Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
08.07.2020

Қызметтер

«Еңбек жолы» республикалық конкурсы туралы

«Еңбек жолы» конкурсын өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар

 

1. Жалпы ережелер

1. Осы Әдістемелік ұсынымдар жастарды еңбекті құрметтеу рухында тәрбиелеу, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту мақсатында «Еңбек жолы» республикалық конкурсын ұйымдастыру және өткізу тәртібін регламенттейді және үздік еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлерін айқындауға мүмкіндік береді. Конкурс «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы» ұранымен Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға және өнімді еңбекті ынталандыруға ықпал етеді.

2. «Еңбек жолы» конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) өткізудің мақсаты:

1) Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласының тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету, ұрпақтар сабақтастығын сақтау;

2) еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пiкiр қалыптастыру және жаңа еңбек әулеттерін құру үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда жағдайлар жасау;

3) қазақстандықтарда Қазақстан Республикасы экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан отандастарының жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу.

3. Кәсіпорынның (саласына қарамастан) барлық жұмыскерлері Конкурсқа қатыса алады. Конкурстың өткізілуі туралы ақпарат барлық бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылуға тиіс.

4. Конкурс 3 номинациядан тұрады:

1) «Үздік еңбек әулеті» – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаттары ең көп ең көп санды әулет таңдалады.

Ескертпе

Конкурсқа меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдардағы еңбек әулеттерінің өкілдері қатыса алады.

Еңбек әулеті – бір ұймның бір отбасының екі және одан да көп ұрпағы болып табылатын (ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі балаларымен немесе немерелерімен), қазіргі уақытта еңбек қызметін жүзеге асыратын және аталған ұйымдағы жиынтық жұмыс өтілі кемінде 20 жыл жұмыскерлер тобы. Еңбек қызметін бәрінен бұрын бастаған әулет өкілі әулеттің басшысы болып танылады.

Еңбек әулеті ауылдың, ауданның (қаланың, облыстың) қоғамдық өміріне белсенді қатысуға, жастарды кәсіптік бағдарлауға жәрдемдесуге, өз кәсібін насихаттауға тиіс.

2) «Өндірістің үздік жас маманы» - жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын, ең белсенді және еңбекқор өндіріс жұмыскері таңдалады;

3) «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» - жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, жоғары тиімді жұмыс істейтін тәлімгер таңдалады.

Әр номинация бойынша жеңімпаздарды марапаттау үшін келесі сомалар ақшалай сертификаттар беріледі:

- 1 орын – 1 000 000 (бір миллион) теңге;

- 2 орын – 500 000 (бесжүз мың) теңге;

- 3 орын – 200 000 (екіжүз мың) теңге.

5. Конкурс 2 кезеңде өтеді:

I. Облыстық деңгейде «Еңбек жолы» конкурсы жеңімпаздарын іріктеу:

ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯ конкурсқа қатысушылардың арасынан «Еңбек жолы» Конкурсының ЖЕҢІМПАЗДАРЫН АНЫҚТАЙДЫ;

II. Республикалық деңгейде «Еңбек жолы» конкурсы жеңімпаздарын іріктеу:

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯ конкурстың өңірлік деңгейінің жеңімпаздарының арасынан «Еңбек жолы» Конкурсының ЖЕҢІМПАЗДАРЫН АНЫҚТАЙДЫ;

Республикалық комиссия «Еңбек жолы» конкурсының республикалық кезеңінің әр номинациясы бойынша (бірінші, екінші, үшінші орындар) жеңімпаздарды анықтайды.

6. Салтанатты марапаттау рәсімі ағымдағы жылғы «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына» республикалық форумы өтетін күні Астана қаласында өтеді.

2. Конкурстық комиссия

7. Конкурс жеңімпаздарын іріктеу үшін жергілікті атқарушы органдардың жанындағы конкурстық комиссия (бұдан әрі – Өңірлік комиссия) және Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлгінің жанындағы комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия) құрылады. Республикалық комиссияның құжаттарды қарау және Республикалық конкурстың кезеңдерін өткізу үшін сырттан сарапшыларды тартуға құқығы бар.

8. Конкурс жеңімпаздарын таңдау критерийлері осы әдістемелік ұсынымдарға қосымшада көрсетілген.

