2020 жылғы 13 шілде — Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Жаңаталап ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
12.07.2020

Қызметтер

Жаңаталап ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы

 

Дәшін ауылы                                                                                                                                                       «15» шілде 2017жыл

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы                                                                                                                            сағат 11.00

орта мектебінің акт залы

 

Қатысқандар: тұрғындар саны – 215 адам

Қоғамдастық жиналысына қатысуға тиісті мүшелері: -10 адам

Қатысқандар -9 адам. Бурханов Саламат, Шияпов Талапқали Уалитханұлы, Амиров Өтепберген, Тойлыбаев Алтай Елеусінұлы, Мұқашев Болат, Сайыпов Болатбек Сайыпұлы, Құмар Амантай Тілеубергенұлы, Ақжігітова Гүлайым Уахитқызы, Бралиев Сұңғат Мұхамеджанұлы. Бір қоғамдастық мүшесі –Кисметова Лаура Ғазизқызы дәлелді себеппен(ауырып қалуына байланысты) қатысқан жоқ.

 

Күн тәртібінде:

1.Киров ауылдық округінің атауын өзгерту.

2.Дәшін ауылының атауын өзгерту.

 

Жиналысты Киров ауылдық округінің әкімі–О.Тажбаев ашып, күн тәртібіне ұсынылып отырған мәселе бойынша түсінік беріп өтті. («Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңы, «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 ақпандағы №138 қаулысы)

Округ әкімі О.Тажбаев жиналыстың төрағасы мен хатшысын сайлауды ұсынды, қоғамдастық мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы жиналыс төрағасы болып С.Бурханов, хатшысы болып С.Кубашов сайланды.

 

О.Тажбаев: Заң талаптарына сәйкес төрағаны президиумға шақырамын.

 

С.Бурханов: Құрметті округ тұрғындары, қоғамдастық мүшелері! Округіміздің Киров атауын өзгерту, ауылымыздың Дәшін атауын өзгерту көптен бері айтылып шешімін таппай жүрген мәселе. Бүгінгі жиналысымыз осы мәселені шешу үшін ұйымдастырылып отыр. Осы мәселеге орай Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы Рахмет Иманғалиевтың 2010 жылы республикалық «Ана тілі» газетінің №4 санында «Қаһарман қыз Хиуаз» атты мақаласы жарық көрді. Аудандық «Серпер» газетінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиевтың «Хиуазға ескерткіш қойылса...», ауданымыздың тұрғыны Н.Шолтырұлының «Ономастика –Тәуелсіздіктің бет- бейнесі» атты мақалаларында да осы мәселеге тоқталып өткен болатын. Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласында айтылған көптеген нәрселер бүгінгі қаралып отырған мәселеге тікелей қатысы бар, сондықтан өз пікірлеріңізді білдіріңіздер.

 

Пікір айтуға регламент белгілейік, пікір айтушыларға 3-5 минут уақыт берілсін. Дауысқа саламын, бірауыздан қабылданды.

 

1. О.Тажбаев –округ тұрғыны, округ әкімі: Құрметті округ тұрғындары, қоғамдастық мүшелері!

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Киров ауылдық округінің атауын өзгерту.

1991 жылы 16 желтоқсан күні аңсаған күнге жеткен халықтың бірі - қазақ болса, өз егемендігін алған елдің бірі - Қазақстан! 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың алғы сөзінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз»,- деп елдік мұратымызды ұстанған бағытымызды айқын жаздық.

Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл мәселелерін оңтайлы шешу – ұлтаралық, қатынастар үйлесімділігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың да алғышарты.

Ономастика саясаты атауларды қазақшаландырумен шектелмейді. Мұндағы басты мақсат – әр елді мекеннің атынан ұлттық болмыстың, ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұруы керек. Елді мекенге, не көшеге берілген жаңа атау сол ауылдың, не көшенің тұрғындарына, әсіресе, жас ұрпақ санасында ұлттық патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Сол себептен, қай бір елді мекенге, көшеге атау берілгенде осыған баса назар аударылуы тиіс.

Елбасымыз астананы Алматыдан Астанаға көшірген кезде айтқан жақсы бір сөзі бар: «…Біз ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай, батыл жүргізуіміз керек. Мына Астанадағы кешегі қызыл коммунистік режимді еске түсіретін, қаны шашырап тұрған революция, коммунист, октябрь деген атауларды жойып, қазақыландыру керек». Бұл сөз өзге де өңірлерге қатысты деген болатын.

