Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
24.08.2017

Қызметтер

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2010 жылғы 29 қаңтар

ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ — ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ

ӨРЛЕУ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКIНДIКТЕРI

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

Ел тарихының ХХI ғасырдағы аса бiр күрделi кезеңi аяқталып келедi. Дүние жүзiнiң экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлi басыла қойған жоқ. Алайда ол өзiнiң алғашқы алапат қуатынан айырылды. Бiз тастүйiн дайын болғандықтан, оның салдары бiздiң елiмiз үшiн соншалықты ауырға соққан жоқ.

Дағдарысқа дейiнгi кезеңде бiз Қытай, Үндiстан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейiне көтерiлдiк. Өйткенi бiз оған қалай қол жеткiзуге болатынын бiлдiк.

Бәрiн дұрыс жоспарлап, сауатты iске асырғандықтан, бiздiң дамуымыз сәттi болды.

Бiз жасампаздыққа жұмыла кiрiскендiктен, дамудың даңғыл жолына түстiк.

Толағай табыстарымен дүние жүзiн мойындатқан Қазақстанның әлеуетi артып, экономикасы серпiндi бола түстi.

Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бiрлiктiң өнегелi үлгiсi ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшiлерiнен лайықты бағасын алды.

Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзiнiң бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды.

Жасампаздық қуатымен дүние жүзiнде даңқы артқан Қазақстан әлемдi өз жетiстiктерiмен таң қалдырды.

Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелi миссиясы сенiп тапсырылды.

Бiз жаңа онжылдығымызды әлемдiк деңгейдегi осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық.

Мен бiздiң алдағы барша жетiстiктерiмiз осындай жарқын болады деп сенемiн.

Менiң басты мақсатым — елiмiздiң алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуiн қамтамасыз етiп, жаңа мүмкiндiктерге жол ашу. Бүгiнгi Жолдауым осыған арналған. "Қазақстан-2030" Стратегиясын орындай отырып, бiз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендiгi мақсат — осы Стратегияның келесi онжылдығына қарай қадам жасау.

1. 2010 Стратегиялық жоспарын iске асыру — ел дамуының аса маңызды шебi

1997 жылы "Қазақстан-2030" Стратегиясын қабылдап, бiз елдiң ұзақ мерзiмдi күн тәртiбiн, басты мақсаттар мен басымдықтарын қалыптастырдық, кейiн олар 2010 жылға дейiнгi Стратегиялық жоспарда қисынды түрде дамытылды.

Сөйтiп бiз қалай жоспарласақ, солай өмiр сүрдiк және мынадай нәтижелерге қол жеткiздiк.

2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы-ақ, жоспарланғанынан екi жыл бұрын, бiз республика IЖӨ-сiнiң көлемiн екi еселедiк және мемлекеттiң әлеуметтiк мiндеттемелерiн тиiмдi орындадық.

Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшерi 3 есеге өстi.

Өмiр сүрудiң ең төменгi деңгейiнен аз табысы бар халықтың үлесi 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейiн) азайды.

Халық денсаулығының негiзгi көрсеткiштерi жақсарды. Күтiлетiн өмiр ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейiн ұлғайды. Ана өлiмi екi есеге азайды, бала туу бiр жарым есеге өстi.

Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Бүгiнде бiзде әлемдiк деңгейдегi медициналық орталықтар — Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар.

Биылғы жылы Кардиохирургия орталығын iске қосамыз. Барлық облыстарда қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жақсаруда.

Осының арқасында бiз өз азаматтарымыздың мыңдаған өмiрiн сақтап қаламыз!

Бiздiң жетiстiктерiмiздi мойындай отырып, БҰҰ өзiнiң 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетiнiң жоғары деңгейi бар елдер санатына қосты. Бұл — бiздiң өскен әл-ауқатымыздың дау­сыз дәлелi! Он жылда 350 мың отбасы — бұл шамамен 1,2 миллион адам тұрғын үйге ие болды. 32 мың шақырым жолдар салынды және жөнделдi, бұл Қазақстанның барлық жолдарының үштен бiрi.

2030 жылға дейiнгi Қазақстанның Даму стратегиясының қарпi мен рухын негiзге ала отырып, бiз ХХI ғасырдың алғашқы он жылдығына белгiленген барлық мiндеттердi шештiк.

2. Дағдарыс кезеңi — дұрыс шешiмдер қабылдау уақыты

Әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарысы экономиканың өсу қарқынына ықпал еттi, бiрақ бiздiң дамуымызды тоқтатқан жоқ. Жинақталған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағда­рыстық шайқасында бiзге тұрлаулылықты қамтамасыз еттi.

Бiз елiмiздiң қаржы жүйесiн қорғап, жүйе құраушы банктердi сақтап қалдық.

Бiз шағын және орта бизнестi қиыншылықта қалдырмадық.

Ұлттық және трансұлттық компаниялардың мемлекеттiк сатып алуларындағы "қазақстандық үлестiң" болмаған өсiмiне қол жеткiздiк.

Агроөнеркәсiптiк кешенге бұрын-соңды болмаған көмек көрсеттiк.

Мемлекет үлестiк құрылысты аяқтау жөнiндегi барлық шығындарды өз мойнына алды.

"Жол картасы-2009" бағдарламасын табысты iске асырудың арқасында ел өңiрлерiнде ТКШ-ны реконструкциялау жөнiнде 862 жоба iске асырылып, 737 шақырым электр желiсi, 1029 шақырым сумен жабдықтау желiлерi, 284 шақырым жылу трассасы, автожолдар, жүздеген мектептер мен ауруханалар, мәдениет пен спорт нысандары жөнделдi.

Әр ауылға дейiн жеткен мұндай аса маңызды жұмысты бiз тұңғыш рет жүргiздiк. Халық бiзге риза — бiз жақсы жұмыс атқардық.

Барлығы да менiң бақылауыммен, жедел, жария атқарылды.

Бiз рецессияға жол бермедiк, өйткенi, не iстеу керектiгiн бiлдiк және мұны жедел iстедiк.

Ұлы Неру бiр кездерi былай деген екен: "Табыс кiм батыл қимылдаса, соның үлесiне жиi түседi". Ал бiз батыл қимылдадық.

2009 жылы экономиканың артуы 1,1%-ды, өнеркәсiпте 1,7%-ды құрады. Бiз оң өсу қарқыны бар елдердiң "серiппелi тобына" жаттық.

Ұлттық қордың жалпы халықаралық резервтерi мен активтерi бүгiннiң өзiнде 50 миллиард доллардан асып түсiп, соңғы он жылда 25 еседен астамға өстi.

Өткен жылы бiз Қор қаржысының бiр бөлiгiн жұмсадық, ал бүгiнде Қордың көлемi өткен жылдың желтоқсанындағыдан көп екенiн атап өту маңызды.

