық салаларына тарату керек.

IV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТТIЛIК — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА МЕН ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КIРIГУIНIҢ КIЛТI

Сондықтан да өткен жылдың өзiнде бiз жалпы қазақстандық жобамызды тұжырымдап, оны iске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл — бiздiң әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi елу елiнiң қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесi ретiнде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.

Және мұның қажеттi шарты — Қазақстан тауарлары мен қызметтерiнiң озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейiне шығуы.

Бiрақ бұл жеткiлiксiз. Бiзге экономиканың барлық деңгейiнде — бүгiнгi де, сол секiлдi ықтимал мүмкiн болатын нақты да перспективалы бәсекелестiк артықшылықтарымызды қажеттiлiкпен әрi сарабдалдықпен анықтауға және пайдалануға тура келедi.

Жүйелiлiк — бiздiң осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел жылжуымыздың басты қағидасы, мiне, осы.

Бұл үшiн бiзде барлық алғышарттар бар.

Бiздiң иелiгiмiзде: орасан зор аумақ; ұтымды географиялық және коммуникациялық-көлiктiк орналасуымыз; елеулi табиғи ресурстарымыз бар.

Бiз өңiрлiк экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық әрiптестерiмiзбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткiздiк.

V. ЖАҢА КЕЗЕҢНIҢ НЕГIЗГI МIНДЕТТЕРI

Қазақстан әлемдiк тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнiнде ажырағысыз да серпiндi бөлiгiне айналуы үшiн бiз он басты мiндеттi шешуге тиiспiз.

Бiрiншi мiндет — экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етiп, ұстап тұру емес, оның өсуiн басқару.

Бiзге экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету үшiн толымды стратегия әзiрлеу мен iске асыру, сондай-ақ оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.

Бұл стратегия бiздiң экономикамыздың жекелеген секторлары мен өндiрiстерiнiң нақтылы бәсекелестiк артықшылықтарын негiзге алып, әлемдiк даму үрдiстерi мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиiс.

Бiзге ендiгi жерде "жинақталған" экономикалық өсудi жай пайдалану емес, осы өсудi нақты басқаруды үйрену, сөйтiп оны сапалық жаңа деңгейдегi экономикалық дамуға ұластыру керек.

Бiз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары мен шарттарына сай келетiндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келудi қамтамасыз етуге тиiспiз.

Аса iрi монополистердi қайта құрылымдау мен бәсекелестiк қатынастарды дамыту есебiнен бiздiң табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.

Экономиканың табиғи монополиялар сақталатын секторларында бiзге салалық реттегiштердiң көмегiмен тарифтiк және техникалық реттеу жөнiнде елеулi жұмыс жүргiзуге тура келедi.

Ырықтандыру жағдайында бiз қаржы жүйесiнiң тұрлаулылығы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың жаңа деңгейiне көтерiлуге мiндеттiмiз.

Бiздiң тиiмдi жұмыс iстейтiн қор рыногын құруымыз керек. Оның дамуы халықты өз салымдарын бағалы қағаздарға белсендi инвестициялауға тартпайынша мүмкiн емес.

Үкiметтiң халықты инвестициялық сауаттылық әлiппесiне тиiсiнше үйрету жөнiнде кең ауқымды жұмыс жүргiзуi керек.

Қазақстан үшiн қолайлы шарттармен БСҰ-ға кiруi — бiз қол жеткiзуге мiндеттi мақсат.

Бiзге халықаралық техникалық стандарттарды барынша жедел де кеңiнен енгiзу қажет.

Менiң Үкiметке беретiн ең басты тапсырмам осы. Бұл — оның тiкелей мiндетi және қоғам алдындағы жауапкершiлiгi.

Екiншi мiндет — өңiрлiк экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және жаһандық экономикаға толыққанды қатысуды қамтамасыз ету.

Бiз Қазақстанды экономикалық дамудың "өңiрлiк локомотивiне" және оны әлемдiк экономиканың табысты "ойыншысына" айналдыра аламыз.

Бiзде әлемдiк шаруашылық жүйесiнде нақтылы қазақстандық "тауашаларды" iздестiру мен игеру, шетелдiк әрiптестермен iрi озық жобаларға қатысу, сондай-ақ бiздiң экономикамызға қатысушыларды жан-жақты және жауаптылықпен қолдау, соның iшiнде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы қолдау жөнiнде ең таяудағы және алыс болашақтағы мiндеттер бағдарламалары болуы керек.

Бұл ретте негiзгi назарды Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара теңiз өңiрлерiнiң рыноктарына шоғырландыру қажет.

ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберiндегi экономикалық ықпалдастық саудадағы басты бағдар болып қала бередi. Бiз мемлекеттердiң Еуразиялық экономикалық одағын құруға жетудi, оны бiздiң басқа көршiлерiмiздiң кiруi үшiн қолайлы етудi ұсынамыз.

Қазiргi кезде әлемдiк рыноктарда бiздiң тауарларымызға, қызметтерiмiзге және озық идеяларымызға жаңа "тауашалар" құру мен жеңiп алу үшiн жеке меншiк бизнес пен мемлекеттiң күш-жiгерiн топтастыру мәселесi қай кездегiге қарағанда да өзектi болып отыр.

Бiзге бәсекеге қабiлеттi экономика қалыптастыруда мемхолдингтердiң рөлi мен орнын айқын анықтап алу керек.

Бұл мiндеттi мемхолдингтердiң өздерiн тiкелей қатыстыра отырып, шешу жауапкершiлiгiн Үкiметке жүктеймiн.

Үшiншi мiндет — өндiрушi сектордың тиiмдiлiгiн арттыру.

Бiз алдағы уақытта да байсалды әрi өзара тиiмдi энергетикалық саясат жүргiзу ниетiндемiз.

Көмiрсутегi секторын одан әрi дамытуды, шетел мен жергiлiктi инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тiкелей байланыстыру және жаңа келешегi мол өндiрiстер құру жөнiндегi аса маңызды мiндеттердi осы арнада шешу қажет.

Бiз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игерiп жатқан шетелдiк әрiптестерiмiздi елдiң мүддесiне қарай нақты бетбұрыс жасап, бiздiң экономикамызды әртараптандыруға шешушi түрде қатысуға, әлбетте, нарықтық негiзде қатысуға көндiруге тиiспiз.

Үкiметке осы орайда тиiстi жұмыс жүргiзудi тапсырамын.

Бұл мәселеде бiзбен келiсетiн компаниялар бiздiң қолдауымызға ие болады. Бiз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негiзге аламыз.

Бұл ретте Қазақстан энергия ресурстарын берiп отырған көршiлерiмiз бен халықаралық әрiптестерiмiз мүдделерiнiң тұрақтылығын, болжамдылығын және ұзақ мерзiмдiлiгiн қамтамасыз етемiз.

Қазақстанның өңiрлiк, содан кейiнгi жерде әлемдiк энергетикалық кеңiстiктегi тұғырларын одан әрi нығайтудың толымды стратегиясын әзiрлейтiн уақыт жеттi.

Өзiмiздiң энергетикамыз бен мұнай химиясын дамытудың басты мәселесi — энергия өнiмдерiнiң қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың кiрiстiлiгiн көтеру. Әсiресе, мұнай химиясы, газ ресурстары, экспорттық энергия дәлiздерi сияқты басым секторларды басқару тиiмдi болуға тиiс.

Әлбетте, бұл — рынокқа қатысушылардың барлығына қойылатын, бiрақ, ең алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мен "Самұрық" мемхолдингiне қойылатын талаптар.

Төртiншi мiндет — өндiрiстiң шикiзаттық емес секторының дамуын, экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.

Үкiметтiң экономиканың басымдықты шикiзаттық емес секторларында инвестициялық "серпiндi" жобаларды iске асыру жөнiндегi өзiнiң бас стратегиясы болуы керек.

Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асырудың тиiмдiлiгiне баға беретiн мерзiм жеттi. Сондай-ақ индустриялық әртараптандыру жоспарларын қалыптастыру жөнiндегi талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет. Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландырудан әртараптандыруды ауқымды қаржыландыруға көшетiн мезгiл жеттi.

Бұл — шағын және орта бизнестiң белсендi қатысуы жағдайында Үкiметтiң, әкiмдердiң, мемхолдингтердiң жауапершiлiгi.

Бесiншi мiндет — өңiрлiк және жаһандық экономикадағы өзiмiздiң жаңа рөлiмiзге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.

Бiз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегiн айқын пайымдай бiлуiмiз және, ең алдымен, инфрақұрылымдық қызметтi тұтынушы бiздiң отандық компаниялардың бәсекелестiгiн, сондай-ақ өзiмiздiң халықаралық экономикалық ықпалдастығымыздың мүдделерiн ескере отырып, осы саладағы басқарудың сапасын едәуiр арттыруға тиiспiз.

Бiзге экономикалық өсу мен бәсекеге қабiлеттiлiктiң өңiрлiк орталықтарын айқындап алып, олардың дамуын тұтастай алғанда елiмiз экономикасының мүдделерiне бағындыру керек.

Бiздiң өскелең экономикамызға электр энергетикалық ресурстарды дамыту мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негiздерiн қалауға деген қағидаттық жаңа көзқарастар талап етiледi.

Бұл — өңiрлер әкiмдерiнiң, Индустрия және сауда, Көлiк және коммуникациялар, Бiлiм және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiктерiнiң, сондай-ақ мемхолдингтердiң жауапкершiлiгi.

Алтыншы мiндет — осы заманғы бiлiм беру мен кәсiптiк қайта даярлау, "парасатты экономиканың" негiздерiн қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.

Бiлiм беру реформасы табысының басты өлшемi — тиiстi бiлiм мен бiлiк алған елiмiздiң кез келген азаматы әлемнiң кез келген елiнде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерiлу болып табылады.

Бiз бүкiл елiмiзде әлемдiк стандарттар деңгейiнде сапалы бiлiм беру қызметiне қол жеткiзуге тиiспiз.

Бiзге халықаралық стандарттар деңгейiнде оқу орындарын тiркеу мен аттестациялаудың пәрмендi жүйесiн жасау керек.

Жоғары бiлiм беру саласында дәл және инженерлiк ғылымдарды басымдықпен дамыту — бұл дамуымыздың жаңа кезеңiнiң мiндеттi шарты.

Бiз жоғары технологияларды енгiзу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бiрыңғай мемлекеттiк стратегия жүргiзетiн боламыз.

Әлемдiк шаруашылық байланыстарына белсене кiрiккен барлық осы заманғы бақуатты мемлекеттер "парасатты экономикаға" сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшiн, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқанымыз жөн.

Бұл да — өзiмiздiң ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың баршасының, алайда, ең алдымен, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Индустрия және сауда министрлiгiнiң жауапкершiлiгi.

Жетiншi мiндет — атаулы әлеуметтiк қолдау және әлеуметтiк саланы нарық қағидаттары негiзiнде дамыту.

Бiз шын мәнiсiнде зәру адамдарға атаулы қолдау көрсету жөнiндегi саясатымызды жалғастыра беремiз, бiрақ оны нақты нарықтық қағидаттар негiзiнде шешемiз, бұлар:

қолжетiмдi тұрғын үй сатып алу мен жылжымайтын мүлiк рыногын дамыту мәселелерi. Мемлекеттiк тұрғын үй салуды дамыту бағдарламасын iске асырудың екi жылында 11 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй iске қосылды. 2007 жылы 7 млн. шаршы метр iске қосылады. Үш жылдың iшiнде 160 мың отбасы мен жарты миллионнан астам қазақстандық жаңа қоныстанушылар атанады. Бағдарлама 30 пайыздық озықтықпен орындалуда;

медициналық қызметтiң сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесiн дамыту;

жинақтаушы зейнетақы жүйесiн жетiлдiру және жұмыс орындарын жасақтау.

Бұл үшiн мемлекет, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi және Денсаулық сақтау министрлiгi жауапты болады.

Сонымен қатар Үкiметке Астананың әкiмдiгiмен бiрлесiп, елiмiздiң бас қаласында тұрғын үй құрылыс жинақтаулары жүйесi арқылы бюджет саласының қызметкерлерi үшiн жедел қарқынмен тұрғын үйлер салу мәселесiн пысықтап, қолға алуды тапсырамын.

Бұл елордамызда құрылатын қуатты медициналық және бiлiм беру кластерлерiн бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету үшiн қажет.

Сегiзiншi мiндет — дамуымыздың жаңа кезеңiнiң ығытына сәйкес саяси жүйемiздi жаңғырта жаңарту.

2007 жылы бiз жүйелi демократиялық реформаларды одан әрi iске асыруға кiрiсемiз.

Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемкомиссия саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, сарапшылардың ұсыныстарын, елiмiз азаматтарының пiкiрлерiн қорыта келiп, мемлекеттегi алдағы саяси жаңғыртулар жайында нақты ұсыныстар дайындады.

Маңыздысы сол, бұл ұсыныстар бөгденiң тәжiрибесiн көшiру немесе дерексiз теорияларды қайталау емес. Олар бiздiң қоғамымыздың қажеттiлiктерiн, қазақстандық нақтылықтарды ескередi. Бiзде саяси реформалардың өз моделiмiз, саяси көшудiң өзiндiк "Қазақстан жолы" қалыптасу үстiнде.

Оның ерекшелiктерi мен етене белгiлерi — президенттiк басқару жүйесiн сақтау, реформалардың кезеңдестiгi, қабылданған шешiмдердiң екшендiлiгi, жалпыұлттық үнқатысу мен негiзгi саяси күштердiң топтасуы.