Құрметті ауылдастар! Дәл қазір кеңестік кезеңнен қалған, қазаққа еш қатысы жоқ атауларды ұлттық тарихымызға сай атаулармен алмастыруға мүмкіндік туып отыр.

Осы мүмкіндікті заңдылықты пайдаланып Құрманғазы ауданы бойынша 19 ауылдық округтің кейбір округ атаулары мен елді мекен атаулары қайта аталды.

Олар: Бұрынғы Октябрь ауылы бүгінде Нұржау, ММС-Арна, Утера-Бірлік, Кобяков-Дәулеткерей, Мартышкин-Шайхы, Каспаркин-Құмарғали, Богатый-Амангелді, Рембаза-Балықшы болып өзгертілді. Приморье ауылдық округіне

Теңіз, Еңбекші ауылы Жұмекен Нәжмеденов, Морское ауылдық округі Мақаш, Калинин ауылдық округі Орлы болып өзгертілді.

Киров ауылдық округінің тарихына қысқаша тоқталсам, Құрманғазы ауданы энциклопедиясынан алған деректер бойынша:

1920-сыншы жылдары Қарағайлыда «Балғанияз», «Тапсыз» атты 2 ТОЗ ( мал шаруашылықты аудандардағы жерді бірігіп өңдеу жөніндегі серіктестік) құрылды. 1930 жылы бұлар біріктіріліп, «Қазақстан» ұжымшары ұйымдастырылды, кейін 1936 жылы ұжымшар төртке бөлініп, «Жаңа талап», «Коминтерн», «Жамбыл», «Қазақстан» болып аталды. «Жаңа талап» ұжымшары Дәшінде орналасқан.

1950 жылы «Жаңа талап» пен «Коминтерн» біріктірілді, ал 1958 жылы көршілес «Киров» ұжымшарының негізінде қайта Киров атындағы кеңшар құрылды.

1962 жылы Киров және Зорматадағы ХХ партсъезд бірігіп, Киров совхозы болды. Совхоз тарағасын Киров селолық округі болды.

Енді Киров ауылдық округіне байланысты жаңағы айтқан тарихи атаулардың мағынасына тоқталайын.

1) Киров атауы – Сергей Миронович Киров 15.03.1886 жылы туған. Ұлты – орыс. Ресей революционері. Ол көптеген ереуілдер мен бас көтерулерге қатысып, бірнеше рет абақтыға жабылды. Кировтің өлімі «Үлкен террор» атымен танылған жаппай репрессиясының басталуына түрткі болды.

2) Дәшін атауы– ертеде Мерәлі правительдің тұсында Дашин деген ұлты орыс (орманшы) қорықшы болған. Содан қазақтар Дәшін деп атап кеткен. Дашин деген сөздің мағынасы - төбе, көл, сай. Топоним орыс фамилиясына байланысты қойылған. Деректер бойынша М.Жолжанов, Дәшін атауы қалмақтан қалған, тайша деген моңғол сөзінен өзгерген түрі деп санаған.

3) Зормата атауы – Қалмақ тілінде «зурмн» - саршұнақ, дала тышқаны сөзінің негізінде пайда болған атау.

4) Жаңа талап атауы – 1936 жылы Жаңа талап ұжымшары құрылған. Сөздің мағынасы – ынта, ықылас, алға ұмтылушылық дегенді білдіреді.

Менде пікір: Киров ауылдық округінің атауын Жаңа талап ауылдық округі деп өзгерту. Себебі Киров ауылдық округі ертеректе Коминтерн мен Жаңа талап кеңшарының бірігуінен басталған, тарихи мәні бар.

Әрі Жаңа талап сөзінің мағынасы – ынта, ықылас, алға ұмтылушылық дегенді білдіреді.

 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Дәшін ауылының атауын өзгерту.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Зормата(қазіргі Киров ауылдық округінің жері) ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қазақстаннан шыққан алғашқы ұшқыш жауынгер қыз жайында кезінде 1940-1950 жылдарда аз жазылған жоқ. Ол жөнінде кесек-кесек шығармалар жазған қаламгерлер болды. Даңқты жерлесіміздің 1960-1963 жылдарда орыс тілінде «Под командованием Расковой», қазақ тілінде «Халқым үшін» деген өзінің жазған кітаптары жарық көргенін білеміз. Кіндік қаны тамған киелі Зормата топырағының рухы үстем болары қақ. Осы өңірде дүниеге келген

Махамбет пен Құрманғазыға, Дина мен Хиуазға киелі қоныстың бір уыз топырағы бұйырмады. Бірақ оның алдыңғыларының барлығының есімдері халқымен мәңгі бірге жасап келеді, ал Хиуаз апа қалай болар екен? Батыс өңірден шыққан қазақтың батыр қыздары екеу емес, енді үшеу болды ғой. Мәншүк Оралда, Әлия Ақтөбеде мәңгілік орындарын тапты. Атыраудан шыққан Халық ҚаҺарманын мәңгі есте қалай қалдырамыз?

