Array Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Нұрлы жол – болашаққа бастар жол | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
28.03.2017

Қызметтер

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

Нұрлы жол — болашаққа бастар жол

Құрметтi қазақстандықтар!

Бүгiнде бүкiл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келiп отыр. Әлемдiк экономика әлi де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенiмсiз қадамдармен жүруде, ал кейбiр жерлерде әлi құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекшi державалардың санкциялық саясаты әлемдiк экономиканы қалпына келтiруде қосымша кедергiлер туындатуда.

Мен өзiмнiң тәжiрибемнен алдын ала сезiп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнiң бүкiл архитектурасы өзгередi. Барлық елдер осы күрделi кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетiн болады. Қазақстан, әлемдiк экономиканың бiр бөлшегi және геосаяси қысымның эпицентрiне тiкелей жақын орналасқан ел ретiнде, барлық осы үдерiстердiң терiс ықпалына тап келедi. Нәтижесiнде не болып жатқанын бiз көрiп отырмыз: әлемдiк нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсiм баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзiлiк банк тарапынан 2014 және одан кейiнгi екi жылда әлемдiк экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгiлi. Сондықтан кейбiр позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердiң жоспарларына түзетулер енгiзу қажет. Бiзде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгiн айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Бiз терiс үрдiстердiң алдын алу үшiн барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиiспiз.

Бүгiн менiң тапсырмам бойынша Үкiмет белсендi жұмысқа кiрiсiп кеттi. Бiз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттiң параметрлерiн қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткенi, бiздiң экспорттық шикiзат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттiң кiрiс бөлiгiне қаржы түсуiн төмендетуге алып келуде. Бiрақ, соған қарамастан, Үкiмет алдына оңай емес, алайда, нақты мiндет — барлық әлеуметтiк мiндеттемелердi толық көлемiнде қамтамасыз ету мiндетi қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүрiп жатыр. Қолдауды экономикалық өсiм мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативтi тиiмдiлiк беретiн салалар алуы тиiс. Мұндай тәжiрибе бiзде бұған дейiн болған. Бiздiң 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткiлiктi. Көрiп отырғандарыңыздай, өмiр бiздiң жоспарларымызға түзетулер енгiзуде. Және бiз партияның тұғырнамасын бүгiнгi күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиiспiз.

Менiң тапсырмам бойынша Үкiмет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгiнде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және бiздiң экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл ненi бiлдiредi?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленiп, мұнай мен бiздiң экспорттық өнiмдерiмiзге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары бiз шикiзат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдiк. Ұлттық қордың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi бiздiң экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның iшiнде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрiнде шикiзат өндiру мен одан түскен табыстарды бiз осы Қорға салып келдiк. 10 миллиард долларды бiз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны iшiп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттiк. Қазiр бiз осы резервтердi пайдалануға тиiс болатын кезең туындап келедi. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсерiп, экономикамыздың өсiмiн ынталандыруға көмектесетiн болады. Бұл ресурстар қысқа мерзiмдiк шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрi қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көлiктiк, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтiк инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнестi дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсiм мен жұмыспен қамтуды қолдау үшiн 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екi транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешiм қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткiр мәселелердi шешу үшiн Үкiметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлемiндегi екiншi транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бiрiншi. Шағын және орта бизнестi, сондай-ақ, iрi кәсiпкерлiктi жеңiлдiкпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсiбiндегi, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.

Екiншi. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелердi сатып алу үшiн 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемiнде капиталдандыруды қамтамасыз етудi тапсырамын.

Үшiншi. Жаңа инвестициялар тарту үшiн тиiстi жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бiрiншi кешенi құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркi» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртiншi. Бұған дейiн бөлiнген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешенi құрылысын жалғастыруды несиелеу үшiн 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Бесiншi. ЭКСПО-2017 қарсаңында бiзге Астананың көлiктiк инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзiнде-ақ өзiнiң максималды өткiзу қабiлетi — 3,5 миллион адамға жетедi. Сондықтан оның әлеуетiн ұлғайту үшiн 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшiн 29 миллиард теңге бөлудi тапсырамын. Бұл өткiзу қабiлетiн 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi.