Қордың арқасында бiз дағдарысқа қарсы шараларды жүргiзiп қана қойған жоқпыз, сонымен бiрге мемлекетке, бiзге қиын болған кезде, сатуға мәжбүр болған маңызды активтердi қайтардық. Бұл — Екiбастұз 1-шi ГРЭС-i, "Богатырь" разрезi, Қашағандағы бiздiң үлесiмiз, Маңғыстаумұнайгаз және барлық үш мұнай өңдеу зауыты.

Жұмыссыздық деңгейi 6,3%-ды құрады, ал бұл дағдарысқа дейiнгi уақыттағыдан төмен.

Тиiмдi iске асырылған Жұмыспен қамту стратегиясының арқасында елде 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

Бiз төтеп бердiк. Ендi бiз 2020 жылға дейiнгi Даму стратегиясын орындауға кiрiсемiз.

3. 2020 Стратегиялық жоспары –көшбасшылыққа қазақстандық жол

Бiзге мыналарды атқару керек:

1. Экономиканы дағдарыстан кейiнгi дамуға әзiрлеу;

2. Жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебiнен экономиканың тұрақты өсуiне қол жеткiзу;

3. Адам капиталының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн болашаққа белсендi инвестициялау;

4. Қазақстандықтарды сапалы әлеуметтiк және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;

5. Ұлтаралық келiсiмдi нығайту, ұлттық қауiпсiздiктi арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрi дамыту.

3.1 Экономиканы әртараптандыру — табыс кiлтi

Таяудағы онжылдықта тұрлаулы да теңдестiрiлген даму жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады.

Еңбек өнiмдiлiгiнiң кешендi артуы аса маңызды мiндет болып табылады.

Қазақстанда, егер тұтастай экономика бойынша қарайтын болсақ, бiр қызметкер жылына 17 мың доллардың өнiмiн өндiредi екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткiш 90 мың доллардан асып түседi.

Қорытынды өте түсiнiктi — бiзге жағдайды түзету — өнiмдiлiктi арттырып, инновацияларды ендiру керек.

Басқарудың барлық деңгейiнiң жұмысына баға беру мен жаңағы өлшемдер бойынша қаржылай қолдау көрсету және бақылау Үкiметтiң басты мiндетi болады.

Инновациялар ғана еңбек өнiмдiлiгiнiң шұғыл артуына жеткiзедi.

Менiң тапсырмам бойынша Үкiмет Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттiк бағдарламасын және Елдi индустрияландырудың егжей-тегжейлi картасын әзiрледi.

Бұл құжат — таяудағы бес жылда бiз ненi, қайда және қашан салатынымыздың толық iс-қимыл жоспары.

Бүгiнде әңгiме инвестицияларының жалпы көлемi 6,5 триллион теңгелiк 162 жобаны iске асыру туралы болып отыр, ал бұл ел IЖӨ-сiнiң 40%-дан астамы, олар бiзге таяудағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тiкелей ашуға мүмкiндiк бередi.

Алдағы бес жылда қуатты газ-химиясы кешенiн, минералдық тыңайтқыштар өндiру жөнiндегi зауыттарды, бiрқатар iрi электр-энергетикалық стансаларды — Балқаш ЖЭС-iн, Мойнақ ГЭС-iн, Екiбастұз 2-шi ГРЭС-iнiң жаңа блогын және басқа көптеген кәсiпорындар пайдалануға берiлетiн болады.

2014 жылға қарай бiз барлық 3 мұнай өңдеу зауытын реконструкциялаймыз және бүкiл мұнай өнiмдерiнiң түр-түрi бойынша iшкi қажеттiлiгiмiздi толық қамтамасыз ете аламыз.

Әр өңiрдегi әрбiр индустриялық жоба жергiлiктi билiктiң ғана емес, сонымен бiрге жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкiл елiмiздiң жалпыұлттық мiндетiне айналуы тиiс.

Тек осылай ғана бiз әлемнiң бәсекеге қабiлеттi 50 елiнiң қатарына ене аламыз.

"Нұр Отан" ХДП үшiн 2020-Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегiне айналуы тиiс. Ешкiм сыртта тұрмауы керек, өйткенi, тек осылай ғана бiз Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуiн қамтамасыз етемiз.

Бағдарламаны жүзеге асыру жөнiнде Премьер-Министр бастаған бiрыңғай басқару орталығы (штабы) және облыстарда әкiмдер басқаратын орталықтар құрылады. Бiз 2009 жылы "Жол картасы" бағдарламасы бойынша қалай жұмыс iстесек, солай жұмыс iстеуге тиiспiз.

Министрлер, әкiмдер барлық ағымдағы мәселелердiң шешiлуi үшiн жауапты болады. Олар барлық ресурстарды жұмылдырады да.

Индустриялық даму — бұл бiздiң жаңа онжылдықтағы мүмкiншiлiгiмiз, ел дамуы үшiн жаңа мүмкiндiктер.

Қазақстан табысты индустриялық держава болады — мен бұған әбден сенiмдiмiн.

Әртараптандырудың басқа бiр маңызды сегментi агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту болып табылады. Оның дамуы негiзгi үш бағыт бойынша жүруi керек.

Бiрiншiден, негiзгi салмақ еңбек өнiмдiлiгiнiң артуына түсiрiлуi тиiс.

Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнiмдiлiгi ең төменi және жылына бiр жұмыс iстеушiге 3 мың доллар шамасында келедi. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткiш 50-70 мың долларды құрайды екен.

Ауыл үшiн өсу перспективасы мiне осында. Сондықтан бiздiң мiндетiмiз — 2014 жылға қарай агроөнеркәсiптiк кешенде өнiмдiлiктi кем дегенде екi есе арттыру.

Бұл күрделi мiндеттi аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикiзатын қайта өңдеудi шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылы­ғындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдiк тәжiрибенi пайдалану, оны бiздiң ауыл шаруашылығымызға жедел ендiру керек.

Екiншiден, елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.

2014 жылға қарай азық-түлiк тауарлары iшкi рыногының 80%-дан астамын отандық тағам өнiмдерi құрауы тиiс. Бiзде бұл үшiн мүмкiндiктер бар.

Үшiншiден, экспорттық әлеуеттi iске асыру, бiрiншi кезекте бұл Кеден одағы, Орталық Азия, Кавказ бен Таяу Шығыс елдерiнiң рыноктары.

Бiз қазiрдiң өзiнде "Жетiген-Қорғас"және "Өзен-Түркiменстанмен мемлекеттiк шекара" темiр жол желiлерiн салып жатырмыз, олар iс жүзiнде бiздiң өнiмдерге Қытай мен Парсы шығанағы елдерiнiң рыноктарына жол ашады. Бiз салуға кiрiсетiн "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" автожолы — тауарлар үшiн маңызды магистраль.

"Болашақтың экономикасы" секторларына жеке тоқталғым келедi. Нәтижелi де тиiмдi қызмет ететiн ұлттық инновациялық жүйе оның негiзi болуы тиiс.

