Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
22.11.2017

Қызметтер

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2005 жылғы 16 ақпан

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТIК ЖӘНЕ САЯСИ ЖЕДЕЛ

ЖАҢАРУ ЖОЛЫНДА

• Бiз неден бастадық

• Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын құрдық Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады.

• Бiз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерiнiң тәжiрибесiн және өзiмiздiң көпұлтты әрi көп дiндi қоғамымыздың ерекшелiгiн ескерiп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетiн тәуелсiз мемлекетiмiздi орнаттық.

• Бiз Қазақстанды Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметтi әрiптеске, халықаралық лаңкестiкке, есiрткiнiң жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетiн мемлекетке айналдырдық.

• Бiз қайда бара жатырмыз?

3. Қазақстаннның жеделдетiлген экономикалық және әлеуметтiк прогресi

3.1 Инновациялық экономика құру және шикiзаттық емес секторды дамыту

3.2 Шағын және орта бизнес туралы

3.3. Аграрлық мәселелер

3.4 Қаржылық сектор мәселелерi

3.5 ХХI ғасыр деңгейiнде бiлiм беру мен кәсiптiк даярлау

3.6 Ана, бала, аға ұрпақ

3.7 Тұрғын үй мәселелерi

3.8 Рухани даму мен конфессиялар аралық келiсiм

3.9 Жоғарыда айтылған сөздердiң бүгiнгi күнi әрбiр отбасы үшiн, әрбiр қазақстандық үшiн мәнiсi неде?

4. Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңi

4.1 Саяси реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасы

4.2 Қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетiн одан әрi пайдалану

4.3 Атқарушы билiк реформасы

4.4 Билiктiң заң шығарушы тармағының саяси беделiн күшейту туралы

4.5 Сот жүйесi мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы

4.6 Сайлау туралы

4.7 Азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы

4.8 Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы

5. Қазақстан қазiргi әлемде

5.1 Бiздiң сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз

5.2 Бiздi бүгiн не алаңдатып отыр?

5.3 Өңiрдегi жағдай туралы

6. Бiздiң туған Қазақстанымыз үшiн жауапкершiлiгiмiз

Құрметтi қазақстандықтар! Ардақты ағайын!

1. Бiз неден бастадық

Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнiң шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл бiздiң мемлекетiмiздiң алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал едi. Осы уақыттың iшiнде халық менiң елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенiмiн бiлдiрдi. Мен болсам, Сiздердiң сенiмдерiңiздi ақтауға тырысып. бiздiң стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.

Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiмiз жеткiлiктi.

Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?

Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде едi. Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгiлi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.

Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару–жарағымыз ғана алаңдатты.

Ендi 20 — 25 жылдан кейiн мемлекеттiк басқарушылардың жаңа ұрпағы «Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясының» қорытындысын шығарып, бiздiң әуел бастағы әлеуетiмiздi және өзгерiстердiң нәтижесiн елеп-екшер болса: «Шынымен, солай болды ма екен», деп таң-тамаша қалары анық.

Сонда олардың бiзге қызыға қарарына көзiм әбден жетедi. Бiздiң батылдығымызға, жiгерiмiзге, қабiлетiмiзге, сайып келгенде, еркiндiгiмiзге қайран қалары анық. Өйткенi бүгiнгi күнi бiз жасаған дүниенi рухы күштi жандар ғана жасай алатын едi.

Бiз алдымызға анық та айқын мақсат қойдық: бiз жақсы өмiр сүргiмiз келдi, бiз еркiндiкке ұмтылдық, бiз бәрiнен де бұрын балаларымыз бен немерелерiмiздiң лайықты өмiр сүруiн қаладық. Бұған сiздер мен бiздер өз ғұмырымыздың бiраз жылдарын арнадық. Еңбегiмiз еш кеткен жоқ, бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк.

Өзiмiздiң төл теңгемiз айналысқа енген, экономикалық тәуелсiздiгiмiз аныққа шыққан 10 жыл кезеңдi алайықшы. Бұл 10 жыл — елiмiздi тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл Конституциямыздың да мүшелдi мерекесi.

2. Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық

2. 1. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын құрдық.

Экономиканы түпкiлiктi реформалауға бағыт ұстап, бiз қысқа мерзiмнiң iшiнде нарықтық реформаларды жүргiзе бiлдiк, тиiстi заңнамамызды жасауға қол жеткiздiк. Бүгiнгi таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс iстеп тұрған нарықтық экономика бар.

Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз жетi жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол екi мың жетi жүз долларға жеттi, ендеше биылғы жылы бiздiң жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз ендi үш мың доллардай болады деген болжамымыз бар.

Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы iшкi өнiмдi 5800 АҚШ долларынан асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердiң бүгiнгi деңгейiне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшерiне жеткiзуге күшiмiз жетедi деп санаймын. Жалпы сатып алу қабiлетiнiң шамасы жағынан бұл цифрларға бiз қазiрдiң өзiнде жақынбыз.

Бiз елiмiздiң жалпы iшкi өнiмiн 2000 жылмен салыстырғанда, 2010 жылы екi есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткiшке 2008 жылы-ақ жететiнiмiзге сенiмiмiз мол.

Бүгiн экономикалық өсудiң негiзгi көзi елдiң шикiзат әлеуетiн пайдалану болып отыр. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн 1985 жылмен салыстырғанда, бiз 225 пайыз ұлғайтуға қол жеткiздiк, ал былайғы дүниеде ол небәрi 1,3 есе шамасында ғана өстi.

Экономикаға 30 миллиард АҚШ долларындай тiкелей шетел инвестициясы тартылды . Бұл өте жоғары көрсеткiш. Бүгiнгi Қазақстанның тұрақты, тиiмдi әрi сенiмдi әрiптес екенi барша инвесторларға әлдеқашан аян ақиқат.

Қазақстанның қаржы жүйесi де топжарғандар қатарында танылды, ал мұны жетекшi халықаралық сарапшылардың өздерi мойындап отыр.

Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып, тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, сыртқы қолайсыз факторларға тәуелдi болмау үшiн Ұлттық қор құрды.

Бүгiнгi күнi Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталып отыр. Ұлттық қорды қоса есептегенде, елiмiздiң алтын-валюта резервтерi, тұтас алғанда, 14 млрд. АҚШ долларынан асып түстi. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жайында армандаудың өзi қиын едi.

Бiз ашық сыртқы сауда саясатын дәйектi жүргiзiп келемiз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемiнiң оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жеттi. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда, 3 еседен астам өстi деген сөз.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында негiзiнен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының ауқымымен шектелген бiздiң сыртқы саудамыздың географиясы да бiршама тарамдала түстi.

Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты.

Осылайша бiз өзiмiздiң әлемдiк экономиканың бөлiнбес бөлiгiне айналып, жаһандық бәсекелестiк арнасына еркiн енгенiмiзге анық көз жеткiздiк.

2.2. Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады

Бүкiл дүниежүзiлiк банктiң сыныптамасы бойынша қазiргi уақытта Қазақстан кiрiсi орта деңгейдегi елдердiң тобына кiредi.

Егер өмiр сапасының негiзгi көрсеткiштерiн салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кiрiсi 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгi табыс мөлшерi 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшерi 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегi депозиттерi мен бiр кiсiнiң жасайтын салымының көлемi тиiсiнше 35 және 37 есе өскенiн көремiз. Биылғы жылы кепiлдi тегiн медициналық көмек көлемiне жұмсалатын мемлекеттiң шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өстi.

Экономикамыздың қарқынды өсуi мемлекеттiк шығыстардың әлеуметтiк бағдарлануын едәуiр кеңейтуге мүмкiндiк бердi, мұның өзi экономикамыздың айтарлықтай бекемдiк деңгейiне жеткенiн айғақтайды.

Бiз айрықша қысқа мерзiмнiң iшiнде елiмiздiң дәл орталығында жаңа астанамызды тұрғыздық . Көрген жанның бәрi Астана көркiне тәнтi болып жүр. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

2.3. Бiз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерiнiң тәжiрибесiн және өзiмiздiң көпұлтты әрi көп дiндi қоғамымыздың ерекшелiгiн ескерiп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетiн тәуелсiз мемлекетiмiздi орнаттық.

Бiз демократия жол басы емес, ол алдағы мақсатымыз екенiн ешқашан естен шығарғамыз жоқ. Бiз демократияны декретпен енгiзуге болмайтынын, оны жан-жүрегiңмен түйсiну керек екенiн бiлдiк.

Қазақстан мемлекеттiлiгi бiржолата орнықты. Бiздiң елiмiз өз саяси дамуының үлгiсi жағынан батыс демократиясына және әлеуметтiк iлгерiшiлдiгi мен саяси саналуандығы бүкiл әлемге танылған «жаңа» азиялық демократия дегенге де жақын.

