Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
15.07.2020

Қызметтер

Индер аудандық білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ

Индер аудандық білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің

ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

1. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі – білім саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мынадай ведомстволары бар:

1) 17 мектеп – коммуналдық мемлекеттік мекеме;

2) 2 мектеп – коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын.

3. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конститутциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық – құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі азаматтық – құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі өз құзіретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Индер аудандық білім бөлімі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

8. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері:

Атырау облысы, Индер ауданы, индексі 060200, Индербор поселкесі, Меңдіғалиев көшесі, 30-1.

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

12. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінен (сметасынан) жүзеге асырылады.

13. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Индер аудандық білім бөлімінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

14. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің миссиясы:

14.1. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім жүйесінің даму деңгейін қадағалауды, білім мекемелерінің қызметіне нормативтік негіз жасауды;

14.2. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына білім мекемелерінің тіркеуден өтуіне ықпал етуді;

14.3. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім мекемелерінің түрін ұйымдастыруды, жұмыс кестесіндегі өзгеріске тұрақты түрде ұсыныс енгізуді;

14.4. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес азаматтардың ана тілінде білім алуына байланысты мектеп, сынып, топтың ұйымдастырылуына және ашылуына көмектесіп, ұлттық әдет-ғұрыптар мен мәдениетті үйренуіне ықпал етуді;

14.5. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес бірыңғай ұлттық тестілеу жұмыстарының ұйымдастырылуына, мемлекеттік аралық бақылау жұмыстарына жауап беруді, білім сапасына, оқушылар қозғалысына талдауды, емтихандар өткізуді, тоқсан, жартыжылдық, оқу жылы нәтижелері бойынша сараптама негізіндегі рейтинг жасауды, жалпы және орта білім беретін, мектептен тыс барлық мекемелерінің оқу процесіне қатысты жұмыстарын тексеруді, зерттеуді, әлеуметтік – экономикалық жоспардың орындалысын қадағалауды;

14.6. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес педагогикалық кадрлардың кәсіптік деңгейінің өсуін, жұмыстардың әдістері мен түрлерінің дамуына ықпал етуді;

14.7. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес педагог кадрлардың тұрақты-түрде аттестаттаудан өтуін және білім ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындалуын жүргізіп отыру;

14.8. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білімнің жаңа бағдарламаларын және жүйесін, білім,

тәрбие беру процесіндегі әдіс - түрлерін жетілдіруді, педагогикалық инновацияларды талқылауды ұйымдастыруды, оларды өмірге енгізудегі ұсыныстар беруді.

14.9. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес оқытудың ортақ мазмұнының барлық білім мекемелерінде жүзеге асуын қадағалауды;

14.10. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім мекемелерінің аудан көлеміндегі жұмыс жоспарын бекітуді;

14.11. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес шаруашылық механизмін жетілдіруді және білім мекемелеріндегі оқу-тәрбие процесін дұрыс жүргізілуіне, бала саулығын жақсартуға және өмірлерінің қауіпсіздігіне арналған іс-шаралардың өткізілуіне басшылық жасауды;

14.12. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж балалардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуын, патронаттық тәрбиеге жетім, жартылай жетім балаларды алуды ұйымдастыруды;

14.13. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім мекемелері қызметінің әлеуметтік-экономикалық механизмін жетілдіруді, олардың шаруашылық және қаржылық жағынан қамтамасыз етуді;

14.14. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім жүйесінің негізгі қорларының сақталуын, дамуын, жетілдірілуін іске асырып, білім мекемелері аумағын, құрылыс, ғимараттардың пайдаланылуын анықтауды, оқу процесіне арналған ұйымдар мен оқытудың құрал-жабдықтармен жасақталуын қадағалауды;

14.15. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес білім саласына қаралған қаржы мен шағындар жоспарының жобасын талқылауды, оны аудан әкіміне бекітуге ұсынуды, білім мекемелерін қаржыландыруды және оның дұрыс жұмсалуын қадағалауды;

14.16. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес бірінші санаттағы кәсіби қызметкерлерді аттестациядан өткізуді, білім мекемелерінің үздік қызметкерлерін түрлі деңгейдегі марапаттауларға ұсынуды;

14.17. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес Білім жүйелеріндегі ақпараттық анықтаманы ұйымдастыруды, оны жетілдіруге ықпал етуді;

14.18. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру.