Ұсыныстардың құқықтық ресiмделуiн қамтамасыз ету үшiн қазiрдiң өзiнде iске кiрiскен заңгерлер тобы елiмiздiң Конституциясына, сондай-ақ жекелеген заңдарына өзгерiстер енгiзу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуде.

Тұтастай алғанда, демократиялық реформалардың алдағы кезеңi мынадай бағыттар бойынша жүргiзiледi.

Бiрiншiден, Парламенттiң өкiлеттiгiн кеңейту.

Парламенттiң Конституциялық Кеңестi, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетiн қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджеттi бекiту мен атқарылуын бақылау мәселелерiндегi өкiлеттiктерi ұлғайтылады. Парламенттiң Үкiметтi жасақтаудағы рөлi күшейтiледi.

Екiншiден, саяси партиялардың рөлiн арттыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Партиялық фракциялардың өкiлеттiктерiн кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.

Бiз Мәжiлiстi сайлау кезiндегi партиялық тiзiмдi кеңейту туралы мәселенi де қараудамыз.

Үшiншiден, реформалардың аса маңызды бағыттарының бiрi — сот-құқық жүйесiн жетiлдiру болады. Биылдан бастап бiз алқа билер сотын енгiземiз. Тұтқындауға құзырлылықты соттарға беру туралы қағидаттық шешiм қабылданды. Бiз бiртiндеп осы заманғы және ашық тұрпатты сот өндiрiсiне көшемiз.

Төртiншiден, жергiлiктi өкiлеттi органдарды дамыту. Бiз мәслихаттарды күшейтiп, оларға қосымша өкiлеттiктер беретiн боламыз. Мәслихаттардың тексеру комиссияларын нығайтамыз.

Уақыт өте келе аудандық мәслихаттар жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды қалыптастырудың негiзiне айнала алады.

Саяси өзгерiстердiң бiз үшiн басты мақсаты — билiктiң бiр мезгiлде елде саяси тұрақтылықты сақтап, бiздiң азаматтардың барлық Конституциялық құқықтары мен еркiндiктерiн қамтамасыз ете отырып, қоғам мен мемлекеттi басқарудың барынша тиiмдi жүйесiн қамтамасыз ете алатын осы заманғы демократиялық пiшiнiне қарай қадам басу.

Қуатты мемлекеттiк билiк пен демократия — бiр-бiрiне кереғар емес. Демократия тек заңдылық қатаң сақталатын жерде ғана дамиды.

Мен Парламенттi, Үкiметтi және азаматтық қоғамның барлық институттарын осынау басты мақсатқа қол жеткiзуге шақырамын.

Тоғызыншы мiндет — халықаралық iс-тәжiрибенi ескерiп, әкiмшiлiк реформаны жеделдете жүргiзу.

Бiз мемлекеттiк басқарудың корпоративтiк басқару, нәтижелiлiк, ашықтық және қоғам алдындағы есептiлiгi қағидаттарын арқау ететiн сапалық жаңа моделiн түзудемiз.

Бiздiң мақсат — Үкiметтi жаңғырта жаңарту, жоғары кәсiби мемлекеттiк қызмет пен тиiмдi басқару құрылымын жасақтау. Олар болса, мемлекет көрсететiн қызметтiң басты тұтынушылары — барлық азаматтар мен бизнестiң тiкелей талаптарына бағынуға тиiс.

Осынау мiндеттi шешудiң жауапкершiлiгiн тұтастай Үкiметке жүктеймiн.

Оныншы мiндет — жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңiрi мен әлемдiк қоғамдастықтағы жетiстiктерi мен мүмкiндiктерiн iлгерiлету.

Бүгiн бiз басқа елдермен көкейкестi проблемалардың кең ауқымын шешуде ынтымақтасып отырмыз. Бұл энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету де, өмiрлiк маңызы бар әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешу де, лаңкестiкпен күрес те, iндеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күрес те. Бiз алдағы уақытта да өңiрлiк ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесi ретiндегi өзiмiздiң рөлiмiз бен беделiмiздi нығайта беретiн боламыз.

Бұл — барлық саяси, экономикалық және қоғамдық басшылардың, алайда, ең алдымен, бiздiң сыртқы саяси ведомствоның жауапкершiлiгi.

Ендi бiр 10 жылдан кейiн жаңа Қазақстанды жаңа әлемде таныту үшiн бiз жаңа уақыттың өктем талабына дер кезiнде әрi лайықты үн қатуға тиiспiз.

Сондықтан да Үкiметке 2030 Стратегиясының негiзгi қағидаларын Жаңа Кезеңде дамытатын барлық жоғарыда аталған мiндеттердi дәйектiлiкпен шешудi тапсырамын.

Оларды орындау үшiн мен бiздiң iшкi және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындадым, бұл — Қазақстанның жаңа кезеңдегi даму стратегиясы.

Ол менiң Жолдауымның екiншi бөлiмiнде баяндалды.

Бiзге табысты билiк тармақтарының, бизнес-қауымдастықтың, академиялық және қолданбалы ғылымның, үкiметтiк емес ұйымдардың, БАҚ-тардың жұмысын осы заманғы ұйымдастыру және iс-әрекетiн нақты үйлестiру және, әлбетте, отандастарымыздың қолдауы қамтамасыз ететiн болады.

VI. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРIК-ЖIГЕР — ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Бiз осы таяуда ғана тәуелсiздiгiмiздiң он бес жылдығын атап өттiк. Өткен жолымыз лайықты жол болды, ал бiздiң бiрлескен шешiмдерiмiз бен тындырған iсiмiздiң нәтижелерi таңданарлықтай болды.

Мұның бәрi де, жаңа жалпықазақстандық патриотизмнiң iргетасын қалап, бiздiң Отанымыздың, бiздiң барша көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың, бiздiң балаларымыздың тамаша келешегi бар екенiне негiздi мақтаныш пен сенiмдiлiктi туындатады.

Тарих халық өзiнiң ерiк-жiгерiн тарихи ауқымдағы жобаларды iске асыру үшiн жұмылдырған кезде жаңа даму деңгейiне көтерiлетiнiнiң жарқын мысалын аз бiлмейдi.Қымбатты отандастар!

Бiз бiрге болған кезде табысқа жетемiз. Сондықтан сiздерге жаңа онжылдықтың стратегиясын ұсына отырып, сiздердiң қолдау көрсететiндерiңiзге сенемiн. Және де бұл қолдау әрдайымдағыдай сенiмдi болатынын бiлемiн. Демек, бiз бiрлесiп ойға алғанды орындап шығамыз.

Назар аударғандарыңызға рахмет.

II бөлiм

"ҚАЗАҚСТАН — 2030" СТРАТЕГИЯСЫ

ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢIНДЕ

Iшкi және сыртқы саясатымыздың

аса маңызды 30 бағыты

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Осыдан он жыл бұрын — 1997 жылы Қазақстан халқына алғашқы Жолдауда елiмiздiң 2030 жылға дейiнгi Дамуының стратегиясы — қоғамымыздың келешектегi келбетi мен мемлекетiмiздiң мақсат-мұраты баян етiлдi. Бiз бұл ретте қандай қоғам орнатқымыз келетiнiн, дамуымыздың самғау сызығы қандай болуы керектiгiн анық бiлуге, айқын түсiнуге тиiс екенiмiздi ұғындық. Басым мақсатымызды дұрыс айқындап, стратегиямызды таңдап, тиiсiнше ерiк-жiгер, төзiмдiлiк пен мақсаткерлiк таныта бiлсек, алдымызда тұрған кез келген кедергiлердi ойдағыдай еңсеретiнiмiзге бiз кәмiл сендiк. Бiз қателескен жоқпыз.

Бiз бүгiн толық жауапкершiлiкпен былай деп мәлiмдеуiмiзге болады: Қазақстан өтпелi кезеңнен ойдағыдай өттi, әрi өз дамуының сапалық жаңа кезеңiне нық сенiммен қадам басты.

Күн тәртiбiне елiмiз дамуының ой қисыны, сонымен қатар кең ауқымды сипаттағы терең мағынасы бар барынша байыпты түбегейлi қоғамдық мiндеттер қойылып отыр. Осы заманғы қыр көрсетулер мен қатерлер әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастардың бүкiл жүйесiн неғұрлым серпiндi жаңартуды табанды түрде қажетсiнедi, мұның өзi Қазақстанның Кеңес Одағы тарағаннан кейiнгi кеңiстiктегi әрi Орталық Азиядағы көш бастаушы тұғырын сақтап, әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi және серпiндi дамып келе жатқан мемлекетiнiң бiрiне айналуына мүмкiндiк бередi.

Қазақстанды жан-жақты жаңартудың Жаңа кезеңiндегi басты басымдықтары ретiнде мен iшкi және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындап отырмын.

I. Қолымызда бар мүмкiндiктердi айқындау және пайдалану, сондай-ақ жаңа бәсекелестiк артықшылықтар қалыптастыру арқылы Қазақстанды жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiктiруге бағытталған мемлекеттiк саясат

Бiрiншi бағыт — Экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң орнықты сипатын қамтамасыз етуге бағытталған толымды стратегия әзiрлеу және оны iске асыру

Әлемдiк шаруашылықтың жаһандық жүйесi — өзiнiң ережелерi бойынша жұмыс iстейтiн қалыптасқан әрi орнықты тетiк. Бiз де осы ережелерге сай жұмыс iстеуiмiз керек. Әлемдiк рынокта бiздi күтiп тұрған ешкiм жоқ, бiрақ бiз онда қажеттiгiмiздi танытып, iргемiздi бекiтiп алуымыз қажет. Ол үшiн бiзге мыналар қажет:

Бiрiншiден, Қазақстан экономикасының сыртқы рыноктарға шығатын негiзгi салаларына олардың экспорттық табыстылығының деңгейi мен соны айқындайтын факторлар тұрғысынан жүйелi талдау, мониторинг және бағалау жүргiзу. Мұның өзi, ең алдымен, жоғары өнiмдiлiк, жұмсалатын шығындардың төмендiгi, басқа елдердiң қолы жетпейтiн ресурстар мен материалдардың болуы, бiлiктiлiгi жоғары бiлiктi жұмыс күшi, дербес технологиялар және т.т. Әзiрге мұндай жұмыс толық көлемiнде орындалмай отыр.

Екiншiден, басқа елдердiң бәсекелес өндiрiстерi мен салаларына, сондай-ақ нақ сол халықаралық рыноктарға қатысатын трансұлттық корпорацияларға салыстырмалы талдау жүргiзу; қазақстандық экспорттаушылар мен экономика секторларының кейiндеп қалуына әкелiп соғатын немесе, керiсiнше, оларға салыстырмалы артықшылықтар жасайтын факторларға баға беру.

Үшiншiден, нақты экспорттық салалардың оң және терiс тұстарына баға беру және қолдағы артықшылықтарды қай жерде қолдану, ал керек жерiнде орын алған проблемаларды жоюдың бағыттарын айқындау.

Бұл ретте бiздiң келешегi зор өндiрiстердi, соның iшiнде iшкi рынокты дамыту жөнiнде жасалған iс-қимылдың тиiмдiлiгiне баға берiп, олардың экспорттық әлеуетiн арттыру мүмкiндiгiн қарастыруымыз қажет.

Төртiншiден, осындай жүйелi талдаудың негiзiнде бiз өнеркәсiптiң құрылымын өзгертуге қабiлеттi әрi едәуiр қосымша құнға ие еселемелi тиiмдiлiгi, экспорттық және ресурстар үнемдеушi әлеуетi бар серпiндi ауқымды зор жобалар әзiрлеуiмiз қажет.

Бесiншiден, Қазақстан бизнесiнiң сыртқы рыноктарға шығуы үшiн нысаналы жүйелi қолдауды ұйымдастырудың маңызы зор.

Үкiметке экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгi мен экспорттық мүмкiндiктерiн сапалы жаңа деңгейге жеткiзудiң тұтастай Стратегиясын әзiрлеп, iске асыруды тапсырамын.

Осы негiзде тиiстi Iс-қимыл бағдарламасын, оның аралық нәтижелерiне баға беру және оны толығымен iске асыру жүйесiн әзiрлеген жөн. Онда Кәсiпкерлердiң "Атамекен" ұлттық одағымен бiрлесе әзiрленген iрi, орта және шағын бизнеске арналған ұсынымдар, заңнамаға қажеттi өзгерiстер енгiзу және нақты салаларға мемлекеттiк жәрдем жасаудың пәрмендi шаралары туралы ақпарат қамтылуы тиiс. Осы нәтижелерге сүйене отырып, бiз экономикамызды кемелдiлiкпен қайта құрылымдаудың осы заманғы тұғырларын әзiрлей аламыз.

Бәсекеге қабiлеттiлiк және экспорт жөнiндегi ұлттық кеңес бұл iстiң үйлестiрушi әрi жұмыс органы болуға тиiс, оны құруды мен Үкiметке тапсырамын.

Екiншi бағыт — Әлемдiк шаруашылық жүйесiнде қазақстандық "тауашаларды" iздестiру, оларды қолға қарату және жасақтау

Бiрiншiден, бiз қазiрдiң өзiнде жетiстiктерiмiз бен табыстарымызды пайдалана алатын бағыттарды кеңейте беруге тиiспiз. Бұл ретте басты назарды Ресейдiң, Қытайдың, Орталық Азияның, Каспий мен Қара теңiз өңiрлерiнiң рыноктарына аударған жөн.

Екiншiден, әлбетте, бiр қарағанда, тартымдылығы аз немесе дәстүрлi деуге де келмейтiн экспорттық "тауашаларды" да назардан тыс қалдырмай, жаңаларын да iздестiре беру қажет. Бұл жұмысқа өзара тиiмдiлiк жағдайында өзiмiздiң сыртқы әрiптестерiмiздi де тартуға болады.

