Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
30.05.2020

Қызметтер

«Баландиннің «алтыны» бәрімізді жігерлендірді»

«Баландиннің «алтыны» бәрімізді жігерлендірді»2016 жылы Рио Олимпиадасында алматылық Дмитрий БАЛАНДИН Қазақстан тарихында жүзуден алғаш рет Олимпиада алтынын алған еді. Бұл біздің атыраулық жүзгіштерді жігерлендірді ме? Осы және басқа да сауалдарға ҚР спорт шебері, 2008 жылғы ҚР чемпионы, «Атырау» спорттың су түрлері бойынша облыстық клубының аға жаттықтырушысы Иван ГАЛКИН (суретте) жауап береді.

ТАЛАНТТЫЛАР ТАСАДА ҚАЛМАСЫН

– Өз тәрбиеленушілеріңіздің биылғы жылғы жетістіктерін әңгімелеп берсеңіз?

– Теміртауда ақпанда болған турнирде Жәнібек Мүбинов 50 метр қашықтыққа еркін жүзу бойынша күміс медалды иеленді. Бір айдан кейін Көкшетауда ҚР «Жемчужина Бурабая» чемпионатында Дамир Алтайұлы 50 метр қашықтыққа еркін жүзу, 50 метрге баттерфляй бойынша және 200 метр қашықтыққа кешенді жүзу бойынша үш алтын медальды, 100 метр қашықтықта баттерфляй бойынша қола және еркін жүзуден 4-50 метр эстафетасында күміс жеңіп алды (сондай-ақ, осы эстафетада күміске Диар Ғизатов, Дмитрий Десятсков және Ерасыл Берегеновтер де ие болды).

Мамырда Шымкентте Балаларды қорғау күніне өткен ел чемпионатында Виолетта Шильман 50, 100 және 200 метр қашықтықта еркін жүзу бойынша үш алтын медаль, 50 және 100 метрге арқада жүзіп күміс және қола жүлдені еншіледі. Дамир Алтайұлы бұл чемпионатта 200 метр қашықтықта кешенді жүзу бойынша күміске ие болды.

– Олардың ішінен кімдер ҚР құрамасына кірді?

- Шәкірттерімнің бесеуі алғашқы спорттық разрядтарын қорғап шықты. ҚР құрамасына ену үшін (жасөспірімдер және ересектер) ҚР спорт шебері нормативтеріне сай келетіндей арнайы нормативтер орындауға тиісті. Оның үстіне тағы да Рудольф кестесі бар. Осы кесте бойынша 15 ұпай жинаған жүзгіш құраманың бас бапкерінің көзіне түседі, соның арқасында еліміздің бас командасына енуге толық мүмкіндік алады. Атырауда рудольф кестесі бойынша жақсы ұпай жинаған кішкентай жүзгіш спортшыларымыз бар. Олар 2005 ж.т. Алтайұлы – еліміздің өткен жылғы рекордшысы, оның есебінде 14-15 ұпай бар. 2007 ж.т. Диар Ғизатовтың да ұпай саны осындай.

- Олимпиададағы Дмитрий Баландиннің жеңісінен кейінгі балалардың көңіл-күйі қандай болды?

– Бұл жаттықтырушылар мен олардың оқушылары үшін жақсы мотивация. Дмитрийдің жеңісі біздің елімізде жүзу спортының айтарлықтай дамығандығын көрсетті. Ал егер бұрын Алматы, Қарағанды, Ақтөбе командалары алда болса, ал қазір барлық өңірлерде мықты спортшылар бар. Дмитрийдің жеңісінен соң жүзумен айналысам деушілердің қатары өсті. Ондай жағдай Атырауда

да бар. Бұл жерде барлық жауапкершілік жаттықтырушыларға жүктелмек. Балаларды кезекті бір топқа жинақтауда таланттыларды байқамай қалмасақ болғаны...

 

СПОРТ ПА, ӘЛДЕ ОҚУ МА?

– Шешуін таппай жатқан мәселелер бар ма?

- Мектептердің оқу бағдарламасы өте ауыр, балаларда, тіпті, спортпен айналысатын уақыт та қалмайды. Айталық, менің чемпиондарым Дамир мен Диар техникалық гимназияда оқиды. Олар оқу үздіктері, ата-аналары бос уақыттарында қосымша дайындықтарға береді. Ал мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді жоспарлап отырмын. Мұндай жағдайда ата-аналар олардың білім алуларына көбірек басымдық береді. Оларды да түсінуге болады, дегенмен, сол балалардың бойындағы спорттық таланттарын дамытуға тырысып жүрген мені де бапкер ретінде түсінуге болады ғой деп ойлаймын...

- Жарыстар күнтізбесі қандай?

– Жарыстар өте көп. Қаңтар айының басында Қостанайда балалардың республикалық турниріне қатыстық. Жақсы өнер көрсеттік, алайда, медальға қол жеткізе қоймадық. Міне, жақында ғана Атырау орталық жүзу бассейнінде алғаш рет республикалық «Көңілді дельфин» турнирінің бірінші туры өтті. Бұған дейін ол 15 жыл бойы Петропавловскіде өтіп келді. Бұл біздің қаламыздың тарихындағы алғашқы рет өтіп жатқан жоғары деңгейдегі жарыс. Жарысқа Қазақстанның 13 қаласынан 2004 ж.т және одан да кіші 200-дей жүзгіш спортшысы бар 18 команда қатысып отыр. Турнирге қатысқан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Айдар Қартпаев Атыраудағы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап өтті. Бұған дейін ҚР жаттықтырушылар кеңесі 2016 жылы ақпанда Петропавловскіде турдың өтуін нашар ұйымдастырылуы салдарынан өткізбеген болатын.

– Біздің спортшыларымыз қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Бір ғана медаль - күміс медальді Виолетта Шильман 50 метр қашықтықта арқада жүзуден жеңіп алды. Алтайұлы жүлделер үштігіне сәл жетпей қалды. Үш рет 4-ші орынды иеленді: 50 метр қашықтықты арқада жүзу бойынша, 50 метр еркін жүзу және 100 метр брассо бойынша. Атырау командасы 4 метрден 50 метрге дейінгі қашықтық эстафетасында еркін жүзу бойынша 5-ші орын алды, осы қашықтықта кешенді жүзу бойынша 6-шы, 50 метр қашықтықта біріктірілген жүзу бойынша құрамында 8 жүзуші (4 қыз, 4 ер бала) бар топ 9-шы орынды иеленді. Жиналған ұпайлар есебі бойынша Атырау командасы 18 команданың ішінде 10-шы орынды місе тұтты.

Демек, бізге әлі де жұмыстану керек. 2017 жылдың аяғына қарай облыс құрамасына іріктеу жүргізіледі. Біз «Көңілді дельфин» турниріне қатысуға дайындаламыз: бірінші тур Атырауда ақпан айында болды, екінші тур маусымда Қарағандыда, ал үшінші тур қарашада Шымкентте өтеді. Осы үш турда жинақталған ұпай саны бойынша жекелей және командалық біріншілік бойынша ҚР жасөспірімдер құрамасына іріктеу жүргізілетін болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz


Парақтағы соңғы өзгерістер: 13.03.2017 16:06

Мақаланың шыққан күні: 02.03.2017