15. Міндеттері:

15.1. Аудан азаматтарының жалпы орта білім алуын қамтамасыз етуге;

15.2. Мәдени-ұлттық және тарихи ерекшеліктерді ескере отырып, ауданның білім жүйесін қорғауға және дамытуға араласады;

15.3. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін жетілдіруді, білім саласындағы реформалар талаптарын жүзеге асыруды және ғылыми-педагогикалық салалармен байланысты жұмыс істеуді жүзеге асырады;

15.4. Ауыл-селолар жағдайын ескере отырып, білім саласындағы мемлекеттік саясатты үйлесімді жүргізуге, аудан тұрғындары арасында жаңа реформалық жұмыстарға орай сауалнама жүргізіп отыруға, жалпы білім беретін мектептерге, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерге бақылау жасауға;

15.5. Білім мәселелеріне байланысты жергілікті бағдарламалардың мәніне және оның орындалысына әлеуметтік-педагогикалық зерттеу жүргізуді орындайды;

15.6. Аудан көлеміндегі білім саласына қатысты барлық көпшілік шараларды, олимпиадалар мен оқуларды өткізуге, облыс, республикалық деңгейдегі шараларға аудан педагогтары мен оқушыларының қатынасуын қамтамасыз етуге араласады;

15.7. Білім мәселелерін жоғары органдар алдына қойып, оның оң шешілуіне мүдделілік танытады;

15.8. Білім жүйесінде мұғалімдердің, балалардың әлеуметтік қамтылуы мен білім алу құқықтарын қорғайды;

15.9. Қазақстан Республикасында 2006 – 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыруға бағытталған іс – шараларды жүргізіп отыруға араласады;

15.10. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

15.11. Заңнамалық белгіленген тәртіппен Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік (жергілікті) атқарушы органның құзыретіне кіретін мемлекеттік қызметтерді аударуды қамтамасыз ету;

15.12. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы мемлекеттік қызмет тұтынушыларының хабардар болуын қамтамасыз ету;

15.13. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бағалау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасау жөніндегі уәкілетті органға тиісті ақпаратты ұсыну;

15.14. Заңнамалық белгіленген тәртіппен қоғамдық мониторинг жүргізетін үкіметтік емес құрылымдарға тиісті ақпаратты ұсыну;

15.15. Мемлекеттік қызметті тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау болып табылады;

15.16. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасының» орындалуына басшылық жасап, оның барлық жұмыстарының жүзеге асырылуын ұйымдастырып, үйлестіріп отыру;

15.17. Қазақстан Республикасында өңірлерді дамытудың бес жылдық стратегиялық жоспарларын жасау;

15.18. Білім ұйымдарында 12 жылдыққа көшуге байланысты шараларға басшылық пен бақылау жасау;

15.19. Жалпыға міндетті білім қорынан бөлінген қаражаттың мектептер үшін мерзімінде алынуы мен жұмсалуын, оқушылардың ыстық тамақпен қамтамасыз етілуін қадағалау;

15.20. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім, жартылай жетім балалардың есебін жүргізіп, құжаттарын жасақтау, қорғаншылығын қамтамасыз ету үшін асырап алушылар іздестіру;

15.21. Білімді дамытуға байланысты стратегиялық бағдарламалардың, құқықтық негіздегі аудан әкімі шешімдері мен өкімдерінің, қаулыларының жобасын жасауды;

15.22. Тұрғындардың арызын қарауды, азаматтарды жеке мәселесіне байланысты қабылдауды жүзеге асырады;

15.23. «Жастар саясаты жөніндегі Мемлекеттік тұжырымдамасы» талаптарының іске асырылуына бақылау мен басшылық жасау, балалар мен жастар ұйымдарының жұмысын үйлестіру.