Үшiншiден, Қазақстанда халықаралық бәсекеге қабiлеттiлiк деңгейiне жете алатын, жаңа экспорттық "тауашаларды" игеруге жәрдемдесетiн жаңа, соның iшiнде жоғары технологиялық жаңа өндiрiстердi дамыту.

Мәселен, өткен жылы Солтүстiк Қазақстанда бiздiң ТМД-дағы көршiлерiмiзде баламасы жоқ биоэтанол өндiретiн бiрегей кәсiпорын ашқанымыз өздерiңiзге мәлiм.

Биылғы жылы Атырау облысында алғаш рет шоғырланған негiзiнде мұнай-химия кешенiнiң құрылысы қолға алынады, ол бiзге алдағы уақытта әлемдiк деңгейдегi мұнай-химия кешенiн дамытуға мүмкiндiк бермек. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты қазiрдiң өзiнде еуропалық стандарттарға сай келетiн бензин мен дизель отынын шығара алады.

Төртiншiден, бiз шекаралас аудандарда жаңа өнеркәсiп өндiрiстерiн құру мен дамыту мүмкiндiктерiне талдау жасауымыз керек, өзiмiзге көршiлес мемлекеттер онда бүгiнгi таңда-ақ сауда-өнеркәсiп, қаржы мен қызмет көрсету құрылымдарын жасақтап үлгердi. Мұндай серпiндi жобалар, айталық, Қытай мен Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi экономикасының өркендеуiне байланысты болуы мүмкiн. Қытаймен шекарада қазақстандық шикiзатты өңдеп, осы өнiммен, сондай-ақ энергия көздерiмен, отынмен және басқаларымен Қытайдың алым алынбайтын сауда аймақтарын қамсыздандыра алатын кәсiпорындар құру тиiмдi болмақ. Содан кейiнгi уақытта бiз онда "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының мүмкiндiктерiн iске қосу және "Қорғас — Шығыс қақпасы" сауда-экономикалық аймағын құру арқылы тасымалдау, тауарлар бөлу, материалдық-техникалық қамсыздандыру жөнiнде түрлi қызметтер көрсету саласын дамыта алар едiк.

Үкiмет және бiрiншi кезекте, Индустрия және сауда министрлiгi, сондай-ақ мемлекеттiк холдингтер бiздiң экономикамызға қатысушыларға жауапты ұсынымдар жасау арқылы экспорттық "тауашаларды" қазақстандық тауарлармен және қызметтер арқылы игерiп, кеңейту бағдарламасын әзiрлеп, iске қосуға мiндеттi.

Үшiншi бағыт — Iргелi және "серпiндi" жобаларға қатысу

Бiздiң экономикалық жетiстiктерiмiз Қазақстанның Орталық Азия экономикасында көшбасшылығын айқындады.

Ендiгi жерде бiздiң қолымызда Қазақстанды экономикалық дамудың "өңiрлiк локомотивiне" әрi оны әлемдiк экономиканың табысты "ойыншысына" айналдыра алатындай күш бар.

Бiрiншiден, Үкiмет компанияларымызды келешегi зор өңiрлiк жобалар жайында ақпараттандыру жүйесiн жасап, олардың осындай жобаларға қатысуына және конкурстық негiзде мемлекеттiк контрактiлер алуына жәрдемдесуге тиiс. Бұлар жоғары технологиялық өндiрiстер, инфрақұрылымдық және басқа да жобалар болуы мүмкiн.

Екiншiден, бiздiң iрi корпорацияларымыздың нақты "серпiндi" жобаларды дамыту мақсатында ұлтаралық компаниялармен ынтымақтастығын ынталандырып отыру керек.

Үшiншiден, Қазақстан өңiрлiк қаржы рыноктарының Алматыдағы қаржы орталығының төңiрегiнде топтасуын дамыта отырып, бұл өңiрде осы заманғы халықаралық сауда технологияларының негiзiнде тауарлы-шикiзат рыноктарын, айталық, астық биржасын құратын болады.

Үкiметке, барлық тиiстi органдар мен институттарға, соның iшiнде мемлекеттiк холдингтерге Қазақстанды "тауарлармен және қызметпен қамтамасыз ету жөнiндегi өңiрлiк орталыққа" айналдыруға қолайлы жағдайлар туғызуды, ең бастысы, қазақстандық компаниялардың өңiрлiк iрi экономикалық жобаларға қатысуы үшiн нақты шаралар қолдануды тапсырамын.

Төртiншi бағыт — Мемлекеттiк холдингтердiң қызметiн шоғырландыру және олардың жұмысын халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастыру

Бiздiң мемхолдингтердiң, көп жағдайларда, халықаралық рынокта бәсекеге қабiлетсiз, бағынбайтын көп бейiндi конгломераттарға айналып кетуiне жол бермеу керек. Сондай-ақ олардың белгiлi бiр жеңiлдiктер жүйесi бар таптаурын қаржылық "астауға" айналып кетуiнен де сақтанып, бұған қоса мемхолдингтер өз құрамына кiретiн ұлттық компаниялар мен ұйымдардың қызметiн қайталамай, керiсiнше, осынау экономикалық қызметтi жаңа деңгейде топтастырып, мiндеттер қосарластығынан, өнiксiз бәсекелестiк пен томаға-тұйықтықтан арылуға, олардың тиiмдiлiгi мен ашықтығын қамтамасыз етуге тиiс екенiн ескеру керек.

Бiрiншi кезекте мемхолдингтер, Қазақстанның әлемдiк экономикаға ойдағыдай кiрiгуiне бағытталған ұлттық стратегияның бәсекеге қабiлеттiлiгi мен iске асырылуын қамтамасыз етуде өздерiнiң жетекшi орындарын сайлап алуға тиiс.

Бiрiншiден, мемхолдингтерге және тиiстi мемлекеттiк органдарға бүгiнге дейiн жинақталған талдау, маркетинг және технологиялық тәжiрибенi сыни тұрғыда саралап, түпкi нәтижелерi мен қол жеткiзу мерзiмдерiн көрсете отырып, дәйектi iс-қимылды айқындауды тапсырамын. Бiздiң экспорттаушыларымызға арналған "тауашалар" қалыптастыру және толымды халықаралық ықпалдастыққа кiрiгу нақты серпiндi жобаларды iске асырудың осы заманғы айқын мiндеттерi мен жоспарының болуын қажет етедi.

Екiншiден, мемхолдингтер халықаралық компаниялармен бiрлескен жобалар жасау, сондай-ақ олардың Қазақстанға келуiне жәрдемдесу жөнiнде белсендi жұмыс жүргiзуге тиiс. Бiз үшiн, әсiресе, шикiзаттық емес секторлардағы бiрлескен жұмыс ерекше маңызды.

Үшiншiден, мемхолдингтер экономиканы әртараптандыруда өзiндiк рөл атқаруға, осы үдерiске қазақстандық шағын және орта бизнестi тартып, оларды ынталандырып, қолдап отыруға тиiс.

Төртiншiден, мұндай мiндеттердi шешу үшiн мемхолдингтердi бiртұтас организм ретiнде қайта құрылымдау жоспарын әзiрлеу, сондай-ақ тиiстi нысаналы, толыққанды жұмыс iстейтiн, тиiмдi, икемдi әрi ашық iшкi құрылымдар жасақтау қажет. Осыған байланысты әрбiр мемхолдингтi құрайтын құрылымдарға, олардың тиiмдiлiгi мен бейiндiлiгiне тиiсiнше таңдау жүргiзу, содан кейiн әрбiр мемхолдингтiң басқаруында қандай активтердiң қалатынын, олардың қалай дамитынын, қайсысын бәсекелестiк ортаға енгiзу керектiгiн анықтау қажет.

"Самұрық"

Бiрiншiден, "Самұрықтың" негiзгi мiндетi — экономиканың мемлекеттiк секторындағы кәсiпорындарды басқара отырып, олардың құнының арттырылуын қамтамасыз ету.

Екiншiден, "Самұрықтың" басшылығына оның құрамына кiретiн мемкомпаниялардың қызметтерiн айқындайтын, өз дамуының бiртұтас стратегиясын жедел қарқынмен әзiрлеудi тапсырамын.

Үшiншiден, "Самұрық" барлық отандық инфрақұрылымдық қызметтi тұтынушыларға, сыртқы рыноктарда экономиканың тиiстi секторларына бәсекелестiк артықшылықтар беруге тиiс мiндеттер мен жобаларды орындау үшiн өзiнiң мүмкiндiктерi мен ресурстарын пайдалануға тиiс. Яғни, кәсiпорындарымыз бен халқымыз, сөзсiз, неғұрлым сапалы әрi мүмкiндiгiнше арзан энергетикалық, темiр жол, телекоммуникациялық және тұрмыстық қызметтермен қамтылуы тиiс.

Төртiншiден, "Самұрық" өзiнiң стратегиясын қамтамасыз ету үшiн жинақтаушы зейнетақы қорларының, даму институттарының және қазақстандық, сондай-ақ шетелдiк жеке инвесторлардың қаражатын тартудың айқын схемасын әзiрлеуге тиiс.

"Қазына"

"Қазына" өзiнiң құрамына кiретiн барлық институттар мен ұйымдар қызметiнiң ортақ стратегиясын тұжырымдап, iске асыруы керек. Бәрiнiң мақсаты бiрыңғай болуға тиiс, ол — Қазақстанның шағын, орта және iрi бизнесiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгi мен экспорттық мүмкiндiктерiн арттыру үшiн көмек көрсетiлуi мен ынталандырылуын, халықаралық "серпiндi" жобаларды қамтамасыз ету және экспорттық "тауашаларды" қалыптастыру үшiн қолайлы жағдай туғызу, инфрақұрылымдарды дамыту.

Бiрiншiден, "Қазына" қоры келешегi зор кәсiпкерлер мен өндiрiстердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мен экспортына қолдау жасау үшiн қолданбалы зерттеулердi қаржыландырудан бастап, қазақстандық тауарларды сыртқы және iшкi рыноктарға орнықтыруға дейiнгi осы заманғы қызмет көрсетудi қамтамасыз етуге тиiс. Қор экспортқа сервистiк қолдау көрсету жөнiндегi мемлекеттiң операторы болуы керек.

Екiншiден, "Қазына" экономиканың басым секторлары мен тиiстi компаниялардың бәсекеге қабiлеттiлiгi мен экспорттық мүмкiндiктерiн арттыру мақсатында жаңа технологиялардың енгiзiлуi мен қолданбалы ғылымның дамуын қалай ынталандыратынын айқындап алуы керек.

Үшiншiден, "Қазына" қорының өзiмiздiң озық кәсiпорындарымызға, бастысы, өнiм өндiрмейтiн өнеркәсiпке, соның iшiнде қаржыландыруды құрылымдау, экспорттық кредиттер, экспорттық сақтандыру және т.б. арқылы сыртқы сауда-саттық жасауына жағдай туғызуға және экспорттың қолжетiмдiлiгiн жәрдемдесуге кеңейткен жөн.

Төртiншiден, халықаралық рынокта өз "тауашасын" тауып, ондағы берiк тұғырларын сақтай алатын жаңа өндiрiстердi конкурстық негiзде венчурлық қаржыландыру үдерiсiн жан-жақты зерделеген жөн. Бүгiнгi таңда "Қазына" Қазақстан экономикасының бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстерi мен секторларын жасақтау үшiн саналуан құралдарды иеленуi тиiс.

Бесiншiден, Қор қызметiнiң маңызды бағыттарының бiрi тиiстi халықаралық компанияларды экспорттық әлеуетi мол бiрлескен өндiрiстерге тарту болуы керек.

Алтыншыдан, Қор барынша экспорттық бағытта құрылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға, технопарктерге отандық және шетелдiк бизнестi белсене тартуға тиiс.

Жетiншiден, биылғы жылы Қорлар қорын соның iшiнде шетелдiк қаржы институттарының қатысуымен құру қажет.

"ҚазАгро"

"ҚазАгро" ұлттық холдингi жұмысына да осы тәрiздес қадамдар енгiзiлуi тиiс.

Бiрiншiден, "ҚазАгроның" негiзгi мiндетi — ауыл шаруашылығының өнiмдiлiк деңгейiн көтеру, жердiң тозуының алдын алу, елiмiздiң су және басқа табиғи ресурстарын пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру, сонымен қатар ескiрген аграрлық технологиялардың қолданылуына, аграрлық ғылымның кенжелеп дамуына тосқауыл қою, сондай-ақ ұсақ шаруа қожалықтарының бытыраңқылығын еңсеру мәселелерiн жүйелi түрде шешу.

Екiншiден, "ҚазАгро" алға қойылған мiндеттердiң ауқымында ауыл шаруашылығының барлық салаларына сапалы талдау жүргiзiп, бiрiншi кезекте өркендету қажет болатын бағыттарды айқындауға мiндеттi. Мәселен, бүкiл дүние жүзiнде жедел дамытыла бастаған ауылшаруашылық өнiмдерiнiң жаңа рыногы пайда болды, бұлар — экологиялық таза өнiмдер, жаңа өндiрiстер және басқалары.

Үшiншiден, "ҚазАгро" таяу уақыттың iшiнде экспорттық әлеуетi бар қолданыстағы және жаңа ауылшаруашылық өнiм өндiрушiлерiн қаржыландыру жүйесiн әзiрлеп, iске асыруға тиiс. Мұндай қаржыландыру нысаналы болуы тиiс әрi ескiрген агротехнологияларды алмастыруды және жоғары технологиялық агроөнеркәсiп құруды қарастыруы қажет. Бәлкiм, бұл үдерiске операторлар ретiнде екiншi деңгейдегi банктердi тарту қажет.

