Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
07.06.2020

Қызметтер

ММА: күрес, күрес және төбелес

Сағындық Мекеев, 47 жаста, қоян-қолтық ұрыстан ҚР спорт шебері, панкратионнан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Қыркүйек айының аяғында Антальяда панкратион мен грепплингтен әлем чемпионаты өтеді. Атыраулық спортшылардың жүлде алуға қандай мүмкіндіктері бар? Біз осы тақырыпта облыстық ММА, панкратион және грепплинг федерациясының президенті Сағындық МЕКЕЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.


- Шәкірттеріңіз қашан да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Биылғы жетістіктеріңіз қалай?
- Наурыз айында Ақтөбе қаласында панкратион мен грепплингтен ҚР чемпионаты өтті. Барлық облыстар бұл жарысқа болашағы бар спортшыларды – түрлі мектептер мен федерациялардың шәкірттерін алып келді, барлығы 60 адам жиналды. Бағдарламаға панкратионнан беттен қолмен соғуға болмайтын «традишн», толық контактті «элит» түрлері және грепплинг, соның ішінде «ги» түрі, яғни, кимономен күрес кірді.
Панкратионнан облыс құрамасы командалық бірінші орынға ие болды. Бұрын ылғи Атырау қаласы спортшыларының топ жарғаны туралы айтатын болсақ, қазір ауданнан келген жігіттер әдемі айқастар көрсетіп жүр. Құлсарыдан келген Талғат Жұмағалиев (57 келіге дейін, фулл-контакт) ел чемпионы атанды. Қазір ол панкратионнан әлем чемпионатына қатысуға дайындалып жүр. Атырау қаласынан бұл чемпионатқа Нұртілек Қонашов (57 келіге дейін), Асыланбек Тәженов (71 келіге дейін) және Тыныс Бисалиев (100 келіге дейін) те барады.
Дзюдодан спорт шебері, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысқан Қайрат Өтеген (100 келіге дейін) грепплингтен осы жылғы ҚР чемпионы атанды. Ол да Антальяда өтетін әлем чемпионатына қатысады, алайда грепплинг бойынша айқастар бір апта бұрын басталады. Грепплингтен әлем чемпионатына Дастан Қарасаев (77 келіге дейін) пен Лев Винс (100 келіге дейін) те қатысады. Олар үстіміздегі жылдың тамыз айында Алматыда өткен грепплингтің «ги» түрі бойынша ҚР чемпионатының жеңімпаздары атанды.

- Қазір осы спорт түрінің беделі артып келеді. Қандай құпиясы бар?
- Жастар қазір ММА, панкратион және грепплингпен шұғылдану арқылы ие болатын сенімділік пен рух күшін таңдайды. Біз облыс чемпионатын өткізгенде бес жүз шақты бала қатысуға өтініш білдіреді. Бірінші орынды негізінен Сатыбалдиевтің «қоян-қолтық ұрыс салушылары» алады. Панкратионда «Айдар» кәсіпқой спорт клубының шәкірттері бәрінен мықты. Грепплингте біз басқа облыстарға қарағанда қалып келеміз. Алайда бұны түзейміз деп сөз бере аламын.
Спортшылар арасында бәсекелестік жоғары. Облыс құрамасы сапына ілікпеген спортшылар басқа облыстар атынан шығып, чемпион болып жатыр. Соңғы ҚР чемпионатында спортшымыз Асыланбек Тәженов Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап, «алтын» ұтты. Жазда Душанбеде өткен Азия чемпионатында Хасимов чемпион болса, Тәженов қола жүлдегер атанды.
- Шәкірттеріңіз кәсіпқойлар санатында қандай жетістіктерге жетіп жүр?
- ММА федерациясынан өзге, белгілі UFC қолдауымен IMMAF федерациясы пайда болды. Үстіміздегі жылдың шілдесінде ҚР құрамасы осы нұсқа бойынша Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатына бірінші рет қатысты. Айқастар тор ішінде үш минуттық үш раунд, 30 секундтық үзіліс формуласы бойынша өтті. Мұнда Нұртілек Қонашев (суретте) жақсы өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді. Финалда ол тәжірибелі американдық спортшыға есе жіберді.
Маған осы жарыстың ұйымдастырылуы қатты ұнады. Кейн Виласкес, Рафаэль Дос Санто Аниос, Крис Вайдман, UFC президенті Дана Уайт, жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген Ронда Роузи сияқты UFC жұлдыздарымен кездестік, әңгімелестік. Нұртілектің жетістігінен кейін бізге Абдул Азиз бастаған Бахрейн командасының менеджерлері келіп, Нұртілектің кәсіпқой аренада өз командаларының атынан өнер көрсетуіне өтініш білдірді. Ақырғы шешім әлі қабылданған жоқ. Нұртілек өзінің соңғы сөзін осы жылдың қараша айында ағылшынның Бирмингем қаласында өтетін Ашық Еуропа чемпионатында айтады.
ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, панкратионнан үш дүркін әлем чемпионы Жұмагелді Жалғасұлы өзінің жеңісті жолын әлі жалғастырып келеді. Тамыз айында ол Ақтау қаласында NFC нұсқасы бойынша өткен турнирде жеңімпаз атанды. Финалда ол ресей спортшысының қолын қайырып, жеңіске жетті. Осы жылдың ақпан айында ол Алматыда өткен «Алаш-Прайд» турнирінде ресейлікті үш раунд қорытындысы бойынша ұтты. Қазір ол қыркүйектің аяғында Бакуде өтетін чемпиондар турниріне дайындалып жатыр. Осы турнирде белгілі UFC спортшысы Джефф Монсон өз айқасын өткізеді деп күтілуде.
19 қыркүйекте Ақтөбеде ММА бойынша ҚР кубогы аясында спортшымыз Самат Жақпаровтың қатысуымен кәсіпқойлар арасында айқас өтеді. Сағидолла Ерлан биыл «Алаш-Прайдта» Өзбекстан өкілін ұтты. Абылай Төлеш NFC нұсқасы бойынша турнирде ресей спортшысын екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. «Әлем-Файтерсте» жаттықтырушы Асқар Үмбетовтың шәкірті Нұрберген Шарипов жақсы нәтижелер көрсетті. Бұлардың барлығы болашақта Атырау спортына үлкен үлес қосатын жастарымыз.

- Тағы қандай жоспарларыңыз бар?
- Қазір біз Ақтөбе қаласында өтетін ММА бойынша ҚР Кубогына қызу дайындалып жатырмыз. Қазан айының басында тағы бір жаңа сынақ – IMMAF нұсқасы бойынша ҚР чемпионаты өтіп, осы жерде Англияда өтетін Ашық Еуропа чемпионатына баратын ел құрамасына іріктеу жүргізіледі. Қазанның ортасында Қарағандыда панкратион мен грепплингтен ҚР Кубогы өтеді. Қарашада Қарағанды қаласында кәсіби әскери самбодан ҚР чемпионаты өтіп, әлем чемпионатына баратын спортшылар іріктеледі. Демеушілерге олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытуға да қол ұштарын тигізсеңіздер деген өтініш білдіргім келеді. Спортшылар мен жаттықтырушылар атынан қолдау көрсеткені үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Ермұхановқа алғыс айтамыз.


Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет С. Мекеевтікі
http://azh.kz/

 


Парақтағы соңғы өзгерістер: 12.10.2015 10:55

Мақаланың шыққан күні: 12.10.2015