Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.05.2020

Қызметтер

«Дойбымен ойнауға ниет білдірушілер көп, бірақ жаттықтырушылар жетіспейді»

Дойбыдан облыс құрамасының жетістіктері туралы облыстың аға жаттықтырушысы Еркін ҮСЕНОВ әңгімелейді.

- Биылғы жылы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының қаржылық қолдауымен біздің спортшылар көптеген жарыстарға қатысты. Турнирлік тәжірибе жетіліп келеді, мұның өзі үлкен жетістік.

Наурыз айында Қостанайда мектеп оқушылары арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ол сайысқа өткен жылғы еліміздің чемпионы, Ақсай орта мектебінің оқушысы 9 жастағы Бекарыс Жұмалиев барды. Бекарыс ардагерлер арасындағы облыс чемпионы Берік Молдаштың тәрбиеленушісі. Өткен жылғы Тараздағы еліміз чемпионатында ол «классика» санаты бойынша (бір партия 45 минуттан) алтын медальды, «рапид» (10 минуттан) және «блиц» (үш минуттан) санаттары бойынша екі қола медальды жеңіп алды. Биылғы жылы ол бұл жетістіктерін жақсартты «классика» және «рапид»санаттары бойынша чемпион атанды, сондай-ақ, «блиц» бойынша күміс медаль жеңіп алды. Еліміз чемпионатына осы жылы Бекарыстың апасы 12 жастағы Данагүл Жұмалиева да қатысты. Ол блиц санаты бойынша алтыншы орынды иемденді. Данагүл де Б.Молдаштың тәрбиеленушісі. Оның Ақсай поселкесіндегі жеке дойбы клубында жаттығады. Мамыр айында облыс құрамасы Алматы қаласында мектеп және колледж оқушылары арасында өткен еліміздің командалық чемпионатында 16 орынның ішінде 7-ші орынға ие болды. Ұлдар арасында тақтаға бірінші болып (мықты ойыншылар ішінде) Нұрлыбек Марданов, екінші Мақсат Өтеғұлов, ал үшінші Диас Картанов отырды. Қыздар арасында тиісінше Д. Жұмалиева, Айнель Сакимова және Іңкәр Ғайнеденова шеберліктерін сынады.

Кейін біздің команда дойбыдан алғаш қазақтар арасынан КСРО спорт шебері атанған Баха Иманәлиевті еске алу құрметіне орай оның отаны Қызылорда облысы, Қамбаш селосында өткен

республикалық турнирге қатысты. Бұл жарыста Ерзат Кенжеғали күміс медаль жеңіп алды, ал Б.Жұмалиев сегізінші орынды иеленді. Менің өзім де ересектер арасында өткен жарысқа қатысып, алтыншы орынды жеңіп алдым. Бұл тоғыз Қазақстан сорт шебері қатысқан мықты турнирлердің бірі болды.

Кейін біз Өскеменге бардық, онда Қазақстан спорт ардагерлерінің спартакиадасы өтті. Біздің құрамада бірінші тақтада Құрманғазы ауданы, Ақкөл селосындағы мектептің дене тәрбиесі мұғалімі Бекжан Қабиев, екінші болып Атырау қаласы өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Нұрым Машанов, үшінші Құрманғазы ауданының тұрғыны Рима Салыхова ойнады. Команда 16 орынның ішінен 9 орынды жеңіп алды.

Жазда қазақ соқырлар қоғамының командасы көзі нашар көретін мүгедектер арасында Ақтөбеде өткен еліміз чемпионатына қатысты. Нұрберген Дүйсенбаев берілген 18 мүмкіндіктен 8 ұпай жинады, бұл оның алғашқы сынағы үшін жаман жетістік емес. Көптеген турнирлердің жеңімпазы Аманқос Әбдешевтің жолы - 9 ұпай ғана. Махамбет ауданы, Алға поселкесінен келген 16 жастағы Мейіржан Оңайбай 7 ұпай жинады. Бұл жарыс та ол үшін алғашқы бақ сынауы болды. Әйелдер арасында Жұпар Сәрсекенова 14 ішінен 7 ұпай жинады, өткен жылғы жастар арасында еліміздің чемпионы атанған Мөлдір Қажимова 9 ұпай жинап, алтыншы орынды иеленді.

Тамыз айында Б.Жұмалиев Болгарияның Кранево қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Жарысқа 16 елден келген мықты деген спортшылар қатысты. Жас ерекшеліктері санаты бойынша он жасқа дейінгі 22 спортшы қатысқан сайыста біздің батырымыз «классика» бойынша жетінші орынды, «рапид» бойынша 11-ші, «блиц» санаты бойынша 9-шы орынға ие болды. Бұл үлкен табыс.

- Атырауда дойбы қалай дамып жатыр?

- Ниет білдірушілер көп, ал жаттықтырушылар жетіспейді. Бізде үнемі әйелдер разряды бойынша оның ішінде мектеп оқушылары үнемі жетіспей жатады. Жасөспірімдер, ерлер тұрақты түрде жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Мен өзім «Мұнайшы» спорт кешенінде және Авангардтағы «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ жаттығу өткіземін. Б.Молдаш Ақсай поселкесінде өткізеді.

- Таяу арадағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазан айында Қаскелеңде Қазақстан чемпионаты өтеді, қарашада Астраханда ірі халықаралық турнир болады. Дойбы секілді зияткерлік жарыстарға үнемі барып, өзгелерден қалыс қалмау маңызды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 06.10.2016 11:32

Мақаланың шыққан күні: 06.10.2016