Құрметтi қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдердi есепке ала отырып, бiзге iскерлiк белсендiлiк пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшiн жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгiн жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдiк компаниялар ниет бiлдiрiп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екiншi бесжылдығына сәйкес келедi. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгенi құрайды, мемлекеттiң үлесi — 15 пайыз.

***

Қазақстан — ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбектi, аса ауқымды жұмысты қажет етедi. «Елдiң өркенiн бiлгiң келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келiс пен алыс-берiсте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда iрi қалаларымыздың көбi Ұлы Жiбек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазiр де қайнаған тiршiлiк күре жолдардың бойында. Жол — шын мәнiнде өмiрдiң өзегi, бақуатты тiрлiктiң қайнар көзi. Барлық аймақтар темiржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмiр-тамырға айналуы тиiс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдiң iшкi әлеуетiн арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел iшiнен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету — бүгiнгi Жолдаудың ең басты түйiнi болмақ.

***

Бiрiншi. Көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңiрлердi хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстiне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңiрлердi магистаралды автомобиль, темiржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бiрiншi кезекте, негiзгi автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай — Батыс Еуропа; Астана — Алматы; Астана — Өскемен; Астана — Ақтөбе — Атырау; Алматы — Өскемен; Қарағанды — Жезқазған — Қызылорда; Атырау — Астрахань.

Сондай-ақ, елдiң шығысында логистикалық хаб және батысында теңiз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуеттi арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткелi және Боржақты — Ерсай темiржол желiсi ықпал ететiн болады. Үкiметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерiнiң «құрғақ» және теңiз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесiн ойластыруды тапсырамын.

Екiншi. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көлiктiк-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшiн өнiмдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, бiрiншiден, жұмыс iстеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкiметке және әкiмдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екiншiден, өңiрлерде ШОБ өндiрiсiн дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесiн ойластырған жөн. Туризм үшiн инфрақұрылым — жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкiндiгi болып табылады. Мұнда бiр жұмыс орнын құру өнеркәсiпке қарағанда 10 есе арзанға түседi.

Үшiншi. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберiнде үлкен жұмыстар жүргiзiлдi. Соған қарамастан, магистралдық желiлердiң шектеулiлiгi елдiң оңтүстiк өңiрлерiнде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екi жобаға назар салу керек. «Екiбастұз — Семей — Өскемен» және «Семей — Ақтоғай — Талдықорған — Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желiлер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдiң барлық өңiрлерiн теңдестiрiлген энергиямен қамтамасыз етуiне мүмкiндiк бередi.

Төртiншi. ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желiлерi инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттiлiк қаржыландырудың барлық көздерiнен 2020 жылға дейiн жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгенi құрайды.

Бүгiн ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкi, Азия даму банкi, Ислам даму банкi, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзiмдi инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердiң айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшiн ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерiн жаңғырту қарқынын жеделдету үшiн бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.

Бесiншi. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүредi. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның iшiнде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтiк жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзiмдi жалға ұсынады. Баспананы тiкелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкiндiк бередi. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшiн төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жiктерi үшiн қолжетiмдi ете түседi. Сондықтан 2015-2016 жылдар iшiнде жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтiк инфрақұрылымдарды дамыту. Бiрiншi кезекте, бұл — апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл — бiздiң Сайлауалды тұғырнамамыздың негiзгi индикаторларының бiрi. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейiн шешуге мүмкiндiк бермейдi. Сондықтан Үкiметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетiспеушiлiгi — басқа мәселе. Мектепке дейiнгi мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлi қысқарту үшiн 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкiмдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиiс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберiнде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етiлетiн 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейiн 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетiншi. Шағын және орта бизнес пен iскерлiк белсендiлiктi қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгiнде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерiлдi. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бердi. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түстi. Бизнестi 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудiң бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар бiздiң елiмiзде бұған дейiн болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсiмнiң драйверi ретiнде дамыту және оның үлесiн 2050 жылға қарай IЖӨ-нiң 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшiн 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желiлерiн АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзiлiк банк есебiнен тиiмдi пайдалану қажет.