Бiзде қазiрдiң өзiнде бұл бағыттағы әзiрлiктер бар. Бiз одан әрi iлгерi кетемiз. Жаңа Университеттiң аясында Астанада үш жаңа ғылыми орталық құрылатын болады.

Өмiр туралы ғылымдар орталығы органдарды көшiру, жасанды жүрек және өкпе, бағаналы жасуша және ұзақ жасау медицинасы саласында әлемдiк жетекшi ғылыми орталықтармен бiрлескен әзiрлiктер жүргiзедi.

Энергетикалық зерттеулер орталығы қайталанба энергетика, жоғары энергиялар физикасы мен техникасы мәселелерiмен айналысатын болады.

Тақырыпаралық аспаптық орталық инжиниринг орталығы, зертханалық база және конструкторлық бюро болып табылады.

Барлық үш орталық биылғы жылы құрылатын болады.

Үкiметке бiздiң индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдiң ғылыми технологиялық дамуының 2020 жылға дейiнгi салааралық жоспарын әзiрлеудi тапсырамын.

Сондай-ақ, "Ғылым туралы" жаңа заңның әзiрленуiн жеделдету қажет.

Бұл бiздiң болашақ дамуымыз үшiн маңызды.

3.2 Сауатты сауда саясаты — экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiне қолдау

Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерiстердiң белсендi қатысушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағының құрылуы — бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серiппелiлiгi.

Үш ел интеграциясының келесi кезеңi 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң қалыптастырылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшiнiң еркiн қозғалысы қамтамасыз етiлетiн интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейi. ТМД-дағы өңiрлiк экономикалық бiрлестiктерге қолдау бiлдiре отырып, Үкiмет Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарына сай келетiн жағдайларда Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiру үдерiсiн жандандыруы тиiс.

Қазiрдiң өзiнде бiздiң кәсiпкерлерге жаңа мүмкiндiктердiң пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа рыноктарға шығу жөнiндегi тиiмдi стратегияларды әзiрлеумен байыпты айналысу, бәсекелестiк ар­тықшылықтарды өсiре түсу маңызды.

Әрине, айтылып жүргенiндей, "бәсеке жоқ жерде ұйқың жақсы, бiрақ та өмiрiң нашар". Ал қазақстандықтар жақсырақ өмiр сүрмек және өз жоспарларын жүзеге асыруға кедергi келтiретiндерге жол бермеу ниетiнде.

3.3 Инвестициялар тарту

Әртараптандыру жөнiндегi бiздiң жоспарларымызды iске асыру үшiн бiр ғана мемлекеттiк ресурстар жеткiлiксiз болатыны анық. Оның негiзгi көзi тiкелей шетелдiк инвестициялар болуы тиiс.

Менiң халықаралық сапарларым барысындағы негiзгi мәселелердiң бiрi Қазақстанға инвестициялау мәселесi болды. Көптеген мемлекеттер бiздiң экономикаға ресурстар салудың мәнi бар деп бiледi.

Бүгiнде Қытайдан, Оңтүстiк Кореядан, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнен, сондай-ақ француз, итальян, ресейлiк компаниялардан 20 миллиард доллар көлемiнде инвестициялар тарту туралы мәселелер шешiлдi.

Бұл қаражат шикiзаттық емес секторға жұмсалып, индустриялық бағдарламаның, инфрақұрылым мен бiрлескен кәсiпорындардың ондаған нысандарын iске қосуды қамтамасыз етедi.

"Батыс Қытай-Батыс Еуропа" автомагистралiне 3 миллиард долларға жуық көлемiнде және елдiң батысынан оңтүстiгiне қарай тартылатын газ құбырына 2 миллиард доллар инвестициялар тарту мәселелерi шешiлдi.

Мұның бәрi — шикiзаттық сектордың инвестицияларынан басқасы, ал ол 10 миллиард доллардан астамды құрайды. Көрiп отырсыздар, бұл Бағдарламаны қаржылай және материалдық ресурстар­мен қамтамасыз ету жөнiнде орасан зор жұмыс жүргiзiлдi.

Бiз Қазақстанда өңiрiмiзде жұмыс iстеуге дайын инвесторлар үшiн барынша тартымды жағдай жасауға тиiспiз.

Индустриялық даму басымдықтарын ескергенде арнаулы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердiң қызмет етуiне жаңа көзқарас қажет. Үкiметке арнаулы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасын әзiрлеудi тапсырамын.

Жеке меншiк инвестицияларды тарту жөнiнен мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк тетiгi орасан зор әлеуетке ие болып отыр.

Бiз Қазақстанда бұл тетiктi iске қостық, бiрақ та ол озық әлемдiк практикаға сәйкес жетiлдiрудi талап етедi.

Үкiметке бiрiншi жартыжылдықта концессиялар туралы заңнамаға тиiстi өзгерiстер енгiзудi тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын ендiру мақсатында бiздiң заңнамада ерекше құқықтық мәртебесi бар арнаулы жобалық ұйымдар құру мүмкiндiгiн көздеу керек.

3.4 Кәсiпкерлiк — жаңа экономиканың қозғаушы күшi

Әртараптандырудың өзегi кәсiпкерлiк болады.

Бiз тәуекелдердi өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялар ендiруге дайын қуатты кәсiпкерлер табын көргiмiз келедi.

Нақ осы кәсiпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күшi болып табылады.

Осыған байланысты Үкiметке 2010 жылдан бастап өңiрлерде кәсiпкерлiктi дамыту жөнiнде бiрыңғай бюджеттiк бағдарлама енгiзiлуiн қамтамасыз етудi тапсырамын.

Оны "Бизнестiң жол картасы-2020" деп атауды ұсынамын.

Бұл бағдарламаның мақсаты өңiрлерде кәсiпкерлiктiң, бәрiнен бұрын шағын және орта бизнестiң жаңа тобын дамыту есебiнен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.

Бұл бағдарлама қаражатын пайдалану мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиiс:

– несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау;

– шағын және орта бизнеске несиелердi iшiнара кепiлдендiру;

– бизнес жүргiзуге сервистiк қолдау бiлдiру;

– кадрларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, жастар практикасы және әлеуметтiк жұмыс орындары.

"Бизнестiң жол картасы-2020" кәсiпкерлер үшiн де, сол секiлдi банктер мен инвесторлар үшiн де шикiзаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнiнен жаңа мүмкiндiктер ашады.

Үкiмет әкiмдермен бiрлесiп үшжылдық бюджет аясында әр өңiрдiң экономикалық әлеуетiн есептеулерге негiзделген жылдар бойынша бөлшектелген қаржыландырудың жалпы лимитiн әзiрлеуi тиiс. Бұл қаражат өңiрлерге берiледi.

Әкiмдер бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшiн толық жауапты болады.

