Array Желтоқсан 2012 жыл | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
24.05.2017

Қызметтер

Желтоқсан 2012 жыл

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

ҚР Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI — ЕЛБАСЫ

Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА

ЖОЛДАУЫ

«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты

Мазмұны

I. Қалыптасқан Қазақстан — мемлекеттiлiгiмiздiң, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келiсiмiмiздiң, өңiрлiк көшбасшылығымыз бен халықаралық беделiмiздiң дағдарыста сыналуы

1. Қуатты да табысты мемлекет

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесi

3. Түрлi әлеуметтiк, этностық және дiни топтардың келiсiмi мен татулығы

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлiнiсiндегi бiздiң рөлiмiз

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келiсiмдi қамтамасыз ететiн күштi әлеуметтiк саясат

6. Әлемдiк қоғамдастық таныған ел

7. Ядролық қаруды таратпау режiмiн iлгерiлетудегi бiздiң белсендi рөлiмiз

8.Қазақстан-2030 стратегиясы. Негiзгi қорытындылар

II. ХХI ғасырдың жаһандық он сын-қатерi

1. Бiрiншi сын-қатер — тарихи уақыттың жеделдеуi

2. Екiншi сын-қатер — жаһандық демографиялық теңгерiмсiздiк

3. Үшiншi сын-қатер — жаһандық азық-түлiк қауiпсiздiгiне төнетiн қатер

4. Төртiншi сын-қатер — судың тым тапшылығы

5. Бесiншi сын-қатер — жаһандық энергетикалық қауiпсiздiк

6.Алтыншы сын-қатер — табиғи ресурстардың сарқылуы

7. Жетiншi сын-қатер — Үшiншi индустриялық революция

8. Сегiзiншi сын-қатер — үдей түскен әлеуметтiк тұрақсыздық

9. Тоғызыншы сын-қатер — өркениетiмiз құндылықтарының дағдарысы

10. Оныншы сын-қатер — жаңа әлемдiк тұрақсыздық қаупi

III. "Қазақстан-2050" Стратегиясы — жедел өзгермелi тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты

1. Мiндеттердiң жаңа парадигмасы

2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты — пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабiлеттiлiктен қайтарым алу принципiне негiзделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

1. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм

2. Жаңа кадр саясаты

3. Макроэкономикалық саясатты жаңғырту

3.1. Бюджет саясаты

3.2. Салық саясаты

3.3. Ақша-кредит саясаты

3.4. Мемлекеттiк және сыртқы қарызды басқару саясаты

4. Инфрақұрылымды дамыту

5. Мемлекеттiк активтердi басқару жүйесiн жаңғырту

6. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесi

7. Индустрияландырудың келесi кезеңiнiң жоспары

8. Ауыл шаруашылығын жаңғырту

8.1. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеуде және саудада қожалықтар мен шағын және орта бизнестi дамыту

9. Су ресурстарына қатысты саясат

2. Ұлттық экономикамыздың жетекшi күшi — кәсiпкерлiктi жан-жақты қолдау

1. Шағын және орта бизнестi дамыту

2. Мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгiнiң жаңа үлгiсi –

«Қуатты бизнес — Қуатты мемлекет»

3. Жекешелендiрудiң жаңа кезеңi — мемлекет рөлiнiң өзгеруi

3. Әлеуметтiк саясаттың жаңа принциптерi — әлеуметтiк кепiлдiктер мен жеке жауапкершiлiк

1. Әлеуметтiк саясаттың жаңа принциптерi

1.1. Ең төменгi әлеуметтiк стандарт

1.2. Атаулы әлеуметтiк қолдау

1.3. Өңiрлердегi әлеуметтiк теңгерiмсiздiктер проблемасын шешу

1.4. Жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғырту

2. Ананы қорғау. Әйелдерге қамқорлық

3. Баланы қорғау

4. Ұлт денсаулығы — табысты болашағымыздың негiзi

4.1. Денсаулық сақтау саласындағы негiзгi басымдықтар

4.2. Балалар денсаулығын қамтамасыз етудiң жаңа тәсiлдерi

4.3. Медициналық бiлiм беру жүйесiн жақсарту

4.4. Ауылда медициналық қызмет көрсетудiң сапасы

4.5. Дене шынықтыру мен спортты дамыту

4. Бiлiм мен кәсiби машық — заманауи бiлiм беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесiнiң негiзгi бағдарлары

1. Бiлiм беру саласындағы жұмыстың басымдықтары

1.1. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейiн ұзарту

1.2. Инженерлiк бiлiм беру жүйесiн дамыту

1.3. Бiлiм беру саласындағы әлеуметтiк жауапкершiлiк жүйесiн дамыту

1.4. Бiлiм беру әдiстемелерiн жаңғырту

2. Инновациялық зерттеулердi дамытудың жаңа саясаты

2.1. Технологиялар трансфертi

2.2. Ғылым мен бизнестiң кооперациясы

2.3. Перспективалы ұлттық кластерлердi қалыптастыратын жол картасы

3.Жастарға үндеу

5. Мемлекеттiлiктi одан әрi нығайту және қазақстандық демократияны дамыту

1. Мемлекеттi басқарудың жаңа типi

1.1. Мемлекеттiк жоспарлау мен болжау жүйесiн жетiлдiру

2. Басқаруды орталықсыздандыру

2.1. Орталық пен өңiрлер арасындағы жауапкершiлiк пен өкiлеттiктердiң ара-жiгiн ажырату

2.2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды дамыту тұжырымдамасы

2.3. Ауыл әкiмдерiн сайлау

3. Кәсiби мемлекеттiк аппарат қалыптастыру

З.1. Әкiмшiлiк реформаның екiншi кезеңi

4. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттiк аппараттың өзара iс-қимылының жаңа жүйесi

5.Тәртiпсiздiкке мүлде төзбеушiлiк принципiн енгiзу

6. Жемқорлыққа қарсы күрес

7. Құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтердi реформалау

6. Дәйектi де болжамды сыртқы саясат — ұлттық мүдделердi iлгерiлету мен өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiктi нығайту

1. Сыртқы саясатты жаңғырту басымдықтары

2. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

3.Өңiрлiк қауiпсiздiктi нығайту

4.Жаһандық қауiпсiздiктi нығайтуға үлес қосу

5. Ұлттық қорғаныс қабiлеттiлiгi мен әскери доктринаны нығайту

7. Жаңа қазақстандық патриотизм — бiздiң көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негiзi

1. Жаңа қазақстандық патриотизм

2. Барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы

3. Қазақ тiлi және тiлдердiң үштұғырлылығы

4. Мәдениет, дәстүрлер және даралық

5. Ұлттық интеллигенциясының рөлi

6. ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дiн

7. Болашақтағы Қазақстанды қалай елестетемiн?

8. Ұлтқа үндеу

Қадiрлi қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

Бiз бүгiн Тәуелсiздiк күнi қарсаңында жиналып отырмыз.

Мiне, бiз 20 жыл бойы осы ұлы мерекенi мақтанышпен атап өтiп келемiз.

1991 жылғы 16 желтоқсанда бiз — Қазақстан халқы — егемендiктi, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгiнгi күнi осы құндылықтар бiздiң күнделiктi өмiрiмiздiң бөлшегiне айналды.

Сол кездерi, сапарымыздың басында бәрi басқаша болды. Ендi бiздiң ортақ күш-жiгер жұмсауымыздың арқасында елтанымастай болып өзгердi.

Бiз бүгiн — өзiндiк бет-бейнесi бар, өзiндiк ерекшелiктерi мен өзiндiк ұстанымы бар табысты мемлекетпiз.

Бiздiң алғы шептi алуымыз қымбатқа түстi.

Ел 20 жыл бойы егемендiгiмiз бен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс iстедi. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жеттi. Қалыптасу кезеңi табысты аяқталды.

Қазақстан ХХI ғасырдың басында тәуелсiз әрi өзiне сенiмдi болып отыр.

Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерiнен әлемде болып жатқан өзгерiстер бiздi үрейлендiрмейдi. Бiз оларға дайынбыз. Бiздiң ендiгi мiндетiмiз — егемендiк жылдары қол жеткiзгеннiң барлығын сақтай отырып, ХХI ғасырда орнықты дамуды жалғастыру.

Бiздiң басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай мықты мемлекеттiң, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектiң негiзiнде берекелi қоғам құру.

Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшiн аса маңызды болмақ.

Мықты мемлекет күнкөрiс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзiмдi дамумен және экономикалық өсумен айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсiздiк күнi қарсаңында, қымбатты менiң отандастарым, мен сiздерге жаңа Жолдау ұсынып отырмын.

Бұл — елiмiздiң даму перспективаларына жасаған өзiндiк пайымдауым.

Бұл — жаңа саяси бағыт.

I. ҚАЛЫПТАСҚАН ҚАЗАҚСТАН — мемлекеттiлiгiмiздiң, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың,

қоғамдық келiсiмiмiздiң, өңiрлiк көшбасшылығымыз Бен халықаралық беделiмiздiң дағдарыста сыналуы

Дәл 15 жыл бұрын бiз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейiнгi стратегиясын қабылдадық.

Бұл 1997 жыл — кеңестiк кезеңнен кейiнгi бей-берекеттiк түбегейлi еңсерiлмеген, дағдарыс Оңтүстiк-Шығыс Азияны және басқа да кейбiр нарықтарды сансыратқан кезең болатын. Бiзге де аса қиын соқты.

Осы жылдар iшiнде бiздiң Стратегиямыз басты мақсатымыздан ауытқымай, шамшырақ сияқты бiздiң жолымызға сәуле шашып, алға басуға жiгерлендiрдi.

1997 жыл естерiңiзде ме?

Парламентте мен сөз сөйлегеннен кейiн абдырау мен абыржу болды.

Көпшiлiк: «Бұл не — насихат па? Әлде аспаннан түскен нәрсе ме?» деп сауал қойып жатты.

Сол кезде алға қойған мiндеттер соншалықты асқақ болып көрiнетiн.

Дегенмен «көз қорқақ, қол батыр» дейдi ғой.

Бiздiң алдымызда оқиғалар барысына өзгерiс енгiзу сияқты ауқымды мiндет тұрды. Жаңа елдiң iргесiн қалау керек болды.

Ол мiндеттi шешу үшiн бiз үш бiрдей жаңғырту жүргiзуге тиiс едiк: мемлекеттiң iргесiн қалау мен нарықтық экономикада серпiлiс жасау, әлеуметтiк мемлекеттiң негiздерiн қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Бiз өзiндiк жолымыздыайқындауға тиiс едiк. Бұл жол "Қазақстан-2030" Стратегиясында белгiленген болатын. Бұл құжат стратегиялық мақсаттар мен мiндеттердi пайымдаған, көзқарасымыздағы маңызды серпiлiс болды.

Халық нақылында айтылғандай: «Мақсат — жетiстiктiң желкенi». Орынды мақсаттар ғана табысқа жеткiзедi.

Бүгiн дұрыс таңдау жасағанымыз туралы айту мен үшiн үлкен абырой. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс осыны айғақтады.

Қазақстан оған төтеп бердi. Дағдарыс жетiстiктерiмiздi сетiнете алған жоқ, бiздi қуатты ете түстi.

Бiз таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтiк-экономикалық және сыртқы саяси үлгiсi өз тиiмдiлiгiн дәлелдедi.

1. Қуатты да табысты мемлекет

Бiздiң басты жетiстiгiмiз — тәуелсiз Қазақстанды құрғанымыз.

Бiз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресiмдедiк. Елдiң тұтастандырылған экономикалық кеңiстiгiн құрдық. Елде өндiрiстiк байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгiнде барлық өңiрлер бiр-бiрiмен ажырағысыз байланыста жұмыс iстейдi.

Билiк тармақтарының бөлiнуiне негiзделген заманауи мемлекеттiк басқару жүйесiн жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргiздiк.

Елдiң жаңа елордасы — Астананы салдық. Бұл заманауи қала бiздiң бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Бiз елiмiздiң мүмкiндiгiн әлемге көрсету үшiн оның әлеуетiн пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесiн өткiзу орны ретiнде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас едi. Мұндай құрмет кез келгеннiң еншiсiне тие бермейдi. Бiздiң елiмiз кеңестен кейiнгi кезеңдегi күллi кеңiстiкте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитiн өткiзген және ғаламдық ауқымдағы iс-шара — ЭКСПО-2017-нi өзiнде өткiзетiн бiрiншi ел екенiн айтсақ та жеткiлiктi.

2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесi

Бiз «Алдымен экономика — cодан соң саясат» деген айқын формуламен iлгерiлеп келемiз. Саяси реформалардың әрбiр кезеңi экономика дамуының деңгейiмен ұштасады. Сондықтан да бiз саяси ырықтандыру жолын дәйектi ұстанудамыз. Осылайша ғана елдi жаңғыртып, оны бәсекеге қабiлеттi етуге болады.

Қоғам әрбiр қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келедi.

Бiз ел Конституциясында негiзгi құқықтар мен бостандықтарды бекiттiк. Бүгiнгi күнi Қазақстанның барлық азаматтары тең құқықтар мен мүмкiндiктерге ие.

3. Түрлi әлеуметтiк, этникалық және дiни топтардың келiсiмi мен татулығы

Бiз қазақ халқына, бiздiң мәдениетiмiз бен тiлiмiзге қатысты тарихи әдiлдiктi қалпына келтiрдiк.

Этникалық, мәдени және дiни әралуандыққа қарамастан, елiмiзде бейбiтшiлiк пен саяси тұрақтылықты сақтадық.

Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкiлдерi үшiн туған шаңырағына айналды.

Азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiм — бiздiң басты құндылығымыз. Көпұлтты елiмiздегi татулық пен келiсiм, мәдениеттер мен дiндердiң үндесуi әлемдiк эталон ретiнде танылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуiнiң бiрегей еуразиялық үлгiсi болды.

Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды.

4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлiнiсiндегi бiздiң ролiмiз

Бiз Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығында бiрiншi болып жеке меншiкке, еркiн бәсекелестiкке және ашықтық принциптерiне негiзделген нарықтық экономиканың заманауи үлгiсiн жасадық. Бiздiң моделiмiз шетелдiк инвестицияларды тартудағы мемлекеттiң белсендi рөлiне негiзделген.

Бiз елiмiзге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық.

Кәсiпкерлiк қызмет үшiн негiзгi талаптар мен заманауи салық жүйесi қалыптасты.

Бiз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Үдемелi индустрияландыру бағдарламасында екi бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеciн өзгертiп, оны шикiзаттың әлемдiк бағаларының ауытқуына тәуелсiз ету мiндетiн қойдым.

Стратегия-2030 қабылданғаннан берi 15 жыл iшiнде мемлекетiмiз әлемдегi ең серпiндi дамушы елдер бестiгiне ендi.

Нәтижесiнде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша IЖӨ-нiң көлемi жағынан бiз әлемнiң 50 iрi экономикасының қатарына кiремiз.

Әлемнiң барлық елдерi өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнiң бәсекеге қабiлеттi 50 елiнiң қатарына кiру жөнiнде жалпыұлттық мiндетiн қойдым. Қазақстан Дүниежүзiлiк экономикалық форумның рейтингiнде 51-орынды иелендi. Бiз бүгiн осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық.

5. Қоғамдық тұрақтылық пен келiсiмдi қамтамасыз еткен күштi әлеуметтiк саясат

Мен үшiн әрқашан халықтың тұрмыс деңгейi басты өлшем болды әрi солай бола бермек.

15 жыл iшiнде қазақстандықтардың табысы 16 есе өстi.

Табысы күнкөрiс деңгейiнен төмен азаматтардың саны 7 есе азайды, жұмыссыздар саны екi есе қысқарды.

Бiз әлеуметтiк бағдарланған қоғамның негiздерiн қаладық.

Бiз ұлт денсаулығын жақсарту iсiнде едәуiр iлгерiлеуге қол жеткiздiк.

Денсаулық сақтау жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесi реформаланды.

Соңғы бес жылда ана өлiмi шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткiшi бiр жарым есе өстi.

Бiлiм алуға тең мүмкiндiктер жасалуда.

Соңғы 15 жылда бiлiм алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өстi.

Бiлiм берудiң мектепке дейiнгiден бастап жоғары бiлiмге дейiнгi барлық деңгейлерiн түбегейлi жаңғыртуға бағытталған Бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы iске асырылуда.

Бiздiң адам капиталын дамытудағы ұзақмерзiмдi салымдар саясатымыздың арқасында қазiргi талантты жас ұрпақты өсiрдiк.

6. Әлемдiк қауымдастық таныған ел

Әлемдiк саясатта бiздiң елiмiз  — талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенiмдi серiктес.

Бiз жаһандық қауiпсiздiктi нығайту iсiнде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есiрткiнiң заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдiк қауымдастықты қолдаймыз.

Бiз өз қауiпсiздiгiмiз үшiн халықаралық үнқатысу алаңы — Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары кеңесiншақыруға бастамашылық жасадық. Бүгiнгi күнi АӨСШК халқы 3 млрд-тан асатын 24 елдi бiрiктiредi.

Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауiпсiздiк пен Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық Қауiпсiздiк Ұйымына төрағалық еттi.

Астана экономикалық форумында бiз диалогтың жаңа форматын — G-global-ды ұсындық. Бұл бастаманың мәнi — әдiлеттi де қауiпсiз әлемсипатын жасау iсiнде күш-жiгердi бiрiктiру.

Бiз жаһандық энергетикалық және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге лайықты үлес қосамыз.

7. Ядролық қаруды таратпау режiмiн iлгерiлетудегi бiздiң белсендi ролiмiз

Ядролық қаруды таратпау режiмiн нығайту жөнiндегi бастамаларымыз — әлемдiк тұрақтылыққа, тәртiп пен қауiпсiздiкке қосқан сөзсiз үлесiмiз.

Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, бiз жетекшi ядролық державалардан — АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауiпсiздiгiмiзге берiк халықаралықкепiлдiк алдық.

Бiз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негiзгi рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсiресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсендi қолдау көрсетемiз.

Бiз әлемдiк қауымдастықтың ядролық терроризм қатерiне қарсы тұрудағы күш-жiгерiне қолдау жасаймыз.

Қазiр бiз ядролық қатердi таратпау жөнiнде одан әрi табанды шешiмдер қабылдау қажеттiлiгi туралы батыл айтамыз. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт таратпау режiмiнiң арқауы болды және солай бола бермек.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезiрек күшiне енуi таратпау режiмiн нығайтудың маңызды қозғаушысы болуға тиiс.

Бұдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы iс-қимыл күнi деп жариялау туралы ұсынысымды қолдады.

Осының барлығы — жаһандық саясаттағы бiздiң рөлiмiздi тану.

Осындай жауапты саясатының арқасында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режiмiнiң көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшiн үлгi болып танылды.

8. "Қазақстан-2030" Стратегиясы. Негiзгi қорытындылар

«Қазақстан — 2030» Стратегиясында бiз елiмiздiң табысын жоспарладық

Бiз алға қойған мақсаттарға дәйектi де табанды түрде қадам басып келемiз. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың өзiнде ұлттық экономикамыз өсуiн жалғастырды.

Бүгiнгi күнi мен үшiн 2030 Стратегиясының мерзiмiнен бұрын орындауға қол жеткен параметрлерiнiң тұтас бiр қатарын iске асырудың қорытындыларын шығару үлкен абырой.

(1) ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIК. Бiздiң алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту мiндетi тұрды. Бiз жоспарлағаннан да асыра орындадық.

Тұңғыш рет тарихта бiздiң мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгiледi. 14 мың шақырым мемлекеттiк шекара межелендi.

Қазақстан Каспий теңiзiнiң айдынындағы ахуалды сенiмдi бақылауда ұстайды.

Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупi қазiр сейiлген. Бiз ұрпақтарымызға көршiлермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз.

Бiз адамның, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн күштi, заманауи, қорғанысқа қабiлеттi әскердi, пәрмендi құқық қорғау жүйесiн құрдық.

(2) Бiз 140 этнос пен 17 конфессияның өкiлдерi тұратын елде IШКI САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ БIРЛIКТI сақтап, нығайттық. Бiздiң саясатымыз табысты болды.

Бiз демократиялық даму үлгiсi негiзiнде азаматтық қоғам институттарын дәйектi түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөнiндегi Омбудсмен институты құрылды.

Бiзде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазiр елiмiздегi күллi саяси спектрдi көрсететiн партиялар жұмыс iстейдi. Бiзде көппартиялы Парламент, парламенттiк көпшiлiк қолдаған Үкiмет бар.

Азаматтық қоғам дамуда, тәуелсiз БАҚ жұмыс iстеуде. Түрлi бағыттағы 18 мыңнан астам үкiметтiк емес ұйымдаржұмыс iстейдi. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы — жеке иелiкте.

Қазақстан бүгiнде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды.

Әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң алғашқы төрт съезi нақ бiздiң елiмiзде өттi.

ХХI ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара iс-қимылының көпiрi болуға тиiс.

(3) ШЕТЕЛДIК ИНВЕСТИЦИЯЛАР МЕН IШКI САЛЫМДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙI ЖОҒАРЫ АШЫҚ НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА НЕГIЗДЕЛГЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Бiз дамудың нақты, орнықты және үдемелi қарқынына қол жеткiзу мiндетiн қойдық.Бiз осы мiндеттi тарихи тұрғыдан алғанда аса қысқа мерзiмде шештiк.

Дәл осы «Қазақстан-2030» Стратегиясында басты назар экономикалық өсуге аударылды.

Нәтижесiнде, 15 жыл iшiнде ұлттық экономиканың көлемi 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллионтеңгеге өстi.

Елдiң IЖӨ 16 еседен астам өстi. 1999 жылдан бастап Қазақстанның IЖӨ-нiң жыл сайынғы өсуi 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдердi басып озды.

Жан басына шаққанда IЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетiп, 7 еседен астам өстi.

Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тiкелей шетелдiк инвестициялардың көлемi жағынанТМД-да көшбасшы болды. Бүгiн бұл 9200 АҚШ долларына жеттi.

Бiз сыртқы сауданың — 12 есе өсуiне, ал өнеркәсiп өнiмiн өндiру көлемiнiң 20 есе өсуiне қол жеткiздiк.

Осы жылдар iшiнде мұнай өндiру — 3 есе, табиғи газ өндiру 5 есе ұлғайды. Бiз шикiзат ресурстарынан түскен кiрiстiҰлттық қорға жiбердiк.

Бұл — ықтимал экономикалық және қаржылық сiлкiнiстерден қорғайтын сенiмдi қалқанымыз. Бұл — бүгiнгi және болашақ ұрпақ қауiпсiздiгiнiң кепiлi.

Үдемелi индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба iске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы iске асырылған екi жыл iшiнде жалпы көлемi 101,2 млрд. теңгесомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды.

Бiз — бүгiн халқының табысы орташа деңгейдегi және серпiндi дамитын экономикасы бар елмiз.

(4) ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БIЛIМI МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Адамдардың жағдайын түбегейлi өзгертудiң, өмiр сүру жағдайын жақсартудың өмiрлiк маңызы бар. Атқарылған жұмыстың нәтижесi көзге бiрден түседi.

Орташа айлық жалақы 9,3 есе өстi. Зейнетақы төлемдерiнiң орташа мөлшерi 10 есе ұлғайды.

Халықтың нақтылы ақшалай кiрiстерi 16 есе өстi.

Егер 1999 жылы қаржыландыру 46 млрд. теңгенi құраса, 2011 жылы 631 млрд. теңге болды.

Денсаулық сақтаудың бес инновациялық объектiсi — Балаларды оңалту орталығы, Ана мен бала орталығы, Нейрохирургия, Шұғыл медициналық көмек және Кардиология орталықтары кiретiн медициналық кластер құрылды.

Елдiң барлық өңiрлерiнде сапалы медициналық қызметтер алу үшiн қажеттi жағдай жасалды.

Елiмiздiң ең шалғай аудандарын медициналық қызметтермен қамтитын көлiк медицинасы жедел қарқынмен дамуда.

Ұлттық скрининг жүйесi ауруларды бастапқы сатысында анықтауға және олардың алдын алуға мүмкiндiк бередi.

Дәрi-дәрмекпен тегiн және жеңiлдiктi қамтамасыз ету енгiзiлдi.

Соңғы 15 жылда халықтың саны 14 млн-нан 17 млн. адамға дейiн өстi.

Өмiр сүру ұзақтығы 70 жасқа дейiн ұлғайды.

Бiз қолжетiмдi және сапалы бiлiм берудi дамыту бағытын дәйектi жүргiзудемiз.

«Балапан» бағдарламасын iске асыру балаларды мектепке дейiнгi бiлiм берумен 65,4%-ға дейiн қамтуға мүмкiндiк бердi.

Мiндеттi мектепалды даярлық енгiзiлдi, ол мектеп жасына дейiнгi балалардың 94,7%-ын қамтыды.

1997 жылдан берi республика бойынша 942 мектеп, сонымен қатар, 758 аурухана және өзге де денсаулық сақтау нысандары салынды.

Бiз әлемдiк деңгейдегi зияткерлiк мектептер мен кәсiптiк-техникалық колледждер желiсiн дамытудамыз.

Соңғы 12 жылда жоғары бiлiм алуға берiлетiн гранттар саны 182%-ға ұлғайды.

1993 жылы бiз «Болашақ» атты бiрегей бағдарлама қабылдадық, соның арқасында 8 мың талантты жас әлемнiң таңдаулы университеттерiнде озық бiлiм алды.

Астанада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс iстейтiн заманауи ғылыми-зерттеу университетi құрылды.

(5) ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР. Қазақстанның мұнай-газ кешенi күллi экономиканың локомотивi болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигiзедi.

Бiз экономиканың заманауи, тиiмдi мұнай-газ және тау-кен өндiру саласын құруға тиiс едiк. Бiз бұл мiндеттiң үдесiнен шықтық. Бiз бүгiн шикiзат секторының табысын болашақ экономиканы құру үшiн пайдаланудамыз.

Елдiң IЖӨ-де мұнай-газ саласы үлесiнiң тұрақты өсу қарқыны байқалады, ол 1997 жылғы 3,7%-дан 2006 жылы 14,7%-ға және 2011 жылы 25,8%-ға өстi.

Бiз өткiзу нарықтарын әртараптандырып, өз позицияларымызды берiк орнықтырдық, сол арқылы өнiмiмiздi өткiзудiң бiр бағытқа тәуелдiлiгiн азайттық.

(6) ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСIРЕСЕ, КӨЛIК ПЕН БАЙЛАНЫС. Бiз инфрақұрылымды дамыту мiндетiн алға қойдық. Бiз мұны да еңсердiк. Өткен жылдар iшiнде өнеркәсiп, көлiк инфрақұрылымы мен тыныс-тiршiлiк инфрақұрылымының iрi стратегиялық объектiлерi iске қосылды. Бұл — автомобиль және темiр жол магистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орталықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар және т.б.

Осының барлығы көптеген қазақстандықтарға жұмыс тауып бердi, бiз өңiрлiк және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесiне кiрiктiк.

Жыл сайын телекоммуникация тұтынушыларының саны өсе түсуде. Бұл стационарлық телефондарға да, ұтқыр байланысқа да, Интернетке де қатысты.

Электронды үкiмет азаматтардың мемлекетпен өзара iс-қимылын едәуiр жеңiлдеттi.

Соңғы 11 жылда автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар iшiнде ортақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым темiр жол салынды және реконструкцияланды.

Қазiргi уақытта бiз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистральдық көлiк дәлiзiн салып, Жаңа Жiбек жолын жаңғыртудамыз.

Бiз «Өзен — Түркiменстан шекарасы» темiр жол желiсiн салып, Парсы шығанағы мен Үлкен Шығыс елдерiне жол аштық. «Қорғас-Жетiген» жолын төсеп, Қытайдың және күллi Азия құрлығының нарықтарына енiп, Шығыс қақпасын айқара аштық. Бiз «Жезқазған-Бейнеу» темiржолын салуды бастадық.

(7) КӘСIБИ МЕМЛЕКЕТ. Бiз әкiмшiлiк-әмiршiлдiк жүйенiң басқару дәстүрлерiнен түбегейлi бас тартып, басқарушылардың заманауи әрi тиiмдi корпусын құруға тиiспiз. Барлық азаматтар тең құқықтар мен мүмкiндiктерге ие болатын, кадрларды iрiктеу мен жоғарылатудың бiз жасаған жүйесi мемлекеттiк аппарат қызметiнiң кәсiбилiгi мен ашықтығының барынша жоғары деңгейiн қамтамасыз етедi.

Бiз мемлекеттiк басқаруда өзiндiк тұрғыда төңкерiс жасауға қол жеткiздiк, оны халыққа мемлекеттiк қызметтердi көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық.

Осылайша 2030 Стратегиясында белгiленген негiзгi мiндеттер орындалды, қалғандары орындалу үстiнде.

***

Бүгiнгi күнi бiздiң әрқайсымыз «2030 Стратегиясы iске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз. Бұл –бiздiң бiрлiгiмiздiң, табанды да қажырлы еңбегiмiздiң нәтижесi, ұмтылыстарымыз бен үмiттерiмiздiң жанды көрiнiсi.

Бiз өз жетiстiктерiмiз үшiн мақтаныш сезiмiне бөленемiз.

Әлемдiк дағдарыс бiздiң мемлекет пен қоғам ретiнде орныққанымызды растады. Бiздiң шекарамыз, саяси жүйемiз, экономикалық үлгiмiз ел iшiнде де, одан сыртқары жерде де ендiгi жерде елеулi келiспеушiлiктер мен талас-тартыстардың өзегiне айналмайды.

Ендi бiздiң алдымызда жаңа мiндет тұр. Бiз мемлекетiмiздiң ұзақ мерзiмдi кезеңге бағдарланған одан әрi даму векторынкүшейтуге тиiспiз.

II. ХХI ҒАСЫРДЫҢ ОН ЖАҺАНДЫҚ СЫН-ҚАТЕРI

Қазiргi уақытта адамзат жаңа жаһандық сын-тегеурiндермен бетпе-бет келуде.

Елiмiз бен өңiрiмiз үшiн мен он негiзгi сын-қатердi бөлiп көрсетемiн. Егер бiз өз дамуымызда жаңа табыстарға одан әрi қол жеткiзудi жоспарлайтын болсақ, олардың әрқайсысын мiндеттi түрде ескеруге тиiспiз.

Бiрiншi сын-қатер — тарихи уақыттың жеделдеуi.

Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерiстердiң жылдамдығы адамды таң қалдырады.

Соңғы 60 жылда Жер тұрғындарының саны үш есе көбейдi, ол 2050 жылға қарай 9 млрд. адамға жетедi. Осы кезең iшiнде әлемдiк iшкi жалпы өнiм 11 есе өстi.

Бүкiл әлемдiк тарихи процестiң жеделдеуi қай кезде де мемлекеттер алдында жаңа шектеусiз мүмкiндiктер ашады, ал оларды толығымен пайдаланғанымызды мен мақтан тұтамын.

Соңғы 20 жылдан астам уақытта бiз қоғам өмiрiнiң барлық салаларына өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргiздiк. Көптеген басқа елдерге 100, тiптi 150 жыл керек болған нәрселердi атқардық.

Дегенмен осы уақытқа дейiн жалпы жаңғырту үдерiсiне кiрiкпеген әлеуметтiк топтар бар. Оның объективтi себептерi де бар. Қоғамда адамдардың моральдық жай-күйi мен қоғамдық аңсар-үмiтiне әсер ететiн бiрқатар теңгерiмсiздiк әлi де орын алуда.

Бiз осы теңгерiмсiздiктi жойып, қоғамның барлық жiктерiне қоғамдық жаңғырту процесiне кiрiгу мүмкiндiгiн беруiмiз керек. Олар қоғамда өзiнiң лайықты орнын тауып, Жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкiндiктердi толық пайдалануға тиiс.

Екiншi сын-қатер — жаһандық демографиялық теңгерiмсiздiк.

Жаһандық демографиялық теңгерiмсiздiк күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдiк тренд — адамзаттың қартаюы. Ендi 40 жылдан кейiн алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседi. Туудың азаюы және адамзаттың қартаюы көптеген елдерде еңбек нарығындағы проблемаларға, атап айтқанда, еңбек ресурстарының жетiспеушiлiгiне сөзсiз әкеледi.

Шиеленiсе түскен демографиялық теңгерiмсiздiк жаңа көшi-қон толқындарын туғызып, күллi әлемде әлеуметтiк шиеленiстi күшейте түседi.

Бiз Қазақстанда заңсыз еңбек мигранттары жергiлiктi еңбек нарықтарын тұрақсыздыққа әкелген елдiң жекелеген өңiрлерiндегi көшi-қон қысымымен бетпе-бет келiп отырмыз.

Бiз таяу болашақта керi процеспен — елдiң шегiнен тыс жерлерден бiзге келетiн еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуiмiз әбден мүмкiн екенiн түсiнуге тиiспiз.

Бiз жас ұлтпыз. Елiмiздегi орташа жас — 35. Бұл бiздiң адамдық әлеуетiмiздi сақтауға, әлемде өзiмiздiң дұрыс орнығуымызға зор мүмкiндiк бередi. Бүгiнгi күнi алға жылжуға бiзде жақсы негiз бар.

Елiмiзде әрбiр iздеген адам табуына болатын жұмыс бар. Оның үстiне бiздiң әрқайсымыздың өзiмiз жұмыс iстеп, өзiмiздi асырауға мүмкiндiгiмiз бар. Бұл — бiздiң үлкен жетiстiгiмiз.

Мен сiздердi жалпыға ортақ еңбек қоғамына бастап келемiн, онда жұмыссыздар жай ғана жәрдемақы алушылар емес, олар жаңа кәсiптердi меңгеретiн болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсендi түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегi үшiн лайықты жағдай жасай алады.

Бiздiң жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-бiлiмдi игеруге, жаңа машықтар алуға, бiлiм мен технологияны күнделiктi өмiрдешебер де тиiмдi пайдалануға тиiс. Бiз бұл үшiн барлық мүмкiндiктердi жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуiмiз керек.

Үшiншi сын-қатер — жаһандық азық-түлiк қауiпсiздiгiне төнетiн қатер.

Әлемдiк халық саны өсуiнiң жоғары қарқыны азық-түлiк проблемасын күрт шиеленiстiрiп отыр.

Бүгiннiң өзiнде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетiспеушiлiгiн бастан кешiруде. Тамақ өнiмдерiн өндiруде революциялық өзгерiстер жасамаса, осынау үрейлi цифрлар тек өсе түспек.

Бiз үшiн бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкiндiктер бар.

Бiз қазiрдiң өзiнде астық дақылдарын аса iрi экспорттаушылар қатарына ендiк. Бiзде аса iрi экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнiмдерiн шығара аламыз.

Ауыл шаруашылығы өнеркәсiбiнде сапалы секiрiс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшiн бiзге жаңа тұрпаттағы мемлекеттiк ой-сана қажет болады.

Төртiншi сын-қатер — судың тым тапшылығы.

Әлемдiк су ресурстары да қатты қысым көрiп отыр.

Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өстi. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады.

Су — барынша шектеулi ресурс және оның көздерiн иелену үшiн күрес жер бетiндегi шиеленiс пен жанжалдар себептерiнiң бiрi ретiнде, қазiрдiң өзiнде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр.

Сумен қамтамасыз ету проблемасы бiздiң елiмiзде де өткiр болып отыр. Бiзге сапалы ауыз су жетiспейдi. Бiрқатар өңiрлер оның зардабын қатты тартуда.

Бұл проблеманың геосаяси астары да жоқ емес. Қазiрдiң өзiнде бiз трансшекаралық өзендердiң су ресурстарын пайдалануда бiрқатар мәселелермен бетпе-бет келдiк. Аталған мәселенiң күрделiлiгiне қарамастан, бiз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиiспiз.

Бесiншi сын-қатер– жаһандық энергетикалық қауiпсiздiк.

Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда.

2050 жылға қарай алғанның өзiнде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 %-на дейiн өндiруге мүмкiндiк бередi.

Көмiрсутегi экономикасының дәуiрi бiрте-бiрте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмiр тiршiлiгi тек бiр ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздерiне негiзделетiн жаңа дәуiр келе жатыр.

Қазақстан жаһандық энергетикалық қауiпсiздiктiң басты элементтерiнiң бiрi болып саналады.

Мұнай мен газдың әлемдiк деңгейдегi аса iрi қорларын иеленетiн бiздiң елiмiз өзiнiң энергетикалық саладағы сенiмдi стратегиялық әрiптестiк пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бiр қадам да кейiн шегiнбейтiн болады.

Алтыншы сын-қатер — табиғи ресурстардың сарқылуы.

Жердiң табиғи ресурстарының шектеулiлiгi, түгесiлуi жағдайында адамзат тарихындағы теңдесi жоқ тұтынудың өсуi әр бағыттағы, келеңсiз де, оң да үдерiстердi үдете түседi.

Бiздiң елiмiз бiрқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бiзге көп табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға бiздiң ресурстарымыз қажет болады.

Бiзге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегiнен өткiзудiң принциптi маңызы бар. Бiз оларды сатудан қазынамызға кiрiс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, елiмiздiң табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиiмдi кiрiктiрудi үйренуiмiз керек.

Жетiншi сын-қатер — Үшiншi индустриялық революция.

Адамзат Үшiншi индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндiрiс ұғымының өзiн өзгертедi. Технологиялық жаңалықтар әлемдiк нарықтың құрылымы мен қажеттiлiктерiн түбегейлi өзгертедi. Бiз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмiр сүрiп жатырмыз.

Цифрлық және нанотехнология, регенеративтiк медицина және басқа да көптеген ғылыми жетiстiктер қоршаған ортаны ғана емес, адамның өзiн трансформациялап, күнделiктi ақиқатқа айналады.

Бiз осынау үдерiстердiң белсендi қатысушылары болуға тиiспiз.

Сегiзiншi сын-қатер — үдей түскен әлеуметтiк тұрақсыздық.

Қазiргi уақытта ең үлкен әлемдiк проблемалардың бiрi — күшейе түскен әлеуметтiк тұрақсыздық. Оның негiзгi себебi –әлеуметтiк теңсiздiк.

Бүгiнде әлемде екi жүз миллионға жуық адам жұмыс таба алмай отыр. Еуропалық Одақтың өзiнде жұмыссыздық соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетiп, көптеген жаппай тәртiпсiздiктерге түрткi болып отыр.

Мұның жанында Қазақстандағы ахуал бiршама қолайлы болып отырғанын мойындау керек. Бүгiнде бiз бүкiл жаңа тарихымыз iшiндегi жұмыссыздықтың ең төменгi деңгейiндемiз. Бұл, сөз жоқ, үлкен жетiстiк. Солай бола тұра, бiз масаттануға тиiс емеспiз.

Әлеуметтiк-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға сөзсiз қысым көрсетiп, бiздiң төзiмiмiздi сынаққа алатын болады.

Сондықтан күн тәртiбiне әлеуметтiк қауiпсiздiк және әлеуметтiк тұрақтылық мәселесi қойылады. Бiз үшiн маңызды мiндет –қоғамымыздағы әлеуметтiк тұрақтылықты нығайту.

Тоғызыншы сын-қатер — өркениетiмiз құндылықтарының дағдарысы.

Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешiрiп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттiң күйреуiн жариялайтын үндер жиi естiледi. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, бiз үшiн осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принциптi маңызы бар. Өз тәжiрибемiзден бiлетiнiмiз, бiздiң «осал тұсымыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық.

Бiз мәдениеттер мен дiндердiң қатар өмiр сүруi жағдайында өмiр сүрiп үйренуiмiз керек. Бiз мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейiлдi болуға тиiспiз.

Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана бiздiң елiмiз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткiзе алады. ХХI ғасырда Қазақстан өзiнiң өңiрлiк көшбасшылық ұстанымын нығайтып, Шығыс пен Батыстың үндестiгi мен өзара iс-қимылы үшiн көпiр болуға тиiс.

Оныншы сын-қатер –әлемдiк жаңа тұрақсыздық қаупi.

Әлемде не болып жатқанын бiздiң бәрiмiз көрiп отырмыз. Бұл дағдарыстың жаңа толқыны емес, әлемдiк экономика әлi еңсере алмай отырған 2007-2009 жылдардағы дағдарыстың жалғасы.

Жаһандық экономикалық жүйе 2013-2014 жылдардың өзiнде елеулi iркiлiске ұшыратып, атап айтқанда, шикiзатқа әлемдiк бағаның құлдырауын туғызуы мүмкiн. Бiз үшiн мұндай көрiнiс аса тиiмдi бола қоймайды.

ЕО мен АҚШ-тағы ықтимал рецессия дамыған елдердiң шикiзат ресурстарына қажеттiлiгiн төмендетуге әкелуi мүмкiн.

Еуроодақтағы жоқ дегенде бiр мемлекеттiң ықтимал дефолты «домино әсерiн» тудырып, бiздiң халықаралық резервтерiмiздiң сақталуы мен экспорттық өнiм беруiмiздiң тұрақтылығына күмән туғызуы мүмкiн.

Валюталық резервтердiң қысқаруы валюталық бағамдар мен инфляцияның қысымын күшейтiп, бұл қайтадан әлеуметтiк-экономикалық ахуалға керi әсер етуi мүмкiн.

Осыған байланысты бiз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрiнiсiне жан-жақты дайын болу үшiн билiктiң барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келiсiлген және үйлестiрiлген бағытын тұжырымдауға тиiспiз.

III. "Қазақстан-2050" Стратегиясы — тым құбылмалы тарихи жағдайдағы

жаңа Қазақстан үшiн жаңа саяси бағыт

Құрметтi қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

1. Бiз шешуге тиiстi мiндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгердi.

Жаңа сын-қатерлердi лайықты қабылдау үшiн ендiгi жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткiлiктi емес. Бiз жоспарлау көкжиегiн кеңейтiп, 15 жыл бұрынғыдай кезектi дүниетанымдық серпiлiс жасауымыз керек.

Бiрiншiден, Қазақстан — қазiргi заманғы мемлекет. Бiздiң мемлекетiмiз кемелдiкке жеттi. Сондықтан да бүгiнгi күн тәртiбi мемлекеттiң қалыптасуы кезеңiндегiден өзгеше.

Дүниеде болып жатқан өзгерiстердiң сипаты мен тереңдiгi, жаһандық өзара iс-қимыл ұзақ мерзiмдi дамуды талап етедi. Көптеген елдер қазiрдiң өзiнде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жiберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазiргi тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетiгiне айналуда.

Екiншiден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бiздiң мемлекеттiлiгiмiздiң қалыптасу кезеңi үшiн жасалған болатын. Өзiнiң базалық өлшемi бойынша ол орындалды.

Үшiншiден, бiз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауiп-қатерлерге кезiгiп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңiрлерге әсерiн тигiзуде.

Бiз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесiнде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемi жағынан теңдесi жоқ әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс төнедi деп ешкiм күтпеген едi.

2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретiнде жасалды. Бiз о бастан-ақ оған түзетулер енгiзу мүмкiндiгiн ескердiк.

Әлемдегi жағдай өзгеретiнiн және өмiр өз түзетулерiн енгiзуi мүмкiн екенiн түсiне отырып, менiң тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы бiздiң орнымыз бен бiздiң мүмкiндiктерiмiздi ой елегiнен өткiзе отырып жұмыс iстейтiн жұмыс тобы құрылды.

Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейiнгi жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның iшiнде 2030 Стратегиясының мiндеттерiн орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты бiздiң жоспарларымызға түзетулерiн енгiзетiнiн нақты түйсiнуiмiз керек.

2050 жыл — жай бейнелi дата емес.

Бұл бүгiнде әлемдiк қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзiм.

БҰҰ-да 2050 жылға дейiнгi өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзiрлендi.

2050 жылға дейiнгi болжамдық баяндаманы Дүниежүзiлiк азық-түлiк ұйымы жариялады.

Қазiр елдердiң денi осындай ұзақ мерзiмдi стратегиялар әзiрлеп, қабылдауда. Қытай өзi үшiн дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегiн айқындап алды.

Iрi трансұлттық компаниялардың өзi алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзiрлеуде.

Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда бiздiң жаңа мемлекетiмiзде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны ендi ғана мектепке баруға даярланып жатты.

Бүгiнде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.

Ендi екi-үш жылдан соң Тәуелсiздiктiң екiншi буыны дүниеге келе бастайды.

Сондықтан қазiрдiң өзiнде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.

Бiздiң басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.

Қазақстан ХХI ғасырдың ортасына қарай әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарында болуға тиiс.

Бiздiң жетiстiктерiмiз бен қазақстандық даму үлгiсi Жаңа саяси бағыттың негiзi болуға тиiс.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы — "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегi үйлесiмдi дамуы. «Бiз кiмбiз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келедi?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделi екенiне сенiмдiмiн.

Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейiнгi жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менiң Қазақстан халқына жолдауым болады.

***

2. Бiз қайда бара жатырмыз?

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнiң ең дамыған отыз елiнiң қатарында болуға тиiс.

Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестiк қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезiне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиiс. Бiз бiрiншi дәрежедегi мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрi шабытты жұмыс iстеуiмiз керек:

Мемлекеттiлiктi одан әрi дамыту және нығайту.

Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.

Ұлттық экономиканың жетекшi күшi — кәсiпкерлiкке жан-жақты қолдау көрсету.

Жаңа әлеуметтiк үлгiнi қалыптастыру.

Бiлiм беру мен денсаулық сақтаудың қазiргi заманғы және тиiмдi жүйесiн құру.

Мемлекеттiк аппараттың жауапкершiлiгiн, тиiмдiлiгi мен функционалдығын арттыру.

Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлерiне парапар саясат құру.

Бүгiн, сонымен қатар, мен 2050 жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз ететiн 2013 жылғы бiрiншi кезектегi мiндеттердi атағалы отырмын.

Осы мiндеттерге сәйкес Үкiмет шұғыл түрде 2013 жылғы жалпыұлттық iс-қимыл жоспарын әзiрлеуi тиiс.

Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және билiктiң атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершiлiгiн көздеуi тиiс. Президент Әкiмшiлiгi оны дайындау және кейiннен iске асыру барысын ерекше бақылауға алуға тиiс.

Ендi мен "Қазақстан 2050" Стратегиясының негiзгi бағыттары туралы өз пайымдауымды алға тартқым келедi.

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты — пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабiлеттiлiктен қайтарым алу принципiне негiзделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәнi — түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнiнде бұл бiздiң бүгiнгi көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлi өзгерту.

Бұл ненi бiлдiредi?

Бiрiншi. Экономикалық және басқару шешiмдерiн түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзiмдi мүдделер тұрғысында қабылдау.

Екiншi. Қазақстан толыққанды бизнес-серiктестiк ретiнде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тiректерiн құру.

Үшiншi. Экономикалық әлеуеттi арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кiрiстiлiк пен қайтарым.

Төртiншi. Экономиканың тиiмдi жеке секторын құру және мемлекеттiк-жекеменшiк серiктестiктi дамыту. Экспортты мемлекеттiк ынталандыру.

Жаңа кадр саясаты

Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиiс. Бұл үшiн бiз:

Басқарушылық ресурсын жетiлдiруге тиiспiз әрi бұл үшiн бiзде резервтер бар.

Менеждменттiң жаңа құралдарын және мемлекеттiк сектордағы корпоративтiк басқарудың қағидаларын енгiзу қажет.

Мұнымен бiр мезгiлде халықаралық еңбек бөлiнiсiнен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, бiздiң жаңа бағытымыздың бiрқатар мiндеттерiн iске асыру үшiн аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Бiз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздiк шетел мамандарын тартуға және оларды елiмiзге жұмысқа шақыруға тиiспiз.

Кең көлемдi халықаралық тәжiрибесi бар әрi бiлiмдi басқару кадрларды пайдалану екi бiрдей нәтиже бередi: бiз өндiрiсiмiздiң менеджментiн жаңғыртумен қатар, өзiмiздiң отандық кадрларымызды үйретемiз. Бұл — бiз үшiн жаңа тәжiрибе.

2050 жылға дейiн кезең-кезеңмен мынадай мiндеттердi шешу принциптi маңызды:

Бiрiншiден, мемлекеттiң макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиiс.

Бюджет саясаты

Бiз бюджет саясатының жаңа принциптерiмен қарулануға — өз мүмкiндiктерiмiз шегiнде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкiндiкте қысқартуға тиiспiз. Ұзақ мерзiмде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет.

Бюджеттiк-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секiлдi ұқыпты да ойластырылған болуға тиiс. Басқаша айтқанда, бiрде-бiр бюджеттiк теңге ысырап болмауға тиiс.

Мемлекет бюджетi ұзақ мерзiмдi перспектива тұрғысынан қарағанда өнiмдi, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секiлдi жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиiс.

Инвестициялар үшiн объектiлердi олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң iрiктеу қажет. Ең заманауи объектiлердiң өзi оларды ұстап тұру үшiн шығыстарды талап етiп, бiрақ кiрiстер әкелмейтiн болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтiн болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.

Салық саясаты

Өндiрiс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектiлерi үшiн қолайлы салық режiмiн енгiзу қажет. Қазiр бұл жұмыс басталды. Оны жетiлдiру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңiлдiктерiне ревизия жүргiзiп, оларды мейiлiнше тиiмдi ету керек.

Бiз салық әкiмшiлiгiн ырықтандыру және кеден әкiмшiлiгiн жүйелендiру саясатын жалғастыруға тиiспiз. Салық есептiлiгiн жеңiлдетiп әрi мейлiнше азайту қажет.

Бiз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын iздеуге емес, бәсекелестiкке ынталандыруымыз қажет.

Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектiлерiнiң салық қызметiмен диалогын азайтуға тиiс. Алдағы бес жылда бәрiмiз онлайн-электрондық есептiлiк режiмiне көшуiмiз керек.

2020 жылдан бастап бiз салықтық несиелендiру практикасын енгiзуiмiз керек. Басты мiндет — кәсiпкерлердiң инвестициялық белсендiлiгiн ынталандыру.

Жаңа салық саясаты әлеуметтiк бағыт алуға тиiс. Бұл үшiн 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенiн, соның iшiнде бiлiм беруге, өзiн, өз отбасын, қызметкерлерiн медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтiн ынталандыру кешенiн әзiрлеу қажет.

Осылайша, бизнес деңгейiндегi болашақ салық саясаты iшкi өсiмдi ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейiнде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиiс.

Ақша-кредит саясаты

Әлемдiк экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, бiз инфляциядан әрбiр қазақстандықтың кiрiстерiн қорғауды қамтамасыз ететiн және экономикалық өсiм үшiн лайықты деңгейiн ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдiң әлеуметтiк қауiпсiздiгiнiң мәселесi. Және де бұл — 2013 жылдың өзiнен бастап Ұлттық Банк пен Үкiмет жұмысының басты мәселесi.

Қазақстандық банктер өз кезегiнде өзiнiң мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттiк ресурстарға деген қажеттiлiгiн қамтамасыз етуге тиiс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсiретуге болмайды, банктердi проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерiмен тығыз айналысу қажет.

Бұл үшiн Ұлттық Банк пен Үкiметке Президент Әкiмшiлiгiнiң үйлестiруiмен экономиканы қажеттi ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлi ақша-кредит саясатының жаңа жүйесiн әзiрлеу қажет болады.

Мемлекеттiк және сыртқы қарызды басқару саясаты

Бiз елдiң мемлекеттiк қарызының деңгейiн тұрақты бақылауда ұстауға тиiспiз.

IЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1%-дан 2015 жылы 1,5%-ға дейiн төмендету керек.

Мемлекеттiк қарыз аз мөлшерлi деңгейде қалуға тиiс. Бұл қағидатты мiндет, өйткенi, бiз әлемдiк тұрақсыздық жағдайында бюджетiмiздiң тұрақтылығын және ұлттық қауiпсiздiгiмiздi тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

Экономиканың квазимемлекеттiк секторы борышының деңгейiн қатаң бақылау қажет.

Екiншiден, бiздiң инфрақұрылымды дамытуға деген қағидатты түрде жаңа көзқарасымыз болуға тиiс.

Инфрақұрылым экономикалық өсiмнiң мүмкiндiктерiн кеңейтуге тиiс.

Инфрақұрылымды екi бағытта дамыту: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға кiрiктiру, сонымен қатар, ел iшiнде өңiрлерге қарай қадам жасау қажет.