Құрметтi қазақстандықтар!

Әлемдiк экономикадағы ахуал мынадай дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткiзу айтарлықтай күрделi.

Кезiнде Ұлттық қордың не үшiн құрылғанын қаперлерiңiзге салғым келедi. Оның басты мiндетi — тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазiр бiздiң осы қорымызды қажетке жарататын кез келдi. Қазақстан өзге елдердiң қателiктерiн қайталамай, экономикалық өсiм үшiн iшкi қорын барынша тиiмдi пайдалануы тиiс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейiнгi кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейiн бөлу жөнiнде шешiм қабылдадым. Үкiметке бiр апта мерзiмде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшiн тиiстi шешiм дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажеттi қаржыларды ескерудi тапсырамын. Сондай-ақ, Үкiмет қажеттi шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиiмдi әрi оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуi керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиiмдi жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзiме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшiн қатаң сұрау болмақ. Барлық әкiмдерге айрықша жауапкершiлiк жүктеледi. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсендi араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиiс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиiстi салаларында мiндеттi құрылымдық реформалар жүргiзумен қоса-қабат жүруi тиiс. Ол үшiн жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бiрлесiп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзiлiк банк, Азия даму банкi, ЕҚДБ және ИДБ қазiрдiң өзiнде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсендiлiктi қолдауға, халықтың табыстары деңгейi төмендеуiнiң алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесiнде қысқа мерзiмдi және орта мерзiмдi перспективада экономиканың тұрақты өсуi қамтамасыз етiледi.

Бiздiң бiлiм берудi, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса бередi. Бұл туралы алдағы жылы Үкiметтiң алғашқы кеңейтiлген отырысында нақты әңгiме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат — әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарына бару жолындағы бiздiң ауқымды қадамымыз.

Бүгiнде табысты жұмыс iстеу үшiн барлық қажеттi жағдайлар жасалған. Әкiмшiлiк реформа жүргiзiлдi, Үкiмет пен атқарушы билiктiң жаңа құрылымы жұмыс iстеуде. Әр министр не iстеу керек екенiн бiледi. Бiз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкiмдер өкiлеттiлiктiң қажеттi деңгейiне ие болды. Өңiрлерде бәрi бар — бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркiм өз жұмыс учаскесi үшiн жауап бередi. Тек бiлектi сыбанып, iске кiрiсу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат бiздiң экономикамыздың таяу жылдардағы өсiмiнiң драйверi болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуiн бiлдiредi. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндiру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативтi әсер етедi. Жолдар — Қазақстан үшiн өмiр желiсi. Бiздiң кең байтақ жерiмiзде жолдар бойында әркезде де өмiр пайда болған және дамып отырған. Бiз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, темiржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлiк желiсiн құруға тиiспiз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар бiздiң экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар бiздiң елiмiздiң барлық түкпiрлерiн орталықпен берiк байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейдi және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемi артады. Бiздiң азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүрiп, кез келген өңiрге қауiпсiз және тез жететiн болады. Әлеуметтiк инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетедi. Нәтижесiнде ол әрбiр қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмiр сапасында көрiнiс табады. Ал ең бастысы — осының бәрi болашақ ұрпақтың байлығы ретiнде бiздiң жерiмiзде қалады.

