Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
21.07.2017

Қызметтер

Мәдениет саласы туралы ақпарат

Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық Кеңесінің атқару комитетінің 1953 жылғы 13 маусымдағы №19 хаттамасының шешімі негізінде құрамында облыстық кинофикация басқармасы, өнер, мәдени-ағарту, полиграфия өндірісі, баспа және кітап саудасы, радиохабар тарату және кәсіптік білім беру бөлімдері кіретін Гурьев облыстық мәдениет басқармасы құрылды.

Сол жылы мәдениет басқармасының бірінші бастығы болып Нәдір Нұрғалиев тағайындалды. Сол жылдары басқарма құрамында Маңғыстау, Шевченко аудандары болды, мәдени жұмыстарды жандандыру бағытында мамандар дайындау қолға алынды.

Облыста 4 жоғары, 8 орта, 184 орта аяқталмаған, 16 бастауыш білімді және 2 арнаулы кітапхана мен 2 заң маманы мәдениет саласында қызмет істеді. 1953-54 жылдары 119 ауылдық клуб, «қызыл үйлер» мен 47 кітапхана, 100 оқу үйі, 12 қалалық және аудандық, 6 өндірістік, балалар кітапханасы, 2 «қызыл бұрыш», 2 мұражай және 2 парк болды. Кітапханалар қорында 284393 дана кітап болған. Облыстық саз училищесінде 120 оқушы білім алды, 10 ұжымшарда 300 радионүктелері жұмыс істеді, 46 мемлекеттік кино жүйесі құрылды.

Қазіргі мезгілде Атырау облысында барлығы - 280 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде:  155 кітапхана; 95 клубтық мекемелер және 4 автоклуб; 1 театр; 14 музей және 2 музей-қорығы; 2 концерттік ұйым; 1 облыстық халық шығармашылығы орталығы; 1 тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясы; 4 мәдени-демалыс саябағы.

Облыс бойынша есепте тұрған және жаңадан анықталған тарих және мәдениет ескерткіштер тізімі 605 құрады. Оның ішінде республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштері – 4.

Мәдениет саласындағы негізгі қызмет - мәдениет және өнер аясында, соның ішінде тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау,  сақтау және пайдалану саласында мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асыруға қатысу, саланы реформалауды жүзеге асыру, өз қызметі саласында заңнаманы қолдану тәжірибесін талдап, қорыту, оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу, әдебиет пен өнер саласында заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдер дайындауға қатысу, өнер туындыларын жасауды ұйымдастыруға қатысу, драма, музыка, хореография, бейнелеу сәндік - қолданбалы, эстрада және цирк өнерінің және кино-бейне шығармалардың көркемдік деңгейі жоғары туындыларын жасауды қамтамасыз ететін конкурстар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыру.

1938 жылы Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының қаулысы бойынша қазақ драма театры ашылды. Осы жылы уездік, кейін округтік болған кітапхана облыстық болып қайта бекітіледі.

1939 жылы ҚССР Жоғарғы Кеңесі Прездиумының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің шешімімен Атырау облыстық тарихи- өлкетану мұражайы құрылды.

1941 жылдан бастап облыста кинофикация жүйесі құрыла бастады.

1953 жылы Гурьев облыстық Кеңесінің атқару комитетінің хаттамасымен облыстық кинофикация басқармасы, өнер, мәдени-ағарту, полиграфия өндірісі, баспа және кітап саудасы, радиохабар тарату және кәсіптік білім беру бөлімдері біріктіріліп облыстық мәдениет басқармасы болып құрылды.

1954 жылы қала мен аудандарда мәдениет бөлімдері құрылып, шалғай мекендерде қамти бастаған.

1956 жылы облыстық мәдениет басқармасы жанынан мәдениет үйі ашылып, 1959 жылы ол халық шығармашылығы орталығы болып қайта құрылды.

1957 жылы Сейілхан Құсайыновтың басшылығымен 500 адамдық ұлт-аспаптар оркестрі жинақталып, 1958 жылы Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың Бүкілодақтық фестивалінде өткен қазақ өнерінің 10 күндігіне қатынасты.

1966 жылы Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесінің қаулысымен облыстық филармония ұйымдастырылса, осы жылы облыстық балалар кітапханасы құрылды.

1968 жылы филармонияда  «Атырау - Жайық» ансамблі ұйымдастырылды.

1976 жылы Атырау облыстық жасөспірімдер кітапханасы құрылды.

1978 жылы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың негізі қаланды.

1987 жылы «Нарын» фольклорлы халық аспаптар оркестрі құрылды.

1990 жылы облыстық көркем сурет және қолданбалы – сәндік өнер мұражайын ашу туралы облыстық атқару комитетінің шешімі қабылданып, 1992 жылдың 2 сәуірінде мұражай ашылды.

1990 жылы Дина Нүрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі құрылды.

1992 жылғы 5 мамырдағы Атырау облысы әкімиятының №116 шешімімен тарихи-мәдени мұраларды қорғау мекемесі ашылды.

1996-2000 жылдары Атырау қаласынан 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағасында, бір кездегі ұлы да атақты Сарайджук қаласының орнына зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде Сарайшықтың қалыптасып дамуының үш кезеңі анықталды.

1999 жылы Көне Сарайшық қаласының тарихын, жалпы ХІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды.

Осы жылы Жылыой ауданының терістік шығыс бетінде, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай, атақты Ақмешіттің оңтүстік батысынан 6 шақырым қашықтықта орналасқан Қорғанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде сармат дәуірінің алтын киімді адам мүрдесі табылды.

