Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
06.06.2020

Қызметтер

Қайырлы күн, менің ағамның жеке сауда-саттықпен айналысатын орны бар және ол кісі өзіне жұмыс істейді. Егер ол кісі зейнетақы қорына ақша аудармаса, болашақта зейнетақыны қалай алады? Тек бірыңғай жиынтық төлемді ғана төлеу жеткілікті ме?

Біріншіден, бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) деген не екенін түсіну керек. Қазақстанда өзін – өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық режимінің жаңа түрі – БЖТ-ның қолданысқа енгізілгеніне де бір жылдай уақыт болып қалды. Бұл төлем түрі азаматтардың төмендегі санаттарына арналған:

1. жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлері;

2. отбасылық кәсіпорындардың ақы төленбейтін қызметкерлері;

3. жұмыскерлері жоқ, жылына 1 175 АЕК-тен кем (3 114 925 теңгеден кем) айналымы бар кәсіпкерлер.

Бұл ретте БЖТ тек төменде көрсетілген қызмет түрлеріне ғана қолданылады:

1. Тек жеке тұлғаларға қызмет көрсету;

2. Жеке қосалқы шаруашылықтағы өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін тек жеке тұлғаларға ғана сату.

Алайда егер Сіздің ағаңыздың бір жыл ішіндегі табысы 1175 АЕК, яғни 3 114 925 теңге сомасынан асып кететін болса, онда оған жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және басқа салық режимін таңдауға тура келеді.

Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу үшін салық органдарында тіркелудің қажеті жоқ; тек бірыңғай жиынтық төлемнің белгіленген сомасын төлеу қажет. Ай сайынғы БЖТ мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін 1 АЕК-ті (2651 тг.); басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін 0,5 АЕК-ті (1325.5 тг.) құрайды. Төлем екінші деңгейдегі банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) шотына бір сомамен жүргізіледі. Төлемді жүзеге асыру үшін банкте есеп айырысу шотын ашу талап етілмейді. Бірыңғай жиынтық төлем сомасын Мемлекеттік корпорация мынадай пропорцияларға бөледі: 10% - жеке табыс салығы (ЖТС); 20% - әлеуметтік аударымдар (ӘА); 30% - міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ); 40% - міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС). Зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін төлемнің барлық сомасы жеке табыс салығы болып танылады, әлеуметтік төлемдерге бөлу жүргізілмейді.

Осылайша БЖТ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен жинақтаған қаражатына қарай зейнетақы төлемін алуға құқық береді. БЖТ төлеушілері үшін БЖЗҚ-дағы өзінің зейнетақы жинақтарын толықтырудан басқа расталған еңбек өтіліне байланысты базалық зейнетақы алу мүмкіндігі пайда болады. Бұған қоса БЖТ төлеуші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып тіркеледі және МӘМС енгізілгеннен кейін медициналық мекемені таңдау құқығымен сомасы мен түрлері бойынша шектеу қойылмайтын медициналық қызметтерге қол жеткізе алады, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен, жұмысынан, асыраушысынан айырылған, жүктілік пен босану, бала асырап алу, бала күтімі жағдайларында әлеуметтік төлемдер ала алады.

Сондай-ақ, болашақта лайықты зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін оған ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыруға болады. ЕЗЖ артықшылықтарының бірі – Сіз жарна мөлшері мен төлеу кезеңділігін, сондай-ақ ЕЗЖ төлемін алу құқығы туындаған кезде жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті зейнетақы жарналарын өз ықтиярыңыз бойынша жүзеге асыру қажет. Бұл үшін ЖЗҚ-мен шарт жасасып, БЖЗҚ- ға ерікті аударымдарды Шартта көрсетілген банк деректемелері бойынша аудару қажет. Ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтында қолданыстағы ЭЦҚ кілті арқылы ерікті зейнетақы шотын онлайн ашу бойынша қызмет іске асырылды немесе БЖЗҚ-ның көптеген филиалдарының біріне келу жеткілікті. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны банктік сервистер – Kaspi.kz қосымшасы, Halyk Bank терминалдары арқылы төлеуге болады.


Парақтағы соңғы өзгерістер: 30.03.2020 16:56

Мақаланың шыққан күні: 30.03.2020