Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
30.05.2020

Қызметтер

«Балаларды компьютерден алыстатуға тырысамыз»

«Балаларды компьютерден алыстатуға тырысамыз»Қалалық білім бөлімі жанынан ақпан айында екі балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы ашылды. Бұл жаңалық туралы «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубының директоры Лия НУРКИНА (суретте)әңгімелейді.

- Өзіңіздің спорттық мансабыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз?

-1991 жылы алғаш рет Атырауда таеквондо секциясы ашылды, мен де олардың алғашқы тәрбиеленушілерінің бірі болдым, артынан жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастадым. 15 жасымда ҚР спорт шебері атандым, екі жылдан соң халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болдым. Еліміздің 9 дүркін чемпионы атанып, спорттан жеңілместен кеттім...

- 2008 жылғы олимпиадаға қатысқаннан кейін спорт аренасынан көрінбей кеттіңіз...

- Олимпиададан кейін мен спорттық мансабымды аяқтадым, тұрмысқа шықтым. Қазір мен бақытты жар және анамын. Ал, енді демалыстан шықтым деуге болады...

«ЖС» анықтамасы: 
Лия Асылбекқызы Нуркина, 31 жаста, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР 9 дүркін чемпионы, әлем және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының қатысушысы.

- Жаңадан ашылған клуб жөнінде не айтасыз?

- Бұл - балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы. Атырауда екі клуб ашылды: «Барыс» және «Ұлан». Бірінші клубты Рашид Мусинбасқарады, екіншісінің директоры мен.

Қалада 56 мектеп бар. Олардың барлығы екі клуб бойынша тең бөлінеді. Қазір құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, клубтар да мектептер секілді 1-ші қыркүйектен 1-ші маусымға дейін жұмыс жасайды. Штатта және штаттан тыс жұмыс жасайтын қызметкерлер бар. Соңғысына дене тәрбиесі мұғалімдері мен жаттықтырушылар жатады. Олар бізде келісімшартпен жұмыс істейтін болады. Біздің міндетіміз - мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту, мектепішілік және қалалық жарыстарды өткізу, балалардың бос уақыттарын ұйымдастыру. Қысқасы, балалардың мектептен бос уақыттарында босқа сенделмеуі, компьютер алдына телміріп, көзін құртпай, спортпен айналысуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.

- Жаңадан құрылған бұл клуб спорт секциясы ма, әлде дене тәрбиесі бойынша ұзартылған сабақтар ма?

- Бұл спорт түрлері бойынша секция болады. Оның ішінде тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлері бар. Біз мектеп оқушыларына өз өмірлерін қызықты да көңілді өткізуге мүмкіндік береміз. Мамыр айында балаларды осы клубтарға тарту бойынша жалпы қалалық акция өткіздік. Шара «Барыс» клубының бұрынғы директоры Ринат Ибрагимовтің және облыстық таеквондо және самбо федерациясының президенті Арман Тоғаевтың бастамасы бойынша өткізілді. Оған Атырау облысының танымал спортшылары - 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Арман Шылманов, бокстан КСРО чемпионы Болат Теміров және басқалары қатысты. Олар балаларға жарыстарда медальға қол жеткізудің қаншалықты қиын екендігін, халықаралық жарыстарда жеңімпаз болып, мінберге көтерілген сәтте өз елінің мақтанышы болуды сезінудің қандай екенін айтып берді. Мен осы клубтар ашылғаннан кейін мектептердегі ахуал жақсарып, балалар денсаулықтарын түзейді деген ойдамын. Спортқа деген құлшыныстары артады, тек осы бағытта жақсы жұмыстар атқаруымыз керек.

- Спортпен айналысуды қай жаста бастаған дұрыс?

- Кез келген жаста!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 29.08.2016 10:48

Мақаланың шыққан күні: 09.06.2016