Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
29.05.2020

Қызметтер

«Қазақ күресіне жаңа балуандар келді»

5 шілдеде елордалық велотректе абсолютті салмақ санатында қазақ күресінен жыл сайынғы республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өтеді. Жеңімпаз 150 мың доллар мен алтын белдікке ие болады. Біздің өңіріміздегі ұлттық күрестің дамуы жайында біз Атырау облсы құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек СЕРҒАЗИЕВПЕН (суретте) әңгімелестік.


- Айбек, биылғы жылы көзге түскен балуандарды атап өтіңізші.
- Әрине. Ақпанда Қызылорда облысының Шиелі қаласында өткен 1996-1997 ж.т. жастар арасындағы ел чемпионатында 71 келіге дейінгі салмақта Дулат Қабдығали алтын медаль иеленді. Ол ҚР спорт шеберінің нормативін орындады. Күміс медальға Эльмира Самиғоллева (75 келіге дейін) мен Саида Қапсалықова (75 келіден жоғары) ие болды. Дулат біздің еліміздің намысын қыркүйекте бір мезгілде Шанхайда өтетін әлем және Азия чемпионаттарында қорғайтын болды. Наурыз айында Таразда өткен 1998-99 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Әділет Күлшім (55 келіге дейін) мен Саян Қайырғалиев (71 келіге дейін) қолаға қол жеткізді. Ал, сәуірде Ақтөбеде өткен 2000-01 ж.т. кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Қызылқоға ұлттық күрес мектебінің тәрбиеленушілері алға шықты. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жәнібек Телманов жеңімпаз атанды, ал 73 келіден жоғары салмақта Жанұзақ Ермағамбетов қола медальға ие болды. Осыдан соң біз Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған Қызылордада өткен жастар арасындағы республикалық турнирде өнер көрсеттік. 60 келіге дейінгі салмақта Қанат Ыстыбаев алтын алса, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ерназ Ерқуатов қолаға қол жеткізді.
- Ал, «Атырау барысы» облыстық іріктеу турнирі қалай өтті?
- Ұйымдастырушылар мол жүлде қорын жинапты: бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орынға – 300 мың, үшінші орынға – 200 мың. Бозкілемге облыстың ең үздік 16 балуаны шықты. Күрес өте тартысты өтті. Шеберлер әдіс-тәсілдің алуан түрін қолданды. ҚР «Ақ бидай» ауыл ойындары Спартакиадасының күміс жүлдегері, белдік күрестен ҚР Универсиадасының жеңімпазы Кенжебек Күзембаев, дзюдодан спорт шебері Қайрат Өтеген, әскери қызметкерлер арасындағы ҚР чемпионы Бекболат Салыхов, қызылқоғалық танымал балуан, ҚР чемпионы Сержан Оқасов және т.б. сәтті өнер көрсетті.
Бас жүлде дзюдо, самбо және қазақ күресі бойынша спорт шебері, ҚР Ұлттық ойындарының жеңімпазы Сұңғат Закарияевке бұйырды. Ақтық бәйгеде ол ҚР чемпионы, жастар әлем чемпионатының қатысушысы Табиғат Мағауияұлын тізе бүктірді. Үшінші орынды 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Наурызбек Өтеуов иеленді. Үш балуан да жоғары спорт шеберлігі мектебінде (ЖСШМ) жаттығады. Жағдайды пайдалана отырып облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Ермұхановқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргім келеді.
- Бірақ белгілі болғандай, Сұңғат «Қазақстан барысы» турниріне бармайтын болды ғой...
- Иә, Сұңғат бұл турнирге бармайды. Дзюдодан Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы оған үлкен үміт артып, Минскіде өтетін халықаралық турнирде және Оңтүстік Кореяда өтетін Бүкіләлемдік Универсиадада бақ сынауға мүмкіндік беріп отыр. Біз бәріміз оның сәтті өнер көрсететініне және Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатына жолдама ұтып алатынына сенімдіміз.
Сәйкесінше, «Қазақстан барысы» турниріне Мағауияұлы мен Өтеуов барады. Олар құрдас – жастары 21-де. Табиғаттың салмағы 84 келі болса, Наурызбек 10 келіге ауыр. Біз мониторинг жүргіздік – көптеген облыстарда «Барыстың» іріктеу турнирлерінде 100 келіге дейінгі икемді жас балуандар жеңіске жеткен екен. Қазір қазақ күресі жасарып келеді. Егер өткен жылғы ҚР чемпионаты жүлдегерлерінің тізімін қарасаңыз, әлі ешкімге таныс емес жас спортшылардың есімдерін көресіз. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы» турнирінің тарихында өте ауыр салмақтағы балуандардың салмағы 80 келі болатын балуандарға жол беріп жатқан мысалдары аз болған жоқ.
- Алдағы ел чемпионатында ересектердің қатарында кілемге Мағауияұлы мен Өтеуов шығады. Олар жарақат алып қалады деп қорықпайсыз ба?
- Жаңа ережелер бойынша «Қазақстан барысының» барлық қатысушылары қазақ күресі бойынша ҚР чемпионатына қатысулары тиіс.
Одан бөлек, «Қазақстан барысынан» соң жүлде қоры үлкен «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» турнирлері өтеді. Абсолютті салмақ санатындағы ҚР чемпионы «Әлем барысына» жолдама алады, ал басқа салмақ дәрежелерінде ҚР чемпиондары «Еуразия барысында» бақ сынау үшін ел құрамасына қосылады. Қыркүйекте Атырауда ерлер мен әйелдер арасында қазақ күресінен ҚР Кубогы өтеді. Желтоқсанда Астанада облыс құрамасы ҚР қазақ күресі федерациясының Кубогы үшін таласқа түседі. Жарыстар облыс құрамалары арасында матчтық кездесулер түрінде өтеді. Бас жүлде – 20 млн теңге. Жұмыс істеу керек...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.06.2015 09:32

Мақаланың шыққан күні: 15.06.2015