Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
10.07.2020

Қызметтер

«Атырау облысы Ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

1. «Атырау облысы Ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Мекеменің ведомствалары жоқ.

3. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Басқарманың орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77.

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Атырау облысы Ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Мекеменің қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мекеменің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

14. Мекеменің миссиясы ветеринария саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу болып табылады.

15. Міндеттері:

1) жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу;

2) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау;

3) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағын басқа мемлекеттер жануарларының жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуынан қорғау;

5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау;

6) жануарлар аурулары диагностикасының, оларға қарсы күрестің және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу және пайдалану;

7) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және жою.

16. Функциялары:

1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру;

2) ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

3) осы облыс аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы облыстың жергілікті атқарушы органы шешімінің жобасын әзірлеу;

4) осы облыстың аумағында орналасқан екі және одан көп ауданда пайда болған жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнінде ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитарлық инспекторының ұсынуы бойынша

шектеу іс-шараларын немесе карантинді алып тастау туралы облыстың жергілікті атқарушы органдары шешімінің жобасын әзірлеу;

5) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау;

6) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы облыстың жергілікті атқарушы органының шешімін әзірлеу;

7) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарын бекіту;

8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

9) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасына арналған ветеринариялық препараттарды сақтауды, тасымалдауды (жеткізуді), оларды аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруы;

10) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу), ветеринариялық паспортты дайындау жөнінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;

11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және процессингтік орталыққа ақпарат беру;

12) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордың жүргізілуін ұйымдастыру;

13) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды уәкілетті органға ұсыну;

14) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасына арналған ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдардың тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыру;

15) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық және басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

16) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;

17) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

18) жануарлар өсіруді, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларға қатысу;

19) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін бекітуді жүргізу;

20) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру;

21) тиісті әкімшілік аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

22) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;

23) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

24) эпизоотологиялық зерттеп-тексеру актісін беру;

25) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:

ішкі сауда объектілерінде;

жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);

ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;

экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;

экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;

тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;

экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;

26) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге,пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

27) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;

28) Ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау;

29) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы №1677 Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес Атырау облысы Ветеринария басқармасында гендерлік теңдікті нығайту бойынша тиісті іс шараларды жүзеге асырады;

30) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) мемлекеттік мекеменің құзырлығына жататын мәселелер бойынша мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардан, ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және материалдарды сұрату және алу;

2) ақпараттық мәліметтердің барлық түрлерін пайдалануға, мемлекеттік мекеменің құзырлығына жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және барлық меншік нысанындағы мемлекеттік емес ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізу;

3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өз құзыреті шегінде басқа да құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.

3. Мекеменің қызметін ұйымдастыру

18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. Басқарма басшысының өкілеттігі:

1) Басқарма бөлiмдері басшыларының мiндеттерi мен өкілеттігін анықтайды;

2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және босатады;

3) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

4) заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма қызметкерлерiн көтермелейдi және оларға тәртiптiк жазалар қолданады;

5) өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, қызметтiк құжаттамаға қол қояды;

6) бөлiнген қызметкерлер саны лимитi мен Басқарманы ұстауға арналған төлем қоры шегiнде шығындар сметасын және штаттық кестені бекiтедi;

7) шарттар жасасады, банктерде есеп айырысу және басқа да шоттар ашады, Басқарма атынан сенiмхатсыз әрекет етедi;

8) Басқарманың бөлiмдерi туралы ережелердi бекiтедi;

9) қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін бiлдiредi;

10) заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарманы ұстауға бөлiнген қаражатқа билiк етедi;

11) азаматтарды қабылдауды жүргізеді, арыздар мен шағымдарды қарайды;

12) заңнамамен және осы Ережемен белгiленген құзыреті шегінде Басқарма қызметінің мәселелерін дербес шешеді;

13) ерлер мен әйелдерді басшылық қызметке ұсыну кезінде гендерлік теңдіктің сақталуын қамтамасыз етеді;

14) заңнамаға сәйкес өзге де өкiлдiктердi жүзеге асырады;

Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Басқарманың мүлкі

21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

22. Басқармаға бекітіліп берілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өз қаражаты есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Мақаланың шыққан күні: 16.01.2019 17:28

Парақтағы соңғы өзгерістер: 16.01.2019 17:28

Қаралым саны: 1170