9. Республикалық комиссия Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кызметкерлерінен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің (келісім бойынша), республикалық мемлекеттік мекемелердің, республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің (келісім бойынша), республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерінің (келісім бойынша) өкілдерінен тұруға тиіс.

Өңірлік комиссия облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлерінен, сондай-ақ аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің (келісім бойынша) және өңірлік кәсіпкерлер палатасының (келісім бойынша) өкілдерінен тұруға тиіс.

Республикалық және Өңірлік комиссияның құрамынан Төраға және хатшы сайланады.

10. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды және жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия шешім қабылдаған кезде даулы мәселелер туындаған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

11. Хатшы Комиссияның шешімдер қабылдауына қатысады және комиссия қызметіне техникалық қызмет көрсетеді:

1) конкурсанттардың құжаттарын қабылдайды;

2) комиссия отырыстарын ұйымдастырады;

3) комиссия отырысының хаттамасын ресімдейді және конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға материалдар қалыптастырады;

4) жеңімпаздарға материалдарды Республикалық комиссияға жібереді.

12. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және хаттамамен ресімделеді.

13. Конкурсқа қатысу өтінімін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариаланған сәттен бастап ұсынуға болады.

14. Конкурс қатысушыларына осы әдістемелік ұсынымдардың 15-тармағында көрсетілген құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама берілуі мүмкін.

3. Өңірлік және республикалық конкурсқа ұсынылатын құжаттар

15. Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

1) номинация көрсетілген, еркін нысандағы конкурсқа қатысу туралы өтінім;

2) жеке куәліктің көшірмесі;

3) номинация тақырыбы бойынша 1-3 минуттан аспайтын бейнеролик (қалауы бойынша жұмыс орны және дағдылары көрсетілген);

4) конкурсант туралы (жұмысы, отбасы, қызығатын ісі, хоббиі және т.б.) 1-3 минут компьтерлік презентация (Microsoft Power Point форматында);

5) еңбек әулетінің әр өкілінің немесе жұмыскердің жұмыс өтілін растайтын, жұмыс беруші куәландырған еңбек кітапшасының және өзге де құжаттардың көшірмелері/жұмыс орнынан анықтама;

6) жұмыс беруші немесе кәсіподақ берген ұсынымдық хат.

Бар болса (мынадай құжаттардың көшірмелері):

мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, мадақтау қағаздарының, алғыс хаттардың көшірмелері;

біліктілікті арттыру туралы куәліктер (бар болса).

Конкурсқа құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілінде ұсынылады.

 

 

«Еңбек жолы» конкурсы бойынша жеңімпаздарды іріктеу критерийлері

«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша:

1. әулеттің барлық өкілдері алған мемлекеттік немесе ведомстволық наградалардың, сондай-ақ мадақтау қағаздарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің алғыс хаттарының саны;

2. әулет өкілдері болып табылатын отбасы мүшелерінің және туған-туысқандарының жалпы саны;

3. еңбек әулетінің әулет басшысының еңбек қызметі басталған күннен бастап Конкурстың екінші кезеңіне қатысу үшін құжаттар пакетін ұсынған күнге дейінгі кәсіптегі жалпы еңбек өтілі.

«Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша:

1. Өз кәсіби дағдыларының дамуына қосқан үлесі;

2. Өз жұмысына деген адалдығы;

3. Ұйымдастырушылық және комуникациялық дағдыларының болуы;

4. Еңбегі үшін бірнеше реттік көтермелеулерінің болуы (дипломдар, мадақтау қағаздары, алғыстар);

5. Бастамашыл ұсыныстарының болуы;

6. Кәсіби қызметтен тыс шығармашылық қызығушылығының болуы;

7. Білім деңгейі, оны көтеруге талпынысы;

8. Жұмыс орнындағы жеке жетістіктері;

9. Өз жұмысын атқару сапасы.

Комиссия жоғарыда көрсетілген критерийлер талаптары сақталмаған жағдайда ұсынылған материалдарды қайтара алады


Мақаланың шыққан күні: 13.07.2018 07:50

Парақтағы соңғы өзгерістер: 30.03.2020 18:26

Қаралым саны: 1474