Өз пайдамызды мұқият есептей отырып, Қазақстанның шегiнен тыс өндiрiстiк көлiктiк-логистикалық объектiлер құру үшiн, елден сыртқа шығуға назар тiктеудiң маңызы зор. Бiз қазiргi түсiнiктерiмiзден арылып,өңiрде және барша әлемде — Еуропада, Азияда, Америкада, мысалы, теңiзге тiкелей шыға алатын елдердiң порттары, әлемнiң тораптық транзиттiк нүктелерiндегi және тағы басқа, көлiктiк-логистикалық хабтар секiлдi қазiргi заманғы кәсiпорындар құруға тиiспiз. Осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» арнайы бағдарламасын әзiрлеу қажет болады.

Бiз өз транзиттiк әлеуетiмiздi дамытуға тиiспiз. Бүгiнде нәтижесiнде 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттiк тасымалдау екi есеге ұлғаюы тиiс болатын бiрқатар iрi жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар iске асуда. 2050жылға қарай — бұл цифр он есе ұлғаюға тиiс.

Осының бәрi басты мақсатқа — экспортымызды тек бiздiң өнiмiмiз бен қызметтерiмiзге деген ұзақ мерзiмдi сұранысболатын әлемдiк нарықтарға қарай жылжытуға бағынуға тиiс.

Инфрақұрылым жасау, сонымен қатар, табыстылық заңына бағынуға тиiс. Жаңа бизнестердi дамытуға және жұмыс орындарын ашуға бастайтын жерде ғана құрылыс жүргiзу қажет.

Шалғай өңiрлердi немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткiлiктi емес өңiрлердi өмiрлiк маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектiлерiмен қамту үшiн бiз «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға тиiспiз. Бұл үшiн көлiк жүйесiнiң озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет.

Үкiметке 2013 жылы Инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеп, қабылдауды тапсырамын.

Үшiншiден, мемлекеттiк активтердi басқару жүйесiн жаңғырту.

Қазақстан — әлемдiк ауқымда көлемi шағын экономика. Сондықтан оны өте тиiмдi басқару қажет. Ел бiртұтас корпорациясекiлдi жұмыс iстеуi тиiс, ал мемлекет оның өзегi болуға тиiс.

Корпоративтiк ойдың қуаты барлық процестердiң бiртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегi мемлекеттiк басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиiс.

Қайталап айтамын: елдiң бюджетiн жай бөлiп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет.

Тиiмдiлiктiң басты өлшемi — бiздiң салымдарымыздан түсетiн қайтарым деңгейi. Елдiң өндiрiстiк әлеуетiн қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезiрек әлеуеттi ойыншыға айналады.

Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудiң «локомотивi» болуға тиiс. Ұлттық қордың қаражатын бiрiншi кезекте ұзақ мерзiмдiк стратегиялық жобаларға бағыттау керек. 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиiс, бiрақ бұл қаражатты мейiлiнше тиiмдi де ойластырып пайдалану керек.

Мемлекет Үшiншi индустриалдық революция нәтижесiнде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиiс. Ұлттық индустрия бiз өз елiмiзде өндiруге тиiс ең жаңа композиттiк материалдарды тұтынуы керек.

Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттiк әлеуеттi дамытуды ынталандыруы тиiс. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы бiз әлемдiк ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3%-ын өткiзуге тиiспiз. 2050 жылға қарай бұл цифр кем дегенде екi еселенуге тиiс.

Сонымен қатар, жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен инновацияларға салуын ынталандыру керек. Мына нәрсенi баса айтқым келедi: инновацияларды енгiзудiң маңызы зор, бiрақ бұл басты нысана емес. Бiздiң жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация — ақшаны босқа шығындау деген сөз.

Жекелеген компаниялар мен салаларды iрiктеп қолдау тәжiрибесiн тоқтату керек. Бiз әлеуметтiк-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдейтiн салаларды ғана қолдауға тиiспiз.

Төртiншiден, табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлi жаңа жүйесiн енгiзу қажет.

Бiз ресурстарды экономикалық өсудi, ауқымды сыртқы саяси және сыртқы экономикалық уағдаластықтарды қамтамасыз ету үшiн Қазақстанның маңызды стратегиялық артықшылығы ретiнде пайдалануға тиiспiз.

Қазiрдiң өзiнде шикiзаттың жаңа қаржылық күйреу жағдайында тұрақсыздандыруға ұшырайтын халықаралық нарықтарға шығуын барынша жеделдету қажет. Бiздiң негiзгi импорттаушыларымыз шикiзат сатып алуды елеулi қысқартуы, ал баға күрт төмендеуi мүмкiн. Ал бiздiң озыңқы стратегиямыз кейiннен елге ықтимал жаһандық дағдарыс кезеңiнен аман өтуге көмектесетiн қаражатты нарықтардың тұрақсыздануы басталғанға дейiн өте тез жинақтауға мүмкiндiк бередi.

Технологиялық революция шикiзат тұтыну құрылымын өзгертедi. Мысалы, композиттер технологиясын және бетонның жаңа түрлерiн енгiзу темiр кенi мен көмiрдiң қорларын құнсыздандырады.

Бұл — қазiргi жоғары әлемдiк сұранысты елдiң мүддесiне пайдалану үшiн табиғи ресурстарды өндiру мен әлемдiк нарыққа жеткiзу қарқынын арттырудың тағы бiр факторы.

Көмiрсутегi шикiзатының нарығында iрi ойыншы болып қала отырып, бiз энергияның баламалы түрлерiн өндiрудi дамытуға, күн мен желдiң энергиясын пайдаланатын технологияларды белсендi енгiзуге тиiспiз. Бұл үшiн бiзде барлық мүмкiндiктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерiн қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиiс.

Егер ұлтымыз шикiзат ресурстарынан түсетiн кiрiстердi 35 жылдан кейiн пайдаланғысы келсе, бұған бүгiннен бастап дайындалу керек. Бiзге арнайы стратегия әзiрлеу — барлық iрi корпорациялар мен концерндер тәжiрибесiндей алда тұрған барлық жылдарға барша жұмысты бөлiп жоспарлау үшiн басымдықтарды, серiктестердi айқындап алу қажет.

Бұл — бiздiң төл тарихымыздың басты сабағы: Қашаған бойынша келiссөздер мен дайындықты бiз осыдан 20 жыл бұрын дерлiк бастадық, ал нәтижесiн тек қазiр ғана алуға кiрiстiк.

Стратегияны әзiрлеудiң негiзгi бағыттары:

Өңiрлер инвестициялар тартуға мүдделi болуы үшiн жер қойнауын пайдалануға мораторийдi жою қажет.

Бiз жай ғана шикiзат беруден энергия ресурстарын қайта өңдеу мен аса жаңа технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа көшуге тиiспiз. 2025 жылға қарай бiз өз нарығымызды жаңа экологиялылық стандарттарына сай жанар-жағармай материалдармен толықтай қамтамасыз етуге тиiспiз.

Бiз инвесторларды елiмiзге ең заманауи өндiру және қайта өңдеу технологияларын беру шартымен ғана тартуғатиiспiз. Бiз инвесторларға елiмiздiң аумағында ең жаңа өндiрiстер құратын болса ғана шикiзаттарымызды өндiру мен пайдалануға рұқсат беруге тиiспiз.

Қазақстан инвестиция үшiн өңiрлiк тартылыс күшi болуы тиiс. Бiздiң елiмiз инвестиция үшiн және технологиялар трансфертi үшiн Еуразиядағы ең тартымды болуға тиiс. Мұның принциптi маңызы бар. Бiз инвесторларға қолда бар артықшылықтарымызды көрсетуге тиiспiз.

Барлық өндiрушi кәсiпорындар тек экологиялық зиянсыз өндiрiстi енгiзуге тиiс.

Құрметтi отандастар!

Ұлт болашағы мен мемлекет қауiпсiздiгi мүддесiнде көмiрсутегi шикiзатының стратегиялық «резервiн» құру керек. Стратегиялық резерв ел энергетикалық қауiпсiздiгiнiң iргетасы болады. Осылайша бiз ықтимал экономикалық сiлкiнiстер жағдайына тағы бiр қорғаныс шебiн құрамыз.

***

Бесiншiден, бiзге индустрияландырудың келесi фазасының жоспары қажет.

Екi жылдан кейiн үдемелi инновациялық индустрияландыру бағдарламасын iске асырудың бiрiншi бесжылдығы аяқталады.

Үкiмет индустрияландыру бағдарламасының келесi фазасының егжей-тегжейлi жоспарын әзiрлеуi тиiс. Перспективалық технологиялық бағыттарды дамытудың сценарийi қажет.

Нәтижесiнде, экспорттың жалпы көлемiндегi шикiзаттық емес экспорттың үлесi 2025 жылға қарай екi есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиiс.

Бұл үшiн не iстеу қажет?

2050 жылға қарай Қазақстан өзiнiң өндiрiстiк активтерiн ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиiс.

Бәсекеге ең қабiлеттi салаларда бiз отандық өндiрушiлер үшiн жаңа нарықтық тауашалар қалыптастыру стратегиясын белсендi әзiрлеуге тиiспiз. Бұл, әсiресе, ДСҰ-ға кiру перспективаларын ескере отырып, керi индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерiн болдырмауға мүмкiндiк бередi.

Отандық тауарлар бәсекеге қабiлеттi болуы тиiс. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтiң қатысуымен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құрудың iс жүзiндегi кезеңi басталды.

Жиынтық IЖӨ-сi 2 трлн. АҚШ доллары болатын, 170 млн. тұтынушыны бiрiктiретiн осынау ауқымды нарық бiздiң бизнестi бәсекеге қабiлеттiлiкке үйретуi тиiс. Бұл ретте осынау экономикалық-интеграциялық үдерiсте Қазақстан өз егемендiгiнiң бiр мысқалын да жоғалтпайды.

Бiз экспортқа бағытталған шикiзаттық емес секторды кеңейтуге негiзделген жаңа өндiрiстi дамытуға тиiспiз.

Бiз Үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасын өнеркәсiптiк қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиiспiз. Бұл үшiн бiзге бiрлескен халықаралық компаниялар мен ел үшiн пайдалы серiктестiктер құру мен дамытудың кiшi бағдарламасы қажет.

2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерiнiң әлемдiк нарығындағы өз тауашасын кеңейтiп, басталған бiрқатар жобаларды қисынды аяқтауға дейiн жеткiзуге тиiс. Мен Астанадағы ғарыштық аппараттар құрастыру-сынақтан өткiзу кешенiн, қашықтан зондтау ғарыштық жүйесiн, ғарыштық мониторинг пен жердегi инфрақұрылымның ұлттық жүйесiн және жоғары дәлдiктегi спутниктiк навигация жүйесiн айтып отырмын.

Екi жетекшi инновациялық кластердi — Назарбаев Университетiн және Инновациялық технологиялар паркiн дамытуды жалғастыру керек. Бiзге төменкөмiртектi экономикаға жедел көшу қажет.

2013 жылы «жасыл көпiр» халықаралық ұйымын құруды, сонымен қатар, Алматының маңындағы төрт серiктес қаладаGreen4 жобасын iске асыруды бастауды ұсынамын.

Елдiң дамудың «жасыл» жолына көшуiне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпiлiс беруi тиiс. Астанада ғылым мен техниканың үздiк әлемдiк жетiстiктерi ұсынылатын болады.

Көптеген қазақстандықтар бiз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзiмен көре алады.

***

Қазiр мен елiмiздiң Үшiншi индустриялық революцияға дайындығының шарты болып табылатын ең принциптi мәселелердi атадым.

Алтыншыдан, ауыл шаруашылығын, әсiресе, ауыл шаруашылығы өнiмiне өсiп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет.

Әлемдiк азық-түлiк нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн арттыру үшiн бiзге мыналар қажет:

Егiстiк алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкiндiк барлық елдерде бiрдей жоқ екенiн атап өтемiн.

Егiстiк түсiмiн, ең алдымен жаңа технологиялар енгiзу есебiнен елеулi көтеру қажет.

Бiз әлемдiк деңгейдегi мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшiн үлкен әлеуетке иемiз.

Бiз экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабiлеттi брендтер құруға тиiспiз. Нәтижесiнде мен агроөнеркәсiптiк кешеннiң алдына — экологиялық таза өндiрiс саласындағы жаһандық ойыншы болу мiндетiн қоямын.

Ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлiк пен шағын және орта бизнестi дамыту.

Бұл — өзектi мiндет. Бұл арада бiзге:

Жер өңдеу мәдениетiн өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетiстiктердi ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерiмiздi жаңғыртуымыз қажет.

Аса iрi экспорттық нарықты меңгеру үшiн бiз қай азық-түлiктiң жаппай өндiрiсiн басты етiп қоятынымызды айқындауымыз керек.

Алынған шаралардың нәтижесi 2050 жылға қарай ел IЖӨ-дегi ауылшаруашылық өнiмiнiң үлесi 5 есе артуы болуы тиiс.

2013 жылдың өзiнде Үкiметке мыналарды тапсырамын:

Ел агроөнеркәсiп кешенiнiң 2020 жылға дейiнгi дамуының жаңа бағдарламасын әзiрлеу.

2020 жылға қарай ауыл шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың көлемiн 4,5 есе арттыру.

Ең жаңа агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және iрi тауарлық ауылшаруашылық өндiрiстерiн құру жөнiндегi заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесiн тұжырымдау.

Берiлгеннен кейiн белгiлi бiр кезеңде игеру қолға алынбаған жерлерге салық мөлшерлемелерiн көтерудi енгiзу.

Жетiншiден, елiмiздiң су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет.

Ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшiн бiзге аса көп су көлемi қажет. Осыған байланысты бiз:

Басқа елдердегi, мысалы, Австралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудiң озат тәжiрибесiн мұқият зерделеп, оны бiздiң жағдайымызда пайдалануға тиiспiз.

Бiзде елеулi қоры бар жерасты суларын өндiру мен үнемдi пайдаланудың ең озат технологияларын енгiзу қажет.

Агроөнеркәсiп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешендi түрде ауысуға тиiспiз.

Қоғамымыздағы ой-сананы түбегейлi өзгерту қажет. Бiздiң ең асыл табиғи байлығымыз — суды ысырап етудi тоқтатуымыз қажет.

2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлi шешуге тиiс.

Үкiметке дәйектiлiкпен, бiрiншi кезеңде 2020 жылға қарай — тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару проблемасын шешетiн ұзақмерзiмдi бағдарлама жасауды тапсырамын.

2. КӘСIПКЕРЛIКТI — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕКШI КҮШIН ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ

Отандық кәсiпкерлiк жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күшi болып табылады.

Шағын және орта бизнестiң экономикадағы үлесi 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екi есе өсуге тиiс.

Бiрiншiден, бiз адамға ол үшiн мемлекет барлық проблемаларын шешiп беруiн күтпей, өзiн бизнесте сынап көруге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерiстерге толыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызуымыз керек.

Iскерлiк мәдениетiнiң деңгейiн көтеру мен кәсiпкерлiк бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен.

Ол үшiн төмендегiдей шаралар қажет:

Шағын және орта бизнестiң бiрлестiктер мен кооперацияларға ұмтылысын көтермелеу, оларды қолдау мен көтермелеудiң жүйесiн жасау.

Жергiлiктi бизнес-бастамаларды көтермелеу және мейлiнше аз, бiрақ қатаң реттеу есебiнен iшкi нарықты дамыту.

Бизнеске жасанды бөгеттер тудыратын мемлекеттiк шенеунiктер үшiн жаңа, әлдеқайда қатаң жауапкершiлiк жүйесiн енгiзудi қарастыру.

Жаңа жағдайларды, соның iшiнде бiздiң Еуразиялық экономикалық кеңiстiкке қатысуымызды, алда Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) кiретiнiмiздi ескере отырып, отандық кәсiпкерлердi қолдау тетiктерiн жетiлдiру және олардың мүдделерiн қорғау мен iлгерiлету үшiн қажеттi барлық шараны қабылдау.

Бүгiнгi күннiң мiндетi — ұсақ кәсiпорындар мен жеке кәсiпкерлердi орта деңгейге көшiру үшiн жағдай және алғышарттар қалыптастыру.

Өкiнiшке қарай, қазiргi уақытта шағын және орта бизнеске салық салу жүйесiндегi қиғаштықтар олардың дамуы мен өсуiне кедергi келтiруде. Сондықтан Үкiмет 2013 жылдың соңына дейiн заңнамаға микро, шағын, орта және iрi бизнес ұғымдарын айқын жiктеуге бағытталған өзгерiстер енгiзсiн. Бұл тұста бiз шағын және орта iскерлiк сегменттерiне түсетiн күштi ауырлатпауға тиiспiз.

Мен Үкiметке 2013 жылдың бiрiншi жартыжылдығының соңына дейiн Қазақстан азаматтарының өмiр-тiршiлiгi қауiпсiздiгiне тiкелей ықпал етпейтiн барлық рұқсаттар мен лицензияларды қайтарып алып, оларды хабарландырумен ауыстыруды тапсырамын.

Заңнамалық негiзде бизнеске ұсынатын тауар, жұмыс және қызмет сапасын бақылау мәселелерiн өзi реттейтiн жағдай тудыру қажет. Бiзге тұтынушылар үшiн сот шешiмдерiн қабылдаудың көпдеңгейлi жүйесiн алып тастап, олардың құқығын қорғаудың жаңа жүйесiн әзiрлеп шығу керек.

Екiншiден, Мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгi принципiне негiзделген сенiмдi диалог құру үшiн бизнестi топтастыруды жалғастыру керек, ол бұл жаңа стратегияны жүзеге асыруда кең ауқымды және барлық кәсiпкерлердiң тартылуы мiндетiн шешiп бередi.

