Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
10.04.2020

Қызметтер

Жер учаскелерін беру тәртібі

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43 бабына сәйкес осы Кодекстің 44, 44-1 және 45-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жерден, сондай-ақ 48-бабына сәйкес сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылатын жерден жер учаскесіне құқық беру мынадай тәртіппен жүргiзiледi:

1) жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;

2) сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау;

3) жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде);

4) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның жер учаскесін беру туралы қорытындысын дайындауы;

5) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;

6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы;

7) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;

8) жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;

9) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.

Жер учаскесін беру туралы шешім комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.

Жер учаскесiн беруден бас тарту туралы шешiм комиссияның қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде комиссияның теріс қорытындысы негiзiнде қабылданады..

Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын құжатты беретін, жер учаскесi орналасқан жер бойынша жергiлiктi атқарушы органына, ауылдың, ауылдық округтің әкiмiне өтiнiш бередi.

Өтiнiште: жер учаскесiн пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесiнiң (осы Кодекстiң 50-бабының 2-тармағында көрсетілген жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс.

Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі ол түскен кезден бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды.

Жер учаскесiне құқық беруден бас тарту жергiлiктi атқарушы органының, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң шешiмiмен ресiмделедi және оның дәлелдi себептерi көрсетiлуге тиіс, ал көшiрмесi өтiнiш берушiге комиссия қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде тапсырылуға тиiс.

Ауданның жергiлiктi атқарушы органының, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiне құқық беруден бас тарту туралы шешiмi комиссияның тиiстi қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.

Ауданның жергілікті атқарушы органының, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскелерiне тиiстi құқықтар беру не оларды беруден бас тарту туралы шешімінің көшірмесі шешім қабылданған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тапсырылады (жіберіледі).

Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кеш емес мерзімде, сол шешімнің негізінде сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасады.

Құқық белгiлейтiн құжаттары ресiмделмеген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.


Мақаланың шыққан күні: 23.05.2018 07:39

Парақтағы соңғы өзгерістер: 23.05.2018 07:39

Қаралым саны: 5664