Үкiметке ӘКК-нi жергiлiктi атқарушы органдарға берудi тапсырамын, олар iс жүзiнде бизнестi дамыту жөнiндегi өңiрлiк корпорациялар болады.

3.5 Отандық тауарлар — 2020 Жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы

Бiздiң шикiзаттық емес экспорттаушыларды қолдау индустрияландырудың шешушi бағыты болуға тиiс.

Қазақстан өнеркәсiбi экспорттық рыноктарға отандық брендтердiң кең ауқымды тiзбегiмен ұсынылуы керек.

Сондықтан Үкiметтiң мiндетi — экспорттаушыларға негiзгi құралдарды сатып алуды қаржыландыруды, экспортқа сервистiк қолдау көрсетудi, экспорттаушыларға гранттар мен экспорттық саудалық қаржыландыруды қарастыратын бiртұтас қолдау жүйесiн жасау.

3.6 Өңiрлердiң дамуы — елдiң дамуы

Өңiрлiк даму реформаларынсыз бiз жедел әртараптандыруға қол жеткiзе алмаймыз. Сондықтан бiзге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қажет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсiбiн, жабдықтар өндiрiсi мен көлiктiк қуаттарды дамыту керек.

Орталықта, солтүстiкте, оңтүстiк пен шығыста — кен-металлургия кешенi, атом, химия өнеркәсiбi және аграрлық индустрия дамытылуы тиiс.

Iшкi сұраныс базасындағы секторларды дәстүрлi индустриялар жанынан, сондай-ақ қуатты кадрлық әлеуетi бар Алматы мен Астана қалаларында дамыту қажет.

Жоғары экспорттық әлеуетi бар шикiзаттық емес сектор мен АӨК-нi елдiң солтүстiк және оңтүстiк өңiрлерiнде дамыту орынды.

Болашақ экономикасының секторы Алматы мен Астанада дамуы тиiс.

Бiздiң елордамыз, экономикасы бәсекеге қабiлеттi, ел азаматтары мен туристер үшiн тартымды қала — Астананы одан әрi дамытуға айрықша маңыз берiлетiн болады.

Жаңа өңiрлiк саясат — 2020 Стратегиялық жоспарының аса маңызды бөлiгi.

Үкiметке облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкiмдерiмен бiрлесе отырып, өңiрлердегi инвестициялық саясат мәселелерiн мұқият пысықтауды тапсырамын.

3.7 2020 Стратегиялық жоспарын iске асырудың базалық шарттары

Экономиканы жаһандық қалпына келтiруге дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшiн бiртұтас үш мiндеттi шешу қажет болады:

бiрiншiден, бизнес-ахуалды елеулi жақсарту;

екiншiден, қаржы жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

үшiншiден, сенiмдi құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру.

Үкiметке 2011 жылы бизнестi тiркеуге және бизнестi жүргiзуге байланысты операциялық шығындарды 30%-ға, ал 2015 жылы тағы да 30%-ға қысқартуды тапсырамын.

Онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестiң IЖӨ-дегi үлесi 40%-ға дейiн көтерiлуi тиiс.

2020 жылы Қазақстан бизнес-ахуалы ең қолайлы деген 50 елдiң қатарына енуi керек.

Қаржы жүйесiнiң тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудiң маңызы зор.

Отандық қор рыногын жұмыс iстеуге мәжбүрлеп, ол 2020 жылы ТМД мен Орталық Азиядағы ислам банкингiнiң өңiрлiк орталығына айналуы және Азиядағы жетекшi қаржы орталықтарының ондығына енуi тиiс.

Отандық қаржы жүйесiндегi реттеулер дағдарыстан кейiнгi әлемнiң сынақтары мен қатерлерiне сәйкесiнше сай болуы керек.

Қаржылық реттеушi банк секторының сыртқы мiндеттемелерi үлесiнiң оның мiндеттемелерiнiң жиынтық көлемiнде төмендеуiн қамтамасыз етуi тиiс.

Бұл ретте сыртқы займдардың басым бөлiгi тиiмдi де бәсекеге қабiлеттi өндiрiстер құруға бағытталуы керек.

Банктердi ашық немесе жасырын аффилирленген құрылымдардан аулақ ұстау қажет.

Банктердiң тек қана банк қызметiмен айналысуын және олардың қызметiнiң барынша мөлдiр болуын қатаң бақылауға алу керек.

Бiз банктердiң дағдарыс кезiнде аман қалуына көмектестiк, ендi банктер экономикаға оның дағдарыстан кейiнгi қалпына келуi мен дамуына жiгерлi түрде жәрдемдесуi тиiс.

Дағдарыс жағдайында Ұлттық қор бiз үшiн өзiндiк бiр "қауiпсiздiк көпшiгiне" айналды. Оның ендiгi мiндетi — тұрақтылық пен өркендеудiң кепiлi болу.

Үкiмет бюджеттiң шикiзаттық емес кiрiстер әлеуетiн ұлғайтумен байыпты айналысуы тиiс.

Осы онжылдықтың соңында бюджеттiң мұнайлық емес тапшылығы IЖӨ-нiң 3 пайызынан аспауы керек. Одан кейiнде оны нөлге дейiн жеткiзу қажет.

Үстiмiздегi жылдан бастап республикалық бюджетке кепiлдi трансферт абсолюттiк мөлшерде — 8 миллиард доллар көлемiнде бекiтiлетiн болады.

Бұл трансферт ең алдымен индустрияландыруды жүзеге асыру мақсаттарына бағытталуы тиiс.

Бюджетке Ұлттық қордан ешқандай займдар, өзге де ешқандай қосымша трансферттер болмайды.

Осы көзқарастарды ескере келгенде, Ұлттық қордың активтерi 2020 жылға қарай 90 миллиард долларға дейiн өсуi тиiс, мұның өзi IЖӨ-нiң 30%-дан кем емес мөлшерiн құрайды.

Үкiметке үстiмiздегi жылдың бiрiншi тоқсанында Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын маған бекiтуге ұсынуды тапсырамын.

Тұтастай алғанда 2020 жылға қарай бiз экономиканы жеделдете әртараптандырудың төмендегiдей негiзгi нәтижелерiне қол жеткiзуге тиiспiз.

IЖӨ-дегi өңдеу өнеркәсiбiнiң үлесi 13%-дан кем емес мөлшерiн құрауы тиiс.

Экспорттың жалпы көлемiнде шикiзаттық емес экспорттың үлесi 27-ден 45%-ға дейiн ұлғаюы тиiс. Еңбек өнiмдiлiгi өңдеу өнеркәсiбiнде 2 есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есе артуы керек.

IЖӨ-нiң энергия сыйымдылығы 25%-дан кем емес мөлшерде төмендеуi тиiс. Кәсiпорындардың инновациялық активтерiнiң үлесi 4-тен 20 %-ға дейiн өсуi керек. 2015 жылдың өзiнде-ақ аграрлық саланың экспорттық әлеуетi 4-тен 8%-ға дейiн ұлғайып, құрылыстың iшкi қажеттiлiктерiнiң 80%-ы қазақстандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етiлуi тиiс.

