Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
11.07.2020

Қызметтер

«Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша 2018 жылдың 20 желтоқсан жағдайына талдамалық анықтамасы

І. Кіріспе.

Ішкі талдау объектісінің атауы: «Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма).

Ішкі талдауды өткізудің негізі: Басқарма басшысының «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 223-НҚ бұйрығы.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың өткізу кезеңі: 2018 жылғы 11 желтоқсаннан бастап 2018 жылғы 20 желтоқсан аралығы.

Талдау кезеңі: 2018 жылдың 2- жартыжылдығы.

ІІ. Басқарма қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Басқарма Атырау облысында мемлекеттік сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемесі болып табылады.

Басқарма өз қызметін Атырау облысы Әділет департаментінің Атырау қаласы бойынша Әділет басқармасында 2014 жылғы 30 желтоқсанында заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтамасының, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарының, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің, өзге де нормативтік-құқықтық актілер мен Атырау облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген Ереже негізінде жүзеге асырады.

Басқарманың миссиясы: Атырау облысының аумағында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау. Басқарманың негізгі міндеті мемлекеттік сатып алу аясындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру мен өткізу ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 8-бабы мен Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 2 маусымында №120 қаулысымен бекітілген жұмыстар мен қызметтердің тізімі негізінде жүзеге асырылады:

* жұмыстардың құндық мәндегі көлемі тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен асқанда бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жаңа құрылыстарды, ғимараттарды, инженерлік және көліктік коммуникацияларды құру (салу) не қолданыстағыларды реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу, аумақтарды абаттандыру;

* жұмыстардың құндық мәндегі көлемі тиісті қаржы жылына белгіленген айлық көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен асқанда жоба алды және (немесе) жобалық (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу;

* қызметтердің құндық мәндегі көлемі тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен асқанда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтік қызметтер (техникалық қадағалау).

Басқарма мемлекеттік сатып алуларды конкурс тәсілімен Тапсырыс берушілермен ұсынылатын бекітілген жылдық (алдын ала жылдық) жоспары негізінде жүзеге асырады.

Жыл қорытындысы бойынша Басқармамен жалпы сомасы 144 020 830,2 мың.теңге болатын конкурс тәсілімен 410 мемлекеттік сатып алулар жарияланды.

Талдау барысында анықталғаны, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаментімен ұсынылған хабарламаларда негізгі бұзушылықтар жоспарлау және жылдық жоспарын бекіту кезінде жіберілген қателіктерге қатысты.

Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылауы негізіндегі жіберілген хабарламада көрсетілген ескертулер, конкурстық рәсімдерді өткізу барысында жойылды, сондай-ақ аталған ескертулер Тапсырыс берушілерге техникалық ерекшеліктерді әзірлеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде, инжинирингтік қызмет көрсету, сондай-ақ жоспарлау және жылдық жоспарын бекіткен кезде жұмыста пайдалану үшін жіберілді.

Осылайша, Тапсырыс берушілердің жылдық жоспарын жоспарлау мен техникалық ерекшеліктерін әзірлеу және бекіту кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі көрінеді.

ІІІ. Басқарманың ұйымдастырушылық және басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

3.1. Персоналды басқару.

3.1.1. Штаттың саны.

Басқарманың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің штат саны – 15 бірлікті құрайды, нақты саны – 13 бірлік. 2 бос орын бар: 1 лауазым әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің басшысы (негізгі қызметкердің жүктілік және босануына байланысты уақытша бос) және 1 лауазым инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы (негізгі қызметкердің бала күтіміне байланысты демалыста болуы уақытында).

3.1.2. Кадр ауысушылығы.

2018 жылдың қорытындысы бойынша құқықтық және әкімшілік бөлімінің 1 бас маманы өзге мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналасуына байланысты, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 61-бабы, 1-тармағы, 2-тармақшасының негізінде қызметінен босатылғандықтан, таза ауысушылыққа жатпайды.

3.1.3. Бос лауазымдарға орналасуға өткізілген конкурстар.

Есепті кезеңде Басқармамен жалпы саны 7 конкурс өткізілді (оның ішінде 3 конкурс екінші қайтара өткізілді).