2000 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы облыстағы бір кезде жабылған мәдениет мекемелерінің қайтадан ашылуына септігін тигізді.

Осы жылы халық шығармашылығын дамытуда үрлемелі әуенді насихаттау мақсатында филармония жанынан үрлемелі құрама оркестр құрылды.

2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына жерлес жазушы Ғабдол Слановтың есімі берілді.

2003 жылы қазақтың біртуар ұлы ақыны, отаршылдыққа қарсы көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті.

2004 жылы көне ғасырлар қойнауынан бастау алатын төл тарихымыздың сан қырынан жарқырата көрсетіп, асылдарымызды жинақтау мақсатында Атырау облысында «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.

2005 жылы Ресей Федерациясының Астрахань облысы Алтынжар селосында күй атасы Құрманғазының 175 жылдығына арналған Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мәдени орталығы ашылды.

Осы жылы облыстық көркем сурет және қолданбалы – сәндік өнер мұражайына Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Шаймардан Сариевтің атағы берілді.

2006 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры жаңа үлгіде күрделі жөндеуден өтіп, есігін халыққа айқара ашты.

2007 жылы Ұлттық теле-шоу «Айтыс-Қазақстан чемпионаты» сайысына Атырау облысынан жылыойлық ақын Салауат Исақаев және исатайлық ақын Саадат Нұрманов қатынасып, жүлделі ІІ және IV орындарды иеленді.

2008 жылы Атырау облысының 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді даму бағдарламасына сәйкес Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосында және Мақат ауданының орталығында жаңа Мәдениет үйлері бой көтерді.

2009 жылы Атырау қаласында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының жаңа заманға сай ғимараты пайдалануға берілді. «Жол картасы» бойынша Атырау қаласының Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайы, Исатай ауданының Тұщықұдық селолық мәдениет үйіне, Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2010 жылы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында жаңа Мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. «Жол картасына» сәйкес Индер ауданының Көктоғай және Исатай ауданының Х.Ерғалиев селоларындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті.

2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астана қаласындағы Атырау облысының күндері өтті. Ресей Федерациясының Астрахань облысында қазақ халқының тарихи тұлғасы Бөкейханға арналған кесене-кешен ашылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы шеңберінде Түркияда қазақ халқының белгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған шараға Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі қатынасты.

2012 жылы Индер ауданының Жарсуат елді мекенінде «Махамбет Өтемісұлының әдеби-мемориалдық мұражайы» құрылды.

Астана қаласында өткен «Аймақтар аламаны» атты республикалық телебайқауға Атырау облысы атынан қатынасқан жергілікті өнерпаздар жүлделі 3-ші орынды иеленді.

Алғаш рет Ә.Есқалиев атындағы “Алтын домбыра” Республикалық күйшілер сайысы, Р.Ғабдиев атындағы «Күй қаған» атты Республикалық күй байқауы, республикалық «Ескерткіштану» ғылыми симпозиумы ұйымдастырылды.

2013 жылы Ел тарихында бірінші рет 1000 адамнан құралған ұлт аспаптар оркестрінің Республикалық Құрманғазы күй фестивалі өткізіліп, ол елеулі оқиға болып Қазақстан Республикасының Рекордтар кітабына енгізілді.

2014 жылы Махамбет ауданының Ақжайық ауылында 200 орындық мәдениет үйі іске қосылды. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 8 мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтті.

Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрі «Еуро-тур» ұйымдастырып Туркия елінің Маниса, Стамбул қалаларында, Германия мемлекетінің Берлин, Мюнхен қалаларында, Австрияның Вена қаласында, Франция мемлекетінің Париж, Фонтебло қалаларында концерттер қойды. Н.Жантөрин атындағы филармонияның шығармашылық ұжымдары да Катар мемлекетінде, Үнді елінің Дели және Ресей Федерациясының Уфа қалаларында концертпен болды.

«История и культура Атырау в руских источника (XVII-XX вв.)» атты көп томдық жинақтың алғашқы томы шығарылды.

2015 жылы Қазақ хандығының 550, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдықтары болып жарияланды.

Исатай ауданы Аққыстау ауылында 400 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Тұщықұдық селосындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

Ұлы Отан соғысынан қайтпаған 25 мыңнан астам атыраулық боздақтарымыздың есімі қашалып жазылған ескерткіш қабырға және Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш бой көтерді. Атырау қаласынан ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш тұрғызылды.

Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына орай «Ұрпаққа ұран болған Ұлы жеңіс» атты Республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, драматург Рақымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі өтті.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау облысының барлық елді мекендерін қамтитын «Мега-эстафета» жобасы іске асырылды. Осы Жоба аясында барлық елді мекендерде мәдени-көпшілік шаралар өткізілді.

Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің 100, Халық батыры Исатай Тайманұлының 225 жылдықтары болып жарияланды.

Атырау қаласында Қоғам қайраткері, жазушы Фариза Оңғарсыноваға арналған еңселі ескерткіш тұрғызылды.

«История и культура Атырау в руских источника (XVII-XX вв.)» атты көп томдық жинақтың барлық 5 томы шығарылды.

Индер мен Исатай аудандарының орталықтарында 400 орындық жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді, Жанбай ауылдық елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды.

Соңғы үш жылда 27 мәдениет үйіне күрделі жөндеу өткізілді.


Мақаланың шыққан күні:: 23.06.2016 13:09
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 26.04.2017 12:24