Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
04.06.2020

Қызметтер

Сыбайлас жемқорлық- қоғам дерті

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан Елбасының басты назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады» деп нық айтқан болатын. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Әрбір қоғам дамуының күнегей жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуатын жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әрқасымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден республикамыздың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңның негізінде мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жауапты болатындығы көрсетілген.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға да тартылады. Оларға біздің қоғамда да, арамызда да орын жоқ екенін түсінгені абзал.

 

Утеугалиева Гүлмира, аудандық жұмыспен қамту,

әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы


Мақаланың шыққан күні: 11.05.2020 12:14

Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.05.2020 12:14

Қаралым саны: 58