Array Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
25.05.2017

Қызметтер

Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты

Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (DOCX 108153 Kb)

Көптеген тарихи оқиғаларды басынан кешірген өлкеміздің мұрағат істерінің дамуына әсер еткен тарихи жағдайлар қалыптасты. Өлкемізде мұрағат істерінің қалыптасуы тарихына келсек, ол 1928 жылдан бастау алады. Бүкіл Одақтық Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) 1928 жылы 6 мамырдағы қаулысымен Батыс Қазақстан облысы құрамында Гурьев округі құрылды. Жаңадан құрылған округ аймағы 85745 кв.км тұрғындар саны 177 607 жетіп, Гурьев қаласы орталығы болды. Жаңа құрылған округ құрамына алты аудан енді. Олар Жаманқала (Махамбет), Есбол (Индер), Доссор, Жилокоса, Қызылқоға, Теңіз (Құрманғазы) аудандары еді. Алғашқы округтік мұрағат бюросы Гурьев округтік халыққа білім беру бөлімі жанынан ашылды .
Мекемелердің құжаттық материалдарды жинақтап және оларды сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған, облыстың білім беру бөлімі жанындағы мұрағаттық бюродан бастау алды оның штатында екі ақ қызметкер: меңгеруші және мұрағатшы қызмет жасады.
Сол кезеңде мұрағаттың басты құндылығы ел мен халықтың бастан кешкен тарихын, өткен өміріміздегі басты–басты құбылыстарды, саяси– қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық өмірдің алуан түрлі құбылыстарын зерттеп зерделеуде керекті материалдардың сақталуында.
Кеңес өкіметінің жүйесіндегі өзгерістер республика көлемінде әкімшілік аумақтық құрылымдарға да әсерін тигізеді. 1930 жылдың 23 шілдесіндегі қаулысымен Бүкіл Одақтық Орталық Атқару комитеті округтерді жойуына байланысты Гурьев округі таратылып, аудандық құрылымдар енгізілді [4]. 1930 жылдың тамызында округ жойылып аудандық құрылымдардың енуіне байланысты республиканың орталыққа бағынған қалалық мұрағат негізінде округтік мұрағат бөлімшесі болып қайта құрылды. Батыс Қазақстан мұрағаты қорының, округ жойылғанға дейінгі жиналған құжаттар қайтарылып берілді .
Осыған байланысты республиканың орталыққа бағындырылған Гурьев (Атырау) қалалық мұрағатының негізінде округтік мұрағат бөлімшесі ретінде қайта құрылды. В.Л.Наревский 1934 жылдың 27 маусымында округтік атқару комитетінің шешімімен округтік мұрағат бюросының меңгерушісі болып тағайындалды.
1934 жылы 21 қазанда әскер қатарына шақырылуына байланысты В.Л.Наревский орнынан босатылып, орнына атқару комитетінің шешімімен, бұрынғы атқару комитетінің инспекторы Матай Беркенов тағайындалды. Осы уақытта мұрағат қорында 26 қор сақтық бірлігінде 810 істер болған.
1934–1938 жылдары жұмысшы, шаруа, Қызыл Әскер депутаттары кеңесі атқару комитеті жанындағы Гурьев округтік мұрағаты бюросы мәртебесінде жұмыс жасаған. Мұрағат бюросында 3 қызметкер жұмыс жасады.
1938 жылы ақпан айының 4 күні Гурьев облысының құрылуына байланысты Округтік мұрағат бөлімшесі Мұрағат басқармасы деп өзгертілді.
1938 жылы 7 мамырда Қазақ КСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің Қазақ КСР аудандық мұрағаттар құру туралы № 435 қаулысына сәйкес облыста Бақсай, Теңіз, Жылыой, Есбол, Мақат, Маңғыстау аудандық мұрағаттары құрылды .
1938 жылы төмендегі аудандардағы сақталған қорлардағы бірліктер саны төмендегідей болды:
1. Теңіз ауданында 2551 сақтау бірлігі ;
2. Мақат ауданында 316 сақтау бірлігі ;