16. Функциялары:

1) орталық аппараттың функциялары:

16.1. Білімді дамыту бағдарламаларын әзірлейді және оларды аудандық мәслихаттың бекітуіне енгізеді;

16.2. Мектепке дейінгі және жалпы орта білім бағдарламаларын іске асыруды ұйымдастырады;

16.3. Азаматтарға кәсіптік бастауыш білімді ұйымдастырады;

16.4. Арнайы білім бағдарламалары бойынша жалпы білім беруді ұйымдастырады;

16.5. Дарынды балаларымен тереңдетілген оқыту бағдарламаларымен жұмысты ұйымдастырады;

16.6. Қазақстан Республикасының заңнамамен белгіленген тәртіппен арнайы және мамандандырылған білім бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарын, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс мекемелерін құру, қайта құру және тарату туралы ұсыныс енгізеді;

16.7. Білім ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін сақтау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

16.8. Білім бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады;

16.9. Кадрларды қайта даярлауды және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

16.10. Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын тексеруді және халыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастырады;

16.11. Даму проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастырады;

16.12. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік қамтамасыз ету туралы заңнама талаптарын орындайды;

16.13. Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіппен білім алушылардың жекеленген тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды қамтамасыз етеді;

16.14. Аудандық әкімдікке білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі туралы ұсыныстар дайындайды;

16.15. Заңнамамен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16.16. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірлеу;

16.17. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру;

16.18. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;

16.19. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын мониторинг және бағалау болып табылады.

16.20. Заңнаманы мемлекеттік (жергілікті) атқарушы органның құзыретіне кіретін мемлекеттік қызметті анықтау немесе алып тастау, мемлекеттік қызметтің атауын өзгету мәніне заңнамаға мониторинг;

16.21. Мемлекеттік (жергілікті) атқарушы органның құзыретіне кіретін мемлекеттік қызмет бөлігінде жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін, Мемлекеттік қызметтер тізіліміне өзгерістер және толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу;

16.22. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыруды қамтамасыз ету;

16.23. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруды қамтамасыз ету;

16.24. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызметтерді аудару бойынша ұсыныстар әзірлеу;

16.25. Қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

16.26. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

2) ведомстволардың функциялары:

1.1. Оқушылардың білім бағдарламаларын игеруі үшін жағдай жасау.

1.2. Оқушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында көзделген деңгейден төмен емес білім, машық пен дағдыларды алуын қамтамасыз ету.

1.3. Жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бітімі мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасау жолымен зердесін байыту.

1.4. Азаматтылық пен патриотизмге, өз Отаны-Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге,

халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу.

1.5. Оқушылардың республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттілігін, жеке тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру.

1.6. Әлемдік және отандық мәдениет жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік, орыс және шетел тілдерін меңгеру.

1.7. Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, мектепті ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу.

1.8. Мектеп жалпы орта білімнің қол жетімділігі мен түрлендірмелігін қамтамасыз етеді, білім алушылардың бейімділіктеріне, қабілеттеріне, қызығушылықтарына, денсаулық жағдайларына сәйкес олардың оқуына, тәрбиеленуіне және дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі ұйымдар құруы мүмкін. Құрылған ұйымдардың жұмысының пәрменділігін жоспарлы шаралар арқылы жүзеге асырады.

17. Құқықтары мен міндеттері:

17.1. аудан көлемінде білім мекемелеріндегі мәдени-тарихи, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерді ескере отырып, білім жүйесін жетілдіруге және дамытуға;

17.2. білім жүйесі бағдарламаларының жобасын талқылауға және жүзеге асыру үшін шаралар алуға;

17.3. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының, Елбасының Жарлықтарын, Білім және Ғылым Министрлігінің бұйрықтарын, аудан әкімінің өкімдерін, шешімдерін, қаулыларын басшылыққа алып, оларды орындау үшін бұйрықтар мен нұсқаулар, ережелер мен басқа да актілер қабылдауға;

17.4. Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келетін аудан көлеміндегі нормативтік құжаттардың қызметін тоқтатуға, немесе күшін жоюға байлаысты аудан әкіміне ұсыныс жасауға;

17.5. Ауыл-селоларда білім бөліміне тікелей бағынышты мекемелердің заңсыз бұйрықтарын тоқтатуға;

