Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
22.11.2017

Қызметтер

Атырау облысының ономастикалық комиссиясы туралы ереже

Облыс әкімдігінің

2013 жылғы 14 маусымдағы

№221 қаулысымен бекітілген

 

 

Атырау облысының ономастикалық комиссиясы туралы ереже

 

1. Жалпы ережелер

1. Атырау облысының ономастикалық комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №396 «Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгі ережені бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленді.

2. Атырау облысының ономастикалық комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) Атырау облысы әкімдігі жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

 

2. Комиссияның міндеттері, функциялары мен құқықтары

4. Комиссияның негізгі міндеттері болып:

1) Атырау облысының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бірыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзiрлеу;

2) ономастика мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

3) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiнде ұсыныстар әзірлеу табылады.

5. Жүктелген мiндеттердi шешу мақсатында:

1) Комиссия:

ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту бойынша қорытындылар береді.

аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді.

6. Өз міндеттері мен функцияларына сәйкес Комиссия:

1) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыстық, қалалық, аудандық атқарушы органдардың өкілдерін Комиссияның отырыстарына шақыруға және тыңдауға;

2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті материалдарды сұратуға және алуға;

3) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;

4) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдердi қалпына келтiру жөнiндегі ұсыныстарды қарауға;

5) ономастика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныстар енгізуге құқылы.

 

3. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

7. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

8. Комиссияны облыс әкімінің орынбасары басқарады.

Комиссияның дербес құрамын облыс әкімі бекітеді.

Комиссияның құрамына тиісті мәслихаттардың депутаттары, ғалымдар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мамандар және өзге де тұлғалар, олардың келісімі бойынша енгізіледі.

9. Комиссия мүшелері өздерінің қызметтеріне алмастыру құқығынсыз қатысады.

10. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызметке және оның шығаратын шешімдеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауапты болады.

Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.

11. Комиссия хатшысы болып Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысынан төмен емес мәртебесі бар лауазымды тұлға айқындалады.

12. Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

13. Жұмыс органы:

1) Комиссия жұмысының ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуін;

2) Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастыруды;

3) Комиссия отырыстарының материалдарын, Комиссияның ағымдағы және перспективалық жұмыс жоспарларын дайындауды;

4) Комиссия мүшелеріне Комиссия отырысының өткізілуіне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қажетті материалдарды қоса күн тәртібін жібереді.

14. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде төрт рет шақырады.

15. Комиссияның отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.

16. Комиссия шешімдері оның отырысына қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

Комиссия мүшелері ерекше пікірге ие, оны білдірген жағдайда пікір жазбаша түрде жазылуға және Комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркелуге тиіс.

17. Комиссия шешімдері қорытынды түрінде ресімделеді және оған төраға, хатшы, отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.

18. Комиссияның Жұмыс органы Комиссия қорытындысын Комиссия отырысы өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға береді (жібереді).

 


Мақаланың шыққан күні:: 03.08.2017 06:00
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 03.08.2017 10:19