Үкiметтiң, барлық деңгейлердегi әкiмдердiң алдында тұрған нақты мiндеттер мiне, осындай. Бiз сұрайтындар да мiне, осылар. Сондықтан барлық компаниялар мен кәсiпорындар басшыларының жауапкершiлiктерiн арттыру қажет. Бұл жаһандық мәселе, мемлекеттiлiк мәселесi, тәуелсiздiк мәселесi.

Бес жылда Үкiмет металлургия өнiмдерiнiң өндiрiсi мен экспортының екi еселенуiн, химия өнiмдерi өндiрiсiнiң үш еселенуiн қамтамасыз етуi керек. 2015 жылға қарай бюджет кiрiстерi, шикiзатқа тәуелдiлiктi төмендете отырып, жаңа жобалар есебiнен 300-400 миллиард теңгеге өсiп шығуы тиiс.

4. Адам — елдiң басты байлығы

Елдi жаңғырту стратегиясын iске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың бiлiмiне, әлеуметтiк және дене болмысы, көңiл-күйлерiне байланысты.

4.1 Бiлiм беру

2020 жылға қарай қалалық, сол секiлдi ауылдық жерлердегi барлық балалар мектеп жасына дейiнгi тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады. Бiзде мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгiнiң зор әлеуетi бар. Жеке меншiк отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтар — бұл мемлекеттiк мекемелерге балама.

Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп үстiмiздегi жылдың бiрiншi жартысында-ақ балаларды мектеп жасына дейiнгi оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етудi арттыруға бағытталған "Балапан" арнайы бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруға кiрiсудi тапсырамын.

2020 жылға қарай орта бiлiм беруде 12 жылдық оқыту моделiнiң табысты жұмыс iстеуi үшiн Үкiмет барлық қажеттi шараларды қабылдауы тиiс.

Кәсiптiк және техникалық бiлiм беру кәсiби стандарттарға негiзделiп, қатаң түрде экономиканың қажеттiлiктерiмен өзара байланыстырылуы керек.

Жоғары бiлiм сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруi тиiс. Елдегi жоо-лар әлемнiң жетекшi университеттерiнiң рейтингiне енуге ұмтылулары керек.

2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс iстеп, 2020 жылға қарай елде енгiзiлетiн талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрiнде өз нәтижелерiн беруге тиiс.

Бiлiм беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бiрегей оқу орындары — "Жаңа Халықаралық Университет", "Арнаулы Қор" және қазiрдiң өзiнде табысты жұмыс iстеп жатқан "Интеллектуалдық мектептер" секiлдi жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ.

Мен олардың менiң есiмiмдi алуына келiсiмiмдi бердiм.

Олардың отандық бiлiм беру жүйесiнiң флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейiннен оларды бүкiл республика бойынша енгiзетiндей етiп әзiрлеу мен байқап көру жөнiндегi басты алаңға айналуы үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасау қажет.

Осы оқу орындарының толыққанды жұмыс iстеулерi үшiн Үкiметке үстiмiздегi жылдың бiрiншi тоқсанында Парламентке тиiстi заң жобасын әзiрлеудi және Парламентке енгiзудi тапсырамын.

4.2 Денсаулық сақтау

Халық денсаулығы — ол Қазақстанның өзiнiң стратегиялық мақсаттарына жетудегi табысының ажырамас құрамдас бөлiгi.

Бүгiн бiз медициналық қызметке нәтижелерге бағдарланған қаржыландыру мен ақы төлеу жүйесiн енгiзудi дайындаудамыз. Дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етудiң тиiмдi жүйесi үшiн барлық қажеттi базалық жағдайларды жасадық.

Дәрiлердiң 50%-ы бiздiң елiмiзде шығарылатын болады.

Бiлiм беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттiк кәсiпорындардың қызмет мәселелерi жөнiндегi республиканың заңнамалық актiлерiне түзетулер енгiзудi жеделдету қажет.

Саламатты өмiр салты мен адамның өз денсаулығы үшiн ынтымақты жауапкершiлiгi қағидаты — мiне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделiктi тұрмысындағы мемлекеттiк саясаттың ең басты мәселесi болуы тиiс.

2011 жылғы Азия ойындары үшiн бiз дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар өңiрлердi Астана мен Алматыдан қалып қоймауға итермелей отырып, бұқаралық дене шынықтыру-спорттық қозғалысын дамыту үшiн қажеттi алғышарттар жасайтын болады.

Туризм және спорт министрлiгi әкiмдермен бiрге елде бұқаралық спортты дамыту үшiн бiрлескен iс-шараларды анықтап, оларды нақты iске айналдыруы тиiс.

30%-ға дейiнгi қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек.

Осындай жағдайда ғана бiз дамуды көре аламыз.

Бұл бүкiл Үкiметтiң мiндетi де.

Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмiр салты жөнiндегi мемлекеттiк шаралар кешенi 2020 жылға қарай ана мен бала өлiмiн екi есе төмендетiп, жалпы өлiмдi 30%-ға азайтып, туберкулезбен ауруды 20%-ға қысқартуы тиiс.

Бұл ретте өмiр сүрудiң күтiлетiн ұзақтығы 72 жасқа дейiн ұлғаяды. Осынау құрғақ сандардың артында бiздiң азаматтарымыздың аман алып қалынған мыңдаған өмiрлерi тұр. Бұл өте маңызды мақсат. Бiз оған мiндеттi түрде қол жеткiзуiмiз керек!

4.3 Өмiр сапасын жақсарту және әлеуметтiк қорғау

Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды мiндетi — Қазақстанның барлық азаматтарының өмiр сапасы мен деңгейiн жақсарту, әлеуметтiк тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10%-ға өсуi үшiн мемлекет барлық қажеттi жағдайларды жасайтын болады.

Бiздiң мемлекеттiк әлеуметтiк саясатымыздағы басты басымдық халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

Сондықтан мен 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейi 5%-дан, ал табыстары ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен төмен халықтың үлесi 8%-дан аспайтын болсын деген мiндет қоямын.

Әлеуметтiк қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетiлiп, қазiргi заманғы стандарттар мен Қазақстандағы өмiр деңгейiне сәйкес болуы керек.

2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдерi ең төменгi күнкөрiс деңгейi көлемiнiң 60%-ы деңгейiне дейiн өсiрiлiп, мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшерi 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе арттырылуы тиiс.

Бiз өз iс-әрекетiмiзде дәйектiлiктi ұстанамыз. Өткен жылы зейнетақылар, шәкiртақылар, бюджет саласы қызметкерлерiнiң еңбекақылары 25%-ға өсiрiлдi. Әлеуметтiк жәрдемақылар орта есеппен 9%-ға артты.

