Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.06.2017

Қызметтер

Маусым 2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің сапары елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.  

– Біздің қатынасымыз ширек ғасырда өзара сенім және қолдаудың негізінде қалыптасты. Түрікменстан – Қазақстанның өңірдегі маңызды серіктесі әрі одақтасы. Екі елдің халқы бір-бірімен бауырлас әрі тату көрші. Бізді ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салалардың зор перспективасы бар екеніне назар аударды. 

– Бүгін біз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестік туралы аса маңызды шартқа қол қоямыз. Осы келісімнің арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа кезеңіне өткелі тұр. Біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Шекараға қатысты түйткілді мәселелері мүлдем жоқ елдер біздің екі мемлекеттеріміз ғана болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Г.Бердімұхамедов өзінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.

Екі ел президенттері халықаралық саясат, екіжақты ынтымақтастық, өңірлік өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

– Қазақстан мен Түрікменстанның халықаралық аренада оң бедел мен рейтингке ие болып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Біз бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелері бойынша өз ұстанымымызды тек өңірде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде БҰҰ мен ЕЫҚҰ сияқты халықаралық құрылымдармен бірге айқындап келеміз, – деді Г.Бердімұхамедов.

Сондай-ақ, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталған соң Қазақстан мен Түрікменстан елдерінің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің Премьер-министрлерінің орынбасарлары төрағалық ететін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екіжақты ынтымақтастықтың негізгі міндеттеріне қол жеткізу барысында ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Қазақстан Президенті келіссіөздер барысында тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына, сондай-ақ транзит-көлік саласындағы өзара іс-қимылға назар аударғанын атап өтті.

– «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының іске қосылуын транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл саласындағы тарихи оқиға деуге болады. Өзара тауар айналымын ұлғайту ісінде екі елдің кәсіпкерлері осы артықшылықты пайдалана білгені жөн, – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында су-энергетика саласы және Аралды құтқаруға арналған халықаралық қор қызметін жандандыру мәселесі арнайы қозғалғанына назар аударды.

– Орталық Азиядағы шекаралас өзендердің су ресурстары ортақ игілік болып саналатынын тағы да мақұлдадық. Оларды орнымен пайдалану ондаған миллион адамның тағдырына әсер етеді. Биыл Аралды құтқаруға арналған халықаралық қорға төрағалық ету міндеті Түрікменстанға көшті, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел президенттерінің күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті тақырыптарды талқылағанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президентін Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының соңына қарай бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

***

Түрікменстан Президентінің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:

– Қазақстан Республикасы Президенті мен Түрікменстан Президентінің бірлескен мәлімдемесі;

– Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шарт;

– Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясы туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама;

– Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Түрікменстан Қаржы министрлігі арасындағы қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісім;

– Астана мен Ашхабад арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

akorda.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мақаланың шыққан күні: 18.04.2017
Қаралым саны: 212