Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

Анам 54 жаста, ол ресми түрде жұмыс істемейді, тек өзі тіккен бұйымдарын сатумен айналысады. Біз, балалары, ол кісіге ақша жағынан көмегімізді беріп отырамыз, бірақ анам еңбек өтілінің өте аз болғаны үшін алаңдайды. Болашақта базалық зейнетақы мен БЖЗҚ-дан берілетін төлемдерді алу үшін ол кісіге зейнетке шыққанға дейін еңбек өтілін қалай көбейтуге болады? БЖТ төлеу жеткілікті ме?

Иә, Сіздің жағдайыңызда Бірыңғай жиынтық төлем жақсы шешім. БЖТ төлеу үшін салық органдарына тіркелудің қажеті жоқ, тек бірыңғай жиынтық төлемнің белгіленген сомасын төлеу қажет. Ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлем мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2651 теңге.), басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК (1325.5 теңге.). Төлем екінші деңгейдегі банктер арқылы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) шотына бір сомамен жүзеге асырылады. Төлем жасау үшін банкте ағымдағы шот ашу талап етілмейді. Бірыңғай жиынтық төлем сомасын Мемлекеттік корпорация мынадай пропорцияда бөледі: 10% - жеке табыс салығы (ЖТС); 20 % - әлеуметтік аударымдар (ӘА); 30 % - міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ); 40 % - міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС). Зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін төлемнің барлық сомасы жеке табыс салығы болып танылады, әлеуметтік төлемдерге бөлу жүргізілмейді.

Осылайша БЖТ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен қалыптастырған жинақ көлеміне қарай зейнетақы төлемін алуға құқық береді. Яғни, анаңыз расталған еңбек өтілі бойынша базалық зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса БЖТ төленгеннен кейін анаңыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болады және медициналық мекемені таңдау құқығымен сомасы мен түрлері бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қол жеткізеді, сондай-ақ ол еңбек ету қабілетінен, жұмысынан, асыраушысынан айырылған және заңда көзделген басқа да жағдайларда әлеуметтік төлемдерді ала алады.

Сонымен қатар келешекте лайықты зейнетақы алуды қамтамасыз ету және анаңыздың зейнетақы шотын толықтыру үшін Сіз немесе анаңыз ерікті зейнетақы жарналары аударымдарын жасап отырсаңыздар болады. Жарна мөлшері мен ЕЗЖ төлеу кезеңділігін, сондай-ақ ЕЗЖ төлеу құқығы туындаған кезде жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті зейнетақы жарналарын төлеуді өз еркіңізбен жүзеге асыруыңыз керек. Ол үшін БЖЗҚ-мен шарт жасап, БЖЗҚ-ға ерікті аударымдарды Шартта көрсетілген банк деректемелері бойынша аудару қажет. Ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтында ЭЦҚ-ның өзекті кілті арқылы ерікті зейнетақы шотын ашу бойынша онлайн қызмет іске асырылды. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны банктік сервистер – Kaspi.kz қосымшасы, Halyk Bank терминалдары арқылы төлеуге болады. Нәтижесінде ЕЗЖ анаңыз үшін базалық зейнетақыға тамаша қосымша төлем болуы мүмкін.


Парақтағы соңғы өзгерістер: 08.04.2020 21:14

Мақаланың шыққан күні: 08.04.2020