Барлық мемхолдингтердiң, оларға кiретiн ұлттық компаниялар мен басқа ұйымдардың басты мiндетi корпоративтiк басқарудың халықаралық iс-тәжiрибесiн, есептiлiк пен ашықтықты енгiзу арқылы олардың қызметiн ретке келтiру болып қала бермек.

Олар бүкiл Қазақстан бизнесi үшiн корпоративтiк басқарылымның үлгi-қалыбына айналуы тиiс.

Бiрiншiден, мемхолдингтердiң жұмысы Корпоративтiк басқару кодексiне сәйкес құрылуы қажет.

Екiншiден, мемхолдингтер қызметiнiң ашықтығын арттыра берген жөн. Қоғам бұл компаниялардың стратегиясы, олардың меншiктiк құрылымы, қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi және тағы басқалары жөнiндегi ақпаратқа қанық болуы керек.

Үшiншiден, мемхолдингтердiң шаруашылық қызметi, жеке құрамды iрiктеуi және басқалары ашық конкурстық ресiмдер негiзiнде жүзеге асырылуға тиiс.

Төртiншiден, стратегияны жүргiзу үшiн басқару, қаржы мен қызмет нәтижелерiне тиiмдi бақылауды жүзеге асыру үшiн Директорлар кеңесiнiң ұтымды жұмысын қамтамасыз еткен жөн.

Бесiншiден, бiздiң ойымызша, мiнсiз беделге ие тәуелсiз аудитордың тартылуы арқылы мемхолдингтер жұмысының қорытындылары бойынша жүргiзiлетiн жыл сайынғы аудит аталған холдингтер қызметiне айқын, ашық жүйелiлiктi қамтамасыз етуге және осы жария түрде олардың қызметiне баға беруге жәрдемдесетiн болады.

Мұндай қағидаттар барлық мемхолдингтер жұмысын айқындауға тиiс.

Мемхолдингтер басшыларына 2007 жылғы тамыздан кешiктiрмей, Президенттiң бекiтуi үшiн өздерiнiң дамуы мен жаңа құрылымының тұжырымдамасын ұсынуды тапсырамын. Стратегиялары мен құрылымдары бекiтiлгеннен кейiн "Самұрық", "Қазына", "ҚазАгро" алдарына қойған мiндеттердi iске асыруға кiрiсулерi керек, ал басшылары олардың жұмыс нәтижелерi үшiн дербес жауап бередi.

Бесiншi бағыт — Өндiрушi сектордың тиiмдiлiгi мен макроэкономикалық қайтарымдылығын едәуiр арттыру

Бiз алдағы уақытта да жауапты әрi өзара тиiмдi энергетикалық саясат жүргiзуге ниеттiмiз.

Көмiрсутегi секторын одан әрi дамытуды, шетелдiк және жергiлiктi инвесторларды тартуды экономиканы әртараптандырумен тiкелей байланыстырып, осы арқылы жаңа, келешегi зор өндiрiстер құру жөнiндегi маңызды мiндеттердi шешу керек.

Үкiмет тиiстi заң жобасының қажеттiгiн қаперге ала отырып бiздiң табиғи ресурстарымызбен жұмыс iстейтiн iрi инвесторлардың алдына Қазақстанды индустрияландыруға үлкен әрi нақтылы үлес қосуы жайында мәселе қоюы керек.

Бiз, ең әуелi, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негiзге аламыз. Бұл ретте бiз көршiлерiмiз бен халықаралық әрiптестерiмiздiң тұрақтылығын, болжампаздығын және ұзақ мерзiмдi мүдделестiгiн қамтамасыз етемiз.

Қазақстанның өңiрлiк энергетикалық кеңiстiктегi тұғырын одан әрi нығайтудың тұтастай стратегиясын әзiрлейтiн уақыт жеттi.

Бiрiншiден, Үкiмет мемхолдингтермен бiрлесiп, қазақстандық энергияны экспортқа шығарушылардың халықаралық рыноктардағы қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету және ынталандыру жөнiнде нақты шаралар қолдануға тиiс.

Екiншiден, Үкiмет газ өндiру саласының жаңа стратегиясын тұжырымдауы және оны iске асырудың заңнамалық негiзiн жасауы тиiс.

Үшiншiден, энергетиканы үздiксiз жеткiзудi қамтамасыз ету үшiн өз көршiлерiмiзбен келелi келiссөздер жүргiзiп, олардың көздерiн Орталық Азияда өңiр мемлекеттерiнiң энергетикалық желiлерiнiң кешендi жүйесiн жасақтау тиiмдi болатынына, сондай-ақ өңiрлiк және халықаралық энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн нарықтық жүйе қалыптастыруға жәрдемдесетiн Энергетикалық қауiпсiздiк жөнiндегi кеңес құрудың да маңызды екенiне көз жеткiзуiмiз керек. Мұның өзi өңiрдегi барлық елдердiң мүддесiне сай келедi.

Төртiншiден, өзiмiздiң табиғи ресурстарымызды ұқыптылықпен пайдалану және қоршаған ортаның ластануы, ескiрген әрi "лас" технологияларды бақылаусыз әкелу, қалпына келетiн ресурстарды тиiмсiз пайдалану секiлдi және басқа да проблемаларды шешу үшiн ықпалды заңнамалық негiз қалыптастыру қажет.

Каспий қайраңындағы мұнай өндiрiлетiн кен орындарын игеру барысында табиғатты қорғауға бағытталған заңнаманың сақталуына бақылауды күшейту қажет. Үкiмет көмiрсутегiн өндiру кезiнде "Жасыл мұнай" қағидаты бойынша экологиялық стандарттарды қатаң сақтауға мiндеттейтiн халықаралық сертификаттар енгiзу мәселесiн қаперге алуы тиiс.

Бiздiң энергетика мен мұнай-химия салаларын дамытудың басты мәселесi — энергия өнiмдерiне қосылған құнды ұлғайту арқылы осы секторлардың табыстылығын арттыру. Әсiресе, мұнай-химия, газ ресурстары, экспорттық энергия маршруттары сияқты басым секторларды басқару пәрмендi болуы тиiс.

Бiрiншiден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi мұнай мен газ өңдеу кәсiпорындарын жаңарту мен қайта жарақтау, жаңа мұнай-химия өндiрiстерiн құру жөнiндегi бағдарламалар әзiрлеп, оларды iске асыруы қажет. Бiз мұнай мен газ секторында қосылған құны жоғары және iлеспе әрi аралас өндiрiстердi дамытуға тиiспiз.

Үкiмет елiмiз экономикасының қазiргi кезеңдегi негiзгi саласы осы министрлiктi — энергетиканың күрделi мәселелерiн бiлiктiлiкпен шешуге қабiлеттi осы заманғы кадрлармен толықтыруы қажет.

Екiншiден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi басқа да мемлекеттiк органдармен бiрлесе, энергия үнемдейтiн технологияларға көшу жөнiндегi практикалық шаралар бағдарламасын әзiрлеуге тиiс. Табиғи ресурстарды үнемдеу мен ұтымды пайдаланудың мұндай технологиялары мен бағдарламаларын енгiзудi экономикалық, әлеуметтiк және экологиялық факторларды оңтайлы ұштастыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырған жөн. Мұндай бағдарлама, айталық, энергетика өндiрiсi мен тұтыну қалдықтарын төгу мен орналастыруға қатаң мемлекеттiк бақылау енгiзу, кәсiпкерлердiң экологиялық нормаларды сақтау жөнiндегi контрактiлiк мiндеттемелерiн орындауы, қалдығы аз технологиялар енгiзу және басқа да мәселелердi қарастыруы қажет.

Үшiншiден, Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi осы жылдың соңына дейiн мұнай мен газ саласында теңдестiре өндiру мен экспортқа шығаруға, сонымен бiр мезгiлде көмiрсутегiнiң жаңа кен орындарын барлау мен iздестiруге және мұнай-газ ресурстарын пайдаланудың жаңа тәсiлдерiн пайдалануға бағытталған жаңа даму стратегиясын әзiрлеуi тиiс.

Төртiншiден, заңнамалық базаны жетiлдiрiп, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануы мен мiндеттемелерiн орындауының кешендi мониторингiн жүзеге асыру қажет. Үкiмет бюрократиялық кедергiлерге жол бермеуге, рұқсат ететiн құжаттар тiзбесiн азайтып, жер қойнауын пайдаланушыларға құқық беру тәртiбiн оңайлатуы тиiс.

Бесiншiден, Үкiметтiң iрi кәсiпорындардың әлеуметтiк мiндеттемелерiн орындауы және шетелдiк бiлiктi жұмыс күшiн қазақстандық мамандармен алмастыру жөнiндегi контрактiлiк мiндеттемелерiне бақылау жүйесiн жетiлдiруi қажет.

Алтыншы бағыт — Ырықтандыру жағдайында қаржы жүйесiнiң орнықтылығы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң жаңа деңгейi

Бiрiншiден, бiздiң банктерiмiз жергiлiктi рыноктағы, сондай-ақ өңiрлiк әрi халықаралық жобалардағы бәсекелестiк тартысқа әзiр болуы керек. Бiздiң қаржы жүйемiзге резидент еместердiң қолжетiмдiлiгiне байланысты қойылған бiрқатар шектеулердi бiз Қазақстанның БСҰ-ға кiруi жөнiндегi келiссөздер аясында алып тастадық.

Екiншiден, Қазақстанның банк жүйесi тарапынан экономиканың келешегi зор секторларына нарықтық жағынан орнықты қолдау көрсетуi үшiн жағдай жасалуын және банктердiң өңiрлiк экономикалық жобаларға, соның iшiнде мемлекеттiк — жеке меншiк әрiптестiк шеңберiнде қатысуын күшейту қажет.

Үшiншiден, екiншi деңгейдегi қуатты банктердiң капиталын ұлттық ауқымдағы, әсiресе, энергетикалық, инфрақұрылымдық және "серпiндi" жобаларды iске асыру үшiн тарту туралы маңызды мәселенi шешу қажет.

Төртiншiден, капиталдың қозғалысы саласындағы негiзсiз шектеулердi алып тастау жайындағы мәселеге тағы да оралуымыз қажет. Бұл мәселенi Қазақстанның оңтайлы жиынтық сыртқы қарызын қолдау қажеттiгiн есепке ала отырып қарастырған дұрыс. Бiздiң банктерiмiз сыртқы қаржыландыруға шектен тыс иек артады, мұның өзi елiмiздiң сыртқы жиынтық қарызының бақылаусыз ұлғаюына әкеп соқтыруы мүмкiн.

Бесiншiден, бiз тиiмдi жұмыс iстейтiн қор рыногын құруымыз керек. Халықты өзiнiң жинақ ақшасын бағалы қағаздарға салуға кеңiнен тартпайынша, оның дамуы мүмкiн емес. Халықты инвестициялық сауаттылық әлiппесi бойынша нысаналы оқыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргiзу де қажет.

Алтыншыдан, электрондық банк қызметтерi инфрақұрылымын кеңейту үшiн заңнамалық негiздi одан әрi жетiлдiру электрондық сауданы дамытудың қуатты факторына айналмақ.

Үкiмет Қаржылық қадағалау агенттiгiмен бiрлесе жоғарыда көрсетiлген, осындай жұмысты жүргiзудiң стратегиясы мен қажеттi заңнамалық қамтамасыздығын әзiрлеуi тиiс.

Жетiншi бағыт — Қазақстан үшiн тиiмдi жағдайларда БСҰ-ға кiру

Қазақстанның жаһандық экономикадағы бәсекелестiк ұстанымдарын көп ретте оның Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiруiне байланысты айқындалатын болады. Бұл мiндеттi бiз бiрнеше жыл бойы дәйектi түрде шешудемiз, әрi тиянақтауға да тақаумыз.

Бiрiншiден, елiмiздiң ұлттық мүдделерiн ескере келгенде, биылғы жылдың соңына дейiн Қазақстанның заңнамасын БСҰ-ның мiндеттi келiсiмдерiнiң нормаларына сәйкес келтiру қажет.

Екiншiден, Қазақстанның БСҰ-ға кiруiнiң барысында Үкiмет аграрлық секторды қолдаудың лайықты деңгейiн сақтап қалуы және өнеркәсiп орындарын БСҰ жағдайында тиiмдi жұмыс iстеуге дайындау жөнiндегi тиiстi бейiмдеу шараларын iске асыруы керек.

Үшiншiден, кедендiк әкiмгерлiктi жетiлдiру мен кеден қызметi мамандарының осы заманғы талаптарға кәсiби сәйкестiгiн қамтамасыз ету жөнiнде нақтылы, пәрмендi және жүйелi шаралар әзiрлеу қажет. Бiз экономиканың ашықтығы, өңiр елдерiнiң арасындағы кедендiк кедергiлердi азайту және өңiрдегi сыртқы тарифтердiң бiрыңғай деңгейiн белгiлеу саясатын жүргiзуге тиiспiз. Осы және басқа да мақсаттарға арнап, мемлекет соңғы жылдары өзiмiздiң кеден жүйесiне едәуiр қаржы бөлiп келедi.

Төртiншiден, барлық заңды тұлғалардың қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына көшуi үдерiсiн жеделдету керек.

Бесiншiден, Үкiмет "Атамекен" одағымен бiрлесiп, таяудағы уақытта экономиканың барлық секторларындағы өзiмiздiң өндiрiсшiлер мен кәсiпкерлерiмiз үшiн тиiстi ұсыныстар әзiрлеуге тиiс.

II. Әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамыту және жоғары технологиялық одан әрi индустрияландыру негiздерiн жасау арқылы Қазақстан экономикасының өсуi мен тұрлаулылығын басқаруға бағытталған мемлекеттiк саясат

Сегiзiншi бағыт — Экономиканы әртараптандыру және шикiзаттық емес секторды дамыту

Үкiмет экономиканың басымдыққа ие шикiзаттық емес секторларындағы "ұшқыр" инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударуға мiндеттi.

Бiз "жинақтауларымызды өсiруден" ендiгi жерде "өсудi басқаруға" көшуiмiз керек, мұның өзi, ең алдымен, инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан экономикасын одан әрi индустрияландыруға бағытталған инвестициялық саясатты жүргiзу дегендi бiлдiредi.

Бiрiншiден, Үкiмет нақтылы еселемелi тиiмдiлiк беретiн жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндiрiстердi дамытуға қажеттi жағдай туғызуға тиiс. Мұндай өндiрiстердiң, айталық, мұнай-газ машиналары, арнайы қорытпалар өндiрiстерiн, биохимиялық және мұнай-химия өнiмдерi, тамақ, тоқыма, ауылшаруашылық өнiмдерiн өңдеу, құрылыс материалдары өндiрiстерiн және басқаларын қамтуы мүмкiн.

Екiншiден, аграрлық саясат саласында Үкiмет оның салаларының өнiмдiлiгi мен кiрiсiн өсiру, отандық өнiмнiң ұлттық бәсекелестiк артықшылықтарын дамыту есебiнен агроөнеркәсiп кешенiн тұрлаулы дамыту бағдарламасын iске асыруы керек.

Үшiншiден, заңнамалық базаны жетiлдiру, жер қойнауын пайдаланудың кешендi мониторингiн және жер қойнауын пайдаланушылар мiндеттемелерiнiң орындалуын жүзеге асыру қажет.

Төртiншiден, Үкiмет жер қойнауын пайдалану, машина жасау және ауыр индустрия салаларында қазақстандық қызмет көрсету рыногын дамыту жөнiнде пәрмендi шаралар әзiрлеуге тиiс.

Үкiмет пен мемхолдингтерге "Атамекен" кәсiпкерлер одағымен кеңесе отырып, аса iрi компаниялар үшiн олардың индустриялық әртараптандыру стратегияларын қалыптастыру жөнiндегi талаптар мен ұсыныстарды тұжырымдауды тапсырамын.

Тоғызыншы бағыт — Жоғары технологияларды енгiзуге және инновацияларды қолдауға бағытталған бiртұтас мемлекеттiк стратегия жүргiзу

Бiрiншiден, өзiмiздiң бәсекелестiк артықшылықтарымызды негiзге ала отырып, технологиялар трансфертiн белсендi әрi байыпты жүргiзуiмiз керек. Сырттан жаңа технологиялар әкелiп, оларды жетiлдiрудi жүзеге асыратын, сондай-ақ отандық ғылыми әзiрлемелердi өндiрiске енгiзумен шұғылданатын конструкторлық бюролар мен жобалау ұйымдарының желiлерiн құруға жәрдемдесу қажет.

Екiншiден, жоғары технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландыруды, соның iшiнде венчурлық негiзде қаржыландыруды қолдайтын құрылымдар жасақтау керек. Қазақстан ғалымдарының үздiк әзiрлемелерiнiң "сыртқа" кетуiне жол беруге болмайды.

Үшiншiден, Қазақстан бизнесiнiң инновациялық белсендiлiгiн көтермелеу шарт. Ғылыми-зерттеу және конструкторлық қызметтегi зор күш-жiгер жеке меншiк сектордың еншiсiне тигенi жөн.

Төртiншiден, зерттеу жұмыстарына мемлекеттiк тапсырыстар жасауды бiр жүйеге келтiру қажет, сонда ғана бұл жұмыстардың нәтижесiне экономиканың нақтылы секторында сұраныс туатын болады.

Бесiншiден, зияткерлiк меншiк пен сауда белгiлерiнiң қорғалуын нығайтып, технологиялық сектордың дамуына ықпал ету керек. Танысу мен қаржыландыру үшiн ашық болатын инновациялар мен патенттер банкiн құру қажет. Бұл — "Қазынаның" мiндетi.

Оныншы бағыт — Экономикалық өсу мен бәсекеге қабiлеттiлiктiң өңiрлiк орталықтарын қалыптастыру және олардың жұмыстарын бастауы

Едәуiр экономикалық әлеуетi бар көшбасшы қалаларды басымдықпен дамыту есебiнен өңiрлiк орталықтарды және экономикалық өсу мен бәсекеге қабiлеттiлiктiң "өзектi арналарын" үйлесiмдi қалыптастыру өңiрлiк дамуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Үкiмет тұтастай алғанда ел экономикасын өркендетудiң орталықтары ретiнде дамыту үшiн олардың мүмкiндiктерiн зерделей келiп осындай орталықтарды анықтауға тиiс.

Небәрi он жылдың iшiнде шалғайдағы шағын қаладан осы заманғы мүмкiндiгi мол шаһарға айналған бiздiң байтағымыз — Астананың экономикалық өркендеудiң аса маңызды орталығына айналғаны, әлбетте, қазақстандықтарға ғана емес, баршаға аян.

Егер бiз әлемнiң айтулы астаналарымен шындап бәсекеге түскiмiз келедi екен, онда өзiмiздiң осы мүмкiндiктерiмiздi одан әрi еселей беруiмiз керек.

Бiрiншiден, Астананың оңтүстiк-шығыс бағытындағы оң және сол жағалауда кемiнде екi жаңа орталық салуға кiрiсуiмiз керек.

Екiншiден, Астанадағы Ұлттық биотехнологиялар орталығы жаңа ғылыми кешенiнiң құрылыс қарқынын жеделдетудiң маңызы үлкен.

Үшiншiден, Үкiмет жаңадан iске қосылатын әлемдiк деңгейдегi республикалық ғылыми инновациялық медицина орталықтарының негiзiнде Астанада медициналық кластер құру жөнiндегi бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыра беруi керек.

Төртiншiден, Астанада құрлықтағы су ресурстарын зерттеу мен қорғау мәселелерiн кешендi тұрғыда шешуге тиiс Еуразиялық су орталығын құру қажет.

Астана қаласының әкiмi мен Үкiметке орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңде қол жеткiзуге болатын әлеуметтiк-экономикалық дамудың нақты индикаторларын айқындауды тапсырамын.

Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар туралы мәселе де көкейкестi.

Бiз инфрақұрылымды дамытуды, еңбек ресурстарының жинақылығын және өңiрлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн көтерудi қамтамасыз ету әрi солардың негiзiнде "өсу тетiктерiн" қалыптастыру арқылы Қазақстанның кеңiстiктiк шоғырлануына қол жеткiзу мақсатын алдымызға қойып отырмыз.

Бiрiншiден, бұл мiндеттi Қазақстанды өңiрдiң "экономикалық жолбасшысына" әрi осы заманғы қызмет көрсету мен жоғары технологиялық индустрия орталығына айналдыру арқылы iске асыру керек. Мемлекеттiк және жеке секторлардың топтасуы үдерiсiн пайдаланып, айталық, қазiрде құрылған "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясын ескере отырып, мәселен, Астана қаласы, Ақмола мен Қарағанды облыстарының нысаналы өңiрлiк даму жоспарларын жасау негiзiнде нақтылы "өсу орталықтарын" құру қажет.

Екiншiден, мұндай "экономикалық өсу орталықтары" барлық қажеттi әлеуметтiк инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлуге тиiс, онда мектепке дейiнгi, орта және кәсiптiк-техникалық бiлiм беруге баса көңiл бөлiнуi керек.

Үшiншiден, "өсу тұғырларын" сонымен қатар, әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар (ӘКК) желiсiн дамыту негiзiнде де жасақтаған дұрыс. Олардың қызметi аграрлық, көлiк-логистикалық және басқа секторларда инвестициялық және инновациялық жобаларды жүзеге асыруды көздейдi. Үкiметтiң ӘКК-ге қажеттi мемлекеттiк меншiк пен активтердi берiп, кәсiпкерлердiң қатысуымен корпорацияларды дамыту мәселелерiн шешкенi дұрыс.

Үкiмет пен әкiмдер бiрлесiп, бiздiң өнеркәсiптi, сауда мен жоғары технологияларды дамыту жөнiндегi жоспарларымызды ескере отырып, осы орталықтарда өнеркәсiп орындары мен индустриялық аймақтарды орналастыру жөнiнде нақты ұсыныстар әзiрлеуге тиiс.

Он бiрiншi бағыт — Мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiктiң негiзiнде стратегиялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ осы саладағы басқару сапасын көтеру

Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп, осы заманғы инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзiрлеудi тапсырамын, бұл мiндеттер:

- бiздiң халықаралық инфрақұрылымдық рынокқа кiрiгуiмiздi;

- өңiрлердiң экономикалық белсендiлiк орталықтарын дамытуды;

- көлiктiң алуан түрлерi арасындағы технологиялық өзара ықпалдастығын;

- бизнес пен азаматтардың шығасысын кемiту мiндеттерiн жүзеге асыруды көздейдi.

Бұл жоспарды iске асыру үшiн бiз мемлекеттiк холдингтердiң мүмкiндiктерiн барынша пайдалануға және мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк негiзiнде инфрақұрылымдық даму тетiгiн қалыптастыруға тиiспiз.

Бiрiншiден, бiздiң көлiк инфрақұрылымын нысаналы түрде қолдап, жаңартып және кеңейтiп отыруымыз керек.Бiз елiмiздiң транзиттiк әлеуетiн барынша пайдалануға тиiспiз, бұл үшiн өзiмiздiң көлiк жүйемiздi әлемдiк жүйеге кiрiктiруiмiз керек.

Екiншiден, әуе тасымалы саласын белсендi дамыту керек. Бiз аэропорттарымыз бен авиация саласын ұлттық экономиканың талаптары мен халықаралық деңгейге сәйкес келтiруiмiз қажет. Әуе қызметiнiң сапасын, қауiпсiздiгiн арттыру және құнын төмендету үшiн жергiлiктi авиация рыногындағы бәсекелестiктi дамыту үшiн барлық жағдай жасалуы керек.

Осы инфрақұрылымды дамытудың тиiстi бағдарламасы 2007 жылдың соңына дейiн әзiрленуге тиiс.

Үшiншiден, темiр жол тасымалы мен оны басқаруды кезең-кезеңiмен нарық негiзiне көшiру арқылы елiмiздiң темiр жолдары желiсiн жаңарту турасында әңгiме қозғаған орынды. Бұл орайда Темiр жол көлiк-логистикалық орталықтары осындай көлiк қызметiне деген бүгiнгi және болашақтағы сұраныс ескерiлетiндей деңгейде құрылып, кеңейтiлуге тиiс. Темiр жол саласы қауiпсiздiгi, жеткiзу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдiк стандарттарға, ал тарифi жөнiнен саланың негiздi талаптарына сәйкес болуға тиiс.

Көлiк және коммуникациялар министрлiгi "Самұрық" мемхолдингiмен бiрлесiп, қолданыста жүрген Темiр жол көлiгiндегi тасымалдау ережелерiн қайта қарап, экономикалық дамуымыздың неғұрлым жоғары деңгейiне сәйкес келетiн жаңа ережелерiн әзiрлеуi керек.

Төртiншiден, телекоммуникациялар саласында монополиясыздандыру мен еркiн бәсекенi дамыту жөнiнде жүйелi жұмыс жүргiзу мiндетi алда тұр. Бұл салаға басқа инвесторлардың келуi үшiн тарифтердi қайта теңдестiру жұмысын да аяқтайтын кез жеттi. Әлемдiк желiнiң бiздiң мектептерiмiзге, кәсiпорындарымыз бен үйлерiмiзге келуiн арттыру үшiн интернет-қызметтiң құнын төмендетуге жағдай туғызу керек.

Бесiншiден, су көлiгi инфрақұрылымын дамытуға да дәл осындай жауапты тұрғыдан келу қажет. Каспий қайраңының қарқынды игерiлуi жаңа порттар мен теңiз көлiк кемелерiн керексiнедi. Кеме жасау верфьтерiнiң жаңа қуаттарын жасақтау мен қолданыстағы теңiз бен өзен порттарын жаңарту бағдарламаларын iске асырған жөн.

Алтыншыдан, автокөлiк инфрақұрылымын дамыту. Өткен жылы Автомобиль жолдары саласын 2012 жылға дейiн дамыту бағдарламасын iске асыру қолға алынды. Автожол саласын қаржыландыруға мемлекет тұңғыш рет 10 млрд.-қа жуық АҚШ долларын бөлiп отыр. Бұл инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қозғалыс қауiпсiздiгiн арттырып, жолдағы жарақаттану қатерiн азайтады.

Үкiмет жарты жылдың iшiнде халықаралық маңызы бар негiзгi автожолдарды халықаралық стандарттарға сәйкес келтiруге қажеттi стратегия әзiрлеуi керек. Сонымен қатар, көлiк-логистикалық кластердi дамыту ауқымында Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғастыратын Қазақстанның аумағы арқылы өтетiн автомобиль жолы салынуға тиiс.

Сонымен бiрге, Қазақстанның ең шалғай елдi мекендерiне жетуiмiздi жеңiлдететiн жергiлiктi маңызы бар жолдар желiсiн жедел кеңейтуiмiз қажет.

Он екiншi бағыт — Электрэнергетикалық ресурстарды дамыту және атом энергетикасының негiздерiн жасау

Бүгiнгi таңда Оңтүстiк Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласын электр қуатымен қамтамасыз ету аса өзектi мәселе болып тұр.