Бiз саяси өмiрiмiздi либералдандыру жөнiнде де айтарлықтай табыстарға жеттiк. Бұл тұста мыналарды айтсақ та жеткiлiктi:

- Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйектi жүргiзiлiп келедi; еркiн демократиялық сайлаулар үнемi өкiзiледi; тежемелiк әрi тепе-теңдiк негiзiнде билiк тармақтарының ара-жiгiн ажырату қағидаты жүзеге асырылып жатыр;

- Қазақстанда саяси саналуандық және көппартиялылық орныққан; кез келген қазақстандық кез келген қоғамдық және саяси бiрлестiкке еркiн кiре алады;

- 5 мыңнан аса үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам институттары мен құрылымдары жасақталып, жұмыс iстеуде;

- Қазақстанда тәуелсiз сот жүйесiнiң негiздерi қаланып, заңның жоғарылығы дәйектi қамтамасыз етiлiп келедi. Бiздiң қоғамда сот жүйесiне деген сенiм барған сайын арта түсiп отыр;

- Қазақстанда сөз бостандығы қаматамасыз етiлген, цензура жоқ; мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс iстеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркiндiгiн шектеу әрекетi байқалғанын, сонда мен дүдәмал заң жобасына тоқтау салғанымды естерiңiзге сала кеткiм келедi, сөйтiп мемлекет өзiнiң баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтынын тағы да қуаттап бердi;

- Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, елеулi нәтижелерге қол жеттi; Адам құқықтары жөнiндегi Уәкiл институты құрылды; Қазақстан адам құқықтары жөнiндегi халықаралық конвенцияларға қосылды. Құрамы жөнiнен көрнектi әрi беделдi Демократия мен азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi Ұлттық комиссия жұмыс iстейдi;

- Қазақстанның кез келген азаматы елден шыға да және қайтып орала да алады;

- бүгiн кез келген қазақстандықтың өзiнiң қалауына қарай қызметпен шұғылдануға құқығы бар;

- әркiмнiң өз балаларын тиiмдi деп тапқан жерлерде оқытуға құқығы бар;

- әрбiр қазақстандықтың сайлауға және сайлануға құқығы бар;

- Қазақстан дiни сенiм-наным бостандығын қамтамасыз етiп, конфессиялар аралық келiсiм мен дiни теңқұқылық саясатын дәйектi жүргiзiп келедi. Бiзде түрлi конфессиялардың бейбiт қатар өмiр сүруi қамтамасыз етiлген, әрi дiни экстремизмге қарсы дәйектi күрес жүргiзiледi. Астанада өткiзiлген Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң съезi елiмiздiң бiтiмгершiлiк әлеуетiнiң өсiп келе жатқанының айқын айғағына айналды;

- Қазақстанда өлiм жазасына мораторий енгiзiлген;

- бiз Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстың туындау тамырын құрттық;

- Қазақстан ТМД-да бiрiншi болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде заң қабылдады, әрi бұл бағытта алдағы уақытта да жалғаса беретiн дәйектi жұмыс жүргiзiлiп келедi.

Осыдан 10 жыл бұрын мұның бiрi де болып көрмеген едi, ал бүгiн өмiр бойы осылай болып келе жатқан сияқты.Осының бәрi де қуатты президенттiк билiк институтының сақталуымен ұштасып, елiмiзге өткен дәуiрдiң сарқыншақтарын еңсерiп, Достастық мемлекеттерiнiң көпшiлiгiне қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен даму үшiн мүмкiндiктер туғызған шығар деп санаймын.

Сөйтiп, бiз бүгiн саяси жүйенi жаңартудың белгiлi бiр белесiне көтерiлдiк. Өткен жылы бiзге келiп қайтқан ЕҚЫҰ төрағасы Соломон Пассимен кездесуiмiз кезiнде ол: «соңғы жылдары Қазақстанда демократиялық реформалардың айрықша iлгерi басқаны байқалып отыр»,- деп атап көрсеткен едi.

2.4. Бiз Қазақстанды өңiрдiң көшбасшысына, халықаралық құрметтi әрiптеске, сондай-ақ халықаралық лаңкестiкке, есiрткiнiң жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетiн мемлекетке айналдырдық.

Бiз қаруланбау мен ядролық қарусыздану жолын таңдап алып, әлемдiк қауымдастықтың алдында өңiрлiк қауiпсiздiк факторына айналдық. Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын өз еркiмен жапты. Әлемдегi төртiншi ракеталық-ядролық әлеуетiнен бас тартып, күллi дүниеге үлгi көрсеттi.

Қазақстан Еуразия кеңiстiгiндегi интеграциялық процестердiң бастамашысы әрi белсендi қатысушысы болды.

Бiздiң елiмiздiң әлемдiк аренадағы есiмi Азиядағы Өзара iс-қимыл мен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыру туралы ұсынысымен тiкелей астасып жатыр десек асыра айтқандық емес. Өзiндiк төлтұма құжат — Сенiм шараларының каталогын қабылдаған Сыртқы iстер министрлерiнiң Алматыдағы соңғы кездесуi — мен 1992 жылдың өзiнде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастаманың ойдағыдай iске асуының жақсы айғағы.

Егер 1991 жылы әлемдiк қоғамдастықтың iс жүзiнде Қазақстанға қандай да бiр ықыласы аумай келсе, бүгiнгi күнi Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр.

Таяуда белгiлi Ресей ғалымы академик А. Аганбегян атап көрсеткендей, «Қазақстан мен Қытай сияқты екi ел бүгiнгi таңда жоғары экономикалық даму қарқынына жетiп отыр».

2.5. Бiз қайда бара жатырмыз?

Мен жүзеге асқан бастамаларымызды баяндап бердiм. Бiз бiрлесе отырып, еркiн экономика мен ерiктi ұлт жасақтау жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк негiз қаладық.

Қазақстан бүгiн әлемнiң ең серпiндi дамып келе жатқан елдерiнiң бiрiнен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат.

Қымбатты отандастарым! Сiздер менiң ұлттың бастаушысы болуыма сенiм жүктеп қана қойған жоқсыздар, сiздер әрдайым менiң жанымнан табылып, сөздерiңiзбен де, iстерiңiзбен де, менi әрдайым қолдап отырдыңыздар, сол үшiн де мен сiздерге шын көңiлiммен ризамын.

Бiздiң болашағымызды мен өзiме қалай елестетемiн?

Елiмiздiң экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлi жаңа кезең, Қазақстанды одан әрi жаңарту мен демократияландыру — бiздiң күн тәртiбiмiздегi мәселе осындай.

Сондықтан да алдағы уақытта менiң күш-жiгерiм:

- мемлекеттiлiктi нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретiнде дамытуға;

- елiмiздегi және өңiрдегi бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңiрлiк және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;

- жаһандану талаптарына сәйкес экономиканы серпiндi дамытуға және шикiзаттық емес секторларды iлерiлетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға;

- бiлiм берудi, кәсiптiк даярлық пен әлеуметтiк саланы 21 ғасырдың деңгейiне көтеруге;

- азаматтық қоғамды дәйектi дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге;

- қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрi дамыта беруге;

- дiни негiздегi жатсынбаушылық пен конфессиялар аралық келiсiмдi қамтамасыз етуге;

- сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;

- лаңкестiкке, есiрткi саудасына, кез келген түрдегi экстремизмге қарсы жаһандық күреске бағытталады.

Ендiгi бiр айтқым келетiн жәйт: Қазақстан бүгiн Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легiнiң түйiскен тұсында тұр. Бiздiң мiндет — осынау бiрегей геосаяси жағдайымызды өз елiмiз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесi үшiн ұтымды пайдалану.

Бүгiн мен өзiмiздiң бұдан былайғы жаңғыруымызды жеделдетудiң нақтылы жоспарын ұсынғым келедi. Соған сәйкес бiз өзiмiздiң 2010 жылға дейiнгi кезеңге арналған iс-қимылымызды реттейтiн боламыз.

3. Қазақстанның жеделдетiлген экономикалық және әлеуметтiк прогресi

Қазақстан өз азаматтары үшiн өмiр сүрудiң жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнiң тиiмдi дамып келе жатқан елдерiнiң қатарына қосылуға тиiс. Бiз мұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабiлеттi болған жағдайда ғана iстей аламыз.

3.1.Инновациялық экономика құру және шикiзаттық емес секторды дамыту

Бiз экономиканы диверсификациялауға бағытталған Индустриялық — инновациялық стратегияны iске асыра бастадық. Бұл болашақтың бағдарламасы.

Бiз бәсекеге қабiлеттi экономиканың үлгiсiн таңдай отырып, бәсекелестiкке қарымы мол басым салаларды дамытуға кiрiстiк, сол арқылы қазақстандық кластерлер жүйесiнiң дамуына жол аштық.

Биылғы жылдың ортасына қарай бiздiң қолымызда нарықтың туризм, мұнай-газ машиналарын жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсiбi, көлiк-логистикалық қызмет көрсету, металлургия және құрылыс материалдары сияқты салаларда, кемiнде 5 -7 кластерiн жасау мен дамытудың жоспары болуы керек деп санаймын. Ел экономикасының шикiзаттық емес салалардағы ұзақ мерзiмдiк мамандануын, мiне, солар айқындайтын болады.

