Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

«Каратешілердің ендігі арманы олимпиада чемпионы болу»

«Каратешілердің ендігі арманы олимпиада чемпионы болу»Таяуда Халықаралық Олимпиада комитеті карате-до WKF нұсқасын 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізді. Біз бұл туралы облыстағы карате-до WKF аға жаттықтырушысы Сансызбай ТОРҒАЕВТАН (суретте) әңгімелеп беруін өтіндік.

МАҚСАТ – ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛДАМА АЛУ

- Бүгінгі таңда ерлер мен әйелдер арасында 4 олимпиадалық салмақ дәрежесі белгіленді. Ерлер арасында 67 келіге дейін, 75 келіге дейін, одан жоғары және жеке ката бойынша, ал, әйелдер арасында 55 келіге, 61 келіге дейін және одан жоғары және ката бойынша. Өткен жылдың қараша айында Шымкентте карате-до ұлттық федерациясының отырысы болды. Оған ҚР спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасы Ельсияр ҚАНАҒАТОВ, карате ұлттық федерациясының құрметті президенті Марат АХМЕТЖАНОВ, «Қазатомпорм» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР құрамаларының басшылары қатысты.

«АЖ» мәліметі: Сансызбай Салауатұлы Торғаев, 42 жаста, «Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі, каратеден спорт шебері, қара белдік иегері (3-ші дан), бапкерлік өтілі 19 жыл, халықаралық санаттағы төреші.

Федерация жарғысына олимпиадалық медальдарды жеңіп алу сияқты жаңа мақсатты айқындайтын өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты облыста БЖСМ, олимпиадалық дайындық орталықтары мен жоғары спорттық шеберлік мектептерінде карате бөлімі ашылатын болады. Ұлттық федерация президенті Евгений ПАК ҚР құрамасының мүшелеріне шәкіртақы мен сыйақы мөлшерін бекітті. Ересектер арасында әлем чемпионатында медальға (тиісінше алтын, күміс, қола) ие болғандар – 50, 40, 30 мың доллар; ересектер арасында Азия чемионатында медаль алғандарға – 30, 20, 10 мың доллар беріледі. Бұл спортшыларды ынталандыратын болады. Ақтауда тек ҚР құрамасының мүшелері үшін ештеңеден тарықпай жаттығу үшін құрылған спорт клубы бар. Облыс құрамаларының аға жаттықтырушылары енді федерациядан негізгі еңбекақыларына үстеме ақы алуы да мүмкін. 2017 жылдан бастап кезекті олимпиадалық цикл басталды. Спортшылар премьер-лигадағы ( «А» класы бойынша жарыс), әлем және Азия чемпионаттарындағы жарыстардың қорытындысы бойынша алған орындарына сәйкесті рейтингілік ұпайларын жинайтын болады. Токиодағы олимпиадаға рейтингілік ұпайды бәрінен көп жинаған спортшы барады. 2017 жылдың шілдесінде Астанада ерекестер арасында Азия чемпионаты өтеді. Біздің құрамаға үміт артамыз!

- Облыс құрамасының деңгейінде қандай өзгерістер бар?

- Облыстық карате федерациясының құрметті президенті Марат МУРЗИЕВТІҢ көмегінің арқасында Нұрсая ықшам ауданында №16 үйдің астыңғы қабатынан орын алып, карате үшін спорт залын жасақтап жатырмыз. Қазір онда жаттықтырушылардың, бұрынғы оқушылардың, ата-аналар мен демеушілердің күшімен әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Залды ашу көктемге жоспарланып отыр. Марат Бисенғалиұлының және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТТІҢ арқасында жарыс және оқу-жаттығу жиындары жолсапарларының ақшасына қатысты мәселелер шешілуде, ал бұл болашақта олимпиадалық мақсаттарға қол жеткізу үшін облыс құрамасы үшін өте маңызды. Жақында ғана біздің тәрбиеленушіміз Әсел СЕРІКОВА Марсельге оқу-жаттығу жиынына аттанды, онда ол «Париж опен» ресми жарыстары басталғанға дейін болады. Әсел бұл жарыста ҚР құрамасында қатысатын болады. Біздің тағы бір спорт шеберіміз каратеден Азия чемпионы Марат ЖАҢБЫР жақында үйленген болатын, енді ол да қатарымызға қайта оралып, ел чемпионатына дайындықты бастады.

«БІЗДЕ ӘСЕЛДЕН ДЕ БАСҚА СПОРТШЫЛАР БАР»

Өткен жылдың қараша айында Индонезияның Макасар қаласында кадеттер, юниорлар және 21 жасқа дейінгі жастар арасында каратеден 15-ші Азия чемпионаты (AKF) өтті. Бұл турнир жапондық спортшылардың жеңісімен аяқталды. Жалпыкомандалық есеп бойынша екінші орынды Иран спортшылары иемденсе, үшінші орынды татами қожайындары - индонезиялықтар еншіледі. Одан кейінгі өткен Азия жастар чемпионатында бірінші жалпы командалық орынды ирандықтар, екінші орынды жапондықтар иеленсе, үшінші орынға Қазақстан құрамасы жайғасты. Чемпионат өтер алдында кумите және ката бойынша WKF және AKF төрешілері біліктілік аттестациясынан

өтті. Мен кумите (А класы) бойынша WKF халықаралық санаттағы төреші атағын растау және ката бойынша төрешілікке емтихан тапсырдым. Аттестация теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады, кейде нұсқаушымен жекпе-жекке шығуға да тура келеді. Екі емтиханды да мен жақсы тапсырып шықтым.

- Ә.Серікова өткен жылы өзін қалай көрсетті? Атыраулық каратеші спортшылар ішінен Токиодағы олмпиадаға лицензия алуға бірден-бір үміткер Әсел ғана сияқты ғой?

- Әсел мамыр айында халықаралық «Корея опен» турнирінде алтын медальды жеңіп алды. Маусым айында «Қытай опен» турнирінде де осындай жетістікке қол жеткізді. Кейін Щучинскіде Қазақстан чемпионатында «күміс» жүлдені місе тұтты. Сондықтан да оны Австралиядағы әлем чемпионатына қатыстырмады. Чемпионатқа ҚР чемпионы ақтаулық Сабина ЗАХАРОВА қатысып қайтты. Алайда, ол жеңіс биігінен көріне алмады.

Әселден басқа, бізде болашағынан үміт күттіретін жастар бар. Қазір біз олармен көп жұмыс жасап жатырмыз және олимпиада лицензиясы үшін күресетін боламыз. Қазір ақпанда Таразда болатын ҚР чемпионатына қатысу үшін облыс құрамасын жасақтау үстіндеміз. Чемпионат алдында олар оқу-жаттығу жиындарында дайындықтан өтеді. Каратеден облыстық федерацияның жаттықтырушылық құрамын атап өтейін: Болат Ізбасқанов, Ольга Айтжанова, Алексей Любин, Әнуар Рахманов, Әсел Серікова, Анна Абдирова, Жанаргүл Мархабақызы, Ақмарал Есқожиева, Сұлтанбек Мамаев, Айбат Рахман.

Биылғы жылы тағы да Ұлттық федерацияның шақыру бойынша Атырауға жапондық атақты карате шеберлері келеді. Қараша айында Атырауда 10-11 және 12-13 жастағы балалар арасында каратеден ҚР чемпионаты өтеді. Өте қызық болады деп күтілуде.

http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 31.01.2017 12:47

Мақаланың шыққан күні: 26.01.2017