Халықаралық тәжiрибенi талдау көрсеткендей, кәсiпкерлердiң палаталарға топтасуы — экономиканың тиiмдiлiгiнiң маңызды факторының бiрi, осылай iстелген жерлерде «мықты бизнес — мықты мемлекет» қағидасы iс жүзiне асты.

Үкiмет «АТАМЕКЕН» Одағымен бiрлесiп, Кәсiпкерлердiң ұлттық палатасына мiндеттi мүшелiктiң тұжырымдамалық моделiн әзiрледi.

Аталған модель кәсiби-техникалық бiлiм, әсiресе, ауылдық жерлер мен моноқалалардағы шағын бизнестi кешендi сервистiк қолдау, сыртқы экономикалық қызмет салаларында мемлекеттiк органдардың кең өкiлеттiктерi мен функцияларын құрылатын Кәсiпкерлердiң ұлттық палатасына берудi қамтамасыз етедi. Кәсiпкерлердiң ұлттық палатасы Үкiметтiң сенiмдi және бiлiктi серiктесiне айналады.

Осыған байланысты Үкiметке тиiстi заң жобасын әзiрлеп, оны Парламентке келесi жылдың бiрiншi тоқсанында енгiзудi тапсырамын.

Үшiншiден, мемлекет өзiнiң ролiн өзгертуi тиiс. Бiзге кең ауқымды жекешелендiрудiң екiншi толқыны қажет.

Бұл оңай қадам емес, өйткенi, мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершiлiктi қайта бөлiсудi бiлдiредi. Бiрақ бiз экономикалық өсiмнiң жоғары қарқынын сақтау үшiн соған баруымыз керек.

Жеке бизнес әрқашан және барлық жерде мемлекеттен гөрi тиiмдiрек әрекет етедi. Сондықтан бiз стратегиялық емес сипаттағы кәсiпорындар мен қызметтердi жеке қолға беруге тиiспiз. Бұл — отандық кәсiпкерлiктi нығайту үшiн аса маңызды қадам.

Бұл жолдағы алғашқы қадам «Халықтық IРО» бағдарламасының сәттi басталуы болды. Бұл — ең алдымен ұлттық байлықтың халықтың қолына таратылып берiлуi. «ҚазТрансОйл» компаниясы тарапынан 28 миллиард теңгенi орналастыру туралы хабарланды және қазiрдiң өзiнде тапсырыстар ұсыныстан екi есе асып кеттi.

3. ӘЛЕУМЕТТIК САЯСАТТЫҢ ЖАҢА ПРИНЦИПТЕРI — ӘЛЕУМЕТТIК КЕПIЛДIКТЕР ЖӘНЕ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШIЛIК

Бiздiң басты мақсатымыз — әлеуметтiк қауiпсiздiк және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл — қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепiлi.

Бiздiң қоғамда уақыт сынына төтеп бере алатын жаңартылған және әлдеқайда тиiмдi әлеуметтiк саясатқа деген сұраныс өсiп келедi.

Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, әлеуметтiк саясаттың мiнсiз және әмбебап үлгiсi жоқ. Бұл барлық азаматтары сол әлеуметтiк жүйеге қанағаттанатындай бiрде-бiр қоғамның жоқтығы сияқты.

Әлеуметтiк қауiпсiздiк және азаматтардың бақуаттығы мәселелерiн шешу — бұл әрбiр қазақстандыққа әсер ететiн қиын және өте маңызды мiндет. Сондықтан бұл тұста әр қадам мұқият ойластырылған болуы тиiс.

Мен бiздер басшылыққа алуға тиiс және оларды ескере отырып, әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен әлеуметтiк қамтамасыз ету мәселелерiне деген көзқарастарымызға түзету енгiзе алатын қағидаларды өзiмнiң қалай пайымдайтынымды баяндап бергiм келедi.

Әлеуметтiк саясаттың жаңа қағидалары

Бiрiншiден, мемлекет, әсiресе, жаһандық дағдарыс жағдайында, азаматтарға ең төменгi әлеуметтiк стандарткепiлдiгiн беруi тиiс.

Басты мiндет — кедейшiлiктiң өсуiне жол бермеу.

Кедейшiлiк ешбiр қазақстандық үшiн әлеуметтiк перспективаға айналмауы керек.

Бiз өз азаматтарымыз үшiн экономика мен бюджеттiң өсiмiне тiкелей тәуелдi болатын ең төменгi әлеуметтiк стандарттар мен кепiлдiктер белгiлеуiмiз керек.

Олар мынаны қамтуға тиiс:

Ең алдымен, тұлғаның қажеттiлiктерi тiзiмiн кеңейту және оған бiлiм беру мен денсаулық сақтау баптарын енгiзу (соның iшiнде, жұмыссыздар мен еңбекке қабiлетсiздер үшiн оларды барынша әлеуметтендiру мақсатында), саламатты тамақтану және саламатты өмiр салты, зияткерлiк және ақпараттық сұраныстарын өтеу, т.б.

Нақты бағалар бойынша тұлғаның қажеттiлiктерiнiң құнының есебi (тиiсiнше, елдегi статистиканы жетiлдiру қажет).

Экономиканың өсiмiне байлаулы өмiр сапасының стандарттарын кезең-кезеңмен сапалы арттыру.

Осы стандарттарды сақтау бүкiл әлеуметтiк саланы бюджеттiк қаржыландыру көлемiн айқындауы тиiс. Бұл бюджеттiк процестердiң ашықтығын арттырады және бiздер бөлетiн қаражаттың атаулылығын күшейтедi. Үкiметке тиiстi заң әзiрлеудi тапсырамын.

Екiншiден, мемлекет әлеуметтiк қолдауды тек бұған мұқтаж топтарға ғана көрсетуi тиiс.

Ол үшiн не iстеу керек?

Мемлекет қоғамның әлеуметтiк жағдайы төмен топтарына — зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, науқас балаларға және т.б. атаулы көмек үшiн толық жауапкершiлiк алатын болады.

Ұдайы әлеуметтiк және зейнетақылық қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiрiп отыру, ананы және баланы жан-жақты қорғау қажет.

Бiзде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейiмделген айқын бағдарламалары болуы керек. Мемлекет жұмыссыздарға әлеуметтiк қолдауды бұл санатқа жататын адам жаңа мамандық игеруiп, қайта даярлықтан өтуге бет бұрған жағдайда көрсетуi керек.

Жұмыс берушiлер халықтың әлеуметтiк жағдайы төмен топтарын жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамасыз ететiндей жағдай туғызу қажеттiгi маңызды. Ең алдымен, бұл мүмкiндiгi шектеулi адамдарға қатысты. Әлемнiң дамыған елдерiнде осылай жасайды. Бiз олардың толыққанды еңбек етуiнежағдай туғызуға тиiспiз. Мемлекеттiк жәрдемақыны тек шынымен нақты жұмыс iстей алмайтындар ғана алуы тиiс. Жұмысқа мүгедектердi алып, оларға жағдай жасайтын компаниялар мен корпорацияларды көтермелеу керек.

Үшiншiден, бiз өңiрлердi дамытуда әлеуметтiк теңгерiмсiздiк мәселелерiн шешуге назар аударуға тиiспiз.

Қазiргi кезде бiрқатар өңiрлердiң экономикалық баяу дамуы еңбекпен қамтудың қамтамасыз етiлмеуiне алып келедi. Халықтың кiрiсiнiң деңгейi тербелiп тұр.

(1) Ең алдымен, мемлекеттiк органдардың өңiрлiк даму саласындағы жұмыстарын үйлестiрудi күшейту қажет.

Мiндет — мемлекеттiк және салалық барлық бағдарламалардың орындалуын өңiрлердi дамытудың басымдыққа ие мiндеттерiн шешумен үйлестiру.

Үкiмет 2013 жылдың бiрiншi тоқсанында-ақ өңiрлердегi қажеттi және болашағы бар жобалардың тiзбесiн анықтауы және тарифтендiруi тиiс.

(2) Өтiп бара жатқан жылда бiз моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтiк мәселелердi шешуге, кәсiпорындар жұмысын жетiлдiруге айтарлықтай ресурстар бағытталды.

Бiз жергiлiктi жерлерде басқарудың сапасын арттыратын боламыз. Бұл жұмыс менiң жеке бақылауымда.

Сонымен бiрге, бiзге өңiрлерде әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды теңестiрудiң тиiмдi жаңа тетiктерi қажет.

Үкiметке облыстардың әкiмдерiмен бiрлесiп, 2013 жылы шағын қалаларды дамыту жөнiнде бағдарлама қабылдауды тапсырамын. Бұл олардың базасында көптеген индустриялық жобалар жасай отырып, ұзақ мерзiмге арналуыкерек. Олардың мiндетi — өңiрлердiң салаларға мамандану жүйесiн құруға көмектесу, iрi агломерациялардың индустриялық-өндiрiстiк серiктес қалаларына айналу, ақыр соңында, жергiлiктi халықтың тұрмыс деңгейiн арттырып, ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету.

(3) Бiзге көшi-қон мәселелерiн кешендi түрде шешу бойынша ел өңiрлерiндегi еңбек нарығына ықпал ететiн шаралар қабылдау қажет.

Шектес елдерден келiп жатқан көшi-қон ағынына бақылауды күшейту керек.

Перспективалық мiндет ретiнде бiздiң алдымызда шетелдiк еңбек нарықтарына көптеп кетiп қалмауы үшiн отандық бiлiктi мамандарға қолайлы жағдай жасау мiндетi тұр.

Үкiмет 2013 жылы Көшi-қон мәселелерiн шешу жөнiнде кешендi жоспар әзiрлеп, бекiтуi тиiс.

Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуетi әлi толық ашылған жоқ. Оларды өмiр сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкiмет облыстардың әкiмдерiмен бiрлесiп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнiнде қосымша шаралар кешенiн әзiрлеуi қажет.

Төртiншiден, бiз еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек төлемi саясатын жаңғыртуға тиiспiз.

(1) Әлемдiк тұрақсыздықтың басты қатерi — жұмыссыздықтың өсуi. Елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттiк те, салалық та — барлық бағдарламалар, тек әлдебiр бөлiктерi емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуi тиiс. Сондықтан Үкiметке және әкiмдерге 2013 жылдың өзiнде-ақ төмендегiнi iске асыруды тапсырамын:

Кәсiпкерлiктi дамыту және бизнестi қолдау жөнiндегi бұрын қабылданған барлық бағдарламаларды ықпалдастыру.

Бюджеттiк қаражатты жұмыссыздардың және кiрiсi аз адамдардың көрсеткiшi жоғары өңiрлерге бөлу тетiктерiн әзiрлеу.

Бұл жаңартылған бағдарламаның орындалуына жауапты ретiнде мен Премьер-Министрдiң жеке өзi мен әкiмдердi бекiтемiн.

(2) Бұдан жарты жыл бұрын, «Әлеуметтiк жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалам жарияланған соң Кәсiподақтар және еңбектiң реттелуi туралы Заң әзiрлене бастады. Бiздiң мақсатымыз — еңбеккерлер мүддесiн ескерген кәсiпкерлiк қолдауын қамтитын еңбек қатынастарының түбiрiмен жаңа үлгiсiн жасау.

Күшiне енiп, барлық еңбеккерлердiң мүддесiн қорғауы үшiн бұл заңның қабылдануын жеделдету қажет.

(3) Үкiметке еңбек төлемiне және ондағы сәйкессiздiктердi қысқартуға қатысты мүлде жаңа амалдар табу шараларын қабылдау қажет.

***

Жаңа кезеңдегi әлеуметтiк саясаттың маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде ана мен баланы қорғауды жариялаймын.

Ананы қорғау. Әйелдерге үндеу

Мемлекет үшiн және менiң жеке өзiм үшiн де ананы қорғау — ерекше мәселе.

Қымбатты ханымдар!

Сiздер — отбасының, демек, мемлекеттiң тiрегiсiздер.

Елiмiздiң болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзiмiз қандай тәрбиенi сiңiретiнiмiзге тiкелей байланысты.

Ең алдымен, бiз қыздарымыздың тәрбиесiне көп көңiл бөлуiмiз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары.

Қазақстан — зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетiмен бiздiң дәстүрiмiз бен заңдарымызға қайшы келетiн әлдебiр қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады.

Бiз Қазақстан қыздарының сапалы бiлiм алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсiз болулары үшiн барлық жағдайды жасауымыз қажет.

Олар банк карточкаларына ие болуға, көлiк жүргiзiп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиiс және бiздерде ешқашан киiлмеген, салтымызға жат киiмдерге оранып-қымтанбауға тиiс. Бiздiң халқымыздың өз мәдениетi, өз дәстүрi мен салты бар.

Халқымыз «Қыздың жолы жiңiшке» дегенге ерекше мән берiп айтады. Бойжеткеннiң жолы, қыздың жолы — қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым бiздiң қоғамның теңқұқылы мүшесi, ал ана — оның ең ардақты тұлғасы болды.

Бiз әйел затына — анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметтi қайта оралтуға тиiспiз.

Бiз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Менi отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюi алаңдатады. Әйелдi құрметтемеу деген болмау керек. Бiрден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесiлуi тиiс.

Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретiнде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиiс.

Бiздiң елiмiзде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуi керек. Бiз әйелдер үшiн икемдi еңбек түрлерiн қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен бiздiң ханымдарымыздың жағындамыз.

Бiз бұдан әрi де елiмiзде әйелдердiң рөлi артуы үшiн барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазiргi замандағы қазақстандық әйел қызмет iстеуге ұмтылуы керек.

Әйелдердi мемлекеттiк және қоғамдық басқару iсiне белсене тартқан жөн, әсiресе, жергiлiктi деңгейдегi өңiрлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргiзуiне де қолайлы жағдай жасаған абзал.

Баланы қорғау

Бейбiт өмiрдiң өзiнде бiзде мыңдаған жетiмдер бар — балалар үйлерi толы. Бұл, өкiнiшке қарай, жалпыәлемдiк үрдiс және жаһанданудың сынағы. Бiрақ бiз бұл үрдiспен күресуiмiз керек. Мемлекетiмiз бен қоғамымыз жетiмдердi асырап алуды және отбасы типiндегi балалар үйлерi салынуын көтермелеуi қажет.

Ерлердiң әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл бiздiң дәстүрiмiзге, мәдениетiмiзге тiптен жат.

Балалар — қоғамымыздың ең әлсiз және қорғансыз бөлiгi және олар құқықсыз болуға тиiс емес.

Елбасы ретiнде мен әрбiр сәбидiң құқығы қорғалуын талап ететiн боламын.

Бiздiң топырағымызда туған кез келген сәби — қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиiс.

Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасiрет екендiгi рухында тәрбиелеу керек, өйткенi, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегедi. «Әкесi қой баға бiлмегеннiң баласы қозы баға бiлмейдi». Бала тәрбиесi — тек ананың емес, ата-ананың екеуiнiң де мiндетi.

Ал болған iс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиiс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегенi үшiн жазаны күшейтуi керек.

Бала тәрбиелеу — болашаққа ең үлкен инвестиция. Бiз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы бiлiм беруге ұмтылуымыз керек.

Мен өскелең ұрпақтың озық бiлiм алуы үшiн мүмкiндiк туғызуға көп күш жұмсадым: «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлiк мектептер, Назарбаев Университетi, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр.

Өздерiңiз бiлесiздер, оған тек дайындығы бар және дарынды балалар ғана өте алады. Баланы бiлiм мен еңбекке дайындау — ата-ананың борышы.

«Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшiн қағидаға айналуы қажет.

Үкiметке:

ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлi қайта қарауды;

ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшiн, сондай-ақ,осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшiн жазаны күшейтудi;

туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесiн реформалауды — жеңiлдетiлген салық, медициналық және әлеуметтiк қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкiндiктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенiн әзiрлеудi;

елде жыныстық ерекшелiгi бойынша кемсiтушiлiкке жол бермеу және iс жүзiнде гендерлiк теңдiк пен әйелдерге ерлермен тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етудi тапсырамын. Бұл орайда мен сөзiмдi ең бiрiншi жұмыс берушiлерге арнаймын.

Ұлт денсаулығы — бiздiң табысты болашағымыздың негiзi

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесiн ұзақмерзiмдi жаңғырту аясында бiз елдiң барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бiрыңғай стандарттарын енгiзуге, сондай-ақ медицина мекемелерiнiң материалдық-техникалық жабдықталуын бiрыңғайландыруға тиiспiз.

Негiзгi басымдықтар:

Сапалы және қолжетiмдi медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету.

Аурулар түрiнiң барынша кең спектрiн диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету.

Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиiс. Халықпен ақпараттық-түсiндiрмелiк жұмыс жүргiзуге баса ден қою.

«Смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерiн енгiзу. Медицина қызметтерiнiң бұл жаңа түрлерi бiздiкi сияқты аумағы үлкен, кең байтақ елде ерекше сұранысқа ие.

Бiз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсiлдер енгiзу мәселесiмен жұмыс жүргiзуiмiз қажет.Барлық 16 жасқа дейiнгi балаларды медициналық қызметтiң барлық спектрiмен қамту қажет деп ойлаймын. Оны ең төменгi өмiр стандарттарына заңнамалық тұрғыдан бекiту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды үлес болады.

Медициналық бiлiм беру жүйесiн түбiрiмен жақсарту. Медициналық жоғары оқу орындары жүйесi мамандандырылған орта деңгейдегi бiлiм беру мекемелерi желiсi арқылы нығайтылуы тиiс.

Күнделiктi тәжiрибе оқу процесiмен барынша ықпалдастырылуы тиiс.