Зормата ауылында осы аттас ауылдық кеңес пен ХХ партсъезд атындағы колхоз болды. Оны кейін Киров атындағы колхозға қосты да, Зормата кеңесі жойылып, Киров ауылдық кеңесі аталды. Тұрғындардың басым көпшілігі Дәшін ауылына көшіп келді. Қайсар қыздың бір топырақта дүниеге келген жерлестері енді осы ауылда тұрады. Дархан ауылы бұрын да атына адамдары сай ежелгі атақоныс-тұғын. Мәншүк пен Әлияның есіміне ие болған атауларды тізбектеп жатпадық, оны халық ертеден біледі, Хиуаз Доспанованың сонымен терезесі теңесетін мезгілі келіп отыр.

Жас кезінен өжет те өр мінезді қыз соғыстан бұрын-ақ аэроклубты аяқтап, ұшқыш куәлігін иемденеді. Соғыс басталған кезде ол Мәскеуде Кеңес Одағының батыры Марина Раскованың бастамасымен әйелдердің түнгі бомбалаушы авиация полкі құрылатынын естіп, соған мүше болуға бел буады. Сөйтіп Хиуаз арманына жетіп, әуе полкіне штурман ұшқыш болып қабылданады. Кубань, Кавказ, Қырымды жаудан азат етуге қатысып, 300-ден астам рет аспанға көтеріліп, жаудың ондаған ұшақтарын, пойыздарын, жүздеген қоймаларын, көпір, басқа да нысандарын жояды. Сондай сәттерде өліммен сан рет бетпе-бет кездеседі. Аяғын баса алмай қалған шақта да достарына айтып, ұшаққа көтеріп мінгізген кездері де талай болған. Соғыс барысында оншақты рет жараланып, соның ішінде жамбас, жіліктері сынса да, госпитальде көп жата алмай, бөлімшеге балдақпен қашып келгені де шындық. Соғыстан кейін Хиуаз Қайырқызы комсомол, партия қызметтерінде болды, ҚЛКЖО Орталық Комитетінде хатшы, Республика Жоғары Кеңесінің Жауапты хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Бірақ, майдандағы жаралары асқынып, Хиуаз Доспанова қырыққа да жетпей денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. Соғыстағы ерлігі мен елдегі еселі еңбегі үшін Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен, ондаған медальдармен марапатталған қазақтың қаршығасы Хиуаз 2007 жылы Халық Қаһарманы атағына ие болды. Хиуаз апамыз 2008 жылы мамыр айының 21-і күні өмірден өтті.

Дәшін ауылының атауын жерлесіміз(Зормата – Қазіргі Киров ауылдық округінің жерінде дүниеге келген), Халық Қаһарманы, алғашқы ұшқыш жауынгер Хиуаз Доспанованың атымен атауды ұсыныс етіп, пікірімді білдіремін.

 

2. Бурханов Саламатауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, жергілікті қоғамдастық мүшесі.

- Бүгінгі жиналыстың күн тәртібіндегі көтеріліп отырған мәселер өте орынды. Бұрынғы кеңес заманынан келе жатырған Киров атауынан арылып, төл атауымызды қалпына келтіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Жаңа талап атауы бәрімізге жақсы таныс, ең алғашқы құрылған колхоздың атауы, сол колхозда өзіміздің ата-анамыз еңбек етті, бәрімізге де осы атау ыстық. Округ әкімінің

округтың атауын Жаңа талап деп өзгерту туралы ұсынысын мақұлдаймын және қолдаймын.

- Қазақ халқынан шыққан сан мыңдаған батыр ұл-қыздардың ішінде есімі бізге ерекше таныс батыр апамыз - Хиуаз Доспанова. Хиуаз апамыздың есімін кіндік қаны тамған жері қазіргі Киров ауылдық округі, бұрынғы Зормата ауылдық кеңесінің орталығы Дәшін ауылына беру өте дұрыс ұсыныс. Осылайша біздер өсіп келе жатырған ұрпақтың есінде Хиуаз апамыздың есімін мәңгі қалдырамыз деп ойлаймын.