Бiз өзiмiздi жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлемiне енгiзетiн экономикалық дамуды басқарудың түбегейлi жаңа жүйесi — Ұлттық инновациялық жүйе жасауды қолға алдық.

Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазiрдiң өзiнде қалыптасты. Мемлекеттiк даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелi 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.

2004 жылы 204 инвестициялық жоба iске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.

Бiздiң стратегиялық мiндетiмiз — бәсекеге қабiлеттi елдердiң қатарынан лайықты орын алу. Сондықтан да мемлекет пен жеке меншiк сектор өзара сенiм мен тиiмдiлiкке негiзделген әрiптестiк қатынастарын жолға қоюы керек.

3.2. Шағын және орта бизнес туралы

Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсiпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы iшкi өнiмнiң 50 пайыздан астамын бередi.

Сондықтан да бiздiң шағын және орта кәсәпкерлiктi дамытудың түбiрiнен жаңа идеологиясын түзуiмiз қажет. Бiз кәсiпкерлiк ортаның бастамашылығын iске асыру үшiн қолайлы жағдай туғызуымыз керек.

Әрбiр iскер қазақстандық осы ортаға кiрiгiп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиiс.

Қазақстандықтардың бастамашылығына кең өрiс ашу үшiн жағдай жасалды, кәсiпкерлер ендiгi жерде осы мүмкiндiктердi пайдалана бiлсе игi!

Мен өңiрлердi экономикада өршiл болуға шақырамын.

Ендiгi жерде жаңа идеологияға сәйкес заңнаманы сапалық жағынан жақсарту мiндет.

Қысқасы, сөзден iске көшетiн, мемлекеттiк кәсiпорындар мен мегахолдигтердiң, ең алдымен iрi мемлекеттiк компаниялар мен монополиялардың өздерiне үйлеспейтiн мiндеттерiн шағын және орта бизнеске беру жөнiндегi жұмысты тындыратын сәт туды. Сол арқылы бiз бизнеске тың тыныс ашамыз.

Бұл ретте бiрқатар стратегиялық маңызды мемлекеттiк компаниялар акцияларының пакеттерiн басқаруды арнайы құрылатын мемлекеттiк холдинг компаниясына беру қажет. Әлбетте бұл шараларға қарсыласу да, сөз бұйдаға салу да болмай қоймайды. Бiрақ Үкiметтiң батылдық танытып, бұл iске мықтап кiрiсетiн кезi келдi.

Келесi бiр мәселе туралы. Даму банкi мен Инвестициялық қорға барлық кәсiпкерлердiң қолы жете бермейдi. Сондықтан «Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры» өзiндiк бiр «үлкен қаржылық маркетке» айналуға тиiс. Бiз Қорға биылғы жылы респубикалық бюджеттен қосымша 10 млрд. теңге бөлемiз, сонда шағын бизнес субъектiлерiн кредиттеу мүмкiндiгi 25 млрд. теңгеге дейiн өседi. Биылдан бастап, банк кредиттерiне кепiлдiк беру мен сақтандыруды жүзеге асыруды қолға алу керек. Мұның өзi қомақты мемлекеттiк қолдау болмақ.

3.3 Аграрлық мәселелер

Биыл үш жылдық аграрлық азық-түлiк бағдарламасын iске асыру аяқталады. Бiз елiмiздегi аграрлық бизнестi мемлекеттiк реттеу мен қолдау жүйесiн негiзiнен қалыптастырдық. Үстiмiздегi жылы ғана ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дамытуға республикалық бюджеттен 57,9 млрд. теңгеден аса қаржы бөлiнедi. Бұл рекордтық сома.

«Агроөнеркәсiп кешенi мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Заң қабылдау қажет.

Алдағы уақытта Бүкiл дүниежүзiлiк сауда ұйымына кiруiмiз, бiз бұл мәселенi талай мәрте талқылаған болатынбыз, отандық ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiне айрықша талаптар қоятын болады. Ендiгi жерде ауыл шаруашылығы шикiзатын өндiру мен өңдеу саласында кластерлiк бастамашылықты iске асыру арқылы аграрлық өндiрiстi индустрияландыруға айрықша назар аудару қажет деп санаймын. Жеке меншiк сектордың назарын нақ осыған аудару керек, сондай-ақ кредиттердi де, атап айтқанда, агроиндустриалдық саясат арнасында, осында тарту керек.

3.4. Қаржылық сектор мәселелерi

Қаржы секторын одан әрi дамыту үшiн қазiр құнды қағаздар нарығын дамыту мен 2005 — 2007 жылдары жинақтау зейнетақы жүйесiн дамыту бағдарламалары қабылданды. Ендi тек жұмыс iстеу керек.

Банктердiң қызметi ашықтықтың айтулы өнегесi болуға тиiс. Ең алдымен, мұның меншiк құрылымы мен аффилирленген тұлғалар туралы мәлiметтерге қатысы бар. Банк қабылдайтын шешiмдерге елеулi ықпалы бар барлық тұлғалар уәкiлеттi органның келiсiмiн ала отырып, өздерiнiң мәртебесiн нақтылай түсулерi керек. Банктердiң инвестициялық қызметiне қойылатын талаптарды топтасу негiзiнде ретке келтiру қажет. Аффилирленген тұлғалармен жасалатын мәмiлелер банктердi тәуекелге барғызбауы шарт. Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң бұл жұмысты батыл жүргiзуi мiндет.

3.5. ХХI ғасыр деңгейiнде бiлiм беру мен кәсiптiк даярлау

ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық. Бiздiң болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндiрiстерi үшiн қадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы бiлiм беру жүйесiнсiз әрi алысты барлап, кең ауқымда ойлай бiлетiн осы заманғы басқарушыларсыз бiз инновациялық экономика құра алмаймыз.

Демек барлық деңгейдегi техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамытуға бағытталған тиiстi шаралар қолдануымыз шарт.

Қазақстан жоғары оқу орындарының мiндетi — әлемдiк стандарттар деңгейiнде бiлiм беру. Ал жетекшi оқу орындарының дипломдары күллi әлемде танылуға тиiс. Олар мұны iстеуге мiндеттi.

Бiздiң әрбiр қазақстандықтың жоғары бiлiм алуына нақтылы кепiлдiк беруiмiз керек.

Студенттердiң оқуын бюджеттен қаржыландырудың бiрыңғай жүйесiн құру мақсатында Үкiметке бiлiм беру кредиттерiнiң есебiнен бiлiм беруге арналған кредиттердiң мөлшерiн 50 пайызға арттыруды тапсырамын.

Сонымен бiр мезгiлде осы аталған кредиттердiң қайтарылуына мемлекеттiң кепiлдiгiн берудi қамтамасыз ете отырып, екiншi деңгейдегi банктер арқылы студенттерге кредит бөлудiң осы заманғы жүйесiн жасау керек.

Үкiметтiң каникул кездерiнде студенттерге тұрғын үйлер тұрғызатын құрылыс отрядтарында жұмыс беру, елiмiздi көгалдандырудың «Жасыл ел» бағдарламасын өрiстетiп, бұл игiлiктi iске студенттердi қатыстыру мәселесiн нақтылы қарауы мiндет.

Ендi оқытушылар жайында. Олардың проблемалары да бiзге жақсы мәлiм, бұл проблемалар шешiлiп те жатыр, алайда бәрiн бiр сәтте шешiп тастау да мүмкiн емес. Бiлiм министрлiгi Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бiрлесiп, профессор-оқытушылар құрамына қолдау көрсету жүйесiн ойластырғаны жөн. Айталық, қазiрдiң өзiнде кез келген шетелде тәжiрибеден өтуге баруды қарастыратын әрi бiр жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргiзуге берiлетiн гранттың мәртебесiне ие «Үздiк оқытушы» мемлекеттiк стипендиясын тағайындауға болар едi.

Менiң тапсырмам бойынша биылғы жылы Қазақ Ұлттық университетi мен Еуразия Ұлттық университетiне 20 шетелдiк оқытушы кеңесшiлер тарту үшiн 2 млн. доллар бөлiндi. Ендеше Батысқа танымал өзiмiздiң үздiк мамандарымызды дәл осылайша неге марапаттамасқа!

Өзiмiз зәру болып жүрген, әрi кадрларды сырттан шақыруға мәжбүр етiп отырған техникалық мамандықтарды бiрiншi кезекте дамыту керек деп санаймын.

Бәрi де мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан бiздiң 2008 жылдан бастап, 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшiп, педагогтардың кәсiптiк деңгейiн , оқулықтар мен бiлiм беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек.

Бiз мұғалiм мамандығының беделi мен абыройын қайтаруға мiндеттiмiз.