Медициналық жоғары оқу орындары жұмысының тәжiрибелiк ғылыми-зерттеушiлiк бөлiгiне басты маңыз беру. Адамзаттың жаңа бiлiмдерi мен технологиялық жетiстiктерiн шоғырландыратын жоғары оқу орындары болуы тиiс. Мысал ретiнде, iрi және тиiмдiлiгi жоғары медициналық орталықтар болып саналатын АҚШ-тағы университеттiк госпитальдердi келтiруге болады. Бұл бағытта да мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгiн дамыту керек.

Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердiң айтарлықтай бөлiгiн жеке сектор көрсетедi. Бiз жеке ауруханалар мен емханаларға тезiрек көшуге жағдай туғызуға тиiспiз.

Заңнамалық деңгейде медициналық жоғары оқу орындары мен мекемелердiң халықаралық аккредитациясынөткiзудi бекiту.

Қазiрге дейiн ауылдағы медициналық қызметтердiң сапасы жөнiнде көп сын айтылады. Ал ауыл тұрғындары бiзде бүкiл халықтың 43%-ын құрайды.

Денешынықтыру мен спорт мемлекеттiң айрықша назарында болуы тиiс. Нақ сол саламатты өмiр салты ұлт денсаулығының кiлтi болып саналады. Алайда елде барлығы үшiн қолжетiмдi спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетiспейдi. Осыған байланысты Үкiмет және жергiлiктi органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтiк жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның iшiнде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесi жылы-ақ бастау керек.

4. БIЛIМ ЖӘНЕ КӘСIБИ МАШЫҚ — ЗАМАНАУИ БIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIНIҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГIЗГI БАҒДАРЫ

Бәсекеге қабiлеттi дамыған мемлекет болу үшiн бiз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.

Қазiргi әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткiлiксiз болып қалғалы қашан. Бiздiң азаматтарымыз үнемi ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндiрiстерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиiс.

Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткiншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңiл бөлу қажет. Балаларымыз қазiргi заманға бейiмделген болуы үшiн бұл аса маңызды.

Бiздiң жұмыстарымыздың бiлiм беру саласындағы басымдықтары

(1) Бүкiл әлемдегi сияқты, Қазақстан мектепке дейiнгi бiлiм берудiң жаңа әдiстерiне көшу керек.

Сiздер бiлесiздер, мен басты мiндетi балаларымыздың бастапқы мүмкiндiктерiн теңестiру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердiм.

Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен берi 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар iске қосылды.

Туу көрсеткiшiнiң жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсiмдi ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейiн ұзартуға шешiм қабылдадым. Үкiмет пен әкiмдердiң алдына балаларды мектепке дейiнгi бiлiм беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткiзу мiндетiн қоямын.

(2) «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкiметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгiдегi куәлiктер беру арқылы инженерлiк бiлiм берудi және заманауи техникалық мамандықтар жүйесiн дамытуды қамтамасыз етудi тапсырамын.

Кәсiби-техникалық және жоғары бiлiм ең бiрiншi кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазiргi және келешектегi сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесiн шешiп бередi.

Жоғары оқу орындары бiлiм беру қызметiмен шектелiп қалмауы тиiс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушiлiк бөлiмшелерiн құруы және дамытуы қажет.

Бiз академиялық автономия кепiлдiгiн берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетiлдiрумен шектелмей,өздерiнiң ғылыми-зерттеушiлiк қызметiн де белсендi дамытуы тиiс.

(3) Жеке бизнестiң, үкiметтiк емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтiк жауапкершiлiгi бiлiм беру саласында айрықша көрiнуi керек. Бұл ең бiрiншi кезекте лайықты бiлiм алуда оқу ақысын өз бетiнше төлей алмайтын жастарға көмек беруге қатысты.

Ол үшiн қажеттi шаралар:

Жоғары және орта бiлiм беру жүйесiн дамыту үшiн мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгi желiсiн құру.

Көпсатылы оқу гранттары жүйесiн әзiрлеу.

Бүкiл ел бойынша ғылыми-зерттеушiлiк және қолданбалы бiлiм берудiң өңiрлiк мамандықтарды ескеретiн мамандандырылған оқу орындары жүйесiн құру.

Жоғары оқу орындарындағы оқудың екiншi курсынан бастап кәсiпорындардағы мiндеттi өндiрiстiк тәжiрибенi заңнамалық тұрғыда бекiту.

(4) Бiзге оқыту әдiстемелерiн жаңғырту және өңiрлiк мектеп орталықтарын құра отырып, бiлiм берудiң онлайн-жүйелерiн белсене дамыту керек болады.

Бiз қалайтындардың барлығы үшiн қашықтан оқытуды және онлайн режiмiнде оқытуды қоса, отандық бiлiм беру жүйесiне инновациялық әдiстердi, шешiмдердi және құралдарды қарқынды енгiзуге тиiспiз.

Ескiрген немесе сұраныс жоқ ғылыми және бiлiм пәндерiнен арылу, сонымен бiрге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.

Орта және жоғары бiлiм берудiң оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжiрибелiк машықтарға үйрету бойынша және тәжiрибелiк бiлiктiлiкке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту.

Кәсiпкерлiкке бағдарланған оқу бағдарламаларын, бiлiм беру курстары мен институттарын құру.

Инновациялық зерттеулердi дамытудың жаңа саясаты

Бүкiләлемдiк тәжiрибенiң көрсетуiнше, бүкiл инновациялық өндiрiстiк циклды жеке бiр елде жүзеге асыруға тырысу — велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл — өте қымбатқа түсетiн және әрдайым нәтижелi, жемiстi бола бермейтiн iс. Табысқа жету үшiн ғалымдардың талай буынының тәжiрибесiне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердiң арнаулы ақпарат және бiлiмдерiнiң көп терребайт көлемiне негiзделген дербес ғылыми база қажет болады.

Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессiз инновациялар жасау барлық елдiң қолынан келе бермейдi. Бiз осыны жете түсiнуге тиiспiз.

Сондықтан бiз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн.

Бiз шығыны көп емес зерттеулер мен әзiрлемелерге ден қоюға тиiспiз.

Бiзге елiмiзге қажеттi технологиялар трансфертi мен оларды қолдану үшiн мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл процеске серпiн берiп, бiзге болашақтың энергиясын дамыту үшiн жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуi тиiс.

Бiз — жас ұлтпыз және бұл бiздiң қолымыздан келедi.

Оған қоса, бiз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бiзге ғалымдарымыздың күш-жiгерiн шетелдiк ғылыми-зерттеушiлiк қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкiндiк бередi. Бiздiң мақсатымыз — жаһандық технологиялық төңкерiстiң бөлшегiне айналу.

Бiз 2013 жылдың өзiнде-ақ ғылым мен бизнестiң толыққанды кооперациясы жөнiнде шаралар қабылдауға тиiспiз. Үкiметке технология трансфертi мүмкiн болатын салааралық секторларды анықтауды және оларға жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар тарапынан сұраныс тудыруды тапсырамын.

Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнiнде нақтылы Жол карталарын әзiрлеу аса маңызды.

Мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiгi үшiн құқықтық базаны анықтауды да тездету қажет. Мiндет — мұндай әрiптестiктiң бүгiнгi күнгi ең озық құралдары мен тетiктерiн енгiзу.

Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерiн реттейтiн заңнаманы қайта қарау. Үкiмет 2014 жылдың соңына дейiн бұған дейiн берiлген барлық патенттер мен тiркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнiнен талдаудан өткiзуi қажет.

Құрметтi отандастар!

Мен сөзiмдi, әсiресе, жастарымызға арнағым келедi.

Бүгiн мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сiздерге жақсы бiлiм берудi, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейдi.

Мен сiздерге — жаңа буын қазақстандықтарға сенiм артамын. Сiздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшiне айналуға тиiссiздер.

Мемлекет басшысы ретiнде мен әрдайым сiздердiң оқуларыңыз бен өсiп-өнулерiңiз үшiн барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдiк деңгейдегi университет, зияткерлiк мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым.

Қазiр мемлекеттiк жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзiрленуде.

Мемлекет сiздердiң алдарыңыздан жаңа мүмкiндiктер ашылуы үшiн барлығын жасауда. Олар — сiздердiң ата-аналарыңыз тiптi ойлап та көрмеген мүмкiндiктер.

Естерiңiзде болсын: сiздердiң табыстарыңыз — ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, бiздiң Отанымыздың табысы.

5. МЕМЛЕКЕТТIЛIКТI ОДАН ӘРI НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ

Бiздiң мақсатымыз — мемлекеттiк басқарудың жаңа түрiн қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету менмемлекеттiлiктi нығайтудың жаңа мiндеттерiне сай болуы тиiс.

Бiрiншi. Бiзге Мемлекеттiк жоспарлау және болжау жүйесiн одан әрi жетiлдiре түсу керек.

Қойылатын мақсат — жоспарлар мен бағдарламалар әзiрлеуде мемлекеттiк органдардың жауапкершiлiгiн күшейту. Осыған байланысты Үкiметке беретiн тапсырмам:

Менiң пайымдауымдағы Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi Даму стратегиясын ескере отырып, жұмыста және өмiрде елiмiз басшылыққа алатын стратегиялық құжаттарды қайта қарау.

Елде Мемлекеттiк аудит енгiзу тұжырымдамасын әзiрлеп, келесi жылы Парламентке тиiстi заң жобасын енгiзу. Бiзге мемлекеттiк аудиттiң ең озық әлемдiк тәжiрибесi негiзiнде кешендi жүйе құру қажет.

Экономикалық стратегияларымыз жүзеге асуы үшiн мемлекет дағдарыстық жағдайларды күнi бұрын тиiмдi түрде бiлiп, оларға қарсы шара қолдануы тиiс. Бұл үшiн бiзге дағдарысқа қарсы әрекет етудiң көпдеңгейлi жүйесiн құру қажет.

Бiзде ықтимал дағдарыстық жағдайларға арналған стандартты iс-әрекеттер жиынтығы болуы керек. Бұл, әсiресе, өңiрлер үшiн маңызды. Ол жүйенi әзiрлеу барысында мен айтқан барлық қатерлердi ескеру қажет.

Екiншi. Бiз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргiзуiмiз керек.

Орталықсыздандыру идеясының мәнi — шешiм қабылдау үшiн құқықтар мен қажеттi ресурстарды орталықтан өңiрлiк билiк органдарына беру.

Бiз 2013 жылы жауапкершiлiк пен өкiлеттiктердi орталық пен өңiрлер арасында бөлу жөнiнде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

Жергiлiктi жерлердегi билiк органдарының өкiлеттiктерi қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.

Қоғам және азаматтар мемлекеттiк шешiмдер қабылдау процесi мен олардың жүзеге асырылуына тiкелей қатыстырылуы қажет. Жергiлiктi басқару органдары арқылы халыққа жергiлiктi маңызы бар мәселелердi өз бетiмен және жауапкершiлiкпен шешуiне нақты мүмкiндiк беру керек.

Мен Жергiлiктi басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекiттiм. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкiндiк жасайды және азаматтардың жергiлiктi маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтедi.

Бiз селолық әкiмдiктерге қосымша өкiлеттiктер беремiз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтемiз.

Бiрақ, сонымен бiрге, бiзге қоғамдық бақылауды, жергiлiктi жерлердегi ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкiмдерiнiң сайланбалылығын енгiзу туралы шешiм қабылдадым. Сайлауды бiз 2013 жылдың өзiнде-ақ бастаймыз.

Барлығы 2533 әкiм, соның iшiнде селолық округтердiң, кенттердiң және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкiмi сайланатын болады.

Бұл барлық деңгейдегi әкiмдердiң жалпы санының 91,7%-ы!

Осылайша, бiз азаматтармен тiкелей жұмыс жасайтын және мәселенi жергiлiктi жерде шешетiн барлық әкiмдердi сайланбалылықпен қамтитын боламыз.

Азаматтардың жергiлiктi жерлердегi өзектi мәселелердi шешуге, жергiлiктi билiк органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.

Үкiметке менiң Әкiмшiлiгiммен бiрлесiп, қажеттi заңнамалық актiлер әзiрлеудi тездетудi, ал Парламентке олардыңбасымдық тәртiбiмен қабылдануын қамтамасыз етудi тапсырамын.

Бiз бүкiл әлеммен бiрге өркениеттi жолмен жүруге және қоғамның одан әрi демократиялануына бағыт ұстауға тиiспiз.

Парламенттiң өкiлеттiктерiн күшейту жөнiндегi саясатымызды жалғастыру керек.

Сонымен бiрге, орталықсыздандыруға тек жергiлiктi деңгейде белгiлi бiр өкiлеттiктер беруге болатын жаңа билiк органдарын құру процесi ретiнде қараудың керегi жоқ.

Орталықсыздандыру — ең алдымен мемлекеттiк басқару жүйесiнiң сапалық өзгерiсi, мәселелердi жергiлiктi деңгейде шешу жүйесiн өзгерту.

Бұл орайда орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билiгiнiң әлсiреуiне, орындаушылық тәртiп мен реттiлiктiң төмендеуiне апарып соқтырмауы тиiс. Оған жол беруге болмайды. Жергiлiктi жерлерде әкiмдер, Үкiмет мұны ерекше бақылауда ұстауға тиiс.

Үшiншi. Алдымызда, мен бүгiн жариялаған қағидаларға сәйкес, халыққа және мемлекетке қызмет етудi барлығынан жоғары қоятын кәсiпқой мемлекеттiк аппарат қалыптастыру мiндетi тұр.

Бiз мемлекеттiк қызметтiң кадрлық құрамын iрiктеу және кәсiби даярлықтың жетiлдiрiлген әдiстемелерiн енгiзу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек.

Басқарушылық шешiмдер мемлекет деңгейiнде төмендегiдей талаптарға сай болуы тиiс:

Тек қысқамерзiмдi ғана емес, ұзақмерзiмдi нәтижелердi де есепке алу.

Басқарушылық шешiмнiң мультипликативтi әсерiн есепке алу.

адал бәсекелестiк және кәсiпкерлiктiң еркiндiгi ережелерiн қамтамасыз ету.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiнiң екi түрлi түсiндiрiлуiн болдырмау. Олардың қызметiнiң заңнамалық тұрғыдан дәл регламенттелуi.

Жаңа талаптарды ескере отырып, бiз әкiмшiлiк реформасының екiншi кезеңiн бастап кеттiк.

Ең алдымен мемлекеттiк аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттiк қызметтiң жаңа жүйесi туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтудi, мемлекеттiк қызметшiлердi iрiктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгiзудi, яғни жақсы кадрларды iлгерiлетудi қамтамасыз етедi.

Бiз Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссия құратын боламыз. Мемлекеттiк саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсiпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты — «А» корпусы құрылады.

«А» корпусына бiрiншi кезекте жауапты хатшылар мен облыс әкiмдерiнiң аппарат басшылары, комитет төрағалары, қалалар мен аудандар әкiмдерi кiредi. Өзiмнiң Әкiмшiлiгiме «А» корпусына үмiткерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптары туралы Жарлық жобасын дайындауды тапсырамын.

Бұдан былай мемлекеттiк қызметшi лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билiк иерархиясының бiр сатысынан келесiсiне өзiнiң машығын жетiлдiре және кәсiби деңгейiн арттыра отырып көтерiлетiн болады. Белгiленген көрсеткiштердi асыра орындағандар мен өзiнiң тиiмдiлiгiн көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткiзгендерге ғана ерекшелiк жасалуы керек.

Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiкке 2013 жылдың соңына дейiн мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық өсуiнiң осындай мүлде жаңа тетiгiн енгiзудi тапсырамын.

Ерекше назарды мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасын арттыруға аудару қажет. Мiндет — мемлекеттiк аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында бiржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттiк қызметтердi тиiмдi және жедел түрде көрсетуге көшу.

Қазiр Парламентке «Мемлекеттiк қызмет туралы» заң жобасы енгiзiлдi. Оны 2013 жылдың бiрiншi тоқсанының соңына дейiн қабылдау керек.

Бiз мемлекеттiк органдарды оларға тән емес функцияларды орындаудан босатып, мемлекеттiк институттардың дербестiгiн сапалық тұрғыдан кеңейтуге тиiспiз. Үкiмет оның орындалуын 2014 жылдан бастап жергiлiктi бюджет қалыптастырудың жаңа тетiгiн енгiзумен ұштастыруы керек.

Төртiншi. Мемлекеттiк аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара iс-қимыл жүйесiн құруы керек.

Бiз бизнеске араласпауға және «бәрiн қолынан жетелеп жүрмеуге» тиiспiз. Бiз бизнеске ертеңгi күнге деген сенiмдiлiк сiңiруге тиiспiз, кәсiпкерлер өздерiнiң күшiне сенуге және мемлекет оларды алдамайтынын, қорғайтынын бiлуге тиiс. Олардан тек адал жұмыс iстеу ғана талап етiледi.

Бұл үшiн бiз, бiрiншiден, жекеменшiк құқығының берiктiгiн iс жүзiнде қамтамасыз етуге кепiлдiк беруге тиiспiз деп санаймыз. Екiншiден, шарттық мiндеттемелердi қорғауға кепiлдiк беру керек.

Мемлекеттiң мiндеттемесi — азаматтарға олардың iскерлiк белсендiлiгiн жүзеге асыруға барынша мүмкiндiк беру.Ал бұл дегенiмiз — отандық бизнес үшiн инфрақұрылым құрудың қамын ойлау.

(1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзiнде ұлттық құқықтық жүйенi жаңғыртудың кезектi кезеңiн бастау керек.

Заңнама тек ұлттық мүдделердi ғана қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиiс. Үкiметке жария, сондай-ақ жеке құқықтың барлық базалық салаларында бiздiң құқық жүйемiздiң бәсекелестiгiн арттыру жөнiнде жүйелi шаралар қабылдауды тапсырамын.