3. Есбол ауданында 546 сақтау бірлігі ;
4. Бақсай ауданында 157 сақтау бірлігі.
Осы аталған 4 аудандық мұрағатта 14 қор болған . Облыс құрылған соң, 1938 жылдың 12 ақпанында Батыс Қазақстан облысынан аумақ белгісіне байланысты берілген құжаттардың және округтік мұрағаттың негізінде Гурьев облысының мемлекеттік мұрағаты құрылды.
Алғашқы облыстық мемлекеттік мұрағат құрылған кезде облыстың және округтік атқару комитетінің басшылық құжаттары, мекемелердің жұмыс жөніндегі есептері, отырыстар хаттамалары, аудандастыру, санақ жұмыстарының құжаттары, ашаршылыққа ұшырағандарға, кедейлерге, қызыл әскер жанұяларына көмектесу, сайлау жұмыстарының құжаттары, уездік, округтік, денсаулық сақтау, еңбек бөлімі мен білім беру бөлімінің құжаттары қабылданған. Сөйтіп, мұрағатта жиналған негізгі қорлар саны 7924, сақтау бірлігін құрайтын 24 қор құжаттарына жетті. Алғашқы кезеңде мұрағатта 3 қор ғана болса, 1938 жылы 24 қорға жетіп, облыстың мұрағат қорының маңызы арта түсті. 1938 жылдың қазан айында облыстық мұрағат басқармасы КСРО Халық Ішкі істер Комиссариатының қарамағына берілді .
1946 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің ішкі істер басқармасы болып өзгеруіне байланысты мұрағат басқармасы қайтадан бөлім болды, осыған орай облыстық мұрағат директоры қызметі енгізіліп, мұрағат бөлімінің штаттық кестесі 10 қызметкерге дейін өсірілді.
1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен мұрағаттар Ішкі Істер басқармасынан Кеңестердің атқару комитетінің қарамағына беріліп, облыстық атқару комитеті жанындағы мұрағат бөлімі деп аталады.
Қазақ КСР –і Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы 21 мамыр №409 қаулысына байланысты аудандық мұрағаттар жойылып, облыстық мұрағат бөлімшелері құрыла бастады. Шевченко, Маңғыстау аудандық мұрағаты негізінде Таушық бөлімшесі құрылды. 1968 жылы Мақат, Ембі, Қызылқоға аудандық мұрағаттарымен қатар Доссор бөлімшесі құрылды.
1973 жылы Маңғыстау облысының құрылуына байланысты Таушық бөлімшесі бөлініп 1068 қор құжаты шығарылды.
1986 жылғы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің № 248 қаулысына сәйкес, аудандарда жеке құрамдық құжаттарды сақтауға қабылдаушы шаруашылық есептегі мұрағаттар құрылды.
1991 жылы Гурьев қаласының Теңіз, Исатай аудандарыңың мұрағаттары құрылса, 1992 жылы Мақат ауданының, Махамбет аудандарында мұрағаттар құрылды.
1993 жылы Балықшы аудан мұрағаты және 1994 жылы Жылыой ауданы мен Қызылқоға аудандық мұрағаттары құрылып, қызмет атқара бастады.
Доссор бөлімшесі таратылып, құжаттары аудандарға берілді. 1995 жылы мұрағаттар басқармасы мұрағаттық бөлім болып қайта құрылды.
1997 жылы мұрағаттық бөлім жойылып, Балықшы ауданының таратылуына байланысты мұрағат құжаттары қалалық мұрағат құрамына берілді. Осы жылы облыстық мұрағат директоры болып, Рабиға Дүйсенғалиқызы Әжіғалиева тағайындалды.
2000 жылы облыстық мұрағат ғимаратына күрделі жөндеу және қосымша құрылыс жүргізіліп қосымша 2 құжаттар қоймасы, оқу және көрме залдары, 5 жұмыс бөлмелері іске қосылды.
2000 жылы мұрағат басқармасы болып қайта құрылды. Басқарма бастығы болып Рабиға Дүйсенғалиқызы Әжіғалиева тағайындалды
Күні бүгін мұрағат қорында 1700 астам қор, 500 мыңнан астам құжат бар іргелі мемлекеттік мекеме.


Мақаланың шыққан күні:: 16.06.2016 10:07
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 28.11.2016 16:42