Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
30.05.2020

Қызметтер

Кадеттердің уақыты туды

Күз – жастар құрамындағы мықты спортшылардың ересектер қатарына көшетін және олардың орнын басатын ер жеткен кадеттерді сынақтан өткізетін мезгіл. Биыл таэквондодан жастар құрамасы несімен ерекшеленді? Бұл туралы аға жаттықтырушы Сәуле САРДАРОВА әңгімелеп берді.
- Өңірімізде таэквондо қазір жақсы дамып келеді. Желтоқсан айында Астанада Сағадат Жолдасбаев (51 келіге дейін) пен Данир Базарбаев (68 келіге дейін) ел чемпионы атанса, Айбек Өтепқалиев (51 келіге дейін) «күміс» иеленді. Ал Майра Сүйінбекова (68 келіден жоғары), Аягөз Нығметова (55 келіге дейін) және Аманжан Нұрсұлтан (48 келіге дейін) «қолаға» қол жеткізді.


Чемпионатқа Айдана Еділбаева қатыса алмады. Ол жаттығу кезінде иығын шығарып алды. Алайда бірнеше дүркін ел чемпионы болғандықтан Алматыда өткен ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақыртылды. Онымен бірге жиынға Сағадат пен Данир қатысты.
"ЖС" анықтамасы: Сардарова Сәуле Асылбекқызы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының (2001 ж.), Ислам Ойындарының (2005 ж.), Азия Ойындарының (2006 ж.), Шығыс Азия Ойындарының (2009 ж.) жүлдегері, жаттықтырушылық өтілі - 7 жыл, жоғары санатты жаттықтырушы.
Ақпан айында облыс құрамасы Фуджейра (БАӘ) қаласында өткен «G-1» санатты халықаралық турнирге қатысты. Бұл жерде ересектер құрамы өз шеберліктерімен көзге түсті: «күміс» - Айгүл Елубай (73 келіге дейін), «қола» - Динара Ұзақбаева (73 келіден жоғары). Жастар арасында Сағадат, Айдана (42 келіге дейін) және Арайлым Оразақова (59 келіге дейін) «күміс» алды. Араб Әмірлігінен келгеннен кейін ҚР құрамасы мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» спорт интернатының базасында оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңін өткізді. Спортшылардың осы дайындығы нәтижесінде Сағадат Қытайдың Тайпейінде өткен Азия чемпионатында «қола» жүлде алды.
Қазан айында Алматыда «G-1» санатты «Қазақстан Опен» халықаралық турнирі өтті. Бұл жерде Айгүл Елубай ұлттық құрама сапында «қолаға» қол жеткізді. Жастар арасында Сағадат пен Айдана «күміс» иеленді. 63 келіге дейінгі салмақта Алмас Меллатов «қола» алды.
А. Елубайдың жастар құрамасынан ересектер құрамасына ауысқанына көп болмаса да, тез үйреніп кеткенін айтып өткен жөн. Биыл жастар құрамасынан Сағадат, Данир және Алмас кетеді. 25-28 қараша аралығында Ақтөбеде өтетін ҚР Кубогында олар халықаралық дәрежедегі спорт шебері Батырбек Есдәулетов жаттықтыратын облыстың ересектер құрамасы сапында өнер көрсетеді.
- Яғни, олардың орнын кадеттер басады...
- Біз 7-8 қараша күндері 1-ОРМБЖСМ-де өткен 1999-2001 ж.т. кадеттер арасындағы облыс чемпионатында мықтыларға іріктеу жүргіздік. Жылыой және Құрманғазы аудандарының аға жаттықтырушылары Азамат Нұржанов пен Руслан Аманғалиевтың жақсы «материал» дайындағанын атап өтейін. Өз салмақ дәрежелерінде Айдана Айтжанова, Анжелла Көшенова, Манарбек Қожықов, Нұрбай Ордабаев, Виктор Рудыкин, Бейбарыс Нұрбаев, Мерген Дайниев облыс чемпионы атанды. 1-БЖСМ шәкірттері ішінен Айдана, Жадыра Хайруллина, Арайлым Оразақова және Майра Сүйінбекова бүгінде мықты спортшылар қатарында. Облыс құрамасына 1-ОРМБЖСМ шәкірттері арасынан Ақниет Қабдуллина, Диляра Керімова, ағайынды Әмір мен Дамир Бисенбайлар кірді. Қазір олар 10-14 желтоқсан аралығында Ақтауда өтетін ел чемпионатына дайындалып жатыр. Бұл жерде келесі көктемде Мехикода өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын спортшылар іріктеледі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 24.11.2015 10:44

Мақаланың шыққан күні: 24.11.2015