(2) Үкiметке 2013 жылы менiң Әкiмшiлiгiммен бiрлесiп атқаратын мынадай тапсырма беремiн:

Қылмыстық және Қылмыстық-iс жүргiзу заңнамаларын реформалауды бастау керек. Iлгерi iзгiлендiруге, оның iшiнде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек;

Парламентке 4 жаңа кодекстi: Қылмыстық-iс жүргiзу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкiмшiлiк құқық-бұзушылық туралы кодекстi әзiрлеп, енгiзу керек.

Бұл өзектi заң актiлерiнiң қабылдануы қылмыстық сот iсiн жүргiзудi және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттiң күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, бiздiң құқықтарымызды қазiргi сын-қатерлерге өз дәрежесiнде әрекет жасайтындай деңгейге көтередi.

Бесiншi. Мемлекет тәртiпсiздiкке мүлдем төзбеушiлiк принципiн ұстануға тиiс.

Дамыған қоғам барлық жерде тәртiп пен реттiлiк орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүздi адамдардан басталады.

Бiз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсiздiкпен ымыраға келмеуiмiз керек, өйткенi, осының өзi қоғам тыныштығын бұзады, өмiрдiң сапасына селкеу түсiредi.

Тәртiпсiздiк пен бетiмен кетушiлiктi сезiну одан да елеулi қылмыстарға жол ашады.

Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы — қоғамдық тәртiптi нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.

Бiз құқықтық нигилизмдi жеңiп, қоғамды қоғамдық тәртiптi қорғау iсiне тартуымыз керек.

Бiз әлеуметтiк бүлдiргi пиғылды жұмысқа орналасу мәселесiмен байланыста қарауымыз керек. Бiз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшiн жеке iс қағазында және резюмеде мiндеттi түрде көрсетiлетiн және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсiру кезiнде ескерiлетiн жаза қолдануды енгiзуiмiз керек.

Мұның бәрi қоғамдық өмiрдiң нормасы болуға тиiс.

Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетiн бiр күш болуға тиiс.

Жемқорлық — жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттiң тиiмдiлiгiне деген сенiмдi сетiнетедi және ұлттық қауiпсiздiкке төнген тiкелей қатер болып саналады.

Бiз түпкi мақсатымыз — жемқорлықты құбылыс ретiнде жою үшiн жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетiлдiру арқылы жемқорлықпен күрестi қатты күшейтуiмiз керек.

Жетiншi. Бiз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердiң реформасын жалғастыруға тиiспiз. Онсыз бiз тәртiпсiздiкке мүлдем төзбеудi қалыптастыру және жемқорлықты түбiрiмен жою жөнiндегi мiндеттердi шеше алмаймыз.

(1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердiң бiрқатар маңызды реформалары жүргiзiлдi. Бұл — мемлекеттiктi нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтiң қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат iзгiлендiрiлдi.

Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлерi түгелдей аттестаттаудан өткiзiлдi. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды.

(2) Бiз бұл жұмысты одан әрi жалғастыра беремiз.

Менiң Әкiмшiлiгiм мен Қауiпсiздiк Кеңесiне және Үкiметке бiрлесiп атқаратын мынадай тапсырма беремiн:

Құқық қорғау органдары қызметкерлерiн ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейiн арттыру жөнiндегi iс-қимыл жоспарын дайындау керек.

Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшiн төленетiн қосымша ақы мөлшерiн әскери атақтар бойынша төленетiн жалақы деңгейiне дейiн көтерудi тапсырамын.

Құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзiрлеу керек.

Жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн құрылым құру керек.

Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшiлерiнiң Президентiк резервiн қалыптастыру керек.

(3) Менiң Әкiмшiлiгiме, Қауiпсiздiк Кеңесiне Үкiметпен бiрлесiп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екiншi тоқсанының аяғына дейiн Құқық қорғау жүйесiн одан әрi жаңғырту бағдарламасының жобасын әзiрлеудi тапсырамын.

(4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесi азаматтардың Конституция кепiлдiк беретiн сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады.

Бұл үшiн сот төрелiгiн жүзеге асыру процесiн оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсiмдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсендi енгiзген жағдайда мұны iстеу қиын емес.

Сонымен бiр мезгiлде соттардың жұмысын жеңiлдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртiппен жүргiзiлетiндей тетiктер қарастыру қажет.

Сот билiгiнiң беделi орындалмаған сот шешiмдерiнен төмендейдi. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлi өзгерту жөнiндегi шаралар қабылдануға тиiс.

(5) Шекара қызметiнiң ауқымды реформасын жүргiзу керек. Мiндет — оның тиiмдiлiгiн түбегейлi арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту.

Бұл үшiн Қауiпсiздiк Кеңесiне менiң Әкiмшiлiгiммен және Үкiметпен бiрлесiп, Шекара қызметiн дамытудың және мемлекеттiк шекараны орта мерзiмдi кезеңде орнықтырудың арнайы Кешендi жоспарын әзiрлеудi тапсырамын.

6. ДӘЙЕКТI ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ — ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДI IЛГЕРIЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI НЫҒАЙТУ

Қазақстан тәуелсiздiк жылдарында халықаралық процестердiң тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және бiз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткiздiк.

Бiздiң басымдықтарымыз өзгермейдi — көршiлерiмiз — Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерiмен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерiмен серiктестiктi дамыту мәселесi болып табылады.

Бiз Кеден одағын және Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi нығайтатын боламыз.

Бiздiң таяудағы мақсатымыз — Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай бiз мәселелердiң консенсус арқылы шешiлетiнiн нақты мәлiмдеймiз. Саяси егемендiкке қысым көрсетiлмейдi.

Сыртқы саясатымызды теңдестiру әлемдiк iстерде елеулi рөл атқаратын және Қазақстан үшiн практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегендi бiлдiредi.

Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейдi. Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстiк-Шығыс Азияға дейiн тұрақсыздықтың алып белдеуi созылып жатыр. Күштердiң ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулi өзгерiстерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауiпсiздiк тетiктерiнiң рөлi арта түседi. Орталық Азияда ұлттық қауiпсiздiкке төнген жаңа қатерлер пайда болды.

Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты iшкi саясаты сияқты жаңғыртылуға тиiс.

Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:

аймақтық және ұлттық қауiпсiздiктi жан-жақты нығайту;

экономикалық және сауда дипломатиясын белсендi дамыту;

мәдени-гуманитарлық, ғылым-бiлiм және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру;

азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегi жеке, отбасылық, iскерлiк мүдделерiн қорғауды күшейту.

Бiрiншiден, ұлттық мүдделердi сыртқы саясатта iлгерiлету айрықша прагматикалық принциптерге негiзделген.

Бiздiң мiндеттерiмiз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерiн iлгерiлету үшiн экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту.

Екiншiден, бiз әрi қарай да аймақтық қауiпсiздiк үшiн өз жауапкершiлiгiмiздi сезiнуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесiмiздi қосуға тиiспiз.

Бiздiң мiндетiмiз — аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.

Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсiлi — аймақiшiлiк бiрiгу. Нақ осы жолмен бiз бiздiң аймақтың тартыстық әлеуетiн төмендетiп, толғақты әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды шешiп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйiндерiн жаза аламыз.

Бiздiң дауысымыз барлық әлемге естiлiп тұруға тиiс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзiмiз G-Global деп атаған диалогтың жаңа түрiн ұсындым.

Әлемде бiрде-бiр ел бастан кешiп жатқан дәуiрiнiң қатерлерiн жалғыз өзi жеңе алмайды. Менiң бастамамның мәнi — әдiл және қауiпсiз әлем орнықтыру үшiн баршаның күшiн бiрiктiру.

Үшiншiден, бiздiң елiмiз халықаралық прогрессивтi бастамаларды бәрiн одан әрi қолдап, жаһандық қауiпсiздiкке үлесiн қоса беруi керек.

Қазақстан барлық мүдделi серiктестермен және бiздiң көршiлерiмiзбен бiрге Ауғанстан мәселесiн тезiрек саяси реттеуге және қайта қалпына келтiруге қол жеткiзетiн болады.

Қазақстан ИЫҰ-ның белсендi қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесiнiң бейбiт сипатына шын жүректен мүдделiлiк танытады. Араб-ислам әлемiндегi халықтық толқудан босаған күш-қуаттың жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың әлеуметтiк-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуi маңызды.

Бiз озық қарқынмен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдерiмен экономикалық тұрғыдан жақындасуға тиiспiз. Бұл бiзге тек экономикалық дивиденд берiп қана қоймайды, сыртқы саясатымыздың теңгерiмдiлiгiн де нығайта түседi.

Төртiншiден, Қазақстан өзiнiң қорғаныс қабiлетi мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлi қорғаныстық тежеу тетiктерiне қатысуға тиiс.

Бiз ұлттық қорғаныс моделiн әзiрлей отырып, түрлi елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиiспiз.

Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс iстейтiн және жедел қимылдайтын Ұжымдық күштердiң әлеуетi мен жауынгерлiк қабiлетiн арттыруға көмектесетiн болады.

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ — БIЗДIҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГIЗI

Бiздiң бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсiнiктi: бiз қоғамдық келiсiмдi сақтауға және нығайтуғатиiспiз. Бұл — бiздiң мемлекет ретiнде, қоғам ретiнде, ұлт ретiнде өмiр сүруiмiздiң айнымас шарты.

Қазақстан патриотизмiнiң iргетасы — барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағыжалпы жауапкершiлiгi.

Биыл Лондон Олимпиадасында бiздiң спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.

Бiздiң команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берiк және ынтымақты шаңырағының бiртұтас жасағыретiнде сайысқа түстi.

Олимпиададағы жеңiс салтанаты халқымызды одан әрi бiрiктiре түстi, патриотизмнiң ұлы күшiн танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетiстiктерге жеткiзетiн спорт кешендi жүйелi тәсiлдi талап етедi. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестiкке қабiлеттi болмақ.

Үкiметке әлемдiк озық тәжiрибенi есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетiстiкке жеткiзетiн спортты дамыту бағдарламасын әзiрлеудi тапсырамын.

Бiрiншi. Жаңа қазақстандық патриотизм.

Болашаққа деген сенiм болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуi өмiрлiк тұрғыдан маңызды. Мемлекеттiң басты мiндетi де осы.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшiн, жеке және кәсiби тұрғыдан өсу үшiн мүмкiндiктер болса ғана сенiм артады.

Мемлекет және халық мұны сезiнiп, бiрлесiп жұмыс iстеуге тиiс.

Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеуiмiз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игiлiктерiне деген мақтаныш сезiмiн ұялатады.

Бiрақ бүгiнде қалыптасқан мемлекеттiң жаңа даму кезеңiнде бұл түсiнiктiң өзi жеткiлiксiз. Бiз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егер мемлекет әр азаматтың өмiр сапасына, қауiпсiздiгiне, тең мүмкiндiктерiне және болашағына кепiлдiк беретiн болса, бiз елiмiздi сүйемiз, онымен мақтанамыз.

Осындай тәсiл ғана патриотизмдi және оны тәрбиелеу мәселесiне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.

2050 жылға қарай бiз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгi күнге, болашаққа өте сенiмдi болатындай саяси жүйе құруымыз керек.

Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз сырт елден гөрi Отанында өмiр сүргендi артық көретiндей, өйткенi, өз жерiнде өзiн жақсы сезiнетiндей болуға тиiс. Бiздiң елiмiздiң әрбiр азаматы өзiн өз жерiнiң қожасы ретiнде сезiнуге тиiс.

Екiншi. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдiгi.

Бiз — бәрiмiз тең құқықты, тең мүмкiндiктердi иеленген қазақстандықтармыз.

Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкiлiктердi бiрiктiруге тиiс.

Бiз — көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесiнде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиiс.

Мемлекетте бәрi де тең болуға тиiс. Этностық немесе басқа да белгiлер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиiс.

Бұл мәселе мен үшiн декларативтi емес. Егер бiреуге этностық белгiсi бойынша қысым жасалса, онда бүкiл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.

Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиiс, барлығының құқықтары мен мiндеттерi бiрдей.

Бiз тең мүмкiндiктер қоғамын, бәрi заң алдында бiрдей болатын қоғамды құрудамыз.

Бiз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгi арқылы шешiледi дегендi ойға да алмауға тиiспiз.

Мен Үкiмет пен әкiмдердiң еңбек саясатына тәртiп енгiзуiн талап етемiн. Жұмысқа, әсiресе жергiлiктi билiк органдарына этностық ерекшелiктерiне қарамастан, үздiктер алынуы керек. Өлшем бiреу ғана — өте жоғары этика және кәсiбилiк.Министрлiктер мен әкiмдiктердiң барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын бiржақтылықты түзеу керек.

Бiздiң қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «бiздiкi» немесе «бiздiкi емес» деген болмауға тиiс. Бiз елiмiздiң бiрде-бiр азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбiр қазақстандық билiктiң қолдайтынын және тiрек екенiн сезiнуге тиiс.

Ұлттардың этносаралық келiсiмiне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.

Мұнда ерекше жауапкершiлiк бiздерге, қазақтарға артылады.

Қазақстан — бiздiң қасиеттi мекенiмiз.

Кейiнгi ұрпақ осынау қастерлi өлкеде өмiр сүрiп, өркен жаятын болады.

Қазақ жерiне тағдырдың жазуымен алуан түрлi ұлт өкiлдерi қоныс аударды.

Бiз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.

Олар бiздiң елiмiзде өсiп-өнiп, бауырларымызға айналды.

Қазiр бiз көпұлтты сипаты бар, бiртұтас елмiз.

Жаһандану дәуiрi — көпұлтты мемлекеттер дәуiрi.

Бұл — әлемдiк үрдiс.

Елiмiздiң дамуына барша ұлт пен ұлыс өкiлдерi бiрге үлес қосты.

Ендеше, тәуелсiз қазақ елiнiң азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкiмнiң хақысы жоқ.

Барлық ұлт өкiлдерiмен тiл табысып, тату-тәттi, бейбiтшiлiк пен келiсiмде өмiр сүру — барша қазақтың басты қағидасыболуы шарт.

Өз халқын сүйетiн адам, өз жұртына жақсылық тiлеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкiмге қарсы қоймайды.

Бiз ел иесi ретiнде биiк бола бiлсек, өзгелерге сыйлы боламыз.

Тiл туралы жауапкершiлiгi жоғары саясат бiздiң қоғамымызды одан әрi ұйыстыра түсетiн басты фактор болуға тиiс.

Бiз алдағы уақытта да мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi кешендi шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беремiз.

Кез келген тiл өзге тiлмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсiп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Осы заманғы ғылыми терминологияның негiзiн латын тiлiнен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазiргi дәуiрде күн сайын дерлiк ағылшын тiлi дүние жүзi халықтарының тiлдерiне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстiнде. Бұл үдерiстен бiз де тыс қалмауымыз керек.

Қазақ тiлiнiң осы заманның биiк талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретiмен, кезең-кезеңiмен қоғамдық өмiрдiң бар саласына батыл енгiзуiмiз керек.

Мемлекеттiк тiлмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тiлiн, мәдениетiн және салт-дәстүрiн дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретiн боламыз.

Үшiншi. Қазақ тiлi және тiлдердiң үштұғырлылығы.

Жауапкершiлiктi тiл саясаты қазақ ұлтын бiрiктiрушi басты факторлардың бiрi болып табылады.

(1) Қазақ тiлi — бiздiң рухани негiзiмiз.

Бiздiң мiндетiмiз — оны барлық салада белсендi пайдалана отырып дамыту. Бiз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжiрибесiнен өтiп, бiздiң де үйлесiмдi үлесiмiзбен толыға түсетiн қазiргi тiлдi мұраға қалдыруға тиiспiз. Бұл — өзiн қадiрлейтiн әрбiр адам дербес шешуге тиiс мiндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттiк тiлдiң позициясын нығайту үшiн көп жұмыс атқарып келедi. Қазақ тiлiн кеңiнен қолдану жөнiндегi кешендi шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.

Бiз 2025 жылдан бастап әлiпбиiмiздi латын қарпiне, латын әлiпбиiне көшiруге кiрiсуiмiз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиiс принциптi мәселе. Бiр кезде тарих бедерiнде бiз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшiн осындай шешiм қабылдауға тиiспiз және бұл әлеммен бiрлесе түсуiмiзге, балаларымыздың ағылшын тiлi мен интернет тiлiн жетiк игеруiне, ең бастысы — қазақ тiлiн жаңғыртуға жағдай туғызады.

Бiз қазақ тiлiн жаңғыртуды жүргiзуге тиiспiз. Тiлдi заманға сай үйлестiрiп, терминология мәселесiнен консенсус iздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тiлiнен енген сөздердi қазақ тiлiне аудару мәселесiн бiржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердiң ортасында шешiлмеуге тиiс. Үкiмет мұны реттегенi жөн.

Бүкiл әлемде бiрдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тiлдi байытады. Бiз өмiрдi өзiмiз күрделендiре түсемiз, түсiнбестiкке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердiң шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес.

Мен қазiргi тiлде жазылған кемiнде жүздеген қазiргi кiтаптардың тiзiмiн жасап, қазақ тiлiне қазiргiше аударуды ұсынамын. Бәлкiм, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздерiне не нәрсе қызықты әрi пайдалы екенiн олар да айтсын.

***

Қазақ тiлiн дамыту саясаты одан жерiнуге, тiптi қазақтардың өздерiнiң бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуi керек. Керiсiнше, тiл Қазақстан халқын бiрiктiрушi болуға тиiс. Бұл үшiн тiл саясатын сауатты және дәйектi, қазақстандықтар сөйлесетiн бiрде-бiр тiлге қысым жасамай жүргiзу керек.

