Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Артемнің арманы

Артемнің арманы– Өмірде жіберіп алуға болмайтын мүмкіндіктер кездеседі. Бастысы – қапы қалмау керек. Маған аспандағы жұлдыз керек емес, бірақ, табысты, бақытты жан болсам деймін. Көп сұрап отырға-ным жоқ қой, - деп сұраулы жүзбен қараған бозбала суып қалған шайын ішуді жалғастырды. Сұхбаттасушым бейтаныс жан болса, әлі жас қой, аңғал деп ойлар ем. Алайда, 18 жастағы Артем КАРЕПАНОВ (суретте) өмірден алатын орнын әлі шешпесе де зерек жігіт.

Артемді алғаш рет қол алысқан кезде ашық, пысық, жүзі жайдары күйде көрдім. Сол күні оны бассейнде суретке түсірдім, ол жерде спорт шеберіне үміткер суға қалай секіру керектігін көрсетті. Суды шашыратпай, нақышпен төңкеріле секіруі өте әсерлі еді. Жүз шақты кадрлар түсірілді, бірақ, суға секіру бойынша ел чемпионатында Артем иеленген екі күміс алқа туралы қысқаша мақалаға тек біреуін ғана таңдадық. Бұл табысын ол бапкері секілді өте мақтан етеді.

…Тағдырдың жазуымен ол алдымен Сәбилер үйінде, содан кейін Балалар үйінде өсті. Дүниеге келген кезде анасы одан бас тартқан екен.

– Интернаттағы өмір керемет емес, бірақ, оны адам төзгісіз деп айтуға ауыз бармайды. Мемлекетке рахмет. Бізді асырап-бақты: киіндірді, тойындырды, жылына бір рет Ставропольге демалуға жіберді. Жүрекке жылы тиетін сәттер бар, - дейді Артем.

Әке-шешесі болғанын қатты қалағанын, ата-ананың қамқорлығын сезінгісі келгенін, бірақ, балалары жоқ жұптар, мәселен, бөлмелес көршісін таңдаған кезде, ешқашан қызғаныш немесе сағыныш сезімін бастан өткермегенін есіне алды.

– Бәлкім, жүрегім қатайып кеткен шығар. Жылдар өткен соң анамның бейітінің басына барған кезде жылаған жоқпын. Адамдардан оның туберкулезден қайтыс болғанын білдім, маған бейітінің қай жерде екенін көрсетті. Менің жанымды жегідей жеген басқа нәрсе: ол менің есейгенімді, өз бетіммен өмір сүре алатынымды, азғана болса да, менің табыстарға жеткенімді көре алмай кетті. Оған «Мама, қара, мен адам болдым!» деп айтып үлгермегеніме қынжыламын, - дейді Артем.

Артем әкесін мүлдем білмейді. Оның қай жерде екені туралы да мәлімет жоқ. Бала кезден-ақ бұл өмірде өзінің тырмысуына тура келетінін және мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын түсінген. Мұндай мүмкіндік 2011 жылы туды. Интернатқа грек-рим күресі бойынша ҚР-на Еңбегі сіңген бапкер Рашид МУСИН келіп, өз үйірмесіне балаларды іріктеп алады.

Олардың қатарында Артем да болды. Кілем үстіндегі күресте қала чемпионатын, содан соң облыс чемпионатын оп-оңай жеңіп алды. 15 жасында балалар үйінен кетіп, ересек өмірге қадам басты. Құрылыс колледжіне оқуға түсіп, жатақханадан бөлме алған Артем оқу мен жаттығуды қатар алып жүрді. Ал кешкілікте аула тазалаушы болып табыс тапты.

Жарты жылдан кейін күтпеген жерден қалалық бассейнде құтқарушы болып жұмыс істеуге шақырту алады.

– Бұл менің өмірімде негізгі рөл ойнаған шығар, - дейді Артем.

Жаңа жұмыс орнында ол Атыраудан Украинаға шақырылған суға секіру спортының бапкері Владимир МОЛЧАНОВПЕН танысады. Тәжірибелі маман баланың бойынан үлкен мүмкіндікті көріп, оны өз қанатының астына алды. Табиғатынан талантты Артем өз тәлімгерінің тапсырмаларын еш қиындықсыз орындады. Өзінің алғашқы салмақты сайысқа әзірленіп жатқанына күмәнданбады да. Бір жыл табанды жаттығулардан кейін ол оңтүстік астанаға барып, Қазақстан чемпионатында туған өңірінің намысын қорғап, «күміс» алқа алып келді. Содан кейін де алқалар болды, алайда, «алтын» емес еді. Бірақ, бұл әзірге ғана. Қалай дегенмен де, Карепанов Атырау облысының тарихындағы су спорты түрлері бойынша алғашқы спорт шебері атанды. Жақында ол кезегі келген соң, мемлекеттен бір бөлмелі пәтер алды.

– Қоныстанған кезде жөндеу жүргіземін, бұл үшін мемлекет белгілі бір сома бөліп отыр. Интернаттағы достарымды шақырамын, бірақ, олармен жиі араласып тұрамын деп айта алмаймын, кейде қаладан көріп тұрамын, - деп жоспарларымен бөлісті Артем.

Сол күні кеште біз екеуміз менің жұмыс кабинетімде шай іше отырып, ұзақ әңгімелестік. Мен оның ұшақтарға деген сүйіспеншілігі немен байланысты екенін сұрадым. Оның әлеуметтік желідегі парақшасында әуе кемелерінің фотосуреттері толы болатын. Артем авиациялық училищеге түскісі келетін арманы болғанын, кейін спортқа әуестігі басым түскенін әңгімеледі. Енді АМУ-дің спорт факультетінің сырттай бөліміне құжаттар тапсырып, бассейнде жаттығуларын жалғастырмақ.

– Әрине, Олимпиада ойындарына қатысқым келеді, - деген Артем, жинала бастады.

Сыртта қараңғы түсіп кеткен екен, мен оған такси шақырмақ болдым. Бірақ, Артем қарсы болды: өйткені, ол күн сайын бассейнде хлор буымен тыныстайтындықтан, таза ауада серуендеп жүргісі келетінін айтты.

Марат ТАКУЛИН
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 19.01.2017 13:19

Мақаланың шыққан күні: 12.01.2017