Республикалық бюджетте үстiмiздегi жылы да зейнетақыларды 1 қаңтардан бастап, ал шәкiртақылар мен бюджеттегiлер еңбекақыларын 1 шiлдеден бастап жиырма бес пайызға өсiру қарастырылған.

Өткен жылғы экономика өсiмiнiң оң серпiнiн шәкiртақылар мен бюджеттегiлердiң еңбекақыларын үш ай бұрын — 2010 жылдың сәуiрiнен бастап өсiруге мүмкiндiк бередi деп есептеймiн. Үкiметке осы үшiн қажеттi шаралар қабылдауды тапсырамын.

4.4 Ардагерлерге қамқорлық

Үстiмiздегi жылы бiз Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 65 жылдығын атап өтемiз. Бұл бiздiң ортақ тарихымыздағы маңызды дата.

Әрбiр соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегiне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленетiн болады.

Сол сияқты соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектерiне теңестiрiлген, Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшiлердiң ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерi де материалдық қолдаусыз қалмайды.

Оның сыртында Жеңiстiң 65 жылдығын кеңiнен мейрамдауға байланысты соғысқа қатысушылар мен мүгедектерiнiң жеңiлдiкпен жол жүрулерi үшiн 383 миллион теңге қарастырылған.

Бұл бiздiң әкелерiмiз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресi мен жеңiсi үшiн, олардың бiздерге бейбiт өмiрдi қамтамасыз еткендерi үшiн көрсетiлген құрмет.

4.5 Тұрғын үй-коммуналдық сектор саласындағы саясат

Дағдарыс сабақтары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын жетiлдiрудi талап етедi. Ол үшiн тұрғын үй құрылыс салымдары жүйесiнде зор әлеует бар деп есептеймiн. Азаматтардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнiң, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әртiптестiгi қағидатын пайдалану қажет.

Ол ненi бiлдiредi?

Азаматтар тұрғын үй құнының бiр бөлiгiн Тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнде жинайды да, қымбат емес ипотекалық несие алу мүмкiндiгiне ие болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi, түпкi нәтижесiнде тапсырыс берушi ретiнде көрiне отырып, азаматтардың тұрғын үй жөнiндегi қалауларының пулын қалыптастырады, құрылыс инвесторлары мен тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға дайын екiншi деңгейлi банктердi iздеудi жүзеге асырады.

Мемлекет жергiлiктi атқарушы органдар атынан жер телiмдерiн бөлудi және инженерлiк коммуникациялар тартуды қамтамасыз етедi.

Осылайша, азаматтар өз тұрғын үйлерiнiң құрылысына толық құқылы қатыса алады. Төлем қабiлеттiлiкке сұраныс та, құрылыстың бақылануы да қамтамасыз етiледi. Үкiметке 2010 жылы "Жол картасы-2009" жоспары бойынша басталған тұрғын үй-коммуналдық сектор нысандарын қайта жаңғыртуды жалғастыруды, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейiнгi жоспарын жасауды тапсырамын.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту өзiндiк пайдалану шығындарын төмендетумен және ресурс сақтаушы технологиялар енгiзумен қоса жүруге тиiс.

Ауылдық жерлердi құбырлы сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажет. Шағын қалаларда халықтың 100%-ы үшiн сапалы су қолжетiмдi болуы тиiс.

5. Iшкi саяси тұрақтылық — 2020 Стратегиялық жоспарын iске асырудың сенiмдi iргетасы

Iшкi саяси сала мен ұлттық қауiпсiздiктiң 2020 жылға дейiнгi негiзгi мақсаттары қоғамда келiсiм мен тұрақтылықты сақтау, ел қауiпсiздiгiн нығайту болып қала бередi.

Жаңа онжылдықта бiз өзiмiздiң экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйектi саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемiздi жетiлдiрудi жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады.

Бiз құқық қорғау жүйесiн реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргiзуге тиiспiз. Бүгiнде, өкiнiшке қарай, бiздiң барлығымызға тиiмсiз басқарудан, құқық қорғау органдары функцияларындағы жанжалдан, тиiстi кадрлық жұмыстың болмауынан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйесi қызметiнде мөлдiрлiк пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалар анық көрiнедi.

Бұл сектор өткен жүйенiң көптеген кем-кетiктерiн сақтап қалған. Бiздiң жүйемiзде жазалау айыптары 5%-дан аз болса, түзеу жұмыстары — 0,4%-ды, қоғамдық жұмыстар 0%-ды құрайды.

Жазалаудың негiзгi түрi бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкiм қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды.

Осының салдарынан олар қылмыскерлер қатарын толықтыруда.

Мен реформалардың бiрнеше жалпы бағыттарын бөлiп көрсетер едiм.

Бәрiнен бұрын, құқық қорғау жүйесiн оңтайландырып, әрбiр мемлекеттiк органның нақты құзыретiн түзу керек.

Бiздiң заңдарымызды iзгiлендiрiп, олардың сапасын арттыру қажет.

Құқық қорғау жүйесiнiң қызметiнде екпiн iшкiведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттiң мүддесiн қорғауға қарай ауыстырылуы тиiс.

Бiзге парламенттiк және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету керек болады, сондықтан әрбiр құқық қорғау органының қызметiнде есептiлiк пен бағалау жүйесiн жетiлдiру талап етiледi.

Нәтижелiлiктiң өлшемi сандық көрсеткiштер емес, азаматтардың, заңды тұлғалар мен шетел инвесторларының сенiмiн арттырудың индикаторы болатын жұмыс сапасы болуы тиiс.

Басқаша айтқанда, жаңа онжылдықта бiзге демократиялық мемлекеттегi құқық қорғау қызметiнiң жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетiн жаңа құқық қорғау жүйесi қажет. Менiң тапсыр­мам бойынша, тиiстi құжат жобасы дайындалды.

Сондықтан Президент Әкiмшiлiгiне, Үкiметке, Жоғарғы Сотқа, құқық қорғау органдарына құқықтық кеңiстiктi жетiлдiру бойынша жүйелiк жұмысқа шұғыл кiрiсудi тапсырамын.

Сондай-ақ осы жылдың өзiнде құқық қорғау жүйелерiн реформалау жөнiндегi заң жобасын Парламентке енгiзудi тапсырамын.

Құрметтi қазақстандықтар!

Елiмiзде азаматтық қоғам институттарын одан әрi қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса бередi.

Бүгiнде бiздiң ынтымақтастығымыз ортақ табысымыздың мiндеттi шарты бола түсуде. Осы онжылдықта алдымызда бiрлесiп атқаратын ауқымды iстер тұр.

Мен Үкiметке Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi әлеуметтiк-экономикалық және саяси дамуының негiзгi ережелерiн түсiндiру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен үкiметтiк емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 миллиард теңге бөлудi тапсырамын. Бұл мемлекеттiк тапсырыс аясында жүзеге асырылуы тиiс.