Сiздер бiздiң саясатымыз туралы — 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тiлiн бiлуге тиiс екендiгiн бiлесiздер.

Бұл үшiн қазiр барлық жағдай жасалған.

Қазiрдiң өзiнде елiмiздегi оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттiк тiлде оқиды. Мемлекеттiк тiл барлық мектептерде оқытылады. Бұл — егер бала биыл мектепке барса, ендi он-он екi жылдан соң жаппай қазақша бiлетiн қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде.

Қазақ тiлi 2025 жылға қарай өмiрдiң барлық саласында үстемдiк етiп, кез келген ортада күнделiктi қатынас тiлiне айналады.

Осылай тәуелсiздiгiмiз бүкiл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз — туған тiлiмiздiң мерейiн үстем ете түседi.

Тәуелсiздiгiн алған тұста елiмiздегi қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазiр 11 миллионға жетiп, 65 %-данасты.

Қазақтың саны 4 миллионға артты.

Егер әрбiр қазақ ана тiлiнде сөйлеуге ұмтылса, тiлiмiз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесiне лайық орнын иеленер едi.

Қазақ тiлi туралы айтқанда, iстi алдымен өзiмiзден бастауымыз керектiгi ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшiн әркiм өзгенi емес, алдымен өзiн қамшылауы тиiс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн.

Сонда ғана қазақ тiлi барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тiлiне айналады.

Тiлге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екенi даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазақ тiлi жаппай қолданыс тiлiне айналып, шын мәнiндегi мемлекеттiк тiл мәртебесiне көтерiлгенде, бiз елiмiздi ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТI деп атайтын боламыз.

(2) Қазiр бiз балаларымыз қазақ тiлiмен қатар орыс және ағылшын тiлдерiн де белсендi меңгеру үшiн жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз.

Үштiлдiлiк мемлекеттiк деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тiлiне және кириллицаға бiз қазақ тiлiне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тiлiн бiлу — бiздiң ұлтымыздың тарихи артықшылығы екенi баршаға белгiлi.

Дәл осы орыс тiлi арқылы қазақстандықтар бiрнеше ғасыр бойы қосымша бiлiм алып, ел iшiнде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтiп келе жатқанын жоққа шығармауға тиiспiз.

Бiз ағылшын тiлiн игеруде серпiлiс жасауымыз керек. Қазiргi әлемнiң осы «лингва франкасын» меңгеру бiздiң елiмiздiң әрбiр азаматына өмiрдегi шексiз жаңа мүмкiндiктердi ашады.

Төртiншi. Мәдениет, дәстүр және даралық

Дәстүр мен мәдениет — ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкерiс дүмпуi мен тоталитаризмнiң барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, бiздiң елiмiздiң аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкiлдерi өздерiнiң мәдени ерекшелiктерiн сақтай алды.

Тәуелсiздiк жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, бiздiң мәдени iргетасымыз беки түстi.

Қазақстан — бiрегей ел. Бiздiң қоғамда әртүрлi мәдени элементтер бiр-бiрiмен бiрiккен және бiрiн-бiрi толықтырып тұрады, бiрiне-бiрi нәр берiп тұрады.

Бiз өзiмiздiң ұлттық мәдениетiмiз бен дәстүрлерiмiздi осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игiлiгiмiздi бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Бiрлiгi бар ел озады, бiрлiгi жоқ ел тозады.

Бұл — тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бiрлiгi — елдiгiмiздiң кiлтi, ең басты мәселесi.

Ел бiрлiгi — ең асыл қасиет.

Бiрлiк, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзiмiзге — қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсiресе, алауыздықтан әлсiреген, күшейсе, бiрлiктен күшейген.

Үйдiң берекесi қабырғасының қиюымен емес, теңiнiң жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кiредi.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдiгi асқан, ерлiгi тасқан, кемел де келiстi елге айналуына бiзден — қазақтардан артық мүдделi кiм бар?!

Қазақтың iшкi тұтастығын бұзғысы келетiн рушылдық, жершiлдiк әңгiмемен ел бiрлiгiн бүлдiргiсi келетiн күштердiң пайда болуы Елбасы ретiнде менi алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттiлердiң айқайына құлақ асып, айтағына iлескен жан әр атаның шежiресiн әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкiн.

Ру мен тайпаға бөлiну — ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауiптi түрi.

Қазақ шежiресiнiң түпкi мәнiн ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллi рулардың түбiн қуа келгенде, барлығы бiр ғана ұлы тамырға — қазақ деген ұлтқа барып тiреледi.

Қай шежiренi алып қарасаңыз да, ол қазақтың бiрлiгiн, тұтастығын әйгiлейдi.

Шежiре — қазақты бөлшектейтiн емес, керiсiнше, бiрiктiретiн ұғым.

Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкiл қазақтың шежiре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбiр қазақ жүрегiнiң төрiнде ұстауға тиiс.

Тек бiрлесiп қана, бүкiл халықтың күш-жiгерiн бiрiктiрiп қана бiз алға баса аламыз.

Бiрлiгi берекелi, тiрлiгi мерекелi, ынтымағы жарасқан елдiң ғана ырысы мен табысы мол болмақ.

Бесiншi. Ұлттық интеллигенцияның рөлi

Бiз мемлекеттiлiгiмiздiң рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбiр кем бағаланбайтын даму кезеңiне келiп отырмыз.

Рухани дамуда негiзгi рөлге әрқашан интеллигенция ие.

2050 жылғы Қазақстан прогрессивтi идеалдар қоғамы болуға тиiс.

Бiздiң қоғамымыздың қазiргi көзқарастарының негiзiн дәл осы интеллигенция беруi керек.

(1) Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңiнде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиiс.

Бiз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиiс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек.

(2) Интеллигенция менiң пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негiзiнде ел болашағының ментальдi, дүниетанымдық үлгiсiн жобалауда негiзгi рөлдi қолға ала алады және алуға тиiс.

(3) Бiз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек.

Бүкiлқазақстандық бiрегейлiк бiздiң халқымыздың тарихи санасының өзегiне айналуға тиiс.

Бүгiнде кез келген этносқа жататын немесе дiндi ұстанатын қазақстандық — өз елiнiң тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы және мемлекеттiк тiл даму үстiндегi қазақстандық азаматтық тұтастықтың бiрiктiрушi ұйытқысы болып келедi.

Бiз: «Мен — қазақстандықпын, өз елiмде мен үшiн барлық есiк ашық!» — деп айта алатын әдiлеттi қоғам құрып жатырмыз.

Бүгiнде бiздiң азаматтар үшiн барлық есiк, барлық мүмкiндiк, барлық жол ашық.

Бiз көппiз және бәрiмiз — бiр Елмiз, бiр халықпыз.

Өз елiне пайдасын тигiзу, өз Отанының тағдырына жауапты болу — әрбiр жауапты саясаткер үшiн, әрбiр қазақстандық үшiнпарыз және абырой.

Бiз бiрлiк пен татулық құндылықтарын қоғамның iргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негiзiне айналдырдық.

Бiз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбiр болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.

Алтыншы. ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дiн

Бүгiнде бiздiң халқымыз үшiн дәстүрлi емес дiни және жалған дiни ағымдар мәселесi өткiр тұр.

Жастарымыздың бiр бөлiгi өмiрге осы жат жалған дiни көзқарасты көзсiз қабылдайды, өйткенi, бiздiң қоғамның бiр бөлiгiнде шеттен келген жалған дiни әсерлерге иммунитетi әлсiз.

Бiздiң Конституция сенiм бостандығына кепiлдiк бередi, бұл — факт. Бiрақ, өздерiңiз бiлетiндей, шексiз еркiндiк деген болмайды. Ол дегенiмiз — хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиiс.

Әркiмнiң таңдау құқығы бар. Дiни таңдауға өте үлкен жауапкершiлiкпен қарау керек, өйткенi, адамның өмiрлiк салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкiл өмiрi соған байланысты.

Бүгiнде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгi» адамның iшiнде болу керек.

Iшкi «сүзгi» сұрақтар қойып отыруға тиiс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киiмiн кигенi бiзге керек пе? Бiзбен бiр дастарқанда отырып тамақ iшпеуге тиiс пе? Көлiк жүргiзбеуi керек пе? Мұның бәрi — басқа елдердiң орныққан дәстүрлерi, бiздiң даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдердi көрiңiздер.

Бiздiң әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киiну стилi бар, оны олар ибалылықпен ұстана бiледi және бiз, ерлер, әйелдердiң осы қасиетiн жиi терiс пайдаланамыз.

Бiз мұсылманбыз, оның iшiнде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттермiз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрдi, ата-ананы сыйлауға негiзделген.

Ендеше, бүгiнгi ұрпақ та әлемдегi ең iзгi дiн — ислам дiнiн қадiрлей отырып, ата дәстүрiн ардақтағаны абзал.

Қазiр кейбiр сыртқы күштер жастарымызды ислам дiнiнiң хақ жолынан адастырып, терiс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсiздiктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Бiз мұсылман үмбетiнiң бiр бөлiгi екенiмiздi мақтан тұтамыз. Ол — бiздiң дәстүрiмiз. Бiрақ бiзде зайырлы қоғамның дәстүрлерi де бар екенiн, Қазақстан зайырлы мемлекет екенiн ұмытпауымыз керек.

Бiз елдiң дәстүрлерi мен мәдени нормаларына сәйкес келетiн дiни сана қалыптастыруымыз керек. Бiз өзiн өзi ұстаудың ерекше үлгiлерiн алуға тиiспiз. Мен жария етiп отырған стратегия бiздiң халқымызды орта ғасырларда емес, ХХI ғасырда өмiр сүруге дайындайды.

***

Мемлекет пен азаматтар радикализмнiң, экстремизмнiң және терроризмнiң барлық түрлерi мен бой көрсетулерiне қарсы бiртұтас шеп құруға тиiс.

Дiни экстремизм қаупi ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дiнбасылар да ортақ алаңдаушылық бiлдiруде.

Бiз Жаратушыға деген кiршiксiз сенiмнiң агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуiмiз керек.

Соқыр фанатизм бiздiң бейбiтсүйгiш халқымыздың психологиясы мен дiлiне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.

Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негiз бар. Жалған дiни көпiрмелiктiң артында қоғамның негiзiн күл-талқан еткiсi келетiн қылмыстық iс-әрекет жасырынып жатыр.

Бұл — бiздiң елiмiздегi бейбiтшiлiк пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл — бiздiң мемлекеттiгiмiз бен азаматтық кемелдiгiмiздiң мықтылығының сынға түсуi.

Бiз дiни радикализм мен экстремизмнiң пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетiлдiруiмiз керек. Бiз терроризмге қарсы заңдарды да жетiлдiруге тиiспiз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнiң жолын кесу керек.

Бiз әлеуметтiк, этностық және дiни шиеленiстер мен қақтығыстарды еңсерудiң жаңа сенiмдi механизмдерiн жасауымыз керек. Дәстүрлi емес секталар мен күмәндi жалған дiни ағымдардың iс-әрекетiн қатаң түрде тыйып отыру қажет.

Бiз қоғамда, әсiресе, жастар арасында дiни экстремизм профилактикасын күшейтуiмiз керек.

Әлемдiк және дәстүрлi дiндер көшбасшыларының съезi беретiн артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгiмелесу алаңының базасында дiни ыңғайдағы дауларды шешудiң жаңа платформасын жасауымыз қажет.

Бiз дiни және этностық дауларды шешу үшiн аймақтағы ыстық нүктелерде, Үлкен Таяу Шығыс аясында, тiптi одан да ауқымды деңгейде араағайындық жасауға дайын болуымыз керек.

Бiздiң мемлекетiмiздiң зайырлы келбетi — Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

Мұны Қазақстанның қазiргi және болашақ саясаткерлерi, барлық қазақстандықтар айқын түсiнуге тиiс.

Үкiметке менiң Әкiмшiлiгiммен бiрлесiп, Дiни экстремизммен және терроризммен күрес жөнiндегi мемлекеттiк бағдарлама дайындауды тапсырамын.

Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келедi. Экстремизммен күрес әйтеуiр жазықтыны iздеп табуға айналып кетпеуге және дiнмен күреске жалғасып кетпеуге тиiс.

Дiн мәселелерiнде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет дiни бiрлестiктердiң iшкi iсiне араласпауға тиiс. Бiз ұят, толеранттылық және төзiмдiлiк еркiндiгi принциптерiн қастер тұтуымыз керек.

Құрметтi қазақстандықтар!

Менiң отандастарым!

Бүгiнгi Жолдауымда мен сiздердiң әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.

Ел алдында iрi мәселелер тұр. Мен бiздiң табысты болатынымызға сенiмдiмiн.

Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемiн?

Мен 2050 жылғы қазақстандықтар — үш тiлде сөйлейтiн бiлiмдi, еркiн адамдардың қоғамы екенiне толық сенiмдiмiн.

Олар — әлемнiң азаматтары. Олар саяхаттап жүредi. Олар жаңа бiлiм меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгiш. Олар — өз елiнiң патриоттары.

Мен 2050 жылғы Қазақстан — жалпыға ортақ еңбек қоғамы екенiне сенiмдiмiн. Ол — барлығы да адам игiлiгi үшiн жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Бiлiм беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздiк. Бейбiтшiлiк пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркiн және тең құқықты, ал билiгi әдiл. Онда заң үстемдiк етедi.

Мен бiздiң дұрыс бағытпен iлгерiлеп бара жатқанымызға сенемiн және бiздi ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.

Егер бiз күштi болсақ, бiзбен санасатын болады.

Егер бiз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткiзген жетiстiктерiмiздi жоғалтып аламыз.

Бүгiн бiз ең дұрыс таңдау жасауға тиiспiз.

***

Қымбатты отандастар!

«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бiзге — қазақ халқына айрықша жауапкершiлiк жүктеледi.

Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмiрiнен алар тәлiмiмiзбен бiз алдағы асулардан алқынбай асамыз.

Үдеудiң сыры — бiрлiкте,

Жүдеудiң сыры — алауыздықта.

Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бiрлiктiң құдiретi қандай боларын өзiне де, өзгеге де дәлелдеген.

Сын сағатта туған елге деген перзенттiк парызды бәрiнен биiк қоя бiлген.

Сол шайқаста төгiлген қан барша қазақтың тамырында бар. Бiздi бiр-бiрiмiзбен бiрiктiретiн де, бауыр ететiн де бабалардың бостандық жолында төгiлген осы қаны деп бiлемiн.

Елдiк мұрат жолындағы ұлы ерлiк әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.

Бабаларымыз тiрi болу үшiн бiр болса, бiз әрдайым iрi болу үшiн бiр болуымыз керек.

Бейбiт күндегi белестердi бағындырып, алдағы сындардан сүрiнбей өтерiмiз, ең алдымен, өзiмiзге, бiрлiгiмiз бен берекемiзге байланысты.

Бiз бәрiмiз бiр атаның — қазақ халқының ұлымыз.

Бәрiмiздiң де туған жерiмiз бiреу — ол қасиеттi қазақ даласы.

Бұл дүниеде бiздiң бiр ғана Отанымыз бар, ол — тәуелсiз Қазақстан.

Бiз болашаққа көз тiгiп, тәуелсiз елiмiздi «Мәңгiлiк Ел» етудi мұрат қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгiлiк жолдағы буындар бiрлiгiнiң, ұрпақтар сабақтастығының көрiнiсi.

Тәуелсiз елдi өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы iстердi кейiнгi ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәмiл сенемiн.

Бабалардың ерлiгi, бүгiнгi буынның ерен iстерi және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, бiз «Мәңгiлiк Ел» боламыз.

Сондықтан барлық буын өкiлдерiне үн қатамын!

Алдымен, алдыңғы толқын — аға буын!

Сiздердiң көрегендiктерiңiз бен өмiрлiк тәжiрибелерiңiз кейiнгi буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септiгiн тигiзедi.

Ортаңғы буын отандастарым!

Сiздердiң еншiлерiңiзге алып империяның күйреп, жас, тәуелсiз мемлекеттiң түлеген кезеңi дөп келдi.

Сiздердiң күрделi де қиын шешiмдер арқылы жинаған өлшеусiз тәжiрибелерiңiз — қиындықтардан қыңбай өтуiмiзге қажеттi баға жетпес қазына.

Ал кейiнгi толқын жастарға айтарым: Сендер — болашаққа деген үкiлi үмiтiмiздiң тiрегiсiңдер.

Бiздiң бүгiнгi атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшiн жасалуда.

Сендер тәуелсiз Қазақ елiнiң перзенттерiсiңдер.

Тәуелсiз елде туып, тәуелсiз елде тәрбие алдыңдар.

Сендердiң азат ойларың мен кемел бiлiмдерiң — елiмiздi қазiр бiзге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрiнетiн тың мақсаттарға апаратын құдiреттi күш.

Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгiлiк құндылықтары — ерiк-жiгер мен еңбексүйгiштiк, мақсаткерлiк қасиеттердi бойға сiңiруге шақырамын.

Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемiн.

Бұл бейбiтшiлiктiң, тұрақтылық пен гүлденудiң ғасыры болады.

Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесi атануға лайық.

Бiз көздеген мақсатымызға мiндеттi түрде жетемiз.

Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсiздiгiмiз баянды болсын!

Мәңгiлiк Ел болу жолындағы ұлы iстерiмiз жаңа дәуiрлерге жол ашсын!

Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тiлеймiн.

Астана, Ақорда, 2012 жыл


Мақаланың шыққан күні:: 21.07.2016 16:08
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2016 16:08