Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
31.03.2020

Қызметтер

«Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

 

1. «Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Атырау облысының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. Басқарманың, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 060020, Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Абай көшесі, 10 «А».

9. Мемлекеттік органның толық атауы – «Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

11. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен табыстар әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары мен міндеттері

13. Басқарманың миссиясы: Атырау облысының аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауды және қадағалауды, лицензиялауды, аттестаттау мен аккредиттеуді жүзеге асырады.

14. Міндеттері:

1) Атырау облысының аумағында сәулет-құрылыс бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

2) Атырау облысының аумағында лицензиялауды, аттестаттау мен аккредиттеуді жүзеге асыру;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

15. Функциялары:

1) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізу;

2) объектілер құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, осы объектілерде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиялауды жүзеге асыру;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы белгіленген Қазақстан Республикасының заңнама нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға көзделген заңнамалық шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;

5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру құқығына сарапшыларды аттестаттау;

6) жобалау құжаттамасының сапасына қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;

8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;

9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету.

16. Құқықтары мен міндеттері:

1) Басқарма құзыретіне кіретін өндірістік қызмет мәселелері бойынша жедел шешім қабылдауды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас жасайды;

2) өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелерді шешуге қажетті ақпаратқа, құжаттар мен материалдарға сұрау салады және алады;

3) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныс енгізеді;

4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінен Қазақстан Республикасының аумағында салынуы белгіленген және салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендер туралы ақпарат сұрау және алу;

5) техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан танысу үшін осы құрылыс бойынша қажетті жобалау және атқарушылық техникалық құжаттаманы, сондай-ақ тиісті жобалардың сараптама қорытындысын сұрату және олардан алу;

6) салынып (реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізіліп) жатқан объектілер мен кешендерге кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарын жедел инспекциялауды жүргізу;

7) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, осы хабарлама алынған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей объектілер мен кешендерге бару;

8) салынып жатқан объектілер конструкцияларының және қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жобаның және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігіне зертханалық сынақтар жүргізу үшін тәуелсіз зертханаларды тарту құқығы беріледі;

9) мемлекеттік нормативтерді бұзуға және (немесе) бекітілген жобалардан (жобалық шешімдерден) ауытқуға жол берілгендігі анықталған жағдайда

мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы жол берілген бұзушылықтарды тапсырысшының (құрылыс салушының) және (немесе) мердігерлік құрылыс-монтаждау ұйымының (кәсіпорнының) белгіленген мерзімде жоюы туралы нұсқама шығарады;

10) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

 

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

17. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

18. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

1) өз өкілеттіктерін іске асыру процесінде облыс әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына есеп береді;

2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Басқарманы білдіреді;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Басқарманың қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;

5) заңнамамен белгiленген тәртiппен еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Басқарма қызметкерлерiне тәртiптiк жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

6) бұйрықтарға қол қояды;

7) шарттар жасасады;

8) сенімхаттар береді;

9) өз өкілеттігін ұйымдастыру және ішкі тәртіп мәселелері бойынша регламент қабылдайды;

10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары үшін дербес жауапты болады;

11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

12) облыс әкімі мен әкімдігінің тапсырмалары мен актілерін орындайды;

13) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

14) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

15) гендерлік теңдік саясатын іске асырады;

16) азаматтар мен заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;

17) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен, облыс әкімдігімен, облыс әкімі, оның орынбасарлары және облыс әкімінің аппаратымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгілейді.

 

4. Басқарманың мүлкі

21. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

22. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Мақаланың шыққан күні: 29.10.2019 17:26

Парақтағы соңғы өзгерістер: 29.10.2019 17:26

Қаралым саны: 368