Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

«Үлгі тұтар жігіттер жеткілікті»

Еркін күрестен облыстың жасөспірімдер құрамасы түрлі турнирлерде сәтті өнер көрсетіп жүр. Ел чемпионатында балалар тұрақты түрде жүлде алып жүр. Бұл туралы облыстың жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы, бірінші санатты жаттықтырушы Айдос ЛЕКЕРОВ (суретте) әңгімелеп берді.
- Ақпан айында Қарағандыда 1998-99 ж.т. кадеттер арасында ҚР чемпионаты өтті.

Осы жерде Ерболат Ізғалиев (42 келіге дейін) пен Ерболат Рахманов (46 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Рахманов содан кейін Сараевода өткен әлем чемпионатына қатысты. Қырғызстан мен Грузия өкілдерін жеңіп, ширек финалда американдыққа жол берді. Естеріңізге салсақ, Ерболат - 2014 жылы Алматыда өткен Жасөспірімдер арасындағы Еуразиялық Ойындардың жеңімпазы.
Маусым айында Семейде ауыл балалары арасында ҚР чемпионаты өтті. Бұл жерде 100 келіге дейінгі салмақта ганюшкиндік Мейірімбек Матхатов «күміс» иеленді. 54 келіге дейінгі салмақта Индер ауданы Аққала ауылының тұрғыны Сырбаз Талғатов қолаға қол жеткізді. Қазан айында Алматыда өткен мектеп-интернаттар шәкірттері арасындағы ел чемпионатында Абай екінші орын, Айдос Қизатов үшінші орын алды.
Алматы қаласындағы спорт интернаттарында еркін күресті үйреніп жүрген атыраулық балалар саны артып келеді. 2013 жылы тест тапсырып, үшеуі түсті, ал биыл сегізінің жолы болды. Бұл балалар облыс намысын қорғайтын болады, кім білген, әлем және Олимпиадалық ойындар чемпиондары өзімізден шығып қалар.
Жақында Шымкентте 2000-02 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Мұнда Бекзат Жалғасов және Лұқпанұлы қола медаль алды.
- Алайда сіздерден ел чемпионы шыққан жоқ...
- Әзірге жоқ. Алайда біздің балаларымыз беделді республикалық турнирлерде топ жарып жүр. Мамыр айында Талдықорғанда өткен бірнеше дүркін ел чемпионы Қуаныш Айтқожинді еске алуға арналған турнирде Қизатов пен Жалғасов жеңімпаз атанды. Ақпан айында Ақмола облысы Жалтыр ауылында Ауғанстан ардагерлерін еске алуға арналған турнирде Жалғасов «алтын» медаль, Әділхан Ақмурзиев, Руфат Асыланұлы, Қизатов «қола» иеленді. Қыркүйекте Қызылорда облысы Жаңақорған ауылында өткен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Серік Абдрахмановты еске алуға арналған турнирде Дастан Әлімжанов жеңімпаз атанып, Рамазан Қосжанов «күміс» иеленді.
Атырауда еркін күрестен бес секция жұмыс жасайды – 1-БЖСМ (Привокзальный), Дамбы ауылында (Ф. Оңғарсынова атындағы мектеп), Балықшы, Геолог және Нұрсаядағы ДСК-нде жаттығулар өтеді.
21-22 қарашада «Атырау» ДСК-нде 2000-02 ж.т. жасөспірімдер арасында спорт шеберіне үміткер Тұрлан Нұрмұхановты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Дағыстан, Шешенстан, Өзбекстан, Тәжікстан және еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар қатысады. Жерлестерімізге жанкүйер болуға келіңіздер. Жарыстар сағат 10-да басталады.
Өзімнің әріптесім, облыстың аға жаттықтырушысы Асылан Жаманбаевты жақсы жетістіктерімен құттықтағым келеді. Қазанда оның екі шәкірті – Қанат Баспаев пен Айдын Тәжіғали шеберлік турнирлердің жеңімпазы атанып, ҚР спорт шеберінің нормативін орындады. Бұл 1-БЖСМ шәкірттерінің аға ұрпағы. Үлгі тұтар жігіттер жеткілікті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 24.11.2015 10:34

Мақаланың шыққан күні: 24.11.2015