17.6. өзге ведомстволар мен мекемелер талқылаған жобалар мен бағдарламаларға әлеуметтік-педагогикалық тексерістер ұйымдастыруға;

17.7. аудан көлеміндегі білім мекемелеріне келген ақпаратты жүйелендіруге, оны талқылауға, мекемелерден білім бөлімі талқылаудан өткізген жоба негізінде жүйелі түрде ақпараттық материалдар алуға;

17.8. аудан білім жүйесіне қатынасты ақпараттық анықтама шығаруды қамтамасыз етуге;

17.9. шығармашылық қызметпен айналысуға;

17.10. оқушылардың білім деңгейін, оқыту мазмұнын зерттеуге, бағалау жүргізуге;

17.11. білім мекемелері мен қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру үшін аттестаттау жүргізуге;

17.12. білім саласында үздік көрінген мұғалімдерді марапаттауға, үкімет наградалары мен құрметті атақтар беруге аудан әкіміне ұсыныс жасауға;

17.13. Қазақстан Республикасы заң актілеріне қайшы келмейтін басқа да іс-әрекеттер жасауға.

17.14. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті қосымша ақпаратқа тиісті мемлекеттік органдарға сауалмен жүгінуге;

17.15. Мемлекеттік қызмет көрсететін қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге құқылы.

3. Индер аудандық білім бөлімінің қызметін ұйымдастыру

18. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне басшылықты Индер аудандық білім бөліміне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

21. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының өкілеттілігі:

- бөлім қызметіне, оның құрылымдық салаларына басшылық жүргізеді;

- өз құзыретінің көлемінде бұйрықтар мен нұсқаулар береді және бағынышты мекемелерден олардың орындалысын талап етеді;

- заңға сәйкес құрастырылған қаржыландыру көзінің мүмкін болатын қосымша ақыны, сонымен бірге аудан әкімі бекіткен еңбекақы қорының негізінде қызметтік жалақы және оның сметасын енгізеді;

- бөлім қызметкерлерінің квалификациялық, функционалдық міндеттерін, ішкі тәртіп ережесін, бөлімге бағынышты мекемелердің ережесін бекітеді, қаржы құжаттарына, сметалық шағындар бетшелеріне қол қояды;

- қызметкерлер еңбегін бағалау арқылы марапаттау шараларын іске асырады;

- номенклатураға қатысты контракт, келісім шарт негізінде мамандарды қызметке тағайындайды және босатады;

- аудан әкімінің келісімімен білім мекемелері басшыларын қызметке тағайындайды және босатады;

- ауданның білім жүйесінің жағдайы мен дамуы жөніндегі мәселелерге байланысты бөлім кеңесінің жұмыс тәртібін анықтайды және оны өткізеді ;

- бағынышты мекемелердің жарғысы мен ережелерін бекітеді;

- бөлімнің және оның құрылымдарының мүддесін аудандық, облыстық, республикалық деңгейде қорғайды;

- бөлімнің құрылымдарындағы қызметкерлерге қолданған тәртіптік жазалардың күшін жояды;

- жалпы орта, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім және тәрбие құрылымдарының кәсіби дайындық пен еңбекке баулу, әдістемелік кабинет пен педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді;

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүзеге асыруға және осы бағыттағы жіберілген кемшіліктері үшін бөлім басшысы тікелей жауапты болып табылады;

- гендерлік саясатты дамытуға бағытталған жұмыстарды жандандыру үшін гендерлік теңдік стратегиясын дамытуға бағытталған жұмыстарды жетілдіру және гендерлік аспектілерді дамыту жөнінде жұмыстарды жүзеге асырады.

Индер аудандық білім бөлімінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

23. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Индер аудандық білім бөлімінің басшысы басқарады.

4. Индер аудандық білім бөлімінің мүлкі

24. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

«Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

25. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бекітілген мүлік республикалық/коммуналдық меншікке жатады.

26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Индер аудандық білім бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату

27. «Индер аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Индер аудандық білім

бөлімінің басшысы: Б.Мусағали


Мақаланың шыққан күні: 28.06.2018 07:50

Парақтағы соңғы өзгерістер: 28.06.2018 07:50

Қаралым саны: 2070