3.6. Ана, бала, аға ұрпақ

Бiздiң стратегиямыздың маңызды мәселесi — қоғамның ең бiр әлсiз қорғалған мүшелерiнiң — балалардың, олардың аналарының және аға ұрпақтың өмiрiн лайықты қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселелердi шешу үшiн қаражат аямайтын болады. Бiз балалар мен жүктi әйелдердi дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнiнде нақтылы шаралар қабылдадық, ендi оларды iске асыратын боламыз.

2003 жылдан бастап, перзенттiң дүниеге келуiне байланысты бiржолғы жәрдемақы төленiп келедi.

Биылғы жылдан бастап, бiз әлеуметтiк қамсыздандырудың идеологиясы барынша қарапайым үш деңгейлiк жүйесiн қалыптастыруға бағытталған әлеуметтiк реформаларды тереңдетудiң үш жылдық бағдарламасын iске асыруды қолға аламыз. Бiрiншiден, бұл мемлекет кепiлдiк беретiн негiзгi әлеуметтiк төлемдер. Екiншiден, бұл мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру. Ақыр аяғында, бұл кейiннен әлеуметтiк төлемдерге айналатын азаматтардың ерiктi жинақтаулары. Мiне, осындай үш бастау азаматтарымыздың қарттық кезеңiн лайығымен қамсыздандыруға тиiстi жағдай туғызады.

3.7 Тұрғын үй мәселелерi

Ендiгi бiр өзектi мiндет — тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу. Баспанаң болмайынша, түтiн түтетiп, бала өсiру қиын.

Үкiмет және барлық деңгейдегi әкiмдер жауапкершiлiктi өздерiне алып, неге қабiлеттi екендiктерiн қазақстандықтарға көрсетсiн. Тұрғын үй құрылысы — бiздiң экономикамызды алға сүйреушi қуатты күш.

3.8 Рухани даму мен конфессиялар аралық келiсiм

«Мәдени мұра» бағдарламасын iске асыруды жалғастыра беру, сөйтiп өткендi пайымдау арқылы қазiргi заман мәдениетiн жан-жақты дамыту қажет.

Бiз осы саланы мемлекеттiк қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек.

Бiз барша қазақстандықтарды бiрiктiрудiң басты факторларының бiрi — елiмiздiң мемлекеттiк тiлiн, барлық қазақтардың ана тiлiн одан әрi дамытуға күш-жiгер жұмсауымыз керек.

Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдiк дiндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе дiни фанатизм сезiмi бiзге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзiне жүрегiмiздiң ашықтығы — Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бiрi. Бiз өзiмiздiң жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуiмiзбен күллi әлемге танымалмыз. Елiмiздiң өсiп келе жатқан бiтiмгершiлiк әлеуетi алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла бередi.

3.9. Жоғарыда айтылған сөздердiң бүгiнгi күнi әрбiр отбасы үшiн, әрбiр қазақстандық үшiн мәнiсi неде?

1. Биылғы жылдан бастап, бiз iс жүзiнде әрбiр отбасының мүддесiне игi ықпалын тигiзетiн 2005 — 2007 жылдарға арналған әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету бағдарламасын iске асыра бастадық.

2. Үстiмiздегi жылдан бастап, бiз жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейiнгi балаларды дәрi-дәрмекпен, ал жүктi әйелдердi — құрамында темiр мен иоды бар препараттармен амбулаториялық деңгейде тегiн қамтамасыз ететiн боламыз.

3. 2006 жылдан бастап, диспансерлiк есепте тұратын және амбулаториялық деңгейде жеңiлдiк шарттары қолданылатын балалар мен жасөспiрiмдердi дәрi-дәрмекпен тегiн қамтамасыз етуге көшуiмiз керек.

4. 2006 жылдан бастап, аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейiнгi балаларына ай сайынғы жәрдемақылар төленуге, 4 және одан көп бiрге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы аналарға, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» немесе I және II дәрежелi «Ана даңқы» белгiлерiмен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылардың мөлшерi 4000 теңгеге дейiн көбейтiлуге тиiс.

5. Бiз нәрестенiң тууына байланысты бiр жолғы жәрдемақыларды қазiр де төлеп келемiз. Ендi соларға қосымша бұрын жоспарланғандай 2007 жылдан емес, 2006 жылғы 1 шiлдеден бастап, бiр жасқа дейiнгi сәбидi күту жөнiнде мемлекеттiк жәрдемақылар енгiзу қажет деп санаймын.

6. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бiз барлық зейнеткерлерге, еңбек өтiлiне, жалақысы мен тағайындалған зейнетақысының мөлшерiне қарамастан, 3000 теңге мөлшерiнде қосымша негiзгi зейнетақылық төлем жасайтын боламыз. Осылайша ең төменгi зейнетақының мөлшерi негiзгi зейнетақылық төлеммен бiрге 9200 теңгенi құрайтын, ал зейнетақының орташа мөлшерi 12 мың теңгеден асатын болады.

7. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бiз жоғары оқу орындары студенттерi, сондай-ақ орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары оқушылары стипендияларының мөлшерiн 2 еседен астам өсiретiн боламыз.

8. Бiз ең лайықты деген жастардың шетелдерде бiлiм алуларына жәрдем жасаймыз. Жыл сайын үш мың үздiк студентке «Болашақ» бағдарламасының шеңберiнде әлемнiң iлгерi жоғары оқу орындарында бiлiм алулары үшiн республикалық бюджеттен қаражат бөлiнетiн болады.

9. Бiзде инженерлер мен технологтар бола алатын және болуды қалайтын дарынды жастар көп. Бiлiм беру гранттары мен кредиттерi — мемлекеттiң оларға көрсететiн нақты көмегi осындай. Жеке меншiк секторын мен осы iске белсене қатысуға шақырамын.

10. Коммерциялық банктердiң студенттерге таяудағы 5 жылда бөлетiн кредиттерiне мемлекеттiк кепiлдiк беру жүйесiн iске асыру үшiн қосымша 2 млрд. теңге, оның iшiнде биылдың өзiнде 600 млн. теңге бөлу қажет.

11. 2006 жылдан бастап, мүгедектердiң барлық топтарына және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттiк арнаулы жәрдемақы алушыларға мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларды қосымша 1000 теңгеге арттыру қажет деп санаймын. Биылдан бастап, бұл жәрдемақылардың елеулi арттырылғаны мәлiм.

12. 2006 жылдан бастап, асыраушысынан айрылған 247 мың отбасына 300-ден 1000 теңгеге дейiнгi сомада қосымша қолдау жасау қажет.

13. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бюджет саласының қызметкерлерi — мұғалiмдердiң, дәрiгерлердiң, мәдениет пен әлеуметтiк қамсыздандыру қызметкерлерiнiң жалақысын орта есеппен 32 пайыз көтеру қажет деп санаймын. Ал 2007 жылдан бастап орта есеппен 30 пайыз көтеру қажет.

14. Негiзiнен алғанда жалақы мемлекеттiк қана емес, жеке меншiк секторда да өсуге тиiс. Осыған орай биылғы 1 шiлдеден бастап, ең төменгi жалақы мөлшерiн 9200 теңгеге дейiн өсiру қажет.

15. Мемлекеттiк қызметшiлердiң, сондай-ақ бюджет саласының басқа да қызметкерлерiнiң жалақысын биылғы 1 шiлдеден ота есеппен 32 пайызға, ал 2007 жылдан бастап, тағы да 30 пайызға көтеру, сөйтiп бiрiндеп оның мөлшерiн жеке меншiк секторына жақындата беру керек деп санаймын.

16. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шеңберiнде бюджеттен бөлiнген қаражаттың есебiнен ғана халықтың әлеуметтiк қорғалатын топтары үшiн 1600 пәтер салу және ипотекалық бағдарлама бойынша халықтың қолы жететiн арзан 11 700 пәтер салу қажет.

17. Тұтас алғанда қаржыландырудың барлық көздерi арқылы үш жыл iшiнде бiздiң 12 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 195 мың пәтер салуымыз керек. Бұл тұрғын үй құрылысы екi есе өседi деген сөз.

Осы айтылғандардың бәрiн де бiз iске асырамыз, өйткенi экономикамыздың жағдайы осындай мүмкiндiктер берiп отыр.

Экономикамызды жолға қойғаннан кейiн, азаматтарымыздың жағдайын жақсартатын күннiң туатыны жайында мен әрдайым айтып келген едiм. Мен өзiмнiң уәдемдi орындап келемiн.

Экономикалық және әлеуметтiк жедел жаңару бағыты Қазақстанның экономикалық және әлеуметтiк дамудағы өзiнiң көшбасшылығын одан әрi сақтап, сол арқылы капиталды, инвестициялар, технологиялар мен бiлiмдi, бiлiктi кадрларды тарту орталығына айналуына мүмкiндiк туғызуға тиiс.

