Array Қызылқоға аудандық қоғамдық кеңесінің 2016 жылдың 6 айындағы жұмысы туралы | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
25.03.2017

Қызметтер

Қызылқоға аудандық қоғамдық кеңесінің 2016 жылдың 6 айындағы жұмысы туралы

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықтың назарына ұсынған Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бағдарламасының ЕСЕП БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТ тарауындағы 99-шы қадамында, жергілікті жерде құрылатын ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылауды көздейді. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң 2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Ол халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына азаматтардың және қоғамның кеңінен қатысуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты, азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіру болып табылады. Олар екі деңгейде-республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылды. Қоғамдық кеңестер автономды және дербес болып табылады. Бұл ретте, қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобынан және конкурстық негізде қалыптастырылды.

2016 жылғы 26 ақпанда өткен аудандық мәслихаттың ХХХVІІІ сессиясында 15 адамнан Қызылқоға аудандық Қоғамдық кеңесінің құрамы және аудандық Қоғамдық кеңестің ережесі бекітілді. Кеңес мүшелерінің 9-ы үкіметтік емес ұйым өкілдері болса, 1-і бизнестік құрылымнан, 5-і мемлекеттік органдар өкілдері. 11-і ер адамдар, 4-і әйелдер.

Қоғамдық кеңестің І-ші отырысында ұйымдастыру мәселесі қаралып, 7 адамнан төралқасы сайланды. Кеңес төрағалығына Миялы ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ж.Мұқанбетов, хатшысы болып аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Г.Ермұқамбет сайланды. Қоғамдық кеңес жанынан 3 комиссия құрылды:

1.Экономика, бюджет, экология, ауыл шаруашылығы және индустриалды-инновациялық даму мәселелері жөніндегі комиссия

2. Әлеуметтік және мәдени даму, жастар ісі мәселелері жөніндегі комиссия

3. Заңдылықты сақтау және құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия.

Аудандық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары жасалып бекітілді. «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2015 жылғы қорытындылары және алдағы жылдың міндеттері туралы» аудан әкімі М.Мұқановтың есебі, «Аудан бойынша 2015 жылғы аудан бюджетінің орындалысы» басқа да мәселелер кеңес отырыстарында тыңдалды. Кеңестің қарауына «Қызылқоға ауданы бойынша қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының жайы қойылып, «Аудан бойынша 2016 жылғы мал азығы дайындалатын жерлерді учаскелерге бөлу туралы» аудандық жер қатынастары бөлімінің, «Аудан бойынша 2016-2017 жылға қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының жайы туралы» аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, «Мал азығын дайындау кезіндегі өрт қауіпсіздік шаралары» жөнінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жұмыстары тыңдалды. Кеңес мүшелері науқанға барлық құрылымдардың қатынасуын, өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында шаруашылық жетекшілеріне шөп шабу техникаларының дайындығына назар аудару қажеттігін айтты. Аудандық төтенше жағдай бөліміне шөп шабу техникаларының дайындығын тексеріп, ескертпе хаттар беру, округ әкімдеріне барлық мал азығын дайындайтын азаматтардың сұраныстары бойынша картаға салынуын, жерлерінің шекаралары белгіленуін ұсынды, сол арқылы науқанды уақытылы ыждағаттылықпен жүргізу керектігін атап өтті.

Кеңес отырысында «Қызылқоға аудандық мәслихатының 2015 жылғы 21желтоқсандағы №ХХХVІ-3 «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аудандық мәслихат шешімінің жобасы талқыланды.

Қызылқоға аудандық қоғамдық кеңесі жер заңнамасына қатысты аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жинақтау жөнінде алдын-ала отырыс өткізіп, жұмысты жоспарлады. Қоғамдық кеңес жер заңнамасына қатысты ұсыныстарды тыңдау мақсатында 2016 жылдың 20 маусымы күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан тұрғындарын қабылдайтындығы жөнінде алдын-ала барлық ауылдар орталықтарындағы көрнекі жерлерге хабарландырулар берді. Арнайы ұсыныс-пікірлерді жинайтын жәшіктер қойылды. Бұл шараға округтердегі қоғамдық кеңес мүшелері тартылып, белсенділіктерін көрсетті.

Кеңес мүшелері жер реформасына байланысты құрылған республикалық комиссияға жолданатын жер заңнамасына қатысты өз округтеріндегі тұрғындардың ұсыныстарын қабылдады. Қабылдауға келген Жасқайрат ауылының тұрғыны, зейнеткер Ж.Айтқалиев «Жалпы жер сатылмасын, жалға берілу керек. Шетелдіктерге мүлдем сатуға болмайды» деген ұсыныс айтты. Сағыз ауылдық округі жергілікті қоғамдастығының жалпы жиналысында осы мәселе қаралды. Сөйлеген ауыл тұрғындары жерді шетел азаматтарына жалға беруге де, сатуға да қарсылықтарын білдірді.

Есепті мерзімде Қоғамдық кеңес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 5 нормативтік құқықтық актінің жобалары бойынша Ұсынымдар береді. Қаралған шешім жобаларынан жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұсқан келтіретін немесе оларды шектейтін нормалар анықталған жоқ.

2016 жылдың 6 айында қоғамдық кеңестің 7 отырысы өтіп, 10 мәселе қарады.

Қызылқоға аудандық мәслихатының 2016 жылғы 11 шілдеде өткен кезекті ІV сессиясында «Қызылқоға аудандық Қоғамдық кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізіліп, кеңес мүшесі Ә.Үсеннің қайтыс болуына байланысты кеңес құрамынан шығарылып, орнына аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы А.А.Жазықбаев кіргізілді.

Қоғамдық кеңес бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып,

үнемі мақалалар жариялауды ұйымдастырып отырады. Қоғамдық кеңестің қызметі туралы тұрғындарды ақпараттандыру бағытында кеңесте қаралатын мәселелер күні бұрын аудан әкімдігінің ресми сайтына жарияланады. Аудандық «Қызылқоға» газетінде «Қоғамдық кеңес мүшелері сайланды», «Жазда қамданған, қыстан қамсыз шығады» тақырыбымен жарияланған мақалаларда аудан жұртшылығы қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарынан хабардар болды.

«Қызылқоға аудандық қоғамдық кеңесінің 2016 жылдың 6 айындағы жұмысы туралы» аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Мұқанбетовтың мақаласы аудандық «Қызылқоға» газетіне жариялауға жолданды.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы: Ж.Мұқанбетов


Мақаланың шыққан күні:: 07.10.2016 12:58
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 07.10.2016 12:58