Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
06.04.2020

Қызметтер

1,0 мыңнан астам отбасы АӘК тағайындауға құжат тапсырды

2020 жылғы 30 қаңтардағы жағдайы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) тағайындауға өтініш 1089 отбасынан қабылданды, оның құрамына 6090 адам кіреді, оның ішінде 4065-і бала. Көпбалалы отбасылардың үлесі 54,0 % немесе 589 отбасын құрайды.

Өтініштердің ең көп саны Атырау қаласында – 276 отбасы, Индер ауданында – 300 отбасы, Құрманғазы ауданында –158 отбасы, Исатай ауданында – 113 отбасы, Қызылқоға ауданында - 110 отбасынан қабылданды.

Облыста 70 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олар жүргізген зерттеу нәтижелерін ескере отырып, АӘК 756 отбасыға немесе 4339 адамға 41,6 млн.теңге тағайындалды, оның ішінде 53,3% - ын немесе 403 отбасы көпбалалы отбасылар құрайды. АӘК тағайындауға өтініш берген отбасылардың материалдық жағдайын тексеру жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша АӘК тағайындау тетігі оның айқындылығын, әділдігін және еңбекке ынтасын қамтамасыз ету мақсатында түзетілді. Мемлекеттік көмектің жаңа шаралары кешенді түрде іске асырылуда және оған: көпбалалы отбасыларды қолдау, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмек, табысы аз отбасыларындағы балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтама кіреді.

Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда жалпы сомасы 814,4 млн.теңгеге 17665 отбасы алды.

Табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көзделген. АӘК тағайындау үшін басты критерий – отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірдің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болуға тиіс. Отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде айқындалады. АӘК ашықтығын қамтамасыз ету үшін ол тоқсан сайын тағайындалатын болады, ал отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайтылады. АӘК тағайындау

кезіндегі маңызды талаптардың бірі жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына міндетті түрде қатысуы болып табылады. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде көпбалалы және табысы аз отбасыларға үйде жұмыс істеу үшін де, өз ісін ашу үшін де кең мүмкіндіктер беретін жаңа тетіктер көзделген.

Бұдан басқа, АӘК алатын табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылатын болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Жаңа тәсілдерге сәйкес ақшалай және заттай түрдегі әлеуметтік қолдау мөлшері табысы аз және балалар саны көп отбасылар үшін көбірек болады. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесіне АӘК төлеу сомасы орташа есеппен 10 мың теңгені құрайды, ал табысы жоқ отбасыларда әлеуметтік көмек тағайындау үшін белгіленген критерийден толық көлемде – өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ы. Осылайша, табысы аз отбасылар, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны есептемегенде, әр балаға орташа есеппен 20 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Оның 10 мыңға жуығы – АӘК-тің ақшалай төлемі, 10 мыңға жуығы – заттай түрдегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама.


Мақаланың шыққан күні: 05.02.2020 18:12

Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.02.2020 15:20

Қаралым саны: 91