Кәсiпкерлер бiздiң оларға қалыпты жағдай туғызып, артықшылықтар беретiнiмiздi, бiзде бизнестiң қауiпсiз әрi келешегi мол екенiн бiлгендерi жөн. Ғалымдар мен жоғары бiлiктi мамандар өз еңбектерiне бiзде тиiсiнше сый-сияпат көрсетiлетiнiне сенiмдi болу керек. Өнер адамдары өз қызметi лайықты бағаланатындықтарын сезiнуi тиiс. Бiз бұл үшiн бәрiн де жасаймыз.

Бұл бiздiң жетiстiктерiмiздiң бағасы болмақ.

4. Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңi

Құрметтi қазақстандықтар!

Осы жылдары бiз елiмiздiң «әуелi экономика содан кейiн саясат» деген айқын қағидатын ескере отырып, демократияландыру бағытында алға жылжыдық. Бұл өзiн өзi ақтады. Байсалдылықтан жамандық көргенiмiз жоқ. М. Тэтчердiң «… мен мүмкiндiгi әрi тәжiрибесi жоқ кез келген елде, мейлi ол азиялық немесе азиялық емес ел болсын ешбiр проблемаларға ұшыраспай бiр деммен демократияны енгiзу мүмкiн дегенге сенбеймiн» деген сөздерiн еске түсiрген орынды.

Басқа елдердiң тәжiрибесi көрсетiп отырғандай, демократия дегенiмiз қоғамның барлық топтары үйренуге тиiс- барынша ұзақ процесс. Көптеген елдердiң ғасырлар бойы қалыптасқан либералдық дәстүрлерi бар, алайда олар шырқау биiгiне әлi де жете қойған жоқ. Бiз бәрiн жоқтан бастаған едiк қой және демократияның өзi — адамның ой-санасы мен мiнез-құлық мәдениетi екенiн ұмытпағанымыз жөн.

Осы пiкiрлер құрметтеуге лайық деп санаймын. Бiздiң шығыс даналығы, сабырлылығы мен сақтығы дәстүрлерiне адал болғанымыз абзал.

4.1. Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы

Бiздiң ортақ жетiстiктерiмiз саяси жүйенi одан әрi жаңарту және демократияны дамыту жөнiндегi жүйелi және көп бағытты жұмысқа көшуiмiзге мүмкiндiк берiлiп отыр.

Мен бүгiн бастамалар дестесiн — Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын ұсынып отырмын.

Бұл бағдарлама мемлекеттiк, саяси және қоғамдық институттарды реформалауға бiрыңғай әрi бiртұтас тұрғыдан келудi көздейдi. Мұндай қадамның мәнi- Қазақстанды батыс демократиясының дәстүрлерi мен қағидаттарына және Оңтүстiк Шығыс Азияның iргелi мемлекеттерiнiң тәжiрибесiне, бiздiң көпұлтты және көпдiндi халқымыздың дәстүрлерiне сәйкес одан әрi демократияландыру.

Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы бүкiл қоғамның үндесуi негiзiнде ғана жүзеге асырылуға тиiс екенi анық.

2005 жыл тарихқа саяси реформаларды белсендi түрде алға бастыру мен оларды бүкiлхалықтық талқылау жылы ретiнде енуi керек.

Бұл жұмысқа Қазақстанның барлық азаматтары, көрнектi тұлғалар, қоғамдық пiкiрдiң көшбасшылары, ел дегдарлары тартылуы тиiс деп санаймын, мұның өзi оған барынша ашық әрi бұқаралық сипат бере едi.

Мен батыстық демократия елдерi мен серпiндi дамып келе жатқан Азия (Малайзия, Сингапур, Оңтүстiк Корея, Түркия және басқалары) мемлекеттерiнен сыртқы сарапшы мамандар, сондай-ақ беделдi саяси қайраткерлердi ынтымақтастық үшiн шақыру мүмкiндiктерiн жоққа шығара алмаймын.

Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының талқылануын үйлестiрудi Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi ұлттық комиссияға жүктеймiн.

Бұл комиссия осы Жолдауда өзiм баяндаған саяси бастамалар негiзiнде:

-жалпыхалықтық пiкiрсайыстың нәтижелерiн талдау және қорытындылауға;

-пiкiрсайыс нәтижелерi бойынша Жалпыұлттық бағдарламаның алғашқы заңнамалық жобасын әзiрлеуге;

-Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жөнiнде Президентке және Парламентке ұсыныстар әзiрлеуге;

-сондай-ақ саяси реформалар пакетiнiң түпкiлiктi қабылдау және күшiне енгiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiруге тиiс.

4.2 Қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетiн одан әрi пайдалану

Ең әуелi қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетiн барынша пайдалануымыз қажет.

Бiздiң Конституциямыздың әлемде демократиялық қоғамның негiзгi мiндеттерiне сәйкес келетiнi танылып отыр.

Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерiнiң орындалуына қатысты болып жүр. Бүкiл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады.

Халқымыз қабылдаған ел Конституциясы бiзге не бердi?

Тиiмдi жұмыс iстеп жатқан қос палаталы Парламент — елiмiздiң заң шығарушы билiгi. Конституция оған ел бюджетiн бекiту мен оның орындалуын бақылау құқығын бердi.

Парламент көпшiлiк дауыспен Премьер-Министрдiң, Ұлттық банк төрағасының тағайындалуына келiсiмiн бередi, Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруге, оны орнынан түсiру қажеттiлiгiн мойындатуға құқылы, сондай-ақ кез келген министрдi қызметiнен босатуды талап ете алады.

Парламентте саяси партиялардың фракциялары өкiлдiк етедi.

Парламент ел Конституциясына өзгерiстер енгiзу құқығына ие.

Үкiмет мүшелерi Парламент палаталары алдында тұрақты есеп берiп отырады.

Сенат Жоғары сот судьяларын сайлайды, Бас прокурор мен ҰҚК төрағасын тағайындауға келiсiмiн бередi.

Бiздiң елiмiзде Президент, Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттары баламалы негiзде еркiн және жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Конституциялық Кеңес, Есеп Комитетi сияқты маңызды мемлекеттiк органдар тең негiзде Президент, Мәжiлiс және Сенат құрады. Орталық сайлау комиссиясын өз кезегiнде Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Мәжiлiс сайлайды. Бұл тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiнiң айқын белгiсi.

Мұндай жағдайда әңгiме Конституцияда берiлген құқықтарды анық пайдалану жайында болуға тиiс. Сондай-ақ заңдардың бұзылмауы нақтылы сақталуы жайында болуға тиiс.

4.3 Атқарушы билiк реформасы

Қолымыз жеткен жағдайды және дамудың алдағы келешегiн ескере келе,

- билiктi одан әрi орталықсыздандыру;

- мемлекеттiк басқару жүйесiн реттеу мен оның тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған атқарушы билiктi реформалауды одан әрi жүргiзу қажет деп санаймын.

Бiз атқарушы билiк жүйесiн орталықсыздандыру бағытында белгiлi қадамдар жасадық, әкiмдердiң сайланбалылығын енгiзуге қажеттi жағдай туғыздық. Бiз биылғы тамыз айында облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аудандар әкiмдерiнiң тәжiрибелiк сайлауларын өткiземiз және кезең-кезеңiмен ауылдық округтер, ауыл, елдiмекен әкiмдерiн сайлауды қолға алып, 2007 жылы оны аяқтаймыз.

Сонымен бiр мезгiлде Үкiметтiң Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн айқындайтын, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi шектеу процесiн аяқтайтын заң жобаларын әзiрлеп, Парламенттiң қарауына енгiзуi керек. Сонымен қатар Үкiмет Қазақстандағы жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың дамуын қолдау жөнiнде Мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеуге тиiс.

Содан кейiн ғана елiмiзде жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды түпкiлiктi енгiзуге болады. Атқарушы билiк қызметiнiң ашықтығы ережеге айналуы керек.

Қазiр жергiлiктi атқарушы билiк халықпен кездесiп, есеп беруде. Бұл дұрыс.

Олар халықтың елiмiзде жүргiзiлiп жатқан әлеуметтiк-экономикалық және саяси реформалардан хабардар болуына, пiкiр алмасулар мен ұсыныстар жасауға мүмкiндiк туғызады. Бұл — атқарушы органдардың халықтың алдындағы жауапкершiлiгi мен есептiлiгiн арттыруға қол жеткiзудiң, халықты мемлекеттiк басқару процесiне кеңiнен тартудың бiрден-бiр жолы. Мұндай кездесулер қоғамдық-саяси өмiрдiң бұлжымас ережесiне айналуы керек.

Әкiмшiлiк реформаларды одан әрi тереңдете беру қажет . Бұрынғы көнерген және ырыққа көнбейтiн мемлекеттiк тетiктi үздiк әлемдiк тәжiрибеге сүйене отырып, азаматтарымыз мүддесi үшiн осы заманғы қоғамдық-саяси процестердi серпiндi басқаруға қабiлеттi тетiкке айналдыру iсiн аяқтауымыз керек.

Алқалы орган ретiнде Үкiметтiң өзiнiң жұмысының тиiмдiлiгiн және әрбiр Үкiмет мүшесi-министрдiң дербес жауапкершiлiгiн арттыру қажет.

