Мобильді нұсқа Нашар көретіндерге арналған нұсқа
11.08.2020

Қызметтер

Рио үшін күрес

Спортшылардың жақында болған лицензиялық турнирлерде қалай өнер көрсеткендері туралы дзюдодан облыстың аға жаттықтырушысы Азамат САҒЫНҒАНОВ(суретте) әңгімелеп берді.
РЕЙТИНГ БОЙЫНША ЖОҒАРЫ-ТӨМЕН
- Мамыр айының басында Бакуде өткен Үлкен Дулыға турнирінде Атыраудан екі спортшы – 81 келіге дейін Сұңғат Закарияев пен 60 келіге дейін салмақта Асхат Тельманов - қатысты.

Сұңғат – болашағы зор палуан. Ол дзюдоға кеш – 17 жасында келді. Алайда жіберіп алған уақытын үлкен қажырлығы арқасында қайтарып жатыр. Турнирдің бірінші айналымында оның қарсыласы болмады, екіншіде өзбекті жеңіп, үшінші белдесуінде ресейлікке есе жіберіп қойды. Тәжірибесі жетпеді деп айта аламын. Айқас аяқталуға 20 секунд қалғанда бір ваза-ари айырмашылығымен ұтып жатты, алайда өзі шабуылға шығып, ұтылып қалды. Бұл оның шетелде өткізген екінші ірі турнирі еді, Польшада ақпанда болған алғашқы турнирінде бірінші белдесуде жеңілген болатын.
14 мамырда Сұңғат «Атырау барысы» іріктеу турнирін жеңді, алайда Астанаға бармайды. Өйткені, ҚР құрамасы штабы оған шілде айында Кореяда өтетін Бүкіләлемдік Универсиадада ел намысын қорғауды сеніп тапсырып отыр. Ол дайындалу керек.
«ЖС» анықтамасы: Сағынғанов Азамат Қуанышқалиұлы, 37 жаста, ҚР спорт шебері, 1993 жылғы жасөспірімдер арасында ел чемпионы, жаттықтырушылық өтілі - 13 жыл.
А. Тельманов – біздің олимпиадалық лицензияға негізгі және ең тәжірибелі үміткеріміз. Бакуде ол бірінші айналымда белорусті жеңіп, екіншіде бұрынғы қарсыласы – моңғол Даштавадан ұтылып қалды. Асхат бұдан екі жыл бұрын осы Бакуде өткен Үлкен Дулыға турнирінде Даштаваны ұтқан еді. Алайда бұл тарих болып қалды... Қазір Даштава әлемнің он үздік дзюдошылары қатарына кіреді. Тельманов Бакудегі турнирге дейін рейтингте 34-орында болған, қазір 41-ге түсіп қалды. Олимпиадаға жүлде алу үшін әлемдік рейтингте 22 үздік дзюдошылар қатарына кіруі қажет.
Сұңғат биылға дейін рейтингте болмаған да еді, Бакудегі бір жеңісі оны 145-орынға көтерді. Оның салмағында әлемдік рейтингтің 68-орнында тұрған Азиз Қалқаманұлы өнер көрсетеді. Мен Сұңғатқа ҚР құрамасында әрі қарай белдесуге рұқсат берсе, оны басып озатынына сенемін. Қалқаманұлы ҚР құрамасын Катарда өткен Азия чемпионатында аздап ұятқа қалдырды. Ол 600 грамм салмағын тастай алмай, жарыстан шеттетілді.
Катарда өткен Азия чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта Назгүл Құбашева «қола» үшін болған айқаста қытай қызына жол берді. Оның әлеуетін білетін болғандықтан, мұны жетістік деп атай алмаймын. Ол биыл Шымкентте болған ҚР чемпионатын ұтты. Алайда Тбилиси мен Түркияның Самсун қаласында өткен екі Гран-при турнирінде бірінші айналымда-ақ жарыстан шығып қалды.

«БАРЛЫҒЫ ДА РИОҒА БАРҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
- Демек, бұл Рио Олимпиадасына жолдаманы олар ала алмайды деген сөз бе?
- Жоқ, олар өздерін қолдарына алулары керек, әлі мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Басқа облыстардың да жаттықтырушылары да осындай мақсат қойып отырғандарын ескеру қажет, өйткені, Олимпиадада бір салмақ дәрежесінде бір елден бір өкіл ғана қатысады ғой.
60 келіге дейінгі салмақта Тельмановтың үш бәсекелесі бар. Елдос Сметов әлемдік рейтингте 10-орында тұрса, Бакудегі жеңісінен кейін 41-орыннан 18-орынға Рүстем Ибраев көтерілді. Имашев 39-орында тұр. Біздің Асхатымыз, жоғарыда айтқанымдай, 41-орында.
Тельмановтың, Құбашеваның, Закарияевтың, Наурызбек Майлашев пен Ержан Қабделовтың олимпиадалық жолдамалар алуға әлі де болса мүмкіндіктері бар. Олар соңына дейін күресетін болады.
2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Н. Майлашев жарақатына байланысты татамиға көп уақыт шыққан жоқ. Бұл уақытта оның салмағында жаңа көшбасшылар пайда болды. Алматылық Елдос Жұмаханов Азия чемпионатында үшінші орын алды. Оралдық Азамат Мұқанов та жақсы өнер көрсетіп жүр, ол әлем чемпионатында «күміс» алды.
Біздің қазіргі мақсатымыз – тамызда Астанада өтетін лицензиялық турнирге қатысатын ҚР құрамасы сапына кіру. Бұл үшін жақында Қарағандыда басталатын ҚР спартакиадасында жақсы өнер көрсету керек. Айқасқа бәрі шығады...
А. Тельманов салмақ қумай, 66 келіге дейінгі салмақта күреседі. Жаттықтырушылардың шешімімен Н. Майлашев 73 келіге дейінгі салмаққа «ауырлайды». Осылайша олардың жеңіске деген үміті артады. 60 келіге дейінгі салмақта біз 20 жастағы Шынболат Хасановты сынағымыз келеді. 95 келіге дейінгі салмақта оның құрдасы Арман Қалиев белдесетін болады.
- Облыстың жасөспірімдер құрамасының жағдайы қалай?
- Болашағынан үміт күттірер балалар бар. Мысалы: өткен жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Анель Сүлейменова мен екі Еуропа кубогының қола жүлдегері Айболат Ыстыбай. Айболат тамызда Люблянада өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды. Жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарына Қанат Сейілхан, Мұрат Дошахаев және Эльмира Самиғоллаеваны қатыстыру мәселесі шешіліп жатыр. Жақында олар Австрияда өтетін Еуропа кубогына барады, сол жарыстың қорытындысы бойынша оларды ҚР құрамасына қосу мәселесі шешіледі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
http://azh.kz/


Парақтағы соңғы өзгерістер: 15.06.2015 08:51

Мақаланың шыққан күні: 15.06.2015