* құқықтық және әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері лауазымы

Анықтама үшін: Бос лауазым 02.02.2018ж бастап негізгі қызметкердің (Г.Хамидуллина) жұмыстан шығуына байланысты пайда болды. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 29.03.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 30.03-09.04.2018ж. 11.04.2018ж №1 үміткерлерді әңгімелесуге жіберу хаттамасының негізінде 2 үміткер әңгімелесуге жіберілді. 12.04.2018ж әңгімелесу өткізілді. 16.04.2018ж №5 қорытынды хаттамасының негізінде лауазымға үміткер А.Топаева қабылданды.

* әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің бас маманы лауазымы (2 конкурс өткізілді)

Анықтама үшін: Бос лауазым 07.12.2017ж бастап негізгі қызметкердің (А.Батырова) бөлім басшысы лауазымына тағайындалуына байланысты пайда болды.

1-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 29.03.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 30.03-09.04.2018ж. 11.04.2018ж №1 үміткерлерді әңгімелесуге жіберу хаттамасының негізінде 1 үміткер әңгімелесуге жіберілді. 12.04.2018ж әңгімелесу өткізілді. 16.04.2018ж №5 қорытынды хаттамасының негізінде үміткер қойылған сұрақтарға жауап бере алмағандықтан, конкурсты екінші мәрте өткізуге шешім қабылданды.

2-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 14.09.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 15-25.09.2018ж. 27.09.2018ж №6 үміткерлерді әңгімелесуге жіберу хаттамасының негізінде 2 үміткер әңгімелесуге жіберілді. 01.10.2018ж әңгімелесу өткізілді. 03.10.2018ж №8 қорытынды хаттамасының негізінде лауазымға үміткер С.Тулепова қабылданды.

* әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің бас маманы лауазымы (2 конкурс өткізілді)

Анықтама үшін: Бос лауазым 06.07.2017ж бастап негізгі қызметкердің (Г.Кабиева) өз еркімен жұмыстан босатылуына байланысты пайда болды.

1-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 29.03.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 30.03-09.04.2018ж. Конкурсқа қатысуға

ниет білдірген үміткерлердің жоқ болуына байланысты конкурсты екінші мәрте өткізуге шешім қабылданды.

2-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 14.09.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 15-25.09.2018ж. 27.09.2018ж №6 үміткерлерді әңгімелесуге жіберу хаттамасының негізінде 2 үміткер әңгімелесуге жіберілді. 01.10.2018ж әңгімелесу өткізілді. 03.10.2018ж №8 қорытынды хаттамасының негізінде лауазымға үміткер Б.Еркалиев қабылданды.

* инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы лауазымы (2 конкурс өткізілді)

Анықтама үшін: Бос лауазым 13.09.2016 ж бастап негізгі қызметкердің (А.Иманбаева) бала күтіміне байланысты демалыста болуы себепті пайда болды.

1-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 29.03.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 30.03-09.04.2018ж. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген үміткерлердің жоқ болуына байланысты конкурсты екінші мәрте өткізуге шешім қабылданды.

2-конкурс. Жалпы конкурс өткізу туралы хабарландыру 14.09.2018ж шықты. Құжаттарды қабылдау мерзімі 15-25.09.2018ж. Конкурсқа қатысуға ниет білдірген үміткерлердің жоқ болуына байланысты конкурсты екінші мәрте өткізуге шешім қабылданды.

3.1.4. Қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар.

2018 жылдың 13-15 тамыз аралығында Басқарма қызметкерлерімен облыстың Исатай, Құрманғазы, Мақат, Махамбет және Индер аудандарында ақысыз негізде тапсырыс берушілер мен бірыңғай ұйымдастырушы арасындағы жұмыстардың негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында көшпелі отырыстар ұйымдастырылды.

Шара барысында тапсырыс берушілер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 «Мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырудың Ережелерін бекіту туралы» бұйырығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен таныс болды. Шараға тапсырыс берушілердің және оларға бағынысты мекемелердің өкілдері қатысты.

2018 жылғы 25 қыркүйегінде Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаменті өкілінің қатысуымен жиналыс ұйымдастырылған болатын.

Жиналыс тақырыбы факторлы баллды шкала негізінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін талқылау.