Бiрiншiден, көршiлес елдердiң қуаттарын тарту арқылы өзiмiздiң энергиясы мол және энергиясы тапшы өңiрлерiмiздiң арасында электр қуатын бөлу мәселесiн теңдестiре шешiп, энергия үнемдейтiн технологияларға көшуiмiз қажет.

Екiншiден, электр энергетикасы саласын дәйектi түрде жаңарту, қуаттардың тозуы мен жетiмсiздiгi проблемасын шешу, жаңа өндiрiстердi дамыту, жұмыс iстеп тұрған жабдықтар мен электр энергиясын беретiн желiлердi кеңейту мен қайта жаңғырту үшiн жағдай туғызу қажет.

Үшiншiден, энергия көздерiн әртараптандыру елiмiздiң бүкiл аумағындағы тұрақты дамуды ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасын дамытуды талап етедi. Сөйтiп, Қазақстанда атом электр стансасы құрылысының техникалық-экономикалық негiздемесiн жасау қажеттiгi туып отыр.

Төртiншiден, Норвегия мен Швецияның үлгiсi бойынша энергетикалық одақ шеңберiнде iргелес жатқан мемлекеттермен энергетикалық биржа құру мүмкiндiгiн де қарастыру қажет.

Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiне 2007 жылдың соңына дейiн өңiрлердiң энергетикалық қажеттiлiктерiн шешу үшiн жұмыс iстеп тұрған электр стансаларының қуаттарын ұлғайту, жаңа ұқсатушы қуаттар салу мен электр өткiзетiн желiлердi оңтайландыру жөнiнде шаралар кешенiн әзiрлеудi тапсырамын. Елiмiздiң оңтүстiгiн энергиямен жабдықтауда жүйелi әрi нақты қадамдар жасайтын уақыт жеттi.

Сонымен қатар, электр энергиясын тиiмдi пайдалануды ынталандыруға, сондай-ақ энергетика саласына энергия үнемдейтiн, соның iшiнде ғылыми технологияларды енгiзу тетiктерiн әзiрлеуге бағытталған экономикалық және әкiмшiлiк шаралар да жұмысымыздың маңызды бағыттары болуы керек.

Он үшiншi бағыт — Шағын және орта бизнестi қолдау жөнiндегi дәйектi iс-қимыл

Бiрiншiден, Үкiмет iскерлiк бастамашылық жолында заңнамалық, әкiмшiлiк және бюрократиялық кедергiлердiң қашан және қалай пайда болатынын анықтап алуға, оларды барынша қысқартуға, сондай-ақ шағын және орта бизнес құрылымдарының мемлекет алдында қандай да бiр негiзсiз есептi болуына жол бермеуге тиiс. Сонымен қатар, салық заңнамасының кәсiпкерлiктiң дамуын толығымен ынталандыратындай, сондай-ақ бизнестiң "көлеңкеден" шығуына жәрдемдесетiндей етiп одан әрi жетiлдiре түсу қажет.

Екiншiден, бiз әдiл бәсекелестiк орта қалыптастыру мен экономикалық ойыншылардың бәрiне бiрдей жағдай туғызу жөнiндегi жұмысты тиянақтауға тиiстiмiз. Үкiметке антимонополиялық заңнамаға кешендi тексерiс жүргiзiп, бәсекенi шектеу мен нарыққа қатысушылардың ымыраластығы фактiлерiн анықтаудың, экономикамыздың iргелi салаларын "жасырын" монополияландыруға жол бермеудiң айқын тетiктерiн жасауды, сондай-ақ айыппұл санкцияларын қолдану туралы тиiстi ұсыныстар әзiрлеудi тапсырамын.

Үшiншiден, бiз табиғи монополиялар аясын барынша қысқартуға тиiспiз, бiздiң тиiстi салалардағы бәсекелестiк қатынастарды қайта құрылымдау мен дамытудың жаңа бағдарламаларын жасап, қолданылып жүргендерiн жаңалауымыз керек. Экономиканың табиғи монополиялар сақталып қалған телекоммуникациялар мен аэронавигация, темiр жол көлiгi мен порттар, электр энергетикасы, мұнай мен газ құбыры көлiгi, сондай-ақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы сияқты секторларын реттеу мен бақылау мақсатында тәуелсiз салалық реттегiштер жасақтауымыз керек. Алқалы органдар басқаратын бұл құрылымдар тарифтiк және техникалық реттеу функцияларын қоса атқаратын болады.

Төртiншiден, жаңа кәсiпорындар мен компаниялар құру үдерiсiн жетiлдiру қажет. Мәселен, "жалғыз терезе" жүйесi шеңберiнде кәсiпкерге фирманы екi-үш күннiң iшiнде тiркете алатындай жағдай туғызу керек.

Бесiншiден, тұрлаулы және серпiндi экономикалық өсу үшiн бiздiң Қазақстанның шағын және орта бизнесiнiң жоғары сапалы өнiмдерi мен қызметiне сұраныс туғызушы катализатор ретiнде мемлекет пен мемкомпаниялардың ресурстарын жариялы әрi конкурстық негiзде белсендiрек пайдалануымыз қажет.

Алтыншыдан, жаңа өндiрiстердi ашық және жариялы конкурстық негiзде дамыту үшiн арнаулы бағдарламалар әзiрлеу тиiмдi, онда үздiк бизнес-идеялар жаңа бизнес қалыптастыру, айталық, заңгерлiк және консультациялық шығындарды жабу үшiн қаржылық және техникалық қолдау алар едi. Бұл мiндет "Қазына" қорына қатысты деп ойлаймын.

Он төртiншi бағыт — Халықаралық талаптарға сай келетiн техникалық стандарттарды жедел әрi барлық жерлерде енгiзу

Қазақстанның халықаралық экономикалық өрiстегi бәсекеге толыққанды қатысуы халықаралық техникалық стандарттар талаптарын орындауды талап етедi.

Техникалық стандарттау өнiм мен қызмет сапасын қамтамасыз ету құралы ретiнде ғана емес, бiздiң тауарларымыз бен қызметiмiздiң жаһандық экономикадағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн жүзеге асырудың мiндеттi шарты ретiнде де қарастырылуы керек.

Қазақстан экономикасын стандарттау ғылым мен техниканың және практикалық тәжiрибенiң соңғы жетiстiктерi негiзiнде жүргiзiлiп, көптеген жалпыэкономикалық салалық және iшкi өндiрiстiк мiндеттердiң оңтайлы шешiлуiн айқындауға тиiс.

Индустрия және сауда министрлiгiне:

бiрiншiден, техникалық реттеу туралы заңды атқару турасында жинақталған iс-тәжiрибенiң нәтижелерiн талдауды;

екiншiден, алты айдың iшiнде халықаралық стандарттау тәртiбi мен ережелерiн практикалық қолданысқа енгiзу жөнiнде жұмыс жүргiзудi тапсырамын.

Он бесiншi бағыт — Жеке меншiк институтын және контрактiлiк қатынастарды дамыту

Жеке меншiк институты мен контрактiлiк қатынастарды жан-жақты нығайту тұрғысындағы бiртұтас бағдарламаны iске асыру жөнiндегi жұмысты жалғастыра беру қажеттiгiн тағы да атап көрсеткiм келер едi.

Бiрiншiден, бұл салада құқықтық база мен құқық қолданудың iс-тәжiрибесiн дамыту, сөз жоқ, бiрiншi кезектегi мiндеттердiң қатарына жатады. Заңнамалық актiлердiң тиiстi дестесiн әзiрлеудi тапсырамын. Таяуда "Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы" (жаңа редакциясы), "Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобалары қабылданады деген ойдамын.

Екiншiден, барлық деңгейлерде жеке меншiк институты мен контрактiлiк қатынастарға құрмет сезiмiн тәрбиелеу керек, ол үшiн бiлiм беру мен сот жүйесiндегi мемлекеттiң мүмкiн деген барлық тұтқаларын және тағы басқаларды пайдалану қажет. Мен сондай-ақ өзiмiздiң азаматтық қоғам институттарының сындарлы рөлiне үлкен үмiт артамын, өйткенi жеке меншiк институтын нығайту дегенiмiз — бiр мезгiлде адамның құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi үшiн негiз қалау деген сөз.

Үшiншiден, Үкiмет мемлекет пен жеке меншiк әрiптестiктiң ережелерiн нақты анықтайтын контрактiлiк қатынастарды жетiлдiру үшiн тиiстi шаралар қолдануға тиiс.

Он алтыншы бағыт — Қазақстанды одан әрi индустрияландыру негiздерiн қалыптастыру

Экономиканың өсуiн басқаруды бiз халықаралық рыноктың осы заманғы талаптарына сай келетiн Қазақстанды одан әрi индустрияландыру саясатының негiзiнде қамтамасыз етуге тиiспiз.

Бiрiншiден, экономиканың өндiрiстiк қуаттармен жарақталуы және елiмiздегi негiзгi қордың ескiруi проблемасының ауқымын толық көлемiнде бағалайтын талдау жүргiзу және негiзгi құрал-жабдықтарды, өндiрiстiк инфрақұрылым мен технологиялық үдерiстердi түбегейлi жаңартуға бағытталған нақты iс-қимыл бағдарламасын әзiрлеу керек.

Екiншiден, неғұрлым басымдықты салалар мен кәсiпорындарды және оларды осы заманғы негiзде индустрияландыру жөнiндегi кезек күттiрмейтiн шаралар жүйесiн анықтап алу керек.

Үшiншiден, одан әрi индустрияландыру барысында жетекшi рөл атқаруға тиiс жеке меншiк секторды мемлекеттiк ынталандыру құралдарын әзiрлеу қажет.

Үкiметке 2008 жылдың соңына дейiн Индустриялық — инновациялық стратегияны дамыту бағытында Экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгi мен экспорттық мүмкiндiктерiн сапалық жаңа деңгейге көтеру стратегиясымен етене ұштасатын нысаналы жұмыс жүргiзудi тапсырамын.

III. ЕҢБЕК РЫНОГЫНЫҢ ДАМУ ЫРҒАҒЫ МЕН КЕЛЕШЕГIНЕ СӘЙКЕС КЕЛЕТIН БIЛIМ БЕРУ МЕН КӘСIПТIК ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТ

Он жетiншi бағыт — Бастауыш және орта бiлiм беру, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау жүйесiн әлемдiк стандарттарға жақындату.

Бiз бүкiл елiмiз бойынша әлемдiк стандарттар деңгейiнде сапалы бiлiм беру қызметiн көрсетуге қол жеткiзуiмiз керек.

Бiрiншiден, 3 ауысымдық оқытуды жою керек. Таяудағы үш жылдың өзiнде мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк негiзiнде Қазақстанның өңiрлерiнде 100 жаңа мектеп салу қажет.

Екiншiден, оқытудың, әр оқушының бiлiмi мен қабiлет деңгейiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың бiртұтас жүйесiн жасау керек.

Үшiншiден, он-лайн тәсiлiнде оқыту тәжiрибесiн дамытып, елiмiзде оқу теледидарын құру қажет.

Төртiншiден, оқу жоспарларына жаратылыстану ғылымдары бойынша, бiрiншi кезекте, математика мен ақпараттанудан қосымша сағаттар немесе пәндер енгiзу керек.

Сонымен қатар ғылыми жаратылыстану бейiнiндегi арнаулы сыныптар жүйесiн құруды қарастырған жөн. Үкiмет осы бағытқа қажеттi инвестициялар тартудың тетiктерiн әзiрлейтiн болсын.

Бесiншiден, мектептерге ағылшын тiлiнiң шетелдiк оқытушыларын тарту қажет. Кез келген ортасанатты мектептiң балалардың ең жоғары деңгейде шет тiлiн оқып үйренуiне жағдай жасайтындай дәрежесiне қол жеткiзуiмiз қажет.

Алтыншыдан, жұмыстың жоғары нәтижелерiне қол жеткiзген мектептерге гранттар тағайындау жөнiнде мемлекеттiк конкурстар жүйесiн енгiзу туралы ойластырған жөн, айталық, оларды аз қамтылған отбасындағы оқушыларға арналған стипендияларды қаржыландыру түрiнде беруге болар едi. Бұл олардың одан әрi неғұрлым беделдi әрi озық бiлiм беру мекемелерiнде бiлiм алуларына жағдай жасайды.

Үздiк оқытушылардың жұмысын бағалау мен оларға сыйақы төлеу жүйесiн өте мұқият зерделеген жөн.

Он сегiзiншi бағыт — Оқу орындарын халықаралық стандарттар деңгейiнде аттестациялауды енгiзу, жоғары бiлiм беру саласында нақтылы және инженерлiк ғылымдарды басым дамыту

Бiрiншiден, Үкiмет әрбiр жоғары оқу орнындағы бiлiм беру сапасын әдiл бағалауға мүмкiндiк беретiн халықаралық деңгейде аттестациялау жүйесiн енгiзуге тиiс. Жоғары бiлiм беру ұйымдарын халықаралық аккредитациялау үшiн беделдi агенттiктердi тарту жөнiнде де ойланған жөн.

Екiншiден, ғылымды құрылымдық реформалау шеңберiнде бiрқатар академиялық ғылыми мекемелердi алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен бiрiктiрген тиiмдi, мұның өзi бiлiм беру мен ғылыми зерттеу жұмысын ұштастыратын университеттер құруға негiз болар едi.

Үшiншiден, Үкiмет оқытудың мамандандырылған бағдарламалары мен нақтылы және инженерлiк ғылымдардың ғылыми-қолданбалы орталықтарын дамыту үшiн тиiстi нормативтiк құқықтық база әзiрлеуге тиiс.

