Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
24.11.2017

Қызметтер

Ұлан - ғайыр қазақ даласында Атырау өңірінің өз орны, өз тарихы, өз өрнегі бар. Атырау қаласына жақын жатқан ең ежелгі ескерткіш Жайық өзенінің сол жағасындағы Кандаур ауылының қарсы беткейі неолит (жаңа тас ғасыры) мекені. Алтын Орда дәуіріндегі көне қоныстардан көптеген тас құралдары, жебенің ұштықтары, қыш ыдыстардың қалдықтары сақталған.

IV-ші ғасырдың аяғы мен III-ші ғасырдың басында Солтүстік Каспий аумағында үй жануарларының табындары пайда болды. Өзен аумағындағы халықтың сол кезден күні бүгінге дейінгі негізгі кәсібі - мал шарушылығы. Сол кездегі малшылардың көне тұрақтары Құрманғазы ауданына  жақын орналасқан Қоңыр құдық, Көк Мұрын, Қадырғали құмына және жаңа Үштағанға жақын Сазды қыстағынан табылды. Тұрақтардың аумағына қарағанда бұрынғы малшылар шағын жерасты үйшіктерде өмір сүрген.

1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Аралтөбе қорғанына Ә.Марғұлан атындағы археологиялық экспедициясы кезекті қазба жұмыстарын жасады. Аралтөбе қорғанынан негізінен үш зират қазылып, оның алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтар, жебе ұштарының сынықтары табылды. Екіншісінен басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездесті. Қазылған үшінші зираттан тарихымыздың тереңдігін, түп - тамырымыздың тектілігін дүние дидарына жария еткен асыл қазынамыз – Алтын киімді адам табылды. Әйел және ер адам мүрделерімен бірге олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс қаңқалары жерленген. Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару - жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтын мен апталып, әшекейленген.  Ғалымдардың тұжырымдауы бойынша бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі осыдан 2 мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады.

Сарайшық – Атырау қаласының солтүстігінен 50 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жақ жағалауында Махамбет ауданының территориясында орналасқан ортағасырлық қала. Орда дәуірінде Сарайшық Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан маңызды діни, саяси - экономикалық орталық. Алтын Орданың, қазақ және ноғай хандарының алғашқы пантеоны, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды. Ескі Сарайшықтың салынуы ХІІ ғасырдың орта кезі.

Сарайшық жөнінде ең алғашқы дерек - ХІV ғасырдың алғашқы жартысында, яғни 1333 – 1334 жылдары Қыпшақ даласы арқылы Хорезмге сапар шеккен араб көпесі әрі жиһангезі Ибн - Батутаның жазбасы. Ол «Дешті Қыпшақ бойына саяхат» кітабында Сарайшыққа келгендігі, оның дамыған, көркем қала екендігі жөнінде жазылған.

 Сарайшықтың өмір сүру кезеңі шартты түрде үшке бөлінеді:

1. ХІІІ ғасырда  қала іргесінің қаланып, бой көтеруі.

2. ХІV ғасырдың екінші ширегінен - ХV ғасырдың Алтын Орда кезеңіндегі Батыс пен Шығысты жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болуы,  яғни,  қаланың гүлдену дәуірі.

3. ХV-XVIІ ғасырлар Ноғай Ордасының орталығы, казактар шабуылынан күйреп, қирауы, - деп бөлінеді.

1950 жылы қазба жұмысын Әлкей Хақанұлы Марғұлан жүргізді.         1996 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы З.Самашевтің жетекшілігімен Сарайшық қаласының орнына тұрақты қазба жұмысын жүргізіп келеді.

Ақтөбе XII - XIV ғасырларда Төменгі Волгадан Орталық Азияға өтетін керуен жолында, әр түрлі кәсіпшіліктермен айналысқан алтынордалық қалалардың бірі. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қалада түрлі металл өңдейтін орындар, әйнек, зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалар болған. Қаланың көлемі 200×80 м, бірегей мәдени қабаты сақталған. Қазба жұмыстары көрсеткендей бұл жерде қолөнершілер қалашығы болған. Қаланың құлдырауына екі түрлі себеп болуы мүмкін: Әмір Темірдің шапқыншылығы немесе Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі деп жорамал жасалынады.

ХV ғасырдан бастап Атырау өңірі Кіші жүздің тарихи орны болып қалыптасты. Жоңғарлардың, түркімендердің, орал казактарының, башқұрттардың жиі қазақ жеріне жасаған шапқыншылықтарына қарсы тұрып Кіші жүз халқы найзаның ұшымен, білектің күшімен қазақ жерін қорғаған.

Қазақ халқы XVIII ғасырдың басында Алтайдан Жайыққа дейінгі ұшан теңіз даланы қамтыған бір тұтас іргелі ел, мемлекет болды. Бөкей ордасының құрылу тарихы өз бастауын «Кіші орда»  деп аталатын, Әбілхайыр хандық еткен кіші жүздің 18 ғасырдың 1 - жартысында қалың қазақтан іргесін ажыратып бөлініп, көшуінен алады.  Әбілхайыр ханның  немересі, Нұралы ханның баласы  Бөкей хан 1801 жылы Еділ мен Жайық арасындағы отыз жыл бойы иесіз қалған  ен даланы мекендеуге патшадан рұқсат алып, оған мыңдаған елді көшіріп әкеліп қондырды. Сөйтіп, бұл өңір «Бөкей ордасы» деп аталды.  Бөкей хандығы 1801 жылы құрылды. Бөкей ордасында  феодалдық қанау мен Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт - азаттық көтеріліс 1836-1838 жылдарды қамтыды.

1916 жылғы жарлыққа байланысты, ұлттық езгіге, феодалдық қанауға шыдамаған қазақ халқы қолдарына қару алып И.Таймановтың немересі Өтепқали Тайманов бастаған көтеріліс белең алды. Кейін бұл көтеріліс 1917 жылғы революцияға ұласты.

Ақ гвардияшылардың көтерілісінен кейін Атырау өлкесінде мұнай байлығы және балық шаруашылығы игеріле бастады. Ұлы Отан соғысына дейін және Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мұнай мен газды игеру мақсатында көптеген ірі кәсіпорындардың құрылысы басталды.

Өлкеміздің экономикасы мен мәдениеті дами бастады. Атырау өлкесі – Қазақстанның ірі индустриалдық орталығына айналды.


Мақаланың шыққан күні:: 26.01.2016 16:17
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 26.01.2016 16:17