Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
05.06.2020

Қызметтер

«Отбасым мен адал достарымның арқасында аяққа тұрдым»

«Отбасым мен адал достарымның арқасында аяққа тұрдым» Дзюдо,самбодан Азия және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Наурызбек МАЙЛАШЕВ «АЖ» газетіне берген сұхбатында өзінің спортшылар отбасы туралы әңгімеледі.

«2012 ЖЫЛҒЫ ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСА АЛМАҒАНЫМ ӨКІНІШТІ БОЛДЫ»

- Менің әкем Мағауия спортқа құмар адам болған, жас күнінде бокспен айналысқан. 2000 жылы ол отбасын Қызылқоға ауданының кішкене ауылынан аудан орталығы Миялыға көшіріп әкелді. Ондағы ойы ұлдары Эрман, Роман, мені және Табиғатты спортқа тарту еді. Менің дзюдодан алғашқы бапкерім – Табиғат Әжіғалиев. Егер қалған балалардың жаттығуы күніне екі сағаттан болса, біз күреспен үйде де барлық бос уақытымызда айналыстық. Бұл мені шынықтырды.

2003 жылы дзюдомен екі жыл айналысқан соң мен өзімнің алғашқы медалім – «күмісті» жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіп алдым. Екі жылдан соң облыстық жарыстарда мені атыраулық бапкер Аманбай Қыздарбаев байқаған болуы керек, мені қалаға алып кету үшін Миялыға әдейілеп келіп, менен чемпион шығарам деген оймен менің ата-анамның рұқсатын алды. Мен өз бапкерімнің үйіне орналасып, оның баласындай болып кеттім. Бапкерім бар зейінін маған аударып, менің жаттығуларыма барлық уақыты мен күшін салды. Соның арқасында мен 2005-2007 жылдары жасөспірімдер арасында дзюдодан үш рет Қазақстан чемпионы атандым. 2008, 2009 жылдары жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионатының чемпионы және күміс жүлдегері болдым, ал, 2009 жылы жастар арасында дзюдодан өткен Азия чемпионатында чемпион атандым. 2010 жыл да мен үшін табысты болды деп айта аламын: Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы болдым, Еуропа кубогін жеңіп алдым, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Қол жеткізген табыстары үшін А.Қыздарбаевқа «Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы» деген атақ берілді. Биылғы жылы мен ересектер арасында өткен жарыстарда бақ сынап, дзюдодан Қазақстан чемпионы атағына ие болдым. 2011 жылы бүкіл әлем дзюдошылары 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына лицензия алу үшін рейтингтік ұпайлар жинауды бастады. Мен Ташкентте өткен әлем кубогінде бесінші орынды жеңіп, алғашқы жүз ұпайымды жинадым. 2011 жылдың қыркүйегінде Парижде әлем чемпионатында 12-ші орын алып, тағы да жүз ұпай жинадым. 2012 жылдың басында Қазақстан құрамасының бапкерлік штабы Азия чемпионатына менің орныма Қазақстан чемпионатында және Әлем кубогінде менен жеңіліп қалған Сергей Лиманы жіберуге шешім шығарды. Сергей Азия чемпионы болды, лицензияны жеңіп алды, бірақ Олимпиадада жүлделі орынға жете алмады. Олимпиадаға лицензия алу үшін маған Азия чемпионатының қола медалі де жарайтын еді, ал Лондондағы Олимпиадада бар өнерімді салған болар едім...

 

АУЫР ЖАРАҚАТ ЖӘНЕ ҚАЙТА ОРАЛУ

- 2012 жылдың аяғында сіз жарақат алып қалдыңыз. Ол қалай болды?

- Бұл жаттығу жиындарында болды, соның салдарынан бір жыл бойы жаттыққаным жоқ. 2014 жылы жаттығуға кірісіп, жарыстарға бара бастадым. Кіші турнирлерден бастадым. Қазақ күресі бойынша халық ойындарында күміске қол жеткіздім. Ал дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатында бірінші рет медалсыз қалдым. Одан кейін салмақ дәрежесін 66 келіден 73 келіге ауыстырып алдым. 2015 жылдың мамырында ҚР спартакиадасында дзюдодан бесінші орын иелендім, одан кейінгі бірнеше халықаралық турнирлерде де бірде-бір медаль алғаным жоқ. Содан мені Қазақстан құрамасынан шығарып тастады.

- Биылғы жылы жолыңызды шалған қырсықтар артта қалып, жолыңыз ашылғандай ма?

- Осы жылдың наурыз айында самбодан Қазақстан чемпионы болдым, сөйтіп, осы спорт түрінен Қазақстан құрамасына кірдім, одан кейін Ашхабадтағы Азия чемпионатына жолдама алып, ол сайыстан «алтынмен» оралдым. Қазір қараша айында Болгарияда самбодан өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Дзюдодан Қазақстан құрамасына қайта оралсам деген үмітім бар. Қызылордада қарашада өтетін еліміз чемпионатына күш сала дайындалып жатырмын. Менің мақсатым – 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу.

- Спортта бауырларыңыз қандай жетістіктерге қол жеткізді?

- Эрман жауынгерлік самбодан, панкратион және джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы болды. Қазір ол Атырау қаласынан «Қызылқоға» спорт клубын ашты. Балаларды жаттықтырады. Роман болса қазақ күрес, дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат, облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпазы, Қызылқоға ауданында БЖСМ-де балаларды жаттықтырады.

Кіші інішегім Табиғат мен секілді жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионы атанды, 2014 жылы Майамидегі әлем чемпионатына қатысты, бірақ медальға қол жеткізе алмады. Ол қазақ күрестен, дзюдо және джиу-джитсудан спорт шебері. Қазір қыркүйек айында Бішкекте өтетін Бүкіләлемдік көшпенділер ойынына дайындық үстінде.

- Бұдан басқа сіздің жұбайыңыз Дана Мұханбетова да танымал дзюдошы емес пе?

- Біз 2011 жылы отау құрдық. Омар есімді ұл мен Ясмин қызымызды тәрбиелеп жатырмыз. Менің Данам – жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионы. 2009, 2010 жылдары Будапешт пен Мароккода өткен әлем чемпионаттарына қатысты. Мен өз тағдырымды осындай парасатты да сабырлы жанмен тоғыстырғаныма қуаныштымын. Жарақат алғаннан кейін мен үш ай бойына балдақпен жүргенімде, ол менің аяққа тұрып кетуіме үлкен күш салды. Қазақстан құрамасынан шығып, еңбекақысыз қалған күндерімде ол маған моральдық қолдау танытты, үнемі мені сабырға шақырып, менің күшті екенімді, әлі-ақ спорттағы өз орныма қайта оралатыныма сендіретін. Сол қиын кезеңдерде маған өз бауырларым, Сағыздағы достарым мен бапкерім А.Қыздарбаев көмектесті. Солардың қолдауының арқасында мен сауығып, жазылып қатарға қосылдым. Енді міне, жаңа шыңдарды бағындырып, жеңіс туын желбіретуге дайынмын!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВhttp://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 29.08.2016 11:47

Мақаланың шыққан күні: 25.08.2016