Үкiмет жеке өзi үшiн және барлық атқарушы билiк тармақтары үшiн жауап бередi. Оның елiмiз Конституциясы өзiне берген құқықтар мен өкiлеттiктердi толығымен пайдалануы керек.

Жергiлiктi органдарға өкiлеттiлiктiң бiр бөлiгiн беру арқылы билiктiң орталық деңгейiнiң қолындағы басы артық мемлекеттiк функциялардың санын қысқарту қажет.

Осы заманғы басқарушылардан тұратын пәрмендi әрi ең бастысы құрамы жағынан «аз да болса саз» болсын дегендей, оңтайлы мемлекеттiк аппарат жасақталуға тиiс.

Мемлекеттiк органдар тарапынан азаматтар мен ұйымдарға көрсетiлетiн қызметтердiң сапасын жақсарту мен мерзiмiн қысқарту үшiн «Электронды Үкiмет» қалыптастыруды жеделдету қажет.

Мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiндегi шаралар кешенiн iске асыру — атқарушы билiктi реформалаудың кiлтi болмақ.

Бұл үшiн:

- мемлекеттiң әкiмшiлiк қызметтер көрсетуiн жетiлдiру;

- басқарудың бюрократтануын төмендету;

- мемлекеттiк аппараттың кәсiби деңгейiн оңтайландыру қажет.

Оған негiз бар. Қазақстанда қазiрдiң өзiнде «Мемлекеттiк қызмет туралы» заң қабылданған. Мемлекеттiк қызметке қабылдау конкурстық негiзде компьютерлiк тестiлеу арқылы жүзеге асырылады. Жылына мың жарымнан астам адам бiлiм алатын Мемлекеттiк қызмет академиясы құрылған.

Үкiмет өзiнiң күш-жiгерiн жалпы реттеушiлiк функциялар мен ереже туындатушылық жұмыстарға шоғырландыруы керек.

Оның құрылымы мемлекеттiк саясат басымдықтарына сәйкес түзiлуге тиiс болса, министрлiктер — мемлекеттiк қызметтiң түрлерiне қарай нақты функционалдық бөлiнiс негiзiнде жасақталуға тиiс.

Үкiметке мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгi мен сапасын бағалаудың бiрыңғай жүйесiн әзiрлеудi тапсырамын. Әрбiр мемлекеттiк ведомствоның тұтастай және жекелей алғандағы шенеунiктiң қызметiн бағалаудың стандарты атқарылған жұмысының тиiмдiлiгi болуға тиiс.

- Тұрғындарға қызмет көрсетудiң сапасын жақсартуға, «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарын құру, мемлекеттiк қызметшiлер үшiн (ИСО) сапа менеджментi жүйесiн енгiзу; сыйақыны қазiргiдей жалақыға қосылып кететiн үстемақыға айналдырмай, таңдаулыларға ғана беру; мемлекеттiк қызметтiң тәртiбi мен этикасын сақтауды қамтамасыз ету керек.

4.4 Билiктiң заңшығарушы тармағының саяси беделiн күшейту туралы

Жоғарыда айтқанымдай, саяси жаңару процесi, ең әуелi, билiктiң заңшығарушы тармағының саяси беделiн күшейтудi талап етедi. Мұны қолданылып жүрген Конституцияның шеңберiнде атқарған жөн және солай iстеу қажет. Конституцияның әлеуетi әлi де толық пайдаланылып жүрген жоқ.

Орталық сайлау комиссиясын, Конституциялық кеңестi және Есеп комитетiн құрудағы Парламенттiң қос палатасының рөлiн арттырудың қажеттiгiн де талқылау керек.

Парламенттiк көпшiлiк негiзiнде Үкiмет құрамын жасақтаудың тетiктерi мен әлеуметтiк-экономикалық сала министрлерiнiң кандидатураларын тиiстi комитеттерде талқылау мәселелерi де егжей-тегжейлi пысықтауды қажетсiнедi.

Мұндай мәселелердi шешу халық өкiлдерiнiң атқарушы билiк органдарына деген ықпалы мен бақылауын жаңа деңгейге көтередi.

Сондай-ақ мәслихаттардың бақылау өкiлеттiктерiн кеңейтудi де қарастыру қажет. Бұл мемлекеттiк билiк жүйесiн орталықсыздандыру, жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiнiң рөлiн арттыру жолындағы маңызды қадам болады.

4.5 Сот жүйесi мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы

Бiз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетiн кең ауқымды сот жүйесi реформасының қарсаңында тұрмыз. Сот жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеу үшiн және қоғамның қажеттiлiктерiне сай келетiн тиiмдi сот төрелегiн жүргiзу үшiн Комиссия құрылып отыр.

Бiздiң алдағы уақытта мынадай мәселелермен:

- сот өндiрiсiн оңайлату, оның объективтiлiгiн, сондай-ақ сот актiлерiнiң тұрақтылығы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету;

- сот жүргiзу шеңберiнде және сот шешiмдерiн атқару кезеңiнде азаматтар құқығына берiлетiн кепiлдiктердi күшейту;

-сот корпусының тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету заң шеңберiндегi әдiлеттi шешiмнiң кепiлiне айналуға тиiс;-судьялардың бiлiктiлiгiн арттыру — мұның өзi Қазақстанның сот жүйесiн 21 ғасырдағы шаруашылық, инвестициялық және сауда проблемаларына сәйкес келтiруге мүмкiндiк бередi;

- қылмыстық сот жүргiзу мен сот шешiмдерi шеңберiнде адвокаттардың рөлiн арттыруды қамтамасыз ету;

- қылмыстық сот жүргiзу тәжiрибесiне алқа билер соты институтын енгiзу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы «Алқа билер туралы» заң қабылданып, «Сот жүйесi мен судьялар мәртебесi туралы» Конституциялық заңға және алқа билер сотын енгiзу мәселелерi жөнiнде басқа да заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзуге тиiс;

- сот рәсiмдерiнiң ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз ету мәселелерiмен шұғылдануымыз қажет.

Соттардың тәуелсiздiгi және әдiлеттiлiгi жөнiндегi мәселеге арнайы назар аударғым келедi. Бiз соттардың жалақысын көтердiк, сөйтiп олар бүгiнде табысы ең жоғары мемлекеттiк қызметшiлерге айналды. Бiз судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етiлуiн қоса есептегенде, оларға берiлетiн барлық әлеуметтiк кепiлдiктер пакетi жайында да ойланғанымыз жөн. Судьяларды лайығымен материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз етудi қажырлы да адал еңбектерiнiң өтеуi деп қана емес, жемқорлықтан сақтандыратын өтiмдi шараның бiрi ретiнде қарастырған жөн. Судьялар арасындағы парақорлықты адамгершiлiк тұрғыдан алғанда абыройсыздық деп бағалап қоймай, мұны экономикалық жағынан да тиiмсiз етуiмiз керек. Судья өз қызмет орнын қадiрлеуге тиiс және заңды немесе кәсiби этиканы бұзған жағдайда өзiнiң мемлекеттiк қызметте болу құқығынан ғана емес, барлық әлеуметтiк кепiлдiктерден де айырылатынын бiлуi керек.

Мұның бәрi де қосымша бюджеттiк шығындар жасауға мәжбүр етедi, бiрақ ол өзiн ақтайды. «Арзан сот төрелiгi тым қымбатқа түседi» дейтiн ежелгi мәтел осыдан шықса керек.

4.6 Сайлау туралы

Сайлау заңнамасын одан әрi жетiлдiру қажеттiгiн де талқылау мiндет.

Орталық сайлау комиссиясына сайлау процесiндегi құқықтық қамтамасыз етудегi кемшiлiктерге байыпты талдау жасауды тапсырамын. 2005 жыл iшiнде Орталық сайлау комиссиясы халықаралық стандарттар мен қоғамымыздың даму деңгейiне толық сай келетiн, сайлау тетiктерiн сапалық жағынан жақсарту жөнiнде тиiстi ұсыныстар әзiрлеп, енгiзуге тиiс.

Мен тек осындай тұрғыда ғана барлық азаматтардың еркiн әрi кепiлдi ерiк-ниетiн бiлдiруiн қамтамасыз ететiн дәйектi бағытты жүзеге асыруға болады деп бiлемiн.

4.7. Азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы

Ең бастысы — Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, сөз бостандығының, бiрлестiктер мен саяси ерiк-жiгердiң бiлдiрудiң кепiлдiктерiн одан әрi дамыта беру.

Бiзде қазiрдiң өзiнде тиiстi нормативтiк база бар.

«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы» Жарлыққа сәйкес омбудсменнiң құқық қорғау мүмкiндiктерi кеңейтiлдi, ендiгi жерде нақтылы iс-қимыл қажет.

Сөз бостандығы — Қазақстанның аршынды демократиялық дамуының негiзгi шарттарының бiрi. Тәуелсiз Қазақстанда саяси себептер бойынша сотталған адамдар жоқ.