Құрметтi қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшiн бiздiң топтаса бiлуiмiз қажет. Бiз барлық қазақстандықтар арасындағы сенiмдi нығайтуға тиiспiз! Бiр-бiрiмiзге тағатты болуымыз керек! Бұлар — Қазақстанның болашағына кiлттер. Этносаралық келiсiм — ол өмiршеңдiк оттегi. Бiз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздiгiнен болады — бiз тек өмiр сүремiз. Бiрлiгiмiз бен этносаралық келiсiмдi бiздiң өзiмiз сақтауға тиiспiз. Оны бiз үшiн ешкiм ешқашан сырттан келiп жасамайды. Бiздiң жастарымыз жаңа, тәуелсiз елде өсiп келедi. Бүгiнгi буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреудi көрген жоқ. Сондықтан көпшiлiгi Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмiрдi туғаннан солай болуға тиiс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келiсiм дегенiмiз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауiпсiздiк, баспана. Бейбiтшiлiк — ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және бiздiң балаларымыздың бақыты. Бейбiтшiлiк — ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгi күнге деген сенiм. Бейбiтшiлiк пен тұрақтылық — күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететiн жалпыхалықтық жетiстiк. Мен жастар — бiздiң болашағымыздың тiрегi дегендi әркез айтып келемiн. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есiктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», мiне, бiздiң креативтi ырғақты жастарымыздың күш-жiгер жұмсап, құлаш сермейтiн тұсы осы!

Алдағы жылы бiз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтемiз. Осы даталарды атап өте отырып, бiзге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрi күштiрек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға — бiздiң осы басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершiлiктi орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менiң сенiмiм мол. Баршаларыңызға бiздiң Отанымызды бұрынғыдан да зор биiкке көтеретiн жаңа шыңдарға қол жеткiзуде табыстар тiлеймiн!

Қадiрлi халқым!

Бiз Жалпыұлттық идеямыз — Мәңгiлiк Елдi басты бағдар етiп, тәуелсiздiгiмiздiң даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбектi қажет ететiн, келешегi кемел Нұрлы Жолда бiрлiгiмiздi бекемдеп, аянбай тер төгуiмiз керек. Mәңгiлiк Ел — елдiң бiрiктiрушi күшi, ешқашан таусылмас қуат көзi. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетiнiң мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегенiмiздiң өзi — Мәңгiлiк Ел! Ол — барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгiнгi бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенiм де «Мәңгiлiк Ел» деген құдiреттi ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю — бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадiрлеу, оны көздiң қарашығындай сақтау, өз үлесiңдi қосып, дамыту және кейiнгi ұрпаққа аманат етiп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкi мәнi — осы!

«Мәңгiлiк Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркi жұртының мұраты — Мәңгiлiк Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл бiздiң жалпыұлттық идеямыз мемлекеттiгiмiздiң тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетедi. Жалпыұлттық идеяны өмiршең ететiн — Елдiң бiрлiгi. Ауызбiршiлiк қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биiктерiнiң ең басты себебi — бiрлiк, берекесi.

Бiз тұрақтылықты бағалай бiлгенiмiздiң арқасында бүгiнгi табыстарға жеттiк. Ешкiмдi кемсiтпей, ешкiмнiң тiлi мен дiлiн мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкiндiк беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келемiз. Бiздiң кейiнгi ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз — Ел бiрлiгi болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты бiз әрбiр жастың бойына сiңiре бiлуге тиiспiз.

2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгiнгi биiктерiмiздi бағалау тұрғысынан мерейлi белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығын атап өтемiз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмдi ұрпақ жадына сiңiруде айрықша рөлге ие. Бiз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдiң тұтастығы мен бiрлiгi, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бiрлiгi — бiздiң барша табыстарымыздың кiлтi. Тұрақты дамудың қазақстандық моделi бүгiнде бүкiл әлемге үлгi. Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесiн табысты өткiзiп, елiмiздiң әлеуетiн әлемге паш етемiз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәттi, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тiлеймiн!

Астана. 2014 жылғы 11 қараша.


Мақаланың шыққан күні:: 21.07.2016 15:54
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2016 15:54