Төртiншiден, Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Үкiметтiң өзге де тиiстi құрылымдары ғылыми-техникалық оқыту бағдарламасын әзiрлеп, ақша қаражатын тиiмдi пайдалану мен ғылыми және қолданбалы зерттеулердiң қосарластығын еңсеру арқылы ғылыми, конструкторлық және технологиялық жұмыстардың салааралық үйлестiрiлуiн нығайту қағидаттары бойынша оның iске асырылуын бақылауға алуы керек.

Бесiншiден, бiздiң шетелдердiң мемлекеттiк даму институттарын белсендiрек тартып, сонымен қатар жеке меншiк сектор инвестицияларының математикалық және ғылыми бiлiм беру iсiне құйылуын көтермелеп отыруымыз қажет.

Алтыншыдан, бiз үшiн барынша мүдделiлiк туғызып отырған бiлiм беру салаларына шетел ғалымдары мен оқытушыларын белсендiрек тарту өзiмiздiң бiлiктi оқытушылар құрамы мен инженер-педагог кадрлардың санын ұлғайту жөнiндегi стратегиямыздың құрамдас бөлiгi болуы керек.

Жетiншiден, ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағдарланған мамандандырылған бiлiм беру бағыттарын құру мiндетi де алдымызда тұр.

Он тоғызыншы бағыт — "Парасатты экономика" негiздерiн қалыптастыру

Әлемдiк шаруашылық байланыстары жүйесiне белсене кiрiккен осы заманғы белдi мемлекеттердiң барлығы дерлiк бәрiн де "парасатты экономиканың" жолына тiккен едi. Ондай экономика құру үшiн, ең алдымен, өзiмiздiң "адами қазынамызды" молайтуымыз керек екенi анық.

Бастапқы кезеңде бiз мыналарға назар аударуымыз керек:

Бiрiншiден, тұтас алғанда әлемдiк технологиялық даму деңгейiне сәйкес өзiмiздiң жаңа экономикамызға қажеттi бiлiмнiң баршаға ортақ базасын ұдайы жаңартып отыру үшiн iлгерi талаптар қойып, тиiстi инфрақұрылым қалыптастыру қажет.

Екiншiден, бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру мен ғылыми қолданбалы зерттеулер жүргiзу үшiн инновациялық бiлiм беру консорциумдарын құруға тiкелей қолдау көрсету мiндет.

Үшiншiден, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мемлекеттiң немесе жеке меншiк сектордың ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға тапсырыстарын, гранттар, бiрлескен ғылыми басылымдар және т.б. алу үшiн бiрлесiп, конкурстарға қатысу практикасын кеңейте беру қажет.

Төртiншiден, жаңа технологиялар берушi компанияларға осы технологиялармен жұмыс iстеуге тиiс қазақстандық құрамды мiндеттi түрде оқытуды ұсынған жөн.

Бесiншiден, кәсiпкерлердiң жеке меншiк сектордың ғылыми-технологиялық қамтылуы мен бәсекеге қабiлеттiлiгiне мүдделi болуына қажеттi алғышарттар туғызу да маңызды. Сондай-ақ кәсiпкерлердiң қазақстандық мамандарды оқыту жөнiндегi контрактiлiк мiндеттемелерiн орындауын қалтқысыз бақылап отырудың да маңызы үлкен.

IV. ОСЫ ЗАМАНҒЫ ӘЛЕУМЕТТIК САЯСАТ: БАСТЫ НАЗАРДА — АДАМДАРДЫҢ СҰРАНЫСЫ МЕН ҚАЖЕТТIЛIКТЕРI ЖӘНЕ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН ЖАСАҚТАУ

Осыдан екi жыл бұрын бiз дәйектi әлеуметтiк жаңаруға қарай бет бұрдық. Көп нәрселерге қол жеткiздiк.

Бiз үшiн ең бастысы — маңызды әрi көкейкестi өмiрлiк қағидаттарды iске асыру үшiн қазақстандықтарға:

- отбасын қамсыздандыру;

- тұрғын үй иелену;

- денсаулықты нығайту;

- зейнетақыға жинақтаулар қалыптастыру жөнiнде барлық қажеттi жағдайлар туғызу болып табылады.

Өзiмiздiң алдыңғы тәжiрибемiзден және әлемнiң басқа елдерiнiң тәжiрибесiнен бiз екi маңызды қорытынды шығара аламыз.

Бiрiншiсi. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтiк қолдау ол нысаналы әрi атаулы сипат алған жағдайда ғана нәтижелi болады. Мемлекет қоғамның осындай көмеккке шынында зәру мүшелерiн қолдауға мiндеттi және сол үшiн жауапкершiлiктi iс жүзiнде өзiне алып отыр, олар, ең алдымен: балалар, көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектер.

Екiншi. Ең пәрмендi әлеуметтiк саясат өнiмдi еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып келдi, әрi солай болып қала бередi. Бiз, ең алдымен, қандай да бiр себептермен жұмысынан айырылып қалған адамдардың еңбекке оралуына нақты мүмкiндiктер туғызуымыз, олардың жаңа мамандық алуына жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар жастар ортасында жұмысшы мамандықтарының, әсiресе өнеркәсiптегi мамандықтың беделiн асырып, кеңiнен насихаттауды қайтадан қолға алуымыз қажет.

Жиырмасыншы бағыт — Тұрғын үйдiң қол жететiндей болуын қамтамасыз ету және жылжымайтын мүлiк нарығын дамыту саласындағы дәйектi саясат

Бiрiншiден, Үкiмет талдау жасап, Тұрғын үй-коммуналдық саласы бағдарламасының: құрылыс индустриясын дамыту, қол жетерлiк жалға берiлетiн тұрғын үй кешендерiн салу, жер учаскелерiн бөлу ресiмдерiнiң ашықтығын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй құрылысының дамуын ынталандыру сияқты бағыттарын iске асыруды мүмкiндiгiнше жеделдетуге тиiс.

Екiншiден, халықаралық сапа стандарттарына көшу жолымен құрылыстың және құрылыс нысандарына қызмет көрсетудiң сапасын арттыру мәселесi шешiмiн таппай келедi.

Үкiметтiң және тиiстi министрлiктердiң алдында елiмiзде жылжымайтын мүлiктiң нақты, бәсекеге қабiлеттi әрi ашық рыногын құру жөнiнде маңызды мiндет тұр. Бұл рынок халықтың тұрғын үй алуына неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызылуын, сатып алушыға мәмiленiң шарттары мен бағасы туралы толық ақпарат берiлуi, қаржы ұйымдарына тиiмдi кредит құралдарын дамыту мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.

Үшiншiден, жылжымайтын мүлiкпен сауда-саттық жасасу саласында әкiмшiлiк және заңнамалық талаптардың қарапайым әрi түсiнiктi болғаны жөн. Сондай-ақ жер учаскелерiн ресiмдеудi оңайлату, сондай-ақ оларды беру тәртiбiнiң ашықтығы туралы мәселенi де шешкен дұрыс.

Төртiншiден, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу жүйесiн жетiлдiру жөнiнде шаралар қолдану, сондай-ақ жылжымайтын мүлiктi бағалаудың тиiмдi әдiстемесiн әзiрлеу қажет.

Бесiншiден, кең ауқымды тұрғын үй құрылысын жүргiзу үшiн қосымша көтермелеу көздерiн жасау мүмкiндiктерiн де бағалау керек.

Алтыншыдан, Үкiмет жылжымайтын мүлiктiң халықаралық нарығындағы үрдiстердi саралап, озық халықаралық тәжiрибенiң негiзiнде жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысын одан әрi жүргiзудi қаржыландыру мен жеке меншiк тұрғын үй салуды ынталандырудың ұтымды тетiктерiн жасауға тиiс.

Жетiншiден, ипотекалық кредиттеуге қатысты қызмет көрсететiн сақтандыру компанияларын ынталандырудың заңнамалық негiзiн жасақтау да қажет.

Жиырма бiрiншi бағыт — Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесiн дамыту

Бiрiншiден, денсаулық сақтау саласындағы басқару, қаржыландыру, үйлестiру мен бақылау тетiктерiн қайта саралау арқылы медициналық қызметтiң нәтижелiлiгi мен сапасын арттыруға жету керек деп санаймын. Сонымен қатар медицина мекемелерiнiң қоғам алдындағы ашық есептiлiгi жүйесiн де, әрi iшкi бақылау мен сыртқы аудит жүйесiн де енгiзген жөн.

Сайып келгенде, медициналық қызметтiң мемлекет көрсететiн бөлiгiн анықтап беретiн уақыт жеттi әрi оны жеке қызмет көрсетумен шатастырмаған жөн. Екiншi жағынан, жеке медицинаның дамуына да мүмкiндiк беру керек.

Екiншiден, орташа өмiр жасының ұзақтығы деңгейiн арттыру, ана мен бала өлiмi көрсеткiштерiн төмендету, туберкулезбен сырқаттану және АҚТҚ/ЖҚТБ дертiне шалдығудың етек алуын тежеуге бағытталған бағдарламалар әзiрлеу керек.

Үшiншiден, бастапқы медициналық даярлық барлық мектептер мен университеттер оқу жоспарының мiндеттi бөлiгiне айналуға тиiс. Осыған байланысты халықтың саламатты өмiр салты мен денсаулық сақтау мәселелерi жөнiндегi бiлiмi мен хабардарлығын арттыра беру мiндет. Халық арасында спорттың бұқаралық сипат алуына және спортты насихаттауға ерекше ден қою керек.

Төртiншiден, таяудағы үш жылдың өзiнде мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк тетiгiн пайдалану арқылы Қазақстан өңiрлерiнде 100 аурухана салынатын болады.

Бесiншiден, Қазақстанның санитарлық инфрақұрылымына байыпты назар салып, барлық елдi мекендердi сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мiндет.

Алтыншыдан, халықтың қолы жетерлiк медициналық және медициналық сақтандыру қызметтерiнiң бәсекелестiк рыногын дамыту үшiн көтермелеу шаралары әзiрленуi шарт.

Жетiншiден, дәрiгерлер мен медицина қызметкерлерiн оқыту, аттестациялау мен даярлаудың халықаралық стандарттарына жедел қарқынмен көшу қажет. Сонымен қатар бiлiктiлiк санатының деңгейiне, мамандығының түрiне және жүктелетiн мiндетiнiң ауқымына қарай медицина қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң ынталандырушы жүйесiн енгiзудi де дәйектi ойластырған дұрыс.

Бiз осымен бiр мезгiлде халықтың қалың топтарының қолы жететiн жоғары технологиялық денсаулық сақтау жүйесiн жасақтауға кiрiсуге тиiспiз. Бұл үшiн:

Бiрiншiден, Денсаулық сақтау министрлiгi, бiрiншi кезекте, мектепке дейiнгi мекемелер мен мектептерде осы заманғы және жоғары технологиялық сырқаттың алдын алу мен анықтау қызметiн жетiлдiру, науқастарға медициналық консультациялар беру, әлеуметтiк сипаты бар сырқаттарды емдеу мен сауықтыру жүйесiн әзiрлеуге тиiс. Сондай-ақ дерттi ерте анықтау мен одан сақтандыру жөнiндегi жоғары технологиялы орталықтардың құрылуын көтермелеп отыру қажет.

Екiншiден, мемлекет денсаулық сақтау органдарына жоғары сапалы ақпараттық технологиялар жүйесiн дамытуға, соның iшiнде науқастардың ұлттық электрондық медициналық картотекасын жасау арқылы жәрдемдесуi керек.

Жиырма екiншi бағыт — Жинақтаушы зейнетақы жүйесiн дамыту

Үкiмет Жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге тиiс.

Неғұрлым өзектi мiндеттер мыналар:

Бiрiншiден, зейнетақылық жинақтаулардың сақталуы мен кәрiлiк жеткен кезде олардың жетерлiк мөлшерде болуы жөнiнде мемлекеттiк кепiлдiктердi қамтамасыз ету.

Екiншiден, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесiмен барынша қамту.

V. ЖАҢА КЕЗЕҢНIҢ ЫҒЫТЫНА ҚАРАЙ САЯСИ ЖӘНЕ ӘКIМШIЛIК ДАМУ

Жиырма үшiншi бағыт — Саяси жүйенi дамыту

Жаңа кезеңдегi негiзгi мiндет — жалпыға танылған демократиялық құндылықтар мен өзiмiздiң көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың дәстүрлерi үйлесiмдi ұштасатын ашық, демократиялық және құқықтық мемлекеттiң негiздерiн одан әрi нығайта беру.

Дамуымыздың негiзгi бағыттары, ең алдымен, мыналар:

– мемлекеттiк билiк тармақтары арасындағы өзара ықпалдастық тиiмдiлiгiн арттырып, тежемелiлiк пен тепе-теңдiк жүйесiн нығайта беру;

– билiктiң өкiлдi органдарының өкiлеттiктерiн кеңейте беру;

– саяси партиялардың рөлiн арттыру, азаматтық қоғам институттарын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар туғызу;

– меморгандар жұмысының тиiмдiлiгi мен ашықтығын арттыру;

– мемлекеттiк шешiмдер әзiрлеу үдерiсiне жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз ету жолында атқарушы билiк құрылымдарын реформалау;

– адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық тетiктерiн одан әрi нығайта беру;

– жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың дамуы үшiн жағдай туғызу;

– БАҚ-тың үйлесiмдi дамуына жәрдемдесу.

Мемлекеттiк комиссия, бiр жыл бойы жұмыс iстеп, демократиялық реформалардың негiзгi бағыттарын ұсынды.

Ендiгi шаруа заңдар мен ел Конституциясына өзгерiстер жобаларын дайындайтын заңгерлер тобының қолында.

Мұның бәрi де, сайып келгенде, Қазақстан дамуының жаңа кезеңi үшiн елiмiздiң үйлесiмдi саяси және мемлекеттiк құрылымының оңтайлы үлгiсiн таңдауына мүмкiндiк беретiнiне мен сенiмдiмiн.