Сөз бостандығын, ақпарат алу мен таратуды қамтамасыз ететiн барлық қажеттi құқықтық және басқа да шарттар алдағы уақытта да дәйектi түрде жасалады әрi қорғалатын болады.

Сонымен қатар сөз бостандығын пайдаланудағы шектен шығушылыққа қатаң тосқауыл қойылуы шарт.

4.8. Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы

Қазақстан кеңестен кейiнгi кеңiстiкте алғашқылардың бiрi болып жемқорлыққа қарсы заңнама қабылдап, халықаралық конвенцияларға қосылды . Жазаланған шенеунiктер де аз емес. Көп iс тындырылды. Соған қарамастан, бiз осы проблемамен шұғылданатын әрi өзiмiз берген ақпараттарға сүйенiп бiздiң жұмысымызға баға беретiн халықаралық ұйымдармен тиiсiнше жұмыс iстей алмай жүрмiз. Қазақстан бiздiң өңiрде ғана емес, басқа да жерлерде кейiнгi кезекке ығысып кетпегенiн толық сенiммен айта аламын . Алайда өтпелi экономика сырқатының өзiне тән шығасысы да болмай қалмайды.

Уақыт өттi, ахуал өзгердi, ендiгi жерде заңнама iзерлей талдау мен жетiлдiрудi талап етiп отыр. Шенеунiктердiң сыбайластық iс-әрекетiне ерiктi немесе ерiктен тыс тиiстi жағдай туғызатын заңға тәуелдi барлық актiлер қайта қаралуға тиiс.

Бизнестi мемлекеттiк қызметтен түбегейлi бөлiп тастау керек.

Акционерлiк қоғамдардың, олардың қожайындары мен соларға iш тартатын тұлғалардың көмескiлiгiн, банк жүйесiнiң көмескiлiгiн, рұқсат берушi органдардың көптiгiн, заңды айналып өту үшiн пара беретiндердiң жазасыздығын және тағы басқа келеңсiздiктердi түбiрiмен отап тастайтын уақыт келдi.

Бұл үшiн не iстеу керек?

1. Бiр жерде ғана төлқұжат тiркеп, салық төлеушiнiң есептiк нөмiрi, жүргiзушi куәлiгi және т.б. құжаттар ала алатын, «жалғыз терезе» қағидасы бойынша тұрғындарға қызмет көрсететiн орталықтар құру. Тәжiрибе ретiнде биыл Астана мен Алматыға осыны жасап көру керек.

2. Лицензиялар мен рұқсаттамалар санын күрт қысқарту.

3. «Қазақстан Республикасындағы акционерлiк қоғамдар туралы» заңға тиiстi өзгертулердi қабылдау.

4. Мемлекеттiк қызметшi өз бизнесiн сатқанын немесе басқаруға бергенiн мiндеттi түрде жария етуге тиiс.

5. Мемлекеттiк қызметшiнiң жеке бизнеспен айналысуына және компаниялардың мүдделерiн жақтауына тыйым салатын Ар-ұждан кодексiн әзiрлеу керек.

6. Тәртiптiк кеңестердi Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiкке түпкiлiктi беру, орталық бюджетке ауыстыру және оларды заңгер мамандармен нығайту керек. Оған ал зейнет жасына жақындаған шенеунiктердi орналастырумен шұғылдану әсте қажетi жоқ. Кеңес мемлекеттiк қызметшiлердiң этиканы және Ар-ұждан Кодексiн орындауын қадағалауға тиiс.

7. Пара алушыларды ғана емес, пара берушiлердi де жазалау керек.

8.Бизнестегi жалақы деңгейiне жақындата отырып, мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын көтеру керек.

Мен тиiстi мемлекеттiк құрылымдар мен лауазымды тұлғалардың iс-қимылын реттеу туралы жиi айтып келемiн. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiк дербес әрi тәуелсiз болуға тиiс. Оны Президенттiң тiкелей бағынысына көшiрген дұрыс.

Үкiметке осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгiзу мен оның орындалуын бақылауға алуды тапсырамын.

Сонымен бiрге мемлекеттiк қызметшiлердi жемқор етiп көрсетiп, жөн-жосықсыз айыптауларды тыйып тастайтын кез де жеттi . Егер бұл көпе-көрiнеу жала болса, онда мұны мемлекеттiк қызметшi сот арқылы дәлелдеуi керек. Егер олай болмаған жағдайда, дабыл тексерiлуi тиiс.

***

Мен сiздерге өзiмнiң саяси реформаларға көзқарасымды баяндап бердiм. Аталған барлық мәселелердi қолданылып жүрген Конституцияның шеңберiнде жүзеге асыруға әбден болады.

Менiң бастаған реформалардың талқылануы, және оны оппозицияның да талқылауы барысында, елiмiздiң бұдан былайғы саяси құрылымының түрлi нұсқаларының да қарастырылып жатқанын бiз бiлемiз. Егер олар ел мен халықтың мүддесiн көздейтiн болса, онда оппозицияның пiкiрiн де құрметтеу керек.

Мен 2005-2007 жылдары алға қойған жұмысты аяқтауды ұсынамын. Сол кезде әрi қарай қалай жылжуымыздың керектiгi айқындалады.

Мен Конституцияның тұрақтылығы — қоғамның тұрақтылығы екенiне кәмiл сенемiн. Ойланбай жасалған өзгерiстер ел iшiнде берекетсiздiк туғызады. Конституцияның қандай да бiр ережелерiне түзетулер енгiзудi ұсынбас бұрын, қолымыздағы нұсқасын зейiн қоя зерделегенiмiз жөн.

Өзара бас қосып, осы мәселенi егжей-тегжейлi талқылаған танымал заңгерлерiмiздiң үлкен тобына мен зор ризашылығымды бiлдiремiн. Олар маған Конституцияны қорғау, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету жайында өтiнiш жасады.

Ата заңға өзгертулер енгiзуге болады. Бұл өзгертулердiң басты мәселесi — халқымыз президенттiк басқарудың қазiргi жүйесiн бұдан былай да қолдай ма әлде елдегi толып жатқан саяси партиялардың билiк жүргiзуiн қалай ма? Нақ сол себептi мен төл Конституциямыздың мүмкiндiктерi жайында мен тағы да қайталап айтып тұрмын.

Ең демократиялық шешiм халықтың өзiнiң еркi деп ойлаймын. Уақыты жеткенде, бiз азаматтарымызға бұл жөнiнде сауал салатын боламыз. Сөйтiп, бiз халқымыз бен елiмiздiң қажетiне қарай шешiм шығаратын боламыз.

5. Қазақстан қазiргi әлемде

5.1 Бiздiң сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз

Бiздiң басымдықтарымыз өзгерiссiз күйiнде қалады. Бұл– ХХI ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабiлеттi әрi ұзақ мерзiмдi ұлттық мүдделердi қамтамасыз етуге бағытталған, белсендi, жан-жақты және үйлесiмдi сыртқы саясат.

Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала бередi. Азия мен Таяу Шығыстың негiзгi елдерiмен өзара iс-қимылға зор маңыз берiледi.

Қазақстанның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ел iшiндегi реформаларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Үкiметтiң алдында осы мемлекеттермен арадағы негiзгi шарттар және келiсiмдердi бұлжытпай жүзеге асыру мiндетi тұр.

Осыдан бiр ай бұрын Мәскеуде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараларды делимитациялау туралы шарттың тарихи маңызы зор. Тарихымызда тұңғыш рет бiз өзiмiздiң стратегиялық әрiптесiмiз Ресеймен заң жүзiнде ресiмделген мемлекеттiк шекараға ие болдық.

Осылайша бiз соңғы жылдары ұзына бойы 14 мың километрден асатын шекараны толығымен межелеуге қол жеткiздiк. Бұл бiздiң мемлекеттiк құрылыстағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын ұлттық қауiпсiздiгiмiздiң маңызды кепiлi.

Бiз стратегиялық тұрғыдан Қазақстанның мүдделерi толығымен ескерiлген жағдайда Бүкiлдүниежүзiлiк Сауда Ұйымына тезiрек кiруге ықыластымыз.

Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына , ТМД, ЕурАзЭқ- тi реформалауға, БЭК -тi құру жөнiндегi жұмыстарға да ерекше мән бередi.

Бiздiң елiмiз үшiн барлық бағыттар бойынша ЕҚЫҰ -мен бұрынғысынша iс-қимыл жасау маңызды болып қала бередi. 2009 жылы осы ұйымға төрағалық етуге бiздiң кандидатурамыздың ұсынылуына барынша жауапкершiлiкпен қараймыз . Бүгiнгi бастамалар сонымен қатар осы мақсаттарға қол жеткiзудi көздейдi.Қазақстанның әлемде қуатты экономикасы бар әрi халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берiк өңiрлiк держава ретiнде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебенi қастерлеуiмiз және елiмiздiң қазiргi әлемдегi беделiн нығайту үшiн қосымша күш-жiгер жұмсауымыз керек.

