Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
03.07.2020

Қызметтер

Меритократия қағидаларына негізделген жаңа модель

Еліміз мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа сатысына қадам басуда. Мемлекеттік қызметтегі кәсіби және бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппарат құру мақсатынан туындаған өзгерістерді Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының практикалық кезеңінің басталуымен байланыстыруға болады. Бүгінгі талап – тиімділік, нәтижелілік, жариялылық, халықтың сұраныстарына сай қызмет ету.

Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат құру институционалды реформасының шеңберінде бекітілген 15 қадам мемлекеттік қызмет саласына арналған. Бүгінгі күні осы он бес қадамның барлығы жүзеге асырылуда деп айтуға болады.

Нақтырақ атап өтсек, қазір мемлекеттік қызметке үміткерлер төменгі лауазымдардан бастап жалпы конкурстық іріктеу арқылы қабылдануда. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілерді мансаптық жоғарылату конкурстық негізде жүргізу қарастырылған. Сөйтіп, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидаты нығаюда.

Ал мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін 3+3 формуласы бойынша міндетті түрде сынақ мерзімі бекітіліп, тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін межелік бақылау жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін тұлғаларға міндетті тәлімгерлер бекітілумен 3-тен 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді. Егер қызметші 3 ай сынақ мерзімінде бағалау қорытындысы бойынша нәтижесіз баға алған жағдайда сынақ мерзімі тағы 3 ай мерзімге ұзартылуы мүмкін.

Бір нәрсені айта кетуіміз керек, мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіндегі мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.

Бүгінгі таңда әр мемлекеттік органда тәлімгерлер кеңесі құрылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне сәйкес жалақыны еңбегінің нәтижесіне байланысты өсіру жүйесі қарастырылған. Оны мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау институты жүргізеді. Жалпы, жылдық бағалау қызметшінің тікелей басшысымен қойылатын тоқсандық бағалаудан және жылдық жоспардың орындалу көрсеткіштерінен құрылады.

Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде конкурстық іріктеудің механизмдері нақты айқындалған. «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына үміткер немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан оралуды көздеген азаматтар үш іріктеу кезеңдерінен өтеді. Біріншісінде заңнамалар бойынша әзірленген тест тапсырады. Екінші кезеңде негізінен үміткерлердің жеке қасиеттері мен негізгі құзыреттері бағаланады. Үшінші сынақ – мемлекеттік органда бейінді білімі бойынша конкурстық әңгімелесу.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды, тестілеуді ұйымдастыру бағдарламаларын және Қағидаларды бекітті. Мемлекеттік лауазымдарының тиісті санаттарына сәйкес заңнамаларды білуге арналған тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Сонымен қатар, тестілеуден өту мәнін есептеу нышаны өзгерді, яғни тиісті бағдарлама бойынша әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар болу тиіс. Тестілеу сертификаттары тестілеуді өткен кезден бастап бір жыл ішінде жарамды болады.

Қазірге таңда, экономикамыз дамып, халқымыздың әл-ауқаты артқан сайын мемлекеттік қызметкерлерге деген талап күшеюде. Себебі, мемлекеттік қызметшінің беделі – мемлекеттің беделі болып табылады. Ендеше, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын шынайы өмірге ұластыру мемлекеттік қызметшілердің басты міндетіне айналуы тиіс.

 

Аудан әкімі аппаратының кадр жұмысы және

персоналды басқару қызметі бөлімінің

бас инспекторы Р.Суюнов


Мақаланың шыққан күні: 29.09.2017 02:38

Парақтағы соңғы өзгерістер: 29.09.2017 02:38

Қаралым саны: 1492