Array Атырау облысы Қаржы басқармасы туралы ереже | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
25.05.2017

Қызметтер

Атырау облысы Қаржы басқармасы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

1. Атырау облысы Қаржы басқармасы мемлекеттік қаржыларды және коммуналдық мүлікті басқару салаларына басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Атырау облысы Қаржы басқармасы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Атырау облысы Қаржы басқармасы мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. Атырау облысы Қаржы басқармасы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. Атырау облысы Қаржы басқармасының егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық - құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. Атырау облысы Қаржы басқармасы өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. Атырау облысы Қаржы басқармасының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Атырау облысы Қаржы басқармасының орналасқан жері: 060010, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

9. Атырау облысы Қаржы басқармасының толық атауы - «Атырау облысы Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

10. Осы Ереже Атырау облысы Қаржы басқармасының құрылтай құжаты болып табылады.

11. Атырау облысы Қаржы басқармасының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

12. Атырау облысы Қаржы басқармасына кәсіпкерлік субъектілерімен Атырау облысы Қаржы басқармасының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. Атырау облысы Қаржы басқармасының миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

13. Атырау облысы Қаржы басқармасының миссиясы: (Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 3-бабына сәйкес)

Тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған бюджеттің орындалуын қамтамасыз ету және облыстың коммуналдық меншігін тиімді басқару.

14. Атырау облысы Қаржы басқармасының міндеттері: (Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 82, 112, 129-баптарына және Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 17-бабына сәйкес)

облыстық бюджеттің орындалуы жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте салықтық, ақша-кредит саясатымен өзара іс-қимыл жасай отырып, мемлекеттік бюджет саясатын әзірлеу мен іске асыруға қатысу;

бюджеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізу және бюджеттің орындалуы жөнінде ұсыныстар беру;

жергілікті бюджеттің кіріс түсімдеріне талдау жасау;

бағдарламалар әкімшілері бойынша бюджеттің орындалуына қорытынды дайындау және талдамалық есеп беру;

облыстық коммуналдық мүлікті басқарудың және жекешелендірудің мемлекеттік саясатын іске асыру;

облыстық коммуналдық мүлікті заңнамада белгіленген тәртіппен мақсатты және тиімді пайдалану.

15. Атырау облысы Қаржы басқармасының функциялары: (Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 82, 85, 90, 101, 110, 112, 121-125, 157-баптарына және Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 17-бабына сәйкес)

мемлекеттік бюджет саясатының іске асырылуын қамтамасыз ету функциялары:

бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджетті атқару бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру;

міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларын жасау, бекіту және жергілікті бюджет бойынша түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жүргізу;

бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бюджетке төленетін төлемдер түсімдерінің мерзімін, бюджетке өткен жылдары түскен төлемдер түсімдерінің динамикасын, мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылық динамикасын талдау және бағалы қағаздар нарығындағы сұраныс пен ұсыныстар деңгейін, кредиттік шарттардың, қарыз шарттарының, байланысты гранттар туралы келісімдердің талаптарын негізге ала отырып, бюджет түсімдері сыныптамасының топтама кодтарының толық көлемін жасау;

бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері және төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарын жүргізу;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақтылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;

бюджет ақшасын басқару;

түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарында көзделген көлемде төлемдерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдау;

бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемдерін және жоспарлы кезеңге арналған шығыстардың атқарылуын, қолма-қол ақша профицитін (тапшылығын) және оны жабу көздерін айқындау жөніндегі процесс болып табылатын қолма-қол ақша легінің болжамын жасайды;

тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы мониторингін жүргізу;

бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бекіткен мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарымен келісу;

жергілікті атқарушы органның қаулысы негізінде заңнамада бекітілген тәртіпте тиісті бюжетті түзетуді жүзеге асыру;

бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынатын бюджеттік есептілік және ақпарат негізінде бюджеттік мониторинг жүргізу;

тоқсан сайын бюджеттік мониторингтің нәтижелері және жыл қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы талдамалық есепті, сондай-ақ ай сайын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданбаған міндеттемелер және төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының уақтылы орындалмағаны туралы ескертпе ақпарат беру;

облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепті әкімдікке, мәслихаттың тексеру комиссиясына, облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға ұсыну;

республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің игерілу барысы бойынша мониторинг жүргізу;

облыс бойынша бюджеттің есептілігі мен есебін жүргізу:

бюджет мониторингі нәтижесі бойынша есепті;

бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспарларының орындалуы туралы есепті;

тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түскен ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есепті;

демеушілік пен қайырымдылық көмектен түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалуы туралы есепті;

жеке облыс және облыс бойынша дебиторлық берешек туралы есепті;

жеке облыс және облыс бойынша кредиторлық берешек туралы есепті;

облыс бойынша жергілікті бюджеттердің орындалуы туралы жылдық есепті.

бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің белгіленген нысаны бойынша демеушілік, қайырымдылық көмектің бақылау шоттарын ашу жөнінде өтініштерін қарау және ақшаны уақытша шетелдік валюта шоттарына орналастыру;

облыстық бюджетті нақтылау, түзету, бекіту кезінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік бағдарламалар бойынша міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларының жобасын және бюджеттік өтініштер ұсыну;

бюджеттің атқарылуы бойынша қалалық және аудандық қаржы бөлімдерінен есеп алу;

жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерден кезеңділік есеп алу;

Атырау облысы Қаржы басқармасы бағдарлама әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша кезеңділік есеп жасау;

Атырау облысы Қаржы басқармасы бағдарлама әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын жүзеге асыру;

төлемдер мен міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарларын жасау және нысаналы трансферттердің нәтижелері бойынша Атырау қаласы мен аудандар әкімдерімен келісім жасасу және олардың атқарылу барысы жөнінде есептілік алу;

бекітілген бюджет көлемінде, облыстық бюджеттің кірісіне төменгі тұрған бюджеттерден бюджеттік алымдар алу;

бекітілген көлемде республикалық бюджеттің кірісіне бюджеттік алымдар аудару;

бекітілген бюджет көлемінде төменгі тұрған бюджеттерге субвенциялар аудару.

Коммуналдық мүлікті басқару және жекешелендіру функциялары:

өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласында нормативтік құқықтық актілерді дайындауға қатысады;

коммуналдық мүліктің мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;

коммуналдық мүліктің жекешелендірілуін жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

жергілікті атқарушы орган атынан облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты облыстық коммуналдық меншік субъектісінің құқығын жүзеге асырады;

тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды және мемлекеттік кәсіпорындардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

облыстық коммуналдық заңды тұлғаға берілген немесе шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол ие болған мүлікті тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісім бойынша алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;

мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;

облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен теңгерімнен шығара отырып өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;

облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;

тиісті саланың уәкілетті органына облыстық коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;

облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;

облыстық коммуналдық мүлік мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіреді, жергілікті атқарушы органға тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады;
облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді;

жергілікті атқарушы органына тиесілі акцияларға дивидендтердің уақтылы және толық есептелуіне және олардың төленуіне, сондай-ақ жарғылық капиталындағы қатысу үлесі жергілікті атқарушы органына тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары арасында таза табыстың бөлінуіне бақылауды жүзеге асырады;

облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, жергілікті атқарушы органы қатысатын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

сенімгерлікпен басқарушының облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

облыс әкімдігінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтайшысы болады;

облыс әкімдігінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына төлем жасауды және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ облыстық коммуналдық мүлікті, оның ішінде акцияларды, қатысу үлестерін енгізуді жүзеге асырады;

облыс әкімдігі атынан мемлекеттік акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысу құқықтарын жүзеге асырады;

жалғыз акционері (қатысушысы) жергілікті атқарушы орган болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындайды, ал жергілікті атқарушы орган қатысатын өзге де акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде – директорлар кеңесіне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсынады;

Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізеді және мемлекеттік мүлік тізілімін пайдаланушыларға ақпарат ұсынады;

мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді және ұйымдастырады;

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес республикалық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

