Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.05.2020

Қызметтер

Нұржан Ермұханов: «Мюнхен олимпиадасының батырын күтеміз»

«АЖ» сұрақтарына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ жауап береді.
ХОККЕЙШІЛЕР ҮЙГЕ ОРАЛДЫ
- Хоккей клубының қандай жаңалықтары бар?
- «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубы биылғы жылдың тамызында, хоккей маусымының алдында құрылды және бірден жоғары нәтижеге – ҚР Кубогының қоласына қол жеткізді. Біріншіден, бұл «Атырау Барыстары» баскетбол клубынан бөлек хоккей клубын құру туралы шешім қабылдап, оған қаржы бөлген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың еңбегі. Әзірге «Бейбарыс-Атырау» командасы сырт алаңдарда ойнады, себебі, Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында жөндеу жұмыстары жүрді, енді біздің хоккейшілер қарсыластарын өз алаңында өз жанкүйерлерінің қолдауымен қабылдай алады.


- Қысқы спорт түрлері бойынша Академия «Атырау Барыстары» спорттық клубының жанында қалды ма?
- Балалар жаттығатын қысқы спорт түрлері бойынша Академия хоккей клубының балансына беріледі. Балалардың ата-аналарымен бұл мәселе туралы талқыладық. Биыл кәсіби спорттық клубтар базасында баскетбол және волейбол Академияларына ұқсас құрылымдар құрылды. Жеңіс көп күттірмейді деп ойлаймын. Мәселен, екі жыл бұрын «Атырау» ФК базасында біз футбол Академиясын құрған болатынбыз, ал биылғы маусымда қосалқы командамыз өз дивизионында ел чемпионы атанды. Сонымен қатар «Атырау» волейбол командасының да ҚР Кубогын жеңіп алғаны қуантты.
- Су спорты түрлері клубын қаржыландыру мәселесі қалай шешілуде?
- Клубта жүзу, суға секіру, су добы және заманауи бессайыс секциялары жұмыс істейді. Спортшыларымыздың спорттың осы төрт түрі бойынша оқу-жаттығу жиындарына қатысуы үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Биылғы жылы заманауи бессайыс (жүзу, жүгіру, семсерлесу, ату және атпен жүру) секциясына қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға қаржы бөлінді.
Заманауи бессайыс бойынша біздің жеті спортшымыз қыркүйекте Тбилисиде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет жарыс жолына шықты. Командамыз жүлделі орындарға ие бола алмады, алайда бұл үлкен тәжірибе. Қазір Атырау облысында жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, гандбол, велоспорт, бадминтон және асық ату бойынша облыстық федерациялар құжаттарын ресімдеуде. Бүгінгі таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында барлығы 24 спорт федерациясы аккредитациядан өткен.
ҮЗДІК ЗІЛТЕМІРШІЛЕРДІ КӨРЕМІЗ


- Атыраулық спортшылардың биылғы жылғы ең үздік көрсеткіштері қандай?
- Мамырда Абзал Дүсіпов кикбоксингтен кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы атанды, Жасұлан Хасимов ММА бойынша Азия чемпионы болды, тамызда Айболат Ыстыбай дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтынға қол жеткізді, қыркүйекте Ермек Өміртай ауыр атлетика бойынша Азия чемпионы болды, осы жақында Қанат Сейілхан дзюдодан Азия жастар чемпионатының жүлдегері атанды. ҚР 4 Жазғы Спартакиадасында алтынға боксшы Рахман Әлдешев, такэквондошылар Сағдат Жолдасбаев, Жансәуле Дениз, Үмбет Шәкиев, Динара Ұзақбаева, дзюдошы Назгүл Құбашева, суға секіруші Алексей Пригоров және зілтемірші Нижат Рахимов қол жеткізді.
Қарашада екі спортшымыздың ауыр атлетика бойынша Американың Хьюстон қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуы жоспарланып отыр, ол жерде 2016 жылғы Олимпиада ойындарының лицензиялары сарапқа салынады. Облыстық спорт басқармасы ҚР спорт комитетіне және Республикалық ауыр атлетика федерациясына 2016 жылғы Қазақстан чемпионатын Атырауда өткізу туралы өтінім берді. Өтінім қанағаттандырылған жағдайда жанкүйерлер әлем спортының жұлдыздары Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешев және т.б. спортшылардың өнерін өз көздерімен тамашалай алады.
Біздің облыстың намысын 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов пен 85 келіге дейінгі салмақта Ермек Өміртай қорғайды. Сонымен қатар келесі жылы атырауда грек-рим күресі мен таэквондодан ҚР чемпионатын өткізу жоспарлануда.


- Қазақ күресінің даму қарқыны қандай?
- Ақпан айында ҚР жастар чемпионатында Дулат Қабдығали алтын алса, маусымда Әнел Сүлейменова мен Файза Әділбаева ел чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Биылғы жылдың қыркүйегінде Атырауда тұңғыш рет ҚР Кубогы өтті – біздің құрама командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Жеке есепте Сұңғат Закаряев жеңімпаз атанып, «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде ҚР құрамасының сапында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда спорттың осы түрі бойынша республикалық Федерациямен 2016 жылы Атырауда халықаралық «Каспий барысы» турнирін өткізу жөнінде келіссөздер жүруде.
Қарашада атыраулық боксшыларға шеберлік сабақтарын өткізу үшін Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Қанат Исламның келуі күтілуде. Сонымен қатар үздік баскетболшы, 1972 жылғы Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың шеберлік сабақтары да жоспарланған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттер «ЖС» мұрағатынан
http://azh.kz/

____________


Парақтағы соңғы өзгерістер: 04.11.2015 10:14

Мақаланың шыққан күні: 04.11.2015