Array Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады | Атырау облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсы
Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
25.05.2017

Қызметтер

Мамыр 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Рәсім барысында Қазақстан Президентіне Марокко Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Әбделжәлил Собри, Оңтүстік Африка Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Әл-Джабер, Сауд Арабиясы Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Захир бен Мутиш Әл-Анези, Малайзияның Төтенше және өкілетті елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман, Грузияның Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Абашидзе, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды құттықтап, шетелдік дипломаттардың қызметтері Қазақстан үшін маңызды кезеңде бастағалы отырғанын атап өтті.

– Қаңтар айында мен халыққа арнаған жолдауда Қазақстанның үшінші жаңғыруын қамтамасыз ету міндетін белгіледім. Біз күш-жігерімізді елдің жаһандық бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға бағыттаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өзінің биылғы 10 наурызда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қоюы ел өміріндегі тағы бір маңызды оқиға болып саналатынын айтты.

– Соңғы түзетулерге сәйкес, Президенттің бірқатар өкілеттіктері биліктің басқа тармақтарына берілді. Конституциялық құрылымның, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің мызғымастық кепілдігі нығая түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңір атынан өкілдік ету Қазақстан үшін зор мәртебе екенін жеткізді.

Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі және азық-түлік қауіпсіздігі мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысының басымдығы бар төрт бағыты ретінде қарастырылатынын атап өтті.

– Қазақстан – Жаһандық антиядролық қозғалыстың бастаушысы әрі көшбасшыларының бірі. Биыл Астанада Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні – 29 тамызда бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын, Париж келісімдерін іске асыруға және «жасыл экономиканы» насихаттауға Қазақстанның белсене атсалысып отырғанын айтты.

– Осы мақсатта Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО» халықаралық көрмесі өтеді. Көрме жұмысы аяқталған соң «ЭКСПО» базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастайды, сондай-ақ онда ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін, энергетикаға, қоршаған ортаға және технологияларға маманданған кластерлерден тұратын ғылыми-технологиялық паркін құру көзделген, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономикалық бағыт шетелдік серіктестермен ынтымақтастығымыздың негізгі элементі болып саналатынын атап өтті.

– Біз сауданы ұлғайтып, өндірісті дамыту үшін сапалы инвестиция тартуға мүдделіміз. Инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Біздің ел 2015 жылдан бері Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып саналады. Қазақстан «Бизнес жүргізу жеңілдігі» көрсеткіші бойынша әлемнің 190 елінің арасынан 35-ші орын алып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына тоқталып, мұның Қазақстанды маңызды көлік-транзит торабы ретінде қарастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

– Еліміз арқылы Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға баратын қысқа жолдар өтеді. Осыған орай, «Нұрлы жол» ұлттық инфрақұрылымдық бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер қауымы Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына және ауқымды жекешелендіру науқанына атсалыса алады. Сіздердің елдеріңіз осы жобаларға белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы сипатта екенін айтып, Біріккен Араб Әмірліктерін әлемдегі негізгі серіктесіміздің бірі ретінде деп атады.

– Әмірліктер Қазақстан экономикасы үшін аса ірі өңірлік инвестор болып саналады. Біздің елде әмірліктер капиталының үлесі бар 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Астанада құрылысы жүріп жатқан өңірдегі аса ірі «Абу Даби Плаза» инвестициялық жобасы көз алдарыңызда жүзеге асуда. Әмірліктер басшылығымен менің кездесулерімнің қорытындысы бойынша бірлескен ірі жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Корольдігін еліміздің сыртқы саясаттағы бастамаларын ұдайы қолдап келе жатқан маңызды халықаралық серіктесіміздің бірі ретінде қарастыратынымызды жеткізді.

– Екіжақты өзара іс-қимылды мейлінше дамытуға менің Эр-Риядқа былтырғы қазан айындағы сапарым да септігін тигізді. Біз агроөнеркәсіп кешені, мұнай химиясы, энергетика, геологиялық барлау салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге өзара мүдделілікті қуаттадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Марокко Корольдігімен қарым-қатынасымыздың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

– Астанада Марокко елшілігінің ашылуы өзара тиімді саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі сенімді серіктесі – Малайзиямен диалог қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

– Жоғары технологиялық инфрақұрылым және құрылыс жобалары, ислам банкингі жүйесі, «халал» стандартындағы азық-түлік өнімдерін шығару сияқты бағыттарда ынтымақтастықты дамытуға мән беру қажет. Малайзия – АСЕАН-ның мойындалған көшбасшысы. Қазақстан бұл қауымдастықпен тығыз байланысын одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Марокконың және Малайзияның елшілеріне сөз арнай отырып, олар биыл қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым мен технологиялар жөніндегі саммитіне өз елдерінің жоғары деңгейде қатысуы үшін белсене атсалысады деп үміт артатынын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.

– Оңтүстік Африка Республикасы әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі әрі Африка құрлығындағы саяси және экономикалық үдерістерге қатысып отырған негізгі ел ретінде танымал. Қазақстан бұл елмен ынтымақтастығын серіктестіктің жоғары деңгейіне көтеруге мүдделі. Әріптестігіміздің жарқын мысалы ретінде 2015 жылы құрылған «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» бірлескен кәсіпорнын айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Грузиямен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

– Біз Тбилисимен диалогты барлық салада және барлық деңгейде әрі қарай жалғастыруға мүдделіміз. Грузия Президентінің Астанаға алдағы сапары аясында біз кең ауқымды мәселелерді талқылап, екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа перспективалы бағыттарын айқындаймыз деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің Моңғолияны Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Соңғы жылдары Моңғолияның Азиядағы маңызды транзиттік мемлекет, саудадағы әріптес және табиғи ресурстарды жеткізуші ретіндегі рөлі айтарлықтай артты. Халықтарымыздың тарихындағы ортақтастық, экономикалық мүдделеріміз бен геосаяси сын-қатерлердің ұқсастығы Қазақстан мен Моңғолияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі тиімді нығайту қажеттілігін тудырады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан мен рәсімге қатысып отырған елшілердің елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының мерейлі межесі атап өтілетінін айтты.

– Биыл біздің еларалық байланыстарымыздың басталғанына 25 жыл толады. сіздердің Астанадағы қызметтеріңіз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталады деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, оларға және отбасыларына денсаулық пен табыс тілеп, елімізде өткізетін күндерінің жайлы болуына ниеттестік білдірді.

akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады
Мақаланың шыққан күні: 11.04.2017
Қаралым саны: 119