16. Атырау облысы Қаржы басқармасының құқықтары мен міндеттері:

Атырау облысы Қаржы басқармасының өзіне жүктелген міндеттерді және функцияларды жүзеге асыру барысында белгіленген тәртіппен:

өз құзыреті шегiнде орындалуға тиіс нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;
      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгiленген тәртiппен қажеттi ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

қолданыстағы заң актілерінде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

     Атырау облысы Қаржы басқармасының міндеттері:

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға;

жалпы мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа, оның ішінде қаржылық және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;

қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленетін жалпы мемлекеттік стандарттарды сақтауға;

азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды мүдделерiн сақтауға, заңнамада белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;

Атырау облысы Қаржы басқармасына берiлген құқықтар шегiнде және осы Ережеге сәйкес өзінің өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;

жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың Атырау облысы Қаржы басқармасының өкiлеттiгi шегiнде шығарылған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;

мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де  құпияны сақтауға;

мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

 

3. Атырау облысы Қаржы басқармасының қызметін ұйымдастыру

17. Атырау облысы Қаржы басқармасына басшылықты Атырау облысы Қаржы басқармасына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

18. Атырау облысы Қаржы басқармасының басшысы Атырау облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

19. Атырау облысы Қаржы басқармасы басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

20. Атырау облысы Қаржы басқармасы басшысының өкілеттігі:

өзінің орынбасарлары, Қаржы басқармасының бөлім басшылары мен басқа да қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

Атырау облысы Қаржы басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;

заңнамаға сәйкес Атырау облысы Қаржы басқармасының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

заңнамада белгіленген тәртіппен Атырау облысы Қаржы басқармасының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

Атырау облысы Қаржы басқармасының актілеріне қол қояды;

Атырау облысы Қаржы басқармасының құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Атырау облысы Қаржы басқармасының мүддесін білдіреді;

Атырау облысы Қаржы басқармасының жұмысының регламентін және штаттық кестесін бекітеді;

Атырау облысы Қаржы басқармасында гендерлік теңдікті нығайту бойынша тиісті шараларды жүзеге асырады;

өз құзыреті шегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Атырау облысы Қаржы басқармасының басшысы болмаған кезіңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

21. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

22. Атырау облысы Қаржы басқармасының құрылымы:

  1. Атырау облысы Қаржы басқармасының басшысы;

  2. Атырау облысы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары;

  3. Атырау облысы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары;

  4. Атырау облысы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары;

  5. төмен тұрған бюджеттер бағдарламаларының орындалуын үйлестіру, іске асырылуын бағалау, облыс бойынша бюджеттің орындалуын талдау бөлімі;

  6. түсімдерді талдау, төмен тұрған бюджеттер түсімдерінің орындалуын үйлестіру, ішкі бақылау бөлімі;

  7. құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, материалдық өндіріс, қоршаған ортаны қорғау, агрооөндірістік кешен салаларындағы бюджеттік бағдарламалардың орындалуын талдау және іске асырылуын бағалау бөлімі;

  8. әлеуметтік сала, құқық қорғау жүйесі, мемлекеттік органдар салаларындағы бюджеттік бағдарламалардың орындалуын талдау және іске асырылуын бағалау бөлімі;

  9. кадр және құқықтық жұмыстар бөлімі;

  10. бухгалтерлік есеп және есеп беру бөлімі;

  11. коммуналдық меншікті басқару бөлімі;

  12. коммуналдық мүлікті түгендеу және пайдалануға беру бөлімі;

  13. коммуналдық заңды тұлғалармен жұмыс бөлімі.

 

4. Атырау облысы Қаржы басқармасының мүлкі

23. Атырау облысы Қаржы басқармасының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Атырау облысы Қаржы басқармасының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік есебінен қалыптастырылады.

24. Қаржы басқармасына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Атырау облысы Қаржы басқармасының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

5. Атырау облысы Қаржы басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату

26. Атырау облысы Қаржы басқармасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Мақаланың шыққан күні:: 15.06.2016 10:35
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 15.06.2016 10:35