Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.05.2020

Қызметтер

«Қазақстанды таңдадым, бұған ешқашан өкінбеймін»

Атырауға 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының директоры Юрий МЕЛЬНИЧЕНКО (суретте) келді.
- Юрий Васильевич, Атырауға қандай мақсатпен келдіңіз?
- Шуақты Атырауды тағы бір көргеніме қуаныштымын. Достарым – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Рашид Мусинмен, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шілмановпен кездескеніме қуаныштымын.

Атырауда грек-рим күресімен айналысатын көптеген палуандар өсіп келе жатыр. Мен солармен және олардың жаттықтырушыларына «Жас батыр» спорт клубында шеберлік дәрісін өткіздім. Күрес ережелері үлкен өзгерістерге ұшырауда. Мен осыны түсіндіру үшін келдім. Соңғы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар Алмат Кебесбаев пен Досжан Картиков екі «қола» ұтты. Бұл чемпионат жаңа ереже бойынша өтті.
- Спорттағы алғашқы қадамдарыңыз туралы айтыңызшы.
- Грек-рим күресі секциясына жеті жасымда бардым. Мен бұл жасымда қай спорт түрімен айналысқым келетінін таңдай алмадым, футбол, гимнастика, жүзу және тағы басқа спорт түрлерін қарадым. Маған күрестегі ауан ұнады – залда балалар көп болды, барлық жаттығулар ойын түрінде қызық өтті.
Ұжым мені тартты, ал әрі қарай күрестің қыр-сырын тани бастадым. Жазғы каникулда жаттықтырушым Егор Иванович Мушкдат табиғатқа шығарып, оқу-жаттығу жиынына ұқсас бірдеңе ұйымдастырғаны есімде. Біз шатырларда тұрып, отқа картоп пісіріп, ән айттық. Мен бойыма спорт ұжымының идеясын сіңірдім, бұл өте маңызды.
- Алғашқы жаттықтыру-шыңыз қазір қайда жұмыс жасайды?
- Ол Ақмола облысы Жақсы қаласында жаттықтырушы болып жасайды. Қазақстанға бес жыл бұрын көшіп келді. Оның шәкірттерінің бірі биыл жасөспірімдер арасында Азия чемпионы болды. Көптеген жылдардан кейін жаттықтырушының өз шеберлігін қайта дәлелдегеніне қуаныштымын.
Мен өзім Қырғызстанның Джелал-Абад қаласында тудым. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Кеңес Одағы тарағаннан кейін спортшылар алдында қайда бару керектігі жөнінде таңдау тұрды. Сол кезде Дәулет Тұрлыханов «Дәулет» кәсіби спорт клубын ашты. Мені сол клубқа шақырды, жарты жылдан кейін Қазақстанда қалу туралы шешімге келдім. Бұл шешіміме ешқашан өкінбеймін. Осында жас кезімде келдім, ал ересек палуан ретінде Қазақстанда Д. Тұрлыханов басшылығымен қалыптастым.
- ҚР құрамасының қазіргі жағдайы қалай?
- Д. Тұрлыхановтың арқасында грек-рим күресі кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі кезеңде өз деңгейін ұстап тұрды. Күрес басқа спорт түрлері сияқты құлдыраған жоқ. ҚР Күрес федерациясының күшімен қазір де жағдайы жақсы. Спортшылар барлық салмақта да тұрақты нәтиже көрсетіп отыр.
- Грек-рим күресінен еліміз қанша олимпиадалық лицензияға үміттене алады?
- Күрестің барлық түрінен және бокстан Қазақстан қашан да барлық салмақ дәрежесі бойынша олимпиадалық лицензия алып келеді. Егер осы спорт түрінен елдің жеңісті дәстүрлері бар болса, бір де бір лицензия ала алмау – бұл сәтсіздік. Сондықтан да қазақстандықтар Олимпиадаға барып, жеңіске жетуі керек. Өзгерістерге байланысты, алдағы Олимпиадада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен алты марапаттар кешені сарапқа салынады. Құрама мүшелерінің жартысы алтын жүлде алуға қабілетті деп есептеймін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 24.11.2015 10:13

Мақаланың шыққан күні: 24.11.2015