Аталған жүйені жүзеге асыру Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 5-ші және 6-шы қадамдарын жүзеге асыру шеңберінде енгізілуде. Яғни

қызметкерлердің жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі мен байланыс деңгейлері, жұмысының қиындығы, қабылдаған шешімдерінің салдары секілді 8 фактор ескеріліп, еңбекақы тағайындау көзделуде. Бұған қоса, тапқан пайдасына бонустар қосылуы әбден ықтимал. Сондықтан қарапайым қызметкер өзінің басшысынан артық ақша табуы да ғажап емес. Ал жұмыс тиімділігінің төмен екенін көрсеткен азаматтардың бірінші қызметі төмендетіледі. Одан да нәтиже шығармаса, мемлекеттік орган оны жұмыстан босатуға құқылы. Жалпы алда мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу бұдан да жауапты әрі абыройлы болмақ.

3.1.5. Өкілетті органдармен өткізілген тексерістің нәтижелері.

20.11.2018 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментінен (әрі қарай – Департамент) мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама нормаларының бұзылуына қатысты жоспардан тыс тексеріс өткізу туралы хабарлама түсті.

26.11.2018 жылы Басқарманың конкурстық комиссия мүшелеріне 2018 жылдың қазан айында әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің бас маманы (2 бірлік) лауазымына өткізілген конкурс барысында жол берілген кемшіліктер туралы айтылды.

04.12.2018 жылы Департаментпен жоспардан тыс тексерістің актісі ұсынылды. 10.12.2018 жылы Департаментпен жоспардан тыс тексерістің қорытындысы ұсынылды.

Қорытындыда көрсетілген барлық кемшіліктерді сараптай отырып, аталған кемшіліктерге жол берген тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды. Осының негізінде, бос лауазымдарға орналасуға конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу барысында өзіне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде орындамағаны үшін басқарманың құқықтық және әкімшілік бөлімінің басшысы Д.Кушаеваға қатысты сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданды.

3.1.6. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру.

2018 жылға арналған оқыту жоспарына сәйкес қайта даярлау курстарында оқуға – 2 маман, біліктілікті арттыруға – 5 маман тиіс болды.

Нақты мәнісінде, қайта даярлау курстарында оқытылуға тиіс 2 маман курстан өтіп жоспар орындалды, ал біліктілікті арттыру курстарынан 1 маман өтті.

Біліктілікті арттыру бойынша жоспардың орындалмау себебі келесідей түсіндіріледі. Жыл басында біліктілікті арттыруға жоспарланған 1 маман (Г.Хамидуллина) жұмыстан босатылып, 2 маман (Г.Джалмуканова, А.Батырова) басшы лауазымға тағайындалды, ал 1 маман (А.Маукеева) КАЗГЮУ базасында біліктілігін арттырды.

Бұдан өзге, азаматтық қорғаныс саласында біліктілігін арттыру мақсатында басқарма басшысы А.Баймагамбетова 21.05-25.05.2018ж аралығында азаматтық қорғаныстың Алматы қаласындағы республикалық оқыту-әдістемелік орталығында біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында, басқарма басшысы А.Баймагамбетова 27-29.08.2018ж аралығында Астана қаласында өткізілген «Мемлекеттік сатып алулар: сыбайлас жемқорлықты алдын алу мен тиімділікті арттыру» тақырыбында өткізілген тренингке қатысқан болатын.

Облыс әкімі аппаратының бекіткен заң қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес, 2018 жылдың қыркүйек айында басқарманың құқықтық және әкімшілік бөлімінің басшысы Д.Кушаева «КАЗГЮУ Университеті» АҚ базасында Астана қаласында оқытылды.

Облыс әкімі аппаратының бекіткен қаржы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес, 2018 жылдың наурыз айында басқарманың құқықтық және әкімшілік бөлімінің бас маман-есепшісі А.Маукеева «КАЗГЮУ Университеті» АҚ базасында Астана қаласында оқытылды.

Басқарманың жас мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында, 27.04.2018ж басқарманың әлеуметтік нысандарды дамыту бөлімінің бас маманы Р.Қуанышбай мен инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Д.Алпамысова Атырау қаласында мемлекеттік сатып алуларға қатысты өткізілген тренингке қатысты. Аталған 2 маман ҚР Қаржы министрлігімен 14.05.2018ж Астана қаласында ұйымдастырылған семинарға да қатысқан болатын.

3.1.7. Сот процесстері.