3. Тойлыбаев Алтай –ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауыл тұрғыны.

–Ауданымыз бойынша көптеген ауылдардың, округтердің атауы қазақшаланып, орыстың, кешегі кеңес дәуірін дәріптейтін атаулардың көпшілігі өзгертілгенін бәріміз де естіп жүрміз. Ұмытылып, халық жадынан өшірілген тарихи атауларды қайтаруымыз керек. Тарихи атауларды көзден таса, көңілден ада жасамай қайта жаңғырту бабаларымыздың аманаты деп білуіміз керек. Жаңа талап округ атауына өте лайықты, тарихи атау.

Хиуаз Доспанова апамыз кешегі Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. Соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлап, 4 мәрте ауыр жарақат алса да, үнемі есін жиысымен майдан даласына оралып отырған. Соғыстан кейін де бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова апамыздың есімі осы ауылдық округтің орталығы Дәшін ауылына өте лайықты. Округ атауын Жаңа талап деп, Дәшін ауылының атауын Хиуаз Доспанова ауылы деп өзгерту туралы ұсынысқа толықтай қосыламын, ұсыныс етемін.

4. Мұқашев Болат – ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауыл тұрғыны.

- Күн тәртібінде талқыланып отырған екі мәселе де бәріміздің ойымыздан шығып отыр. Жалпы округ атауының, елді мекен атауының сол елді мекенмен, сол елді мекеннің тарихымен байланысты болуы дұрыс деп есептеймін. Жаңа талап атауының өзі адамды алға жетелейтін, қазақтың байырғы сөзі. Киров атауын таза қазақи, мән-мағынасы бар атаумен алмастырып, өзгертуіміз керек.

Хиуаз Доспанова апамыз Құрманғазының киелі топырағынан шыққан жерлесіміз. Майдан кезіндегі ерліктерінің өзі бір төбе, соғыстан кейін де лауазымды қызметтер атқарып, Елбасының Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағын иеленуі біз үшін зор мақтаныш. Осындай батыр апамыздың есімін ұлығылау біздің келешек ұрпақ алдындағы міндетіміз. Сондықтан менің де Киров ауылдық округінің атауын Жаңа талап ауылдық округі деп, ал Дәшін ауылының атауын Хиуаз Доспанова ауылы деп өзгертуді мақұлдаймын.

5. Ислямғалиев Адиет – зейнеткер, ауыл тұрғыны.

- Бүгінгі күн тәртібіндегі көтеріліп отырған мәселелерді мақұлдай отырып, Киров атауын қазіргі заманға сай Жаңа талап деген атаумен ауыстыруымыз өте орынды деп ойлаймын. Біз мақтан тұтатын Хиуаз апамыздың атын жаңғырту, кейінгі ұрпаққа үлгі, мақтан ету үшін апайымызға көрсетілетін құрмет ретінде Дәшін ауылының есімін алмастыру қажет. Сондықтан да өзіміз тұратын осы ауылға апамыздың есімін беруді қолдаймын.

 

Барлығы 5 адам ұсыныс-пікір айтты.

Сөйлеу тоқтатылды.

 

Киров ауылдық округінің атауын –«Жаңа талап» ауылдық округі деп, Дәшін ауылының атауын –«Хиуаз Доспанова» ауылы деп атауға ұсыныс түсті.

Ұсыныс қоғамдастық мүшелерімен ашық, жеке дауысқа салынды.

Киров ауылдық округіне Жаңа талап атауын беруге, Дәшін ауылына Хиуаз Доспанова атауын беруге: Жақтап -9, Қарсы -0, Қалыс -0

Ашық, жеке дауыс беру қорытындысы бойынша Киров ауылдық округінің атауын –«Жаңа талап» ауылдық округі, Дәшін ауылының атауын –«Хиуаз Доспанова» ауылы деп атауға бірауыздан шешім қабылданды.

 

Киров ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысы күн тәртібіндегі
мәселені талқылай келе ШЕШІМ ЕТТІ:

Киров ауылдық округінің атауын «Жаңа талап» ауылдық округі деп, Дәшін ауылының атауын «Хиуаз Доспанова» ауылы деп өзгерту мақсатында өткізілген жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы округ әкіміне жолдансын.

 

 

Жиналыс төрағасы:                        С.Бурханов

Жиналыс хатшысы:                         С.Кубашов

 


Мақаланың шыққан күні: 10.01.2018 23:15

Парақтағы соңғы өзгерістер: 08.02.2019 17:11

Қаралым саны: 1750