Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

«Болашақта легионерлерсіз ойнайтын боламыз»

Биылғы жылы облыстық «Атырау Барыстары» баскетбол командасы Қазақстан чемпионы болды. Біздің сауалдарымызға «Атырау Барыстары» спорттық ойын түрлері бойынша облыстық командасы ҚКМК-ның директоры Болат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ жауап береді.

- Болат Есетұлы, Атырау баскетболы үшін 2015-2016 жылдар маусымы қалай болды? 
- «Атырау Барыстары» командасы (бас бапкері Олег Киселёв) Қазақстан ұлттық лигасының чемпионы болды. Біз бұл жеңіске жетуді бес жыл бойына күттік, күміс жүлдегер болдық, бірақ, Астана командасын жеңе алмадық. Биылғы маусымда бұл мүмкіндік туды. Жоғары лигада екінші орынды жеңіп алған жас «Атырау Барыстары - 2» командасы (бас бапкері Эдуард Скрипец) да бізді қуанта білді. Сондай-ақ, Азия кубогіне қатысатын ұлттық құрамада біздің ойыншыларымыз - Рустам Өтеген, Ибрагим Қонысов, Асқар Майдекин және Павел Ильин ойнайды. Баскетбол академиясының тәрбиеленушілері арасында қалалық деңгейде түрлі жас ерекшеліктері шамасындағы ойыншылар арасында жарыстар өткізілді, онда «Байтал», «Алмагүл-2» және «Олимп» командалары жеңіске жетті. 
Жыл сайын «ISKER» мектеп лигасының жарыстары өткізіледі. Бұл жарыстарға тек қалалық командалар ғана емес, аудандардан да мектеп оқушылары қатыса алады. Бұл жарыстардағы жетістік республикалық турнирлер деңгейінен кем түспейді.

- Жазғы маусым ішінде бапкерлік құрамда өзгерістер болды. Мұндай өзгерістер не себептен орын алды?

- Тек жетістікке ұмтылу ғана болды. Осы маусымда бізде Сербиядан келген жаттықтырушылар Винко Бакич, Борис Пете, Боян Салатыч жұмыстарын бастады. Олар Рио Олимпиадасында жүлдегер болған Сербия құрамасының бапкерлік штабында болған. Еуропа елдерінде баскетбол өте дамыған, ал Сербияда ол ұлттық спорт түрі болып саналады. Біздің жаңа бапкерлердің тәжірибесі Атыраудағы баскетбол деңгейін көтереді деген үміттеміз.

- «Атырау Барыстары» клубы үшін жаңа маусым қалай басталды?

- Біз маусымды жақсы бастадық. 1999-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Борис Пете жетекшілік ететін жас «барыстар» бірінші болды. Команда бес ойын өткізді, Богдан Лащ команданың ең үздік ойыншысы болып танылды. Сондай-ақ, Волгоградта ірі турнирге қатысқан Саламат Торғаевтың тәрбиеленушілері де бізді қуантты. Біздің балалар батылдық таныта отырып, өте әдемі ойын көрсете білді, сөйтіп, бірінші орын алды. Бұл жарыстарда Мақсат Қайыржанов ең үздік ойыншы болып танылды. Қазан айында бұл команда Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатының финалдық турында бақ сынайтын болады. Биылғы жылы команда құрамы өзгерді. Бірнеше ойыншы бізден «Астана» баскетбол клубына кетті, ал біздің қатарымыз өткен жылы Жоғары лигада ойнаған жергілікті спортшылармен толықты. Олар Радмир Исхаков, Асқар Майдекин, Ибрагим Қонысов және Рүстем Төлеуов. Әрине, бұл нәтижеге әсер етуі мүмкін, бірақ, біз әлі де бірінші орынды жеңіп алуды мақсат етеміз. Қыркүйекте «FIBA» Азия кубогінің 25 жылдығы қарсаңында «Барыстар» Қытайға жолдастық кездесуге шақырылды. Онда да біздің жас ойыншыларымыз өздерін лайықты көрсете білді. Біз таяу болашақта легионерлерден толықтай бас тартып, жергілікті ойыншыларды құрамаға аламыз деп нақты сеніммен айта аламыз. Ол үшін біз мектеп оқушылары арасында жоспарлы жұмыстар атқарудамыз. 2 қазанда Атырауда баскетбол фестивалі, яғни, жаңа маусымның ашылуы өтті, оған барлық баскетбол ойнауға ниет білдірушілер шақырылды. Топтық және жеке конкурстарда баскетбол академиясының тәрбиеленушілері өз мүмкіндіктерін көрсетті. Жеке конкурстарда Дамир Досанов пен Рахат Таукен үздік деп танылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.10.2016 11:43

Мақаланың шыққан күні: 13.10.2016