Жиырма төртiншi бағыт — Әкiмшiлiк реформаларды iске асыру және атқарушы билiктi жаңарту

Бiз корпоративтiк басқару, нәтижелiлiк, транспаренттiлiк және қоғам алдындағы есептiлiк қағидаттары негiзiнде үздiк халықаралық тәжiрибеге сүйенiп, мемлекеттiк басқарудың сапалық жаңа үлгiсiн түзудемiз.

Бiрiншiден, Үкiмет әкiмдермен бiрлесе отырып, бағдарламалық құжаттарды әзiрлеу мен олардың мазмұнына көзқарасты түбегейлi өзгертуге тиiс. Әрбiр мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары болуы керек, барлық мемлекеттiк органдар қызметiнiң мақсаты, басымдықтары айқындалып, нысаналы көрсеткiштерi белгiленуге, әр мемлекеттiк қызметшiнiң жұмысы соларға жетуге бағдарлануы шарт. Қолданылып жүрген бағдарламаларды қайтадан ой елегiнен өткiзудi тапсырамын, керек жерiнде оларды өзiмiздiң стратегиялық басымдықтарымызға шоғырландырып, қалғанын қысқартқан немесе басқа деңгейге берген жөн.

Екiншiден, мемлекеттiк органдардың стратегиялық, әкiмшiлiк-атқарушылық және бақылау-қадағалау мiндеттерiнiң бөлiнiсi лайықты тиянағын табуға тиiс. Жыл сайын мiндеттердiң қосарластығына жол бермеу, бюджетаралық қатынастарды жетiлдiру, мүдделер тайталасын еңсеру мақсатында Үкiмет шешiмдерiне талдау жүргiзiп отыру қажет.

Үшiншiден, тиiмдiлiктi, нәтижелiлiктi, бақылауда ұстауды және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттiк жоспарлауды жетiлдiру керек.

Төртiншiден, Үкiмет мемлекеттiң экономикалық қызметiнiң барлық стратегиялық емес түрлерiн бәсекелестiк-нарықтық ортаға беруге тиiс.

Бесiншiден, мемлекеттiк сатып алуларды ұйымдастыру жүйесi айқын ережелер белгiлейтiн болуы керек, ал рәсiмдердiң өзiнiң ашық, бақыланатын, түсiнiктi әрi орындауға оңтайлы болғаны дұрыс.

Алтыншыдан, Үкiмет мемлекеттiк қызмет көрсетудiң сапалы стандарттарының әзiрленуi мен енгiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Үкiметтiң биылғы 1 шiлдеге дейiн республикалық, сондай-ақ жергiлiктi деңгейлерде көрсетiлетiн барлық мемлекеттiк қызмет түрлерiнiң тiзбесiн бекiтуi керек.

Жетiншiден, Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы билiк органдары өздерiнiң қызметiнiң ашықтығы мен есептiлiгiн арттыруға бағытталған шаралар кешенiн әзiрлеуге тиiс.

Сегiзiншiден, мемлекеттiк қызметшiлер жауапкершiлiгiн арттыруға, сондай-ақ олардың жұмысқа деген ықыласын нығайтуға бағытталған неғұрлым қатаң талаптар енгiзген дұрыс.

Тоғызыншыдан, мемлекеттiк органдардың қызметi азаматтарға көрсетiлетiн қызметтiң тиiмдiлiгi мен сапасы, мемлекеттiк, салалық, өңiрлiк және бюджеттiк бағдарламаларды iске асырудың нәтижесi ескерiлiп, екшелуге тиiс.

Оныншыдан, "электрондық үкiмет" жасақтау жөнiндегi жұмыстың нәтижелерiне мұқият талдау жүргiзу керек. Осыны ескере отырып, әрi әлемнiң жетекшi елдерiнiң тәжiрибесiне сүйенiп, осы заманғы ақпараттық технологияларды енгiзудi жалғастыра беру қажет болады.

Үкiметке әкiмшiлiк реформа жүргiзуге қажеттi нормативтiк құқықтық негiз әзiрлеудi тапсырамын.

Жиырма бесiншi бағыт — Қоғамдық келiсiм мен тұрақтылықты одан әрi нығайту үшiн Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлiн көтеру

Қоғамдық келiсiмдi одан әрi нығайту, сайып келгенде, елiмiздiң серпiндi дамуын қамтамасыз ету мен өзiмiз алдымызға қойған асқақ мiндеттi ойдағыдай орындаудың негiзi болып табылады.

Сондықтан да Қазақстан халықтары Ассамблеясының практикалық қызметi мен жауапкершiлiгi аясын кеңейтiп, оның беделiн барынша арттыра беру, әсiресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет.

Ассамблея елiмiз дамуының жаңа кезеңiнде мынадай мiндеттердi дәйектi түрде шешуге тиiс:

Бiрiншiден. Халықтардың бiрлiгiн нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы "сұраныстан" биiк тұратын негiз қалаушы құндылықтары бойынша арналы қоғамдық келiсiмдi қолдау мен дамыта беру.

Екiншiден. Қазақстанның барлық азаматтары үшiн олардың ұлттық, әлеуметтiк, былайша айтқанда, "зәузаттық" шығу тегiне қарамастан, тең мүмкiндiктерге негiзделген бiртұтас азаматтығын нығайту.

Үшiншiден. Қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келiсiм мен ықыластылықты одан әрi нығайтуға қажеттi қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Төртiншiден. Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнiң кез келген көрiнiстерiне және бiздiң азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтiн әрекеттерге қарсы қатаң әрi дәйектi қарсы тұру.

Жиырма алтыншы бағыт — Қазақстан халықтарының рухани дамуы және үштұғырлы тiл саясаты

Бiрiншiден, "Мәдени мұра" бағдарламасының шеңберiнде жүргiзiлген жұмысты жалғастыра отырып, "Қазақстан Халықтарының Рухани Даму Қорын" құру туралы мәселенi жете зерделеу керек. Қор тұрақты мониторинг жүргiзiп, мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiктiң көмегiмен және тиiстi қоғамдық ұйымдарды қатыстыру арқылы бiздiң халықтарымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерiн дамытуды қолдап отыруға тиiс. Қорды басқару корпоративтiк басқару қағидаттарының негiзiнде жүргiзiлуге тиiс.

Екiншiден, "Тiлдердiң үштұғырлығы" мәдени жобасын кезеңдеп iске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкiл әлемде халқы үш тiлдi пайдаланатын жоғары бiлiмдi ел ретiнде танылуға тиiс. Бұлар: қазақ тiлi — мемлекеттiк тiл, орыс тiлi — ұлтаралық қатынас тiлi және ағылшын тiлi — жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiгу тiлi.

Жиырма жетiншi бағыт — Құқық қолдану iс-тәжiрибесiн жетiлдiру және құқық тәртiбiн нығайту

Ашық, демократиялық қоғамның iргесiн дәйектi нығайта отырып, бiз демократия мен құқық тәртiбi — ажырағысыз ұғымдар екенiн, бiрiнсiз бiрiнiң өмiр сүре алмайтынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын пәрмендi жүйе қажет.

Бiрiншiден, құқық қорғау мен басқа мемлекеттiк органдардың құқық тәртiбiн қамтамасыз ету саласындағы ұйымдық және заңнамалық шараларын жетiлдiру жөнiндегi iс-қимылын үйлестiрудi күшейту керек.

Екiншiден, өз назарымызды жасөспiрiмдер арасындағы қылмыстың өсуi проблемасына аударып, мұны кемiту шараларын қолдану мiндет.

Үшiншiден, өзiмiздiң құқық қорғау органдарымызға есiрткi қылмысы мен еларалық қылмыс секiлдi қатерлерге қарсы күресу үшiн қосымша ресурстар мен құралдар беруiмiз қажет.

Төртiншiден, елiмiзде құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпымемлекеттiк жүйесiнiң жасақталып, жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, бұл iске жұртшылық пен халықты кеңiнен тарту керек.

VI. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ӨҢIРЛIК ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ ЖАУАПКЕРШIЛIГI

Жиырма сегiзiншi бағыт — Қазақстанның жаңа халықаралық жауапкершiлiгi, көп бағытты сыртқы саясатты дамыту және жаһандық қатерлерге қарсы күреске қатысу

Қазақстан ядролық қарулануды тежеуге, халықаралық лаңкестiкке, дiни экстремизмге, есiрткi саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күреске жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсендi мүшесi болып келдi және болып қала бередi.

Қазақстанның көптеген проблемаларының, айталық, табиғатты қорғау сияқты проблемасының, шекарааралық сипаты бар. Оларды өзiмiздiң көршiлерiмiз — Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерiмен бiрлесiп, бассейндiк қағидаттың негiзiнде ғана шешуге болады. Бұл үшiн халықаралық қатысумен, Дунай, Альпi және Анды келiсiмдерiнiң үлгiсi бойынша тұрлаулы дамудың шекарааралық аймағы құрылуға тиiс.

Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуден бастап, iндеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күреске дейiнгi өмiршең маңызды мәселелердi шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, бiз өңiрлiк ынтымақтастық пен халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесi ретiнде өзiмiздiң рөлiмiз бен беделiмiздi алдағы уақытта да нығайта беретiн боламыз.

Мұның бәрi де бiз үшiн басымдықты болып табылатын Ресеймен және Қытаймен арадағы тату көршiлiк өзара қарым-қатынастарымыздан, АҚШ-пен стратегиялық серiктестiктi, Еуропа Одағы елдерiмен көп тарапты ынтымақтастықты дамытуға мүдделiлiгiмiз бен бұл бағыттағы практикалық қадамдарымыздан айқын көрiнедi.

Жиырма тоғызыншы бағыт — Қазақстанның өңiрлiк тұрақтылықты қамтамасыз етудегi, Орталық Азия елдерiнiң экономикалық ықпалдастығын дамыту мен Каспий және Қара теңiз аймағындағы серпiндi рынокты қалыптастырудағы белсендi рөлi

Өңiрлiк дамудың артықшылықтарын пайдалану үшiн өңiрдегi елдердiң неғұрлым терең әрi өзара тиiмдi ықпалдастығын қамтамасыз ету керек.

Мұның бәрi де Қазақстанның Орталық Азиядағы, Азия мен Таяу Шығыс өңiрлерiндегi ықпалдастықты күшейту жөнiндегi, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ секiлдi өңiрлiк құрылымдарды нығайту жөнiндегi сындарлы бастамаларынан нақты көрiнiс тауып отыр.

Осыған байланысты бiз алдағы уақытта:

Бiрiншiден, өзiмiздiң көршiлерiмiзбен Орталық Азияның бүкiл аумағында барынша қолайлы iскерлiк ахуал орнықтыру жайында келiсiп алуымыз керек. Бiздiң компанияларымызға көршi елдерге еркiн қаражат салуға мүмкiндiк беретiн, импорт пен экспорт арнасында, капитал мен жұмыс күшiнiң жылжуында бюрократиялық және кедергiлердi серпiп тастауға мүмкiндiк беретiн ерекше келiсiмдер жасасу қажеттiлiгi тууы да ықтимал.

Екiншiден, бiз өзiмiздiң күш-жiгерiмiздi Орталық Азия мемлекеттерiнде шетелдiк қаржы институттары мен отандық компанияларды тарту арқылы тиiстi жобаларды iске асыру мәселелерiне жұмылдыруымыз қажет. Бұл, ең алдымен, "Қазына" қорының мiндетi.

Үшiншiден, өзiмiздiң көршiлерiмiзбен бiрлесiп, жұмыс күштерi жылжуының арнайы тәртiбiн енгiзу мәселесiн талқылай алар едiк. Бiз Орталық Азия өңiрi елдерiнiң бiлiктi жұмыс күшiнiң еркiн, бiрақ басқарумен жылжып тұруын жақтаймыз.

Отызыншы бағыт — Қазақстанның "өркениеттердiң үндесуiн" дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық ретiндегi тұғырын бекемдеу

Халықаралық қоғамдастықта бiздiң елiмiзде тұрып жатқан және Қазақстанның бiртұтас халқы болып табылатын барлық ұлттар өкiлдерiнiң ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр.

Бiрiншiден, бүгiнде мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудiң маңызды халықаралық орталығы ретiнде Қазақстанның рөлiн жаңа деңгейге көтеру керек. Қажет болған кезде бiздiң елiмiз тайталас туып кетуi ықтимал жағдайларда өзара келiсуге боларлық саяси шешiм табу жолында халықаралық дәнекер мiндеттерiн де атқара алар едi.

Екiншiден, өркениеттердiң үндесуiн кеңейту мен тереңдетуге дәл осылайша мүдделi болып отырған бiрқатар мемлекеттермен бiрлесiп, бiз осы заманғы дүниенiң өзектi мәселелерi бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсiнiстiктi жақындастыруға бағытталған iрi халықаралық бастамалар жасай алар едiк деген ойдамын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!

Ханымдар мен мырзалар!

Бiз алдымызға қойып отырған биiк мақсаттарға жету билiктiң барлық органдары мен институттары, iскер, ғылыми және сарапшы топтар тарапынан қосымша көп жiгер-қайрат жұмылдыруды, керек десеңiз, көп ретте iске жаңаша қарауды, мүлде тосын тұрғыдан келудi талап етедi.

Ең бастысы, кешендi жаңарту үдерiсi елiмiздiң күллi халқының, қоғамның барлық топтары мен институттарының мүддесi үшiн, әрi солардың тiкелей қатысуымен жүргiзiледi.


Мақаланың шыққан күні:: 21.07.2016 17:32
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2016 17:32