5. 2 Бiздi бүгiн не алаңдатып отыр?

Мен бұдан әрi экономикалық, әлеуметтiк және саяси жаңаруымыздың жолында елеулi кедергi болуы ықтимал ХХI — ғасырдың қазiр кезде көрiнiп жүрген объективтi қатерлерiне сiздердiң назарларыңызды арнайы аударғым келедi. Бұл қатерлер қыр астында жатқан жоқ. Бiздiң елiмiздiң бейбiт еңбегi мен прогресi баршамызға және әлемдiк қоғамдастықтың ұстанымына байланысты.

Әңгiме не туралы болып отыр?

Бiрiншiден, осы өңiрде тұрақсыздық пен дiни экстремизм етек жая бастады.

Екiншiден, географиялық орналасуы жағынан алғанда Қазақстан белортасында тұрған өңiрде есiрткi таратудың тыйылмай отыруы.

Сондықтан да бiз осы проблемаларды шешу үшiн барлық мүдделi мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен бұрынғысынша белсене ынтымақтасатын боламыз.

ХХI ғасыр қатерлерiнiң iшiнде халықаралық лаңкестiк ерекше орын алып отыр. Қаңтар айының аяғында Алматыда 40 халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Лаңкестiкке қарсы комитетiнiң көшпелi отырысы өттi. Осы халықаралық зұлматқа қарсы күрес жүргiзу үшiн әлемдiк қоғамдастықтың үлкен күш-жiгер жұмсауы керек.

Бiз өзiмiз лаңкестiкке қарсы коалицияға және Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға саперлiк отрядымыздың қатысуын нақ осындай ұстанымдар тұрғысынан пайымдаймыз.

Осы тұрғыда елiмiздiң өз iшiнде де белсендi iс-қимыл жасалып жатыр. Жоғарғы Сот төрт лаңкестiк ұйымды заңсыз деп жариялады. «Экстремистiк қызметке қарсы қимыл жасау туралы» Заң қабылданды.

Лаңкестiктiң ушығуы жағдайында бiз өңiрдегi барлық мемлекеттер мен мүдделi елдердiң iс-қимылы мен белсендiлiгiн үйлестiрудi сапалық жаңа деңгейге көтеру жолында қадамдар жасауға әзiрмiз.

5.3 Өңiрдегi жағдай туралы

15 ғасырдың соңына дейiн Орталық Азия әлемдiк экономиканың маңызды өңiрi болып келдi. Бiздiң өңiрiмiз Шығыс пен Батысты жалғастырып келдi. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлiнген жоқ. Жiбек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсiздiк алғанымыздан кейiн соңғы 500 жылда алғаш рет бiздiң өңiрiмiз әлемдiк экономика үшiн қайтадан экономикалық маңызына ие болды. Бiз өзiмiздiң транзиттiк мүмкiндiктерiмiздi нығайтып келемiз, әлемдiк нарыққа бағалы тауарлар — мұнай, газ, кен, ауыл шарушылығы шикiзатын шығаратын өңiрге айнала бастадық. Қазiрдiң өзiнде көне Жiбек жолының бойымен өтетiн ХХI ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырлары, авто және темiржолдарының сорабтары айқындала бастады.

Бiз Азия «жолбарыстары» мен Еуропалық Одақ табыстарының сырына қаныға бастадық. Келесi бiр жағынан Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн тәуелсiздiк алған елдер арасындағы халықаралық жауығу мен қақтығыстар да тоқтаған емес. Жаһандық экономикада iрi нарықтардың маңызы да үлкен. Бiз, сонымен қатар, ұлы державалардың осы өңiрде экономикалық басымдыққа ие болу жолындағы бәсекелестiгiн де байқап отырмыз. Осы жаһандық геоэкономикалық проблемаларға қатысты дұрыс тұғыр ұстанудың маңызы үлкен.

Бiздiң алдымызда таңдау тұр: бiрi — әлемдiк экономиканың мәңгiлiк шикiзаттық қоржыны болып қалу, екiншiсi тағы бiр империяның келуiн күту немесе Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау.

Мен осының соңғысын ұсынамын.

Бұдан былайғы интеграциялануымыз — бiздiң өңiрiмiздiң тұрақтылығына, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсiздiкке апаратын жол. Тек осындай жағдайда ғана бiздiң өңiрдi әлем құрметтейтiн болады. Тек сонда ғана бiз қауiпсiздiктi қамтамасыз етiп, лаңкестiк пен экстремизмге қарсы пәрмендi күрес жүргiзетiн боламыз. Мұндай бiрлестiк, сайып келгенде, бiздiң өңiрде өмiр сүрiп жатқан қарапайым адамдардың мүдделерiне толық сай келедi.

Мен Орталық Азия елдерi Одағын құруды ұсынамын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында жасалған мәңгiлiк достық туралы шарт осындай бiрлесу үшiн берiк негiз бола алады. Мен өңiрiмiздегi басқа да елдердi де естен шығарып отырғанымыз жоқ.

Бiздiң экономикалық мүдделерiмiз де, мәдени-тарихи тамырымыз да, тiлiмiз, дiнiмiз де, экологиялық проблемаларымыз да, керек десеңiз сыртқы қатерлерiмiз де ортақ. Еуропалық Одақтың сәулетшiлерiнiң өздерi де осындай алғышарттарды армандаған да болар. Бiз тығыз экономикалық интеграцияға көшуiмiз және ортақ нарық пен ортақ валютаға қарай iлгерлеуiмiз керек.

Бiз осылай жасағанда ғана өзiмiздiң әрқашан бiрге болуымызды аңсаған арғы ұлы бабаларымызға лайық бола аламыз. Алайда алдымен патшалық империя, кейiннен сталиндiк ұлттық саясат осы бiрлiктен қорқып, өңiрдi әкiмшiлiк-ұлттық аумақтарға бөлшектеп тастаған едi. Ол кезде «Бөлiп ал да, билей бер» деген саясат үстемдiк еттi. Қазiр бiзге келесi ұрпақтарымыз үшiн өңiрiмiздегi теңқұқылы халықтар жүруге тиiс жаңа жолды нұсқайтын сәт туды.

6. Бiздiң туған Қазақстанымыз үшiн жауапкершiлiгiм

Қымбатты қазақстандықтар, отандастар!

Түйiндеп айтқанда, таяу жылдардағы экономикалық, әлеуметтiк және саяси жаңару жөнiндегi менiң пайымым мен көзқарасым осындай.

Көрiп отырсыздар, алда әлi талай алынбаған асулар бар.

Жүрер жолымыздың жеңiл боларына мен бұрынғы жылдардағы сияқты бұл жолы да уәде бере алмаймын.Реформаларды жүргiзу тактикасы, оларды жүзеге асырудың мерзiмдерi мен тетiктерi жөнiнде бiздiң көзқарастарымыздың әртүрлi болуы мүмкiн.

Бiрақ мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси бiрлестiктердi ортақ прогресс пен елiмiздiң болашағы жолында бiрлесуге шақырамын.

Бiз баршаға барынша мүмкiндiктер беретiн қоғам : әрбiр адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтiн, өзiне өзi қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтiн, қандай еңбектi болса да қадiрлейтiн, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиiспiз.

Бiз ұлтына және дiни наным-сенiмiне қарамастан, әрбiр қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дiндi таңдауға ерiк беретiн еркiн әрi ерiктi қоғамның негiздерiн нығайтуға тиiспiз.

Бiздiң құқық қорғау органдары тыныштық пен тәртiптi қамтамасыз ететiн, ал iскер адамдарға өз мақсатын iске асыруға мүмкiндiк беретiн қоғам құруымыз керек.

Бiз әркiмнiң ар-ұжданы, абыройы мен беделi қадiрленетiн, мәртебелi мораль , этикалық негiздер мен рухани құндылықтар iрге тепкен қоғам құруға тиiспiз.

Бiз жолымызды дұрыс таңдай бiлдiк. Бұған бүгiнгi қолымыз жеткен нәтижелерiмiз айқын дәлел бола алады. Осы негiзде өзiмiздiң iлгерi басқан жүрiсiмiздi одан әрi жеделдете түсуге тамаша мүмкiндiгiмiз бар.

Қазақстанды әлемнiң дамыған әрi көркейген елдерiнiң қатарына қосатын жол осы.

Мен Қазақстан халқының өзiмнiң осы бастамаларымды қолдайтынына, оған ықылас қойып, өзiмiздiң осы жоспарларымыздың iске асырылуына лайықты үлес қосатынына кәмiл сенемiн.

Мемлекеттiгiмiздiң бастауында тұрған, әрi өзiне халықтың алдында ел тағдыры үшiн жеке дара жауапкершiлiк алған менiң жалғыз мұратым: осындай күннiң келуiн жақындата түсу. Осы ұлы мақсаттар мен мұраттардың орындалуы жолында баршаларыңызға мол табыс тiлеймiн.


Мақаланың шыққан күні:: 21.07.2016 17:47
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2016 17:47