Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
28.07.2017

Қызметтер

Әлеуметтік көмекті оңтайландыру

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2015 жылдың 30 қарашасындағы Қазақстан халқына жолдауының 5-ші бөлімінде мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды тек қана мұқтаж азаматтарға көрсетуге негізделген жаңа әлеуметтік саясат жасақтау қажеттігі туралы айтылған болатын. 
Бұл мақсат «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарының 84-ші қадамында «Әлеуметтік көмекті оның атаулылығын күшейте отырып оңтайландыру» мәселесі ретінде көрініс тапқан еді. Оңтайландыру әлеуметтік көмекті тек қана мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана көрсетуді көздейді. 
Аталған реформаны жүзеге асыру мақсатында 2015 жылғы 28 қазанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №369-V ҚРЗ Заңы қабылданды. Бұл Заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл Заңға сәйкес аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік балалар жәрдемақысы мен зейнетақы төлеу орталықтары арқылы тағайындалып, төленіп жүрген жасы кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу 2018 жылдың қаңтар айынан бастап тоқтатылып, жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табысы көлеміне қарай аз қамтылған отбасыларға берілетін болады. Әлеуметтік көмек отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің айырмасы мөлшерінде берілетін болады. Қазіргі уақытта кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрап отырған болса, жаңа Заң күшіне енген кезден бастап 50 пайыз мөлшерінде болмақ. 
Әлеуметтік көмектің жаңа түрін енгізудің басты мақсаты – аз қамтылған отбасылардағы еңбекке қабылетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, шағын жеке кәсіппен айналысу, жеке шаруашылығын дамыту арқылы олардың табыс көзін молайту нәтижесінде кедейлік деңгейінен шығуына ықпал ету, әртүрлі себептермен қоғам өмірінен шеттеп қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу шараларына тарту арқылы олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесу және әлеуметтік масылдық пиғылдың таралуына тосқауыл қою. 
Жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабылетті азаматтарға жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысу туралы шарт қоя отырып беріледі. Еңбекке қабылетсіз адамдары жоқ отбасыларға шартсыз түрде берілетін болады. Жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж мүгедектер мен егде адамдарды күтумен айналысатын еңбекке қабылетті азаматтарға немесе стационарлық, амбулаторлық емделуде жүрген адамдарға жұмыспен қамту шараларына қатысу шарты қойылмайды. 
Шартты ақшалай көмектің бұған дейін беріліп жүрген әлеуметтік көмектерден басты айырмашылығы – жоғарыда айтылғандармен қатар, аз қамтылған отбасын кедейлік деңгейінен шығарудың нақты жоспарына сүйене отырып жасалған келісімшарт негізінде берілуі. Келісімшарт жасалған кезде еңбекке қабылетті отбасы мүшелерінің жеке басының мүмкіндіктері мен тұрғылықты жерінің әлеуметтік-экономикалық, климаттық және т.б. ерекшеліктері есепке алынады. 
Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты жұмыспен қамту шараларына қатысу, жеке шаруашылығын дамыту, шағын жеке кәсіппен айналысу, сонымен қатар қажет болған жағдайда скринингтік тексеруден өтуге, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық сияқты әлеуметтік мәні бар дерттерден емделуге немесе басқа да әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуға дайын болуы сияқты міндеттемелерді қамтиды. 
Әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалуы анықталған жағдайда келісімшарт бұзылып, көмек төлеу тоқтатылады.
Келісімшарт міндеттемелері мен жеке жоспардың толық көлемде орындалмауы анықталған жағдайда мектеп оқушыларын, 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын оқушылар, курсанттар мен студенттерді қоспағанда, он сегіз жастан асқан отбасы мүшелерінің барлығына бір ай бойына шартты ақшалай көмек 50 пайызға қысқартылады. Міндеттемелердің орындалмағаны қайта анықталған жағдайда оларға әлеуметтік көмек төлеу тоқтатылады. 
Халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабылетті азаматтардың жұмыспен қамтылуына немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып, қажетті мөлшерде табыс табуына жәрдемдесіп, кедейлік деңгейінен шығуына ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар әр түрлі себептермен қоғамнан шеттеп қалған азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесуі және әлеуметтік масылдық пиғылдың кең таралуына тосқауыл болмақ.
Реформаны енгізуге даярлық барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен шартты ақшалай көмек жобасы 2015 жылдың шілде айынан бастап облысымыздың Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласында пилоттық режимде енгізілген болатын. 
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап аталған жоба пилоттық режимде облысымыздың қалған аудандарында да енгізілуде.


Мақаланың шыққан күні:: 15.06.2016 15:47
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 15.06.2016 15:47