Өткен жылы мен осы мiнберден елiмiздiң барлық саяси күштерiне дағдарыстың қиын кезеңiнде елiмiзге және қоғамға қолдау көрсету үшiн партияаралық үнқатысуды орнықтыруды және бiрiгудi ұсынған едiм.

Менiң бастамам қолдау тауып, 7 саяси партия Экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтiк және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумды бiрлесе әзiрлеп, оған қол қойды. Бұған үлкен ризашылығымды бiлдiремiн.

Бұл — мәнi зор елеулi оқиға. Бiз осы кезеңдегi саяси риториканың байыпты, ал сынның көп жағдайда сындарлы екенiн көрiп отырмыз.

Бұл бiз өмiр сүрiп, балаларымыз өсiп келе жатқан елiмiзде бейбiтшiлiктi, тыныштық пен келiсiмдi сақтаудың жалпыұлттық құндылыққа айналғанын бiлдiредi.

Ендi партияаралық үнқатысудан нақты iс-қимылға көшетiн кез келдi. Өйткенi, түптеп келгенде, кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесi үшiн жұмыс iстейдi емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерге елдiң дамуы мен ұлттық бiрлiктiң тиiмдi жолдарын iздестiруге септесетiн өзара iс-қимылдың жаңа үлгiсiн әзiрлеудi ұсынамын.

Бұл iс жүзiнде барлық саяси күштердi Отан игiлiгi үшiн жұмысқа жұмылдыратын болады. "Нұр Отан" партиясы бұл iсте бiрiктiрушi рөл атқаруы тиiс.

Болашаққа белгiленген орасан зор мiндеттердi ұйыстырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкiн емес.

Егер бiз табысқа жеткiмiз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға мiндеттiмiз:

Бiрiншiден, бiздiң ең басты құндылығымыз — ол Отанымыз, Тәуелсiз Қазақстан!

Екiншiден, мемлекет және оның әрбiр азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдiң әл-ауқатына керi әсерiн тигiзуi ықтимал кез келген қадамға бармауы тиiс.

Үшiншiден, экономикалық өрлеу — әрқайсымызға қатысты бүкiлхалықтық iс. Бұл — қоғамның әлеуметтiк мәселелерiн шешудiң және баршамызды табысқа бастаудың кiлтi.

Төртiншiден, өңiрлiк және әлемдiк нарыққа интеграциялану — дамудың аса маңызды шарты.

Құрметтi қазақстандықтар!

Болашаққа белгiленген ұлан-ғайыр мiндеттердi бiрiктiрушi ұлттық стратегиясыз жүзеге асыру мүмкiн емес.

Егер бiз табысқа жеткiмiз келсе, онда бiздiң әрқайсымыз мынадай қағидаттарды негiзге алуға мiндеттiмiз:

Бiрiншi — бәрiнен бұрын бiздiң Отанымыз, Тәуелсiз Қазақстан!

Екiншi — мемлекет және әр азамат ел iшiнде, сондай-ақ оның сыртында қоғамдағы тұрақтылық пен қазақстандықтардың игiлiгiне керi әсерiн тигiзуi ықтимал кез келген қадамдардан бас тартуы тиiс.

Үшiншi — экономикалық өрлеу — әркiмнiң iсi. Бұл — басым әлеуметтiк мәселелердi шешудiң, бүкiл қоғам мен әрбiр қазақстандықтың берекеттiлiгiнiң кiлтi.

Төртiншi — өңiрлiк және әлемдiк нарыққа интеграциялану — дамудың аса маңызды шарты.

6. Сыртқы саясат

Қазақстанның сыртқы саяси бағыты Сыртқы саясат тұжырымдамасына негiзделетiн болады.

Ұлттық мүдделердi қамтамасыз етуге, елдiң халықаралық беделiн арттырып, ұлттық, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiктi нығайтуға бағытталған белсендi, прагматикалық және теңдестiрiлген сыртқы саясат жүргiзiлетiн болады.

Қазақстан халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасын және әлемдiк сауда-қаржы жүйесiнiң сұлбасын қалыптастыру кезiнде жаһандық шешiмдер қабылдау үдерiстерiне қатысу ниетiнде.

Қазақстан барлық қазiргi бар ұжымдық қауiпсiздiк жүйелерi арасындағы стратегиялық үнқатысуды жолға қоюға белсендi жәрдемдесетiн болады.

Қазақстан өңiрлiк және жалпыәлемдiк экономикалық үдерiстердiң жауапты қатысушысы ретiндегi өзiнiң рөлiн толық көлемiнде сезiне отырып, оны өз тәуелсiздiгiнiң барлық жылдары бойында мiнсiз орындап келедi.

Сондықтан әлемнiң жетекшi елдерiнiң көшбасшылары мен беделдi халықаралық ұйымдардың басшылары — экономикалықтан гуманитарлыққа дейiнгiлердiң бәрi — өздерiн Қазақстанның досы санайды.

Бiз мұны мақтаныш етуге тиiспiз.

Қазақстанның жоғары халықаралық беделi бiздiң елiмiзге Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төраға болуға мүмкiндiк бердi.

Бұл — бiз үшiн үлкен абырой.

Бұл — ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделi кезеңде төрағалық етудiң аса жоғары жауапкершiлiгi.

ЕҚЫҰ оған қатысушылардың бiрегей географиялық құрамымен — ал бұл үш құрлықта орналасқан 56 мемлекет, мемлекеттердiң өзара ықпалдасуының бай тәжiрибесiмен халықаралық қауiпсiздiк пен ынтымақтастықтың шешушi тетiктерiнiң бiрi болып табылады.

Бiз ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа қатысты өзiмiздiң ұстанымдарымызды белгiлеп алдық.

Сондықтан бұл туралы егжей-тегжейлi айтпай-ақ қояйын.

Қауiпсiздiк жөнiндегi аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетiн болады: "Сенiм. Дәстүр. Ашықтық. Төзiмдiлiк".

Бiз көптеген көкейкестi мәселелердi шешу жолдарын бiрлесе iздеп, ықтимал дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшiн бiрлескен тетiктердi әзiрлейтiн боламыз.

Бiз қауiпсiздiктiң негiз қалаушы мәселелерi бойынша, сондай-ақ Ұйымның өзiн дамыту мәселелерi бойынша консенсустық алаңды кеңейту және нығайту ниетiндемiз.

Бiз ЕҚЫҰ ХХI ғасырдағы әлемнiң көпқырлылығын танитын құрылым болуы үшiн бәрiн де жасайтын боламыз.

ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстiмiздегi жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитiн өткiзу туралы менiң ұсынысыма қолдау бiлдiрдi.

Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершiлiгi аймағында қауiпсiздiктiң көкейкестi проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзiмдiлiк мәселелерiн талқылауды ұсындым.

