Array «Атырау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау бойынша талдамалық анықтама | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
26.04.2017

Қызметтер

«Атырау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау бойынша талдамалық анықтама

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №12 бұйрығына және Атырау қаласы әкімі аппараты басшысының 2017 жылғы 5 қаңтардағы №1 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығына сай «Атырау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 1 және 38-баптарына сәйкес, әкім аппараты - жергілікті атқарушы органның және әкімнің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме. Әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi әкiм аппараты жүзеге асырады.

Ішкі талдау мемлекеттік мекеменің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағытында жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне себеп болатын келесі жағдайлар анықталды:

1. Зейнеткерлік жасқа толған қызметкерлердің еңбек шартын ұзарту/ұзартпау бойынша даулы жағдайлар орын алып жатады.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабының 5-тармағында зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағы 2-тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін делінген.

Ал, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 61-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметте болу мерзімін тараптардың өзара келісімі бойынша бір жылға ұзарту құқығы ескеріліп, олардың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы - Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Кодекстері нормативтік құқықтық актілер сатысында (иерархия) заңдық күшінің деңгейі Қазақстан Республикасы Заңдарынан жоғары.

Жоғарыда көрсетілген екі Заң талабы бір-біріне қайшы келіп, зейнеткерлік жасқа толған қызметкердің еңбек шартын ұзарту/ұзартпау бойынша тиісті шара алу барысында сыбайлас жемқорлыққа тәуекел туындап отыр.

2. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері түскен күні Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі (ЭҚАБЖ) бойынша белгіленген нысандағы есепке алу кәртішкесіне сәйкес тіркеліп, басшылыққа жеткізіледі.

Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 8-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектіге, лауазымды адамға келіп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.

Қала әкімінің атына келіп түскен арыз-шағымдар ЭҚАБЖ бағдарламасына тіркеу барысында кәртішкеге өтініштің қарау мерзімі (15 күн) автоматты түрде белгі қойылып кетеді.

Бақылауға алынған және жауап беруді талап еткен жағдайда кеңсе қызметкерлерімен өтініштің қаралуына жауапты қызметкерлер арасында келіспеушілік туындап, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында сыбайлас жемқорлыққа тәуекел туындап отыр.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша төмендегідей Ұсыныс береміз:

1. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 61-бабының 1-тармағы 3-тармақшасының талабын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабының 5-тармағымен сәйкестендіру бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс беру (ұсынысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тарапынан беру ұсынылады).

(мерзімі 1 ақпанға дейін)

2. Құжатайналымындағы орындаушылық тәртіпті сақтау үшін, арыздың қаралу мерзімі бойынша компьютерлік деректер базасына тиісті түзету енгізу жұмыстарын жүргізу.

(мерзімі 1 ақпанға дейін).

ЕСКЕРТПЕ: ұсыныстарды тиісті уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті тарапынан беру ұсынылады.

Атырау қаласы әкімі
аппаратының мемлекеттік-құқықтық
жұмыс бөлімінің басшысы С.Нсанбаев

КЕЛІСІЛДІ:
П.Хасанов


Мақаланың шыққан күні:: 16.01.2017 18:20
Парақтағы соңғы өзгерістер:: 16.01.2017 18:20