15.08.2018 жылы Басқарма «KAZPACO» ЖШС-нің Атырау облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментіне қатысты 08.08.2018 жылғы №142, 145, 146 мемлекеттік сатып алулар туралы шарттарын жарамсыз деп тануға қатысты шағымы негізінде қаралған сот ісіне үшінші тұлға ретінде қатысқан болатын. Атырау қалалық сотының 15.08.2018 жылғы №2301-18-00-2/2058 шешімінің негізінде, мемлекеттік сатып алулар туралы шартты жарамсыз және «KAZPACO» ЖШС-нің шағымын қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.

03.10.2018 жылы Басқарма «KAZPACO» ЖШС-нің Атырау қалалық сотының 15.08.2018 жылғы №2301-18-00-2/2058 шешімін жарамсыз деп тану туралы сот отырысына үшінші тұлға ретінде қатысты. Сот ісі барысында «KAZPACO» ЖШС-нен шағымды қараусыз қалдыру туралы өтініш түскендіктен, Атырау облыстық МАЭС-ның 03.10.2018 жылғы №2399-18-00-2а/2313 шешімі негізінде сот ісі тоқтатылды.

19.11.2018 жылы «Казахдорстрой» ЖШС-гі 12.11.2018 жылғы №2870298-ОК1 конкурсы бойынша қорытынды хаттамасын жарамсыз деп тану туралы Атырау облыстық МАЭС шағым түскен болатын. Қазіргі уақытта сот ісі жүргізілуде.

3.2.Мүдделер қақтығысын реттеу

Басқармада «Мүдделер қақтығысын» бақылау журналы жүргізіледі, Басқарма мамандарының жеке мүдделерімен, онда жеке мүдделері олардың қызметтік міндеттерін дұрыс орындамауға әкелуі мүмкін қарама-қайшылық тіркелген жоқ.

Басқармадағы мемлекеттік қызметшілерінің барлық жеке істеріне жақын туыстарының және жұбайларының бірлескен қызмет (жұмыстар) фактілерін анықтау мақсатында талдау жасалды. Нәтижесінде, мүдделер қақтығысын растайтын фактілер анықталмады.

3.3.Мемлекеттік қызмет көрсету.

Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 14 қарашадағы №267 қаулысымен бекітілген Басқарма ережесінің негізінде мемлекеттік қызмет көрсету Басқарма құзыретіне кірмейді.

3.4.Рұқсат беру қызметін іске асыру.

Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 14 қарашадағы №267 қаулысымен бекітілген Басқарма ережесінің негізінде мемлекеттік қызмет көрсету Басқарма құзыретіне кірмейді.

3.5.Бақылау қызметін іске асыру.

Атырау облысы әкімдігінің 2016 жылғы 14 қарашадағы №267 қаулысымен бекітілген Басқарма ережесінің негізінде мемлекеттік қызмет көрсету Басқарма құзыретіне кірмейді.

3.6.Басқарманың ұйымдастырушылық және басқарушылық қызметінен туындайтын өзге да мәселелер

3.6.1.Қызметтік этика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау.

21.05.2018 жылы Басқарманың ресми интернет ресурсында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мақала жарияланды. Мақала сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы негізгі шаралар туралы айтылды.

12.12.2018 жылы Басқармада Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауларына жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқыланған болатын.

Басқармада мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар, мемлекеттік қызметшінің мәртебесімен байланысты шектеулер және Этикалық кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары қатаң сақталады.

3.6.2.Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің сапасын қарау.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Басқармамен 11 өтініш қаралды, олардың ішінде: 2 шағым, 3 ұсыныс, 4 арыз және 2 сұраныс. Өтініштердің жалпы санынан 3 өтінішті қарау Басқарма құзіретіне жатпағандықтан өзге мемлекеттік мекемелерге жолданды. Барлық өтініштер уақытылы қаралып жауап берілді.

3.6.3. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қызметкерлер туралы сыни жарияланымдар болған жоқ.

4.Қорытынды бөлім.

Бос лауазымдарға орналасу бойынша конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру барысында кемшіліктерді болдырмау мақсатында, конкурстық комиссия мүшелеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығымен бекітілген «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу ережелерін» зерделеу. Тәртіптік немесе әкімшілік нысандағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында, мемлекеттік қызметшілердің этикалық мінез-құлықтарын түсіндіру бойынша жұмыстарды жалғастыру.

 

Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу

Басқармасы құқықтық және

әкімшілік бөлімінің басшысы Кушаева Д.


Мақаланың шыққан күні: 25.12.2018 14:45

Парақтағы соңғы өзгерістер: 25.12.2018 14:45

Қаралым саны: 1109