Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
24.11.2017

Қызметтер

Норма шығармашылық қызмет

  1. Жалпы ережелер

1. «Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру және әкімдік жанындағы консультативті-кеңесші органдардың қызметін қамтамасыз ету салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Басқарманың ведомствосы жоқ.

3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Басқарманың егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 060010, Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Абай көшесі, 10а.

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Басқарманың қызметін каржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

14. Басқарманың миссиясы: жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүзеге асыру және әкімдік жанындағы консультативті-кеңесші органдардың қызметін қамтамасыз ету.

15. Міндеттері:

жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру қызметін үйлестіру, күш құрылымдарымен өзара әрекет ету және өз құзыреті шегінде әкімдік жанындағы консультативті-кеңесші органдардың қызметін жүзеге асыру.

16. Функциялары:

1) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсету, облыс аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;

2) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

3) облыс аумағында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;

4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін облыс аумағында арнаулы құрылымдардың құрылуын қамтамасыз ету;

5) облыстың жұмылдыру жоспарын әзірлеу және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келісу, облыс әкімдігіне бекітуге енгізу, сондай-ақ, облыс аумағында жұмылдыру дайындығы бойынша іс-шараларды жүргізу;

6) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға беру;

 7) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

 8) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

 9) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздеу;

11) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

12) жұмылдыру және соғыс жағдайында облыс аумағында шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пункттеріне немесе әскери бөлімдерге техника беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өздерінің басқаруындағы облыстың коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына беру;

13) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру, соғыс жағдайында және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасу;

14) аумақтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және іске асыру; 15) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;

16) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;

17) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;

18) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;

19) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;

20) құлақтандыру мен ақпараттандырудың техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;

21) табиғи және техногендік, сондай-ақ, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алуға және жоюға жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен қаражат бөлуді ұйымдастыру;

22) қосалқы (қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;

23) облыстың әскери басқару органын шақыру (жиын) пунктімен, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ, байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз ету;

24) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм профилактикасы, сондай-ақ, терроризмге қарсы комиссиялар арқылы тиісті аумақта терроризм зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіру;

25) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және ішкі істер органдарымен келісу бойынша облыс аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесін әзірлеуді және бекітуді ұйымдастырады;

26) облыс әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдарының - терроризмге қарсы күрес комиссиясының, құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, қылмыстық жазалауды және өзге қылмыстық-құқықтық әсер ету шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне ықпал ету, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеп келген адамдарға әлеуметтік және өзге көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның және дағдарыс жағдайының қаупі және туындауы кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарының қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік жедел штабтың қызметін қамтамасыз ету.

27) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамамен белгіленген тәртiппен:

мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;

жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;

жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;

өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;

қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;

2) Басқарма:

заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;

қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;

қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

  1. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

1) өз өкілеттіктерін іске асыру процесінде облыс әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына есеп береді;

2) өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;

3) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастары мәселелерi оның құзыретіне жатқызылған Басқарма қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) заңнамамен белгіленген тәртіппен еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Басқарма қызметкерлерiне тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

      5) бұйрықтарға қол қояды;

6) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

7) шарттар жасасады;

8) сенімхаттар береді;

9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

10) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

11) облыс әкімі мен әкімдігінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;

12) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;

13) құзыретi шегiнде құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;

14) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

15) гендерлік теңдік саясатын іске асырады;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Басқарманың мүлкі

22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

  1. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Мақаланың шыққан күні:: 12.07.2017 07:33
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 28.07.2017 06:59