Бiздiң ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз бүкiл әлем халықтарының қауiпсiздiгiн дамыту мен өркендетуге бағытталатын болады.

Құрметтi қазақстандықтар!

Құрметтi Парламент депутаттары!

Көрiп отырғандарыңыздай, бiз елiмiздi дамытудың жаңа кезеңiне дайынбыз. Ауқымы жөнiнен осындай күрделi де ұлан-ғайыр мiндеттердi бiз бұған дейiн шешкен емеспiз.

Бiз өзiмiздiң барлық мүмкiндiктерiмiздi егжей-тегжейлi сараптап, он жыл бұрынға есептеп қойдық.

2020 жылға дейiнгi даму бағдарламасы сiздерге таратып берiледi және баспасөзде жарияланады. Бiз не, қашан, қалай жасалатынын және құрылатынын iс жүзiнде айлар бойынша бiлемiз. Және, ең бастысы, жоғарыда айтылғанындай, бiздiң барлық iс-қимылдарымыз қажеттi қаржы ресурстарымен қамтамасыз етiлген.

Бiз алдымызда қандай қиындықтар тұрғанын бiлемiз. Әлемдiк дағдарыс әлi аяқталған жоқ, бiрақ оның өткiр кезеңi артта қалды. Өткен жылдағыдай, форс-мажорлық жағдайлар бiздiң жоспар­ларымызға қандай да бiр өзгерiстер енгiзуi мүмкiн, бiрақ мен бiздiң бас желiмiз жалғастырылатынын ескертемiн.

Бiздiң бағдарламамыздың мәнi мен маңызы осында.

Әркiм сапалы медициналық қызметке қолжетiмдiлiк алады.

Балалар бақшасынан бастап университетке дейiнгi сапалы бiлiм бүкiл елiмiз бойынша әр отбасына қолжетiмдi болады.

Елiмiзде тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсетудiң сапасы айтарлықтай жақсарады.

Зейнеткерлер, мүгедектер мен аз қамтамасыз етiлген отбасылар сенiмдi қорғалатын болады.

Жастар — бiздiң болашағымыздың негiзi — өз болашағын құрудың жаңа мүмкiндiктерiне қол жеткiзедi.

Бұл — сiздердiң әрқайсыларыңыздың алдынан, сiздердiң отбасыларыңыздың алдынан, бiздiң елiмiздiң алдынан ашылатын жаңа мүмкiндiктер.

2030 жылға дейiнгi Даму стратегиясында айқындалған бiздiң стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткiзу жолында жұмыла отырып, бiз өзiмiздiң миссиямызды табысты орындаудамыз — тәуелсiз, өркендеген, саяси тұрақты Қазақстанды құрудамыз.

Бiз бүкiл қоғамды, партияның барлық мүшелерiн алдағы онжылдық мiндеттерiн түсiндiру мен iске асыруға жұмылдырып, iс жүзiнде бұл жұмысқа жетекшiлiк ететiн және оны өзiнiң бағдарламасы жасайтын "Нұр Отан" партиясының мүшелерiне үлкен үмiт артамыз.

Қымбатты менiң отандастарым!

Өзiмнiң сiздерге арнаған сөзiмдi аяқтай келе, былай дегiм келедi: бiз бiрлесiп Қазақстанды табысқа жетушi жасай алдық және бiрлесiп оны өркендеушi жасай аламыз.

Қымбатты менiң отандастарым!

Халқымызда "Ынтымақты елде бақ тұрар" деген дана сөз бар.

Бiз қазығы берiк, мемлекеттiгi бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елiнiң айбынын асырып, атағын әлемге әйгiледiк.

Бiз толайым табыстарға қол жеткiзiп, биiк белестердi бағындырдық, алайда алар асуымыз әлi де алда.

Бiз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстiндегi елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнiң алып мемлекеттерi мен төңiрегiмiздегi елдер бiзбен санасады.

Бұл бағдарламаның түпкi мақсаты — елiмiздiң тәуелсiздiгiн баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуiне жол ашу, оның тiлi мен мәдениетiнiң кең құлаш жаюына мүмкiндiк туғызу.

Келер ұрпақтың жүзiн жарқын ететiн бұл мақсатқа бiз асқан табандылықпен ел бiрлiгiн сақтай отырып қана қол жеткiзе аламыз.

Мен осы күндерi Қазақстанның бүкiл аумақтарынан мыңдаған хаттар мен жеделхаттар аламын. Әсiресе, Қазақстанның Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына және атқарып жатқан жұмысыма байланысты көптеген хаттар келуде. Халықтың көңiл-күйiн сiздер түсiну үшiн соның бiреуiн оқып берейiн:

"Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы, қазақ бүгiн Еуропаның төрiне шықты. Бұл — бүкiл қазақ халқының қуанышы мен мақтанышы. 85 мыңнан астам халқы бар шекараның шебiнде, елдiң ең шетiнде жатқан бiз үшiн қауiпсiздiк пен ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Бұл — халықтың ең басты мақсаты мен мұраты. Қазақ қашан қарт Еуропаның төрiне шықпақ түгiлi, есiгiнен бұрын-соңды сығалап көрiп едi? Өзiңiзге, қазағымызға осы биiк мәртебеде абырой берсiн.

Бұл жақта елiмiз — аман, жұртымыз — тыныш, ең бастысы — балаларымыздың ұйқысы бұзылған жоқ. Аузымызда — тәубемiз, қолымызда қауғамыз, халқымыздың ынтымақ-бiрлiгi қалыптасты. Берекемiз кiрiп, ел тiрлiгi күннен-күнге iлгерi басуда. Даламыз — дәнге, өрiсiмiз — малға, үй-iшiмiз — жанға толды. Барлық iсiңiзге Алла жар болсын". Райымбек ауданының құрметтi азаматы Совет Оразаев.

Елiмiздiң оңтүстiгi мен солтүстiгiнен, батысы мен шығысынан келiп жатқан осындай мыңдаған қолдау хаттар бiздiң халқымыздың кеңдiгi мен шыдамдылығын, сауаттылығы мен мол түсiнiгiн, дүниеде болып жатқан оқиғаларды, iшкi және сыртқы жағдайды қарап, дұрыс аңғарып отырғандығын бiлдiредi.

Сондықтан дәл осындай санамен, бiлiммен және табандылықпен осы бағдарламаны орындауға қол жеткiзуiмiз керек. Ол жалғыз Президенттiң немесе Парламент пен Үкiметтiң ғана шаруасы емес.

Бiз болашағымыздың жарқын болғанын көргiмiз келедi. Олай болса, осы iске жеңдi түрiп кiрiсуiмiз керек.

Ендеше, құрметтi ағайын, ынтымағы жарасқан елiмiздiң бағын асыратын, мерейiн тасытатын үлкен iсте баршаңызға сәттiлiк тiлеймiн.

Рахмет.


Мақаланың шыққан күні:: 21.07.2016 16:34
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2016 16:34