Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.05.2020

Қызметтер

Каратешілер құрылысшылар атанды

Каратешілер құрылысшылар атандыАтыраудағы кекушинкай карате жаңалықтары туралы облыстың кекушин-кан каратенің аға жаттықтырушысы, қара белдік иегері (3-ші дан) Таңат НҰРЫМОВ әңгімелейді.

- Таңат, бұрын сіздің тәрбиеленушілеріңіз облыстық «Намыс» кекушинкай карате федерациясының атынан шығып жүрді. Қазір ол федерация бар ма?

- Осы жылдың көктемінде біз Атырауда жаңа атаумен – республикалық ұлттық кекушин-кан федерациясының Атырау филиалы болып ашылдық. Осыған байланысты облыстық «Намыс» кекушинкай карате федерациясы қызметін тоқтатты. Ол тек қағаз жүзінде ғана бар. «Намыс» федерациясы болған кезде біз үнемі қаражат жағынан қысым көрдік. Ұлттық кекушинкан карете федерациясы филиалының ашылуымен біз демеушілердің, оның ішінде жергілікті бюджеттің қаржылық қолдауына ие боламыз деген сенімдеміз.

- Биылғы жыл Нұрсая ықшам ауданынан федерацияның жеке спорт залының ашылуымен есте қалып отыр. Осы туралы айтып өтсеңіз.

- Біздің жолымыз болды. Сәуір айында қалалық әкімдікке Нұрсаядағы үйлердің іргеқабатынан жалға орын сұрап өтініш бердік. Екі рет тендерге қатысып, шілдеде орынжайға қол жеткіздік. Қалалың бұрынғы әкімі Нұрлыбек Ожаевқа алғысымыз шексіз. Бұл оның сол лауазымдық қызметіндегі соңғы өкімдерінің бірі болған еді. Спорт залды жарақтандыруға төрт ай уақыт кетті. Осы уақыт ішінде жаттықтырушылар да, көптеген тәрбиеленушілеріміз де тас қалаушы, сылақшы және электр мамандықтарын толық меңгеріп алды деуге болады. Бүгінгі күні 270 шаршы метр іргеқабаттың 100 шаршы метріне спорт зал жасақталды. Жаңа татамилер сатылып алынды. 14 қарашадан бастап жаттығуларды бастадық.

- Биылғы жылғы спорттық жетістіктер қандай?

- Жарыстық сапарлар аз болды. Сәуірде 12-13 жастағы қыздар арасында өткен еліміз чемпионатында 45 келіге дейінгі салмақта Аружан Әбдрахманова күміс медальды жеңіп алды. Маусым айында біздің команда Астанада жаттығу жиындарына қатысты. Онда Александр Грузинцев қара белдікке дан-тест тапсырды. Бұл сынды АҚШ-тан келген қара белдік (6-шы дан) иегері Шихан Горай қабылдады.

Атыраудағы кекушин карате бойынша басты оқиға 12-13 қарашада «Атырау» ДСК өткен ҚР кубогі болды. Біздің үш спортшымыз: Кирсан Құлмағамбетов, Андрей Котов, Аманат Еділбаевтар жарыс жеңімпаздары атанды. Жаңа жыл қарсаңында біз Астанада өтетін халықаралық турнирге қатысуды жоспарлап отырмыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
azh.kz


Парақтағы соңғы өзгерістер: 12.12.2016 15